Бюджеттің орындалуының тиімділік аудиті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия

 Ұлттық Университеті

Астана қаласы

МА-01 тобы магистранты

 Хаусова Ж.Б.

Жетекшісі: Бейсенова Л.З.

 

           Әрбір мемлекет қаржылық қызметтің ұйымдастырылуы мен жүзеге асуына қатысты барлық талаптары нақты және мүлтіксіз орындалатынына мүдделі. Қазіргі таңда бизнестің «су бетінде қалқып жүруі», ал одан да жақсысы көптеген бәсекелестер арасында көшбасшылар қатарына шығып, жетістікке қол жеткізу үшін әрдайым өзінің шаруашылық қызметін жетілдіріп отыруы қажет. Әлемдік дағдарыстан Батыс Европа елдері енді бас көтеріп, рецессиядан шығып жатқан кезеңде, Қазақстандық кәсіпорын басшылары өз кәсіпорын қызметтерінің экономикалық жағдайын қайта қарап, жаңаша қадамдар жасауға талпынуы тиіс. Сондықтан дағдарыс жағдайында кәсіпорын басшылары ұйымның бәсекеге қабілеттілігі мен бизнес тиімділігін арттырудың ішкі мүмкіндіктерін жұмылдырып, жоғалтулардың көздерін табуға ұмтылыс жасауда.

Осыған байланысты қазіргі таңда Ресейде қарқынды дамып келе жатқан аудит түрі - тиімділік аудитінің Қазақстанға да біртіндеп келе бастағаны               анық [1].

Тиімділік аудиті – кәсіпорынның басқаруындағы кемшіліктерді анықтауға және басқарудың өнімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеуге бағытталған тексеру қызметі болып табылады [2].

Енді «тиімділік» ұғымына тоқталайық. Бұл терминді көбіне өнімділік, нәтижелілік, үнемділік деген мағынада түсінеді. Бұл аспектілердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Көптеген әдебиеттерде тиімділік -экономикалық субъектінің алға қойылған мақсаттары мен міндеттеріне ең аз шығындармен жету деп көрсетілген.

Дамыған елдерде тиімділік аудиті әр түрлі мағынада  қарастырылады. «Тиімділік аудиті» ұғымы халықаралық деңгейде ресми түрде 1977 жылы Жоғары бақылау органдарының халықаралық ұйымының ІХ Конгресінде «Бақылаудың басшылық қағидалары Лимдік декларациясымен» бекітілді. Осы құжатта қаржылық аудитті толықтыратын, мемлекеттік қаражаттардың қаншалықты тиімді жұмсалғандығын тексеруге бағытталған тиімділік аудиті жайлы нақты айтылған[3].

Іс жүзінде бұл ұғымдардың айтарлықтай айырмашылықтары жоқ және олар мемлекