Психологиялық
кеңес және психотерапия
Жанибекова Сара Сериковна
Педагогика ғылымдарының кандидаты, Облыстық балалар оңалту
орталығының жоғары санатты педагогы
Койшыгулова Шынар Мукашевна
Облыстық балалар оңалту орталығының бірінші санатты педагог-психолог
Психологиялық
кеңес, психотерапия, дифференциалды психология және
психодиагностика, сонымен қоса қолданбалы психологиялардың
ұштасуында құрылды.
Психологиялық
кеңес жүргізу психотерапиямен тығызырақ байланыста.
Санкт-Петербургтың медициналық академиясының бала психиатры,
психотерапиясы мен медицина психологиясы кафедрасының меңгерушісі,
медицина ғылымдарының докторы, профессор Э.Г. Эйдемиллер
психотерапияға берген анықтамасында біз кеңес жүргізуді
психотерапияның бір бөлігі, алғашқы кезеңі
ретінде қарастырамыз дейді. Осы мәселені тереңірек
талдайық. Психотерапия деген не?
деген сұрақты Э.Г. Эйдемиллер мынадай түрде талдайды:
«Ең керемет жауап: психотерапия — психологиялық әсерлермен
орындалатын емнің бір түрі». Бірақ та осы жауап екінші
сұрақты туындатады: неге онда психотерапевтке дені сау, бірақ
та психологиялық проблемалары, мысалы, зайыбына деген
қызғаныш, балаларына деген реніш, отбасындағы
ұрпақтан келе жатқан дау-дамайы бар адамдар келеді? Сонда да
болса психотерапевт пен психологтың
кеңесінен соң олардың көбісі проблемаларының
шешімдерінің жолын тауып кетеді және өздерін сенімдірек
сезінеді?
Егер
бірінші сұраққа жауап берген болсақ психотерапия
медициналық көмек, ем ретінде беріледі, ал енді екінші
жауапқа келетін болсақ денсаулық парадигмасына сүйенген
рухани практика және тұрмыстың тереңделген
маңыздылығын ашу және ізденіске бағытталған.
Біз үшін психотерапия,
құрылуы мен дамуының ұзақ тарихи жолына
қарамастан, - жаңа пән аралық мамандық. Ол
табиғи ғылыми және гуманитарлық парадигмаларға
негізделген және рухани практикалық сияқты медицина,
психология, педагогика, искусство, философия, религия, этика, саясаттарын
өзіне біріктіреді. Осы айтылғандардан шығатын
қорытынды: психотерапия тек қана дәрігерлікке тән
артықшылығы бар деп ұқпау қажет. Психотерапия
«көмектесуші» әртүрлі қосымша мамандық,
соның ішінде ең бірінші кезекте өз қызметіне
заңды түрде жауап бере алатын, дипломға дейінгі және
дипломнан кейінгі арнайы дайындықта болған, өз ісінің
шебері болатындай психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен
педагогтар сияқты мамандармен орындалуы керек. «...Бұл
тұжырымдама әсіресе арт-терапияға өзекті болады...».
Ресейде
ең алғашқылардың бірі болып отбасылық
психотерапияны құрғандардың бірі, атақты
дәрігер-психотерпевттің жоғарыда келтірген пайымдауынан,
медицинада психотерапияның маңызы туралы әр түрлі
айтылуы мүмкін. Ол туралы түсінік дәрі-дәрмексіз емдеу
терапиясының әдісі ретінде деп, тар көлемде де берілуі
мүмкін. Және де бір мезгілде мынадай кең күйде де: тек
қана тереңдетілген медициналық мәселелерді шешетін
емес, адамның тұлғалық рухани өсуіне де
мүмкіндік беруші рухани практика
ретінде түсіндіріледі.
Психотерапияның
Э.Г. Эйдемиллер берген, қазіргі заманға сайырақ
анықтамасы: психотерапия -
психотерпевт пен клиенттің арасындағы клиент тілінде тиімді
қызмет атқарушы келісімді әңгіме. Бұл жерде
ең бір мән берілетін нәрсе ерекше аталуда: клиенттің
басына түскен қиын жағдайларды психологиялық құралдарды
пайдалана отырып кәсіптік көмек беруде
тұлғараралық өзара әсер етудің бір
түрі.
Психотерапияға
байланысты көрсеткіштерді анықтауда аурудың немесе
клиенттің басына түскен өмірлік қиындығының
шығу факторларының қаншалық рөлі бар екендігі
ең маңызды болып есептеледі. Яғни, болған жағдай,
тұлға және дерттің арасындағы байланыс
қаншалықты түсінікті болса, соншалықты психотерапия
әдістерін қолдану қажетті және адекватты.
Психотерапия
үрдісінде клиент психотерапиялық мақсаттарға жетеді:
өзіндік бағасын көтереді, тұлғалық
маңызды қарым-қатынасы түзеледі,
мінез-құлықтың жаңа түрлерін меңгереді.
Осының көмегімен жүйке-психикалық
бұзылыстардың симптомына кеткен
тұлғаның/ағзаның энергиясы өсу мен
өзгеру энергиясына айналады.
Психотерапияның
дамуы мен оның әдістері және техникаларын сау адамдарға
кең түрде практикада пайдаланудың ықпалынан психология
ғылымында кеңестік психология атты жаңа сала қалыптасты.
Адам
психикасына әсер ете отырып психика арқылы ағзаны емдеу
әдісі ретіндегі классикалық психотерапиядан айырмашылығы
кеңес жүргізу аурудың тұжырымынан гөрі назарды
жағдайға, тұлғалық және аралық
ресурстарға көп мән беруге итремелейді.
Психологиялық
кеңес жүргізудің теориялық негізін түсіндіру
үшін психологиялық проблемалардың пайда болу себептерін еске
түсіру орынды. Негізгі ем-домы
психотерапия болып есептелетін, бұл жерде үлгі ретінде алатын
болсақ, невроз психоген сияқты, жүйке-психикалық
бұзылысты қайтымды конфликтогенді болып келеді. Невроз кезінде
пациент эмоциялық күйдің бұзылысын, денелік және
вегетативті функциялардың бұзылуын айтып шағымданады. Осы
аурудың негізінде ішкі жан дүниесінің дау-дамайлық
күйзелісін — тұлғалық аса бір маңызды
қарым-қатынастың болып жатқан жағдайға
қарама-қайшылық келуімен ұштасуы жатады. Адамның
осы дау-дамайлы жағдайын шеше алмауы, ішкі жан дүниесіндегі
қысым мен дискомфорттың шиеленесуі мен өсуіне әкеледі,
сырттай бұл жағдай аурудың симптомы болып көрінуі
мүмкін.
Дәстүрлі
дәрігер-психотерапевт бірінші кезекте невроздың симптомына
көңіл аударады да пациентті ұйқының
бұзылуынан, қорқыныштан, дененің функционалды бұзылысынан арылудың жолдарын
айта бастайды. Ал енді психолог-кеңесшінің осы айтылғандардан
айырмашылығы, жүйкенің тозуына әкелген конфликтілі
жағдайға тоқталып, тұлғааралық қарым-қатынастың
бұзылуына мән беріп, соны зерттей бастайды. Ол өмірлік
қиындықтың шығуына талдау жасай отырып,
тұлғаның жеке ерекшеліктеріне көңіл аударады.
Психолог-кеңесшінің қарастыратын негізгі мәселесі,
клиенттің басында туындаған проблемасына клиенттің өзі
жан-жақты қарап, қиындықты тудырушы
проблемалардың қайнар көзі неден басталғанына мән
беретіндей дәрежеге клиентті алып келу. Өз проблемасын
клиенттің өзі шешуіне бағыт-бағдар беру.
Бір
сөзбен айтар болсақ психолог-кеңесші клиент
проблемаларының шыққан себептерімен жұмыс жасайтын
маман.
Дәрігер
(психотерапевт) мен психолог (кеңесшінің) неврозды бұндай
талдау жасауына қарсылық тууының заңдылығы да
бар. Себебі, тұлғаның ерекшеліктері мен өмірлік
қиындықтарын зерттеуде дәрігер де психолог та бірдей ат салысады. Яғни, бұл
деген сөз — психотерапия мен кеңес жүргізу көп жерде
қиылысады (математикадағыдай екі кеңістік қиылысуы
мүмкін дегендей).
Жоғарыда
келтірілгендерді қорытындылай келе, Р. Нельсон-Джонус [2000]
көзқарасына және өзіміздің жұмыс
тәжірибемізге негізделе, келесі
критерийлерге базалық бағыттала отырып, кеңес жүргізу
мен психотерапияны шартты түрде бөлеміз:
1.
Кеңес жүргізуде психотерапиядан
айрымашылығы, клиент болып ауру адам емес, қандай да бір проблемасы
бар дені сау адам қатысады.
2.
Кеңес нақты бір проблеманы шешуге
клиенттің сұранысы бойынша жасалынады, ал психотерапияда клиентті
ауру ретінде қабылдайды да оған диагноз қойылып, сол
диагноздың көлемінде «ем-дом» терапиясы жүргізіледі, ал ол
клиентке керек пе, жоқ па, тіпті клиенттің өзі де білмеуі
мүмкін.
3.
Кеңес клиенттің санасымен және
өзінің саналауымен жұмыс жасауды дамытуға
бағытталса, психотерапияның көздеген мақсаты
тереңдетілген, санаға бағынбайтын санадан тыс процестер болып
келеді.
4.
Психолог-кеңесші клиентке ақпараттандыру,
ақыл-кеңес ұсыну, түсіндіруді жиі пайдаланса, психотерапевт клиентті
белсенді түрде тыңдап, оның инсайтқа біртіндеп жетуіне
арнайы жағдай жасайды.
5.
Кеңесшілер жекелік және аралық
ресустарға акцент қойса, психотерапевтер —
тұлғалық және топтық (соның ішінде отбасын кіші
топ ретінде) қарым-қатынастарға «психотерапиялық
араласу» мен «қайта құрылуды» қолдана отырып жекелік
және аралық өзгерістерге аса мән береді.
6.
Кеңестің психотерапиядан айырмашылығы
қысқа мерзімді болып келеді, ал психотерапия — психологиялық
көмектің ұзағырақ түріне жатады.
7.
Кеңес — психотерапияға қарағанда
қарапайымдылау. Кеңес жүргізудің дағдыларымен
арнайы оқу арқылы машықтанған дәрігерлер мен
психологтар ғана емес, жалпы адамдармен жұмыс жасайтын мамандар да
(педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, менеджерлер және т.б.)
айналыса алады.
Жалпы алғанда кеңес жүргізу мен психотерапияда
адамдарға психологиялық көмек көрсету болып есептеледі,
біріншісінде жиірек сау адамдарға, екіншісінде жиірек науқастарға.
«Дені сау» және «науқас» атты екі полюстің арасындағы
аймақ — жүйке-психикалық бұзылыс шекарасы — кеңес
жүргізу және психотерапия аймағы деп аталады. Шекаралық
жүйке-психикалық бұзылыспен, соның ішінде мысалы неврозбен
зардап шегушілер кейбіреулері өз диагноздарын біледі де, дәрігерде
есепте тұрып, керекті емін алады, ал кейбірісі білмеуі де мүмкін,
сөйте жүре олар әдеттегідей режимде жұмыс жасап, бала
тәрбиелеп, оқып, күндегі тіршілігін жасап жүре береді.
Мұндай адамдар маманға аурудың симптомдары қозып,
шектен шығып бара жатқанда қаралуға бейім болып келеді.
Осы кезде олардың ең бірінші қаралатын мамандары
психолог-кеңесші, себебі ол дәрігер емес, сау адамдарға
көмек беруші маман.
Шекаралық жүйке-психикалық бұзылыспен зардап
шеккен пациентпен жұмыста психологиялық кеңес
психотерапиялық процестің алғашқы сатысы болып
есептеледі. Кеңестің бірінші-екінші сеансыныда психолог әрі
қарай не жасау керек екендігін шешу қажет: кеңес
жүргізу ме (жекелі және аралық ресурстарымен жұмыс
жасау ма) немесе психотерапиямен (тұлға және/немесе топпен
қарым-қатынас жүйесін қайта құру
мақсатында психологиялық араласу) көмек беру ме?
Кеңес
жүргізуден психотерапияға көшуде психолог
басшылыққа алатын
критерийлерінің бірі — айқындалған проблемамен
мақсатты жұмыс жасауда кедергі келтіруші клиенттің санадан
тыс әрекетін белсенділендіру. Ол мынандай түрде айқындалады:
·
жұмыс альянсын бекітуде кедергі келтіруші
бақылауға көнбейтін эмоция мен сезімдер — рационалды
өзара қарым-қатынастармен салыстырғанда;
·
айқын қарсылық көрсету мен
психологиялық қорғаныста;
·
жағымсыз тасымалдарда (жауластық,
антипатия, үрей, маманға байланысты сенімсіздік немесе басқа
да жағымсыз эмоциялар т.б.)
Клиенттің
мұндай санадан тыс процестерінің айқын көрініс беруі,
кеңеске қарағанда оған ұзақ та
тереңдетілген жұмыс жасау қажетілігін көрсетеді,
яғни оған проблемаларын шешуге психологиялық көмек
көрсету үшін психологқа ең алдымен жұмыстық
альянсын қалыптастыруға, қарсылық білдіруін
төмендетуге, қорғаныс реакциясын және тасымал
реакциясын саналауын ынталандыруға біршама күш жұмсауға
тура келеді. Психологиялық көмек көрсетудің
қажетті түрін анықтағаннан соң
психолог-кеңесші психотерапиямен айналысады ма әлде
дәрігер-психотерапевтке бағдарлай ма, бірден шешім қабылдайды.
Психолог клиентті дәрігер-психотерапевтке бағыттауы қажет сол
уақытта, егер өзі сол нақты проблеманы шешуге білімі жетік
болмаған жағдайда (мысалы, таңылып, ойдан кетпейтін
ойға тап болған клиентпен жасалынатын әдістерді білмесе,
тәуелді іс-әрекетпен жұмыс немесе жарақатты
кезеңдегі стрестік күйзелістермен жұмыс жасай алмаса, отбасылық
проблемаларды шешуде тәжірибесі болмаса т.б.).
Психотерапевт
пен дәрігерлердің кеңесі диагнозды нақтылауға,
қосымша зерттеулер жүргізуге, емнің көрсеткіштерін
анықтауға (соның ішінде психотерапияға) қажет.
Алайда бұл жерде мынандай қиындықтар туындауы мүмкін:
психолог-кеңесшіге көмек сұрай келген кейбір клиенттер
дәрігерге баруға келісім бермейді. Мысалы,
дәрігер-психотерапевтке (психиатр да болып келеді) қарал деп
айтылған клиенттер өздерін «психикасы бұзылған
науқаспын» деп есептейді. Бұған барлық клиенттер дайын
болмағандықтан психолог-кеңесшіден өздерінен «бас
тартпай», жұмысты жалғастыра беруін сұрайды.
Мұндай
жағдайда көмек көрсетудің «компромисті» вариантын
ұсынып және жетістікті түрде жасауға болады, қос
қабат кеңес жүргізу — психолог психотерапия жүргізген
сәтте дәрігер-психотерапевттің емі және бақылауы.
Психотерапиядан
бөлек, психологиялық кеңестің негізі болып
дифференциалды психология есептеледі. Бұл іргелі (фундаменталды)
пән жеке адамның, адамдар
тобының арасындағы психологиялық айырмашылықтарын
және сол айырмашылықтардың пайда болу себептері мен салдарын
зерттейді. Жекелік айырмашылықтарды айқындауда дифференциалды
психология психодиагностикалық әдістерді (тесттер,
сұрақнамалар, проективті әдістерді) және
статистикалық талдауды қолданады. Дифференциалды
психологияның көмегімен алынған фактілер мен нәтижелер
білім, денсаулық сақтау, өндіріс, өнеркәсіп,
әлеуметтік салаларда қолданбалы есептерді шешуде көп көмегін
тигізеді. Бұған жататындар: адамдарды психологиялық
және психофизиологиялық белгілері бойынша кластарға
бөлуге және дәрежелеуге; жеке адамның қабілеті,
бейімділігі, жеке қасиеттерінің дамуын болжамдауға;
таңдау және оқыту мәселелеріне.
Әдебиеттер
1. Алешина Ю.Е.
Индивидуальное и семейное консультирование. М.: Класс, 2000. 208 с.
2. Бодалев А.А.,
Столин В.В. Семья в психологической консультации. М., 1989.
3. Браун Дж.,
Кристенсон Д. Теория и практика семейной психотерапии. СПб.: Питер, 2001. 352
с.
4. Гулина М.А.
терапевтическая и консультативная психология. СПб.: Речь, 2001. 352 с.
5. Дружинина В.Н.
Психология семьи: 3-е изд. СПб№: Питер, 2005. 176 с.
6. Каплан Г.И.,
Сэдок Б.Д. Клиническая психиатрия. Т. 2. М.: Медицина, 1998. 528 с.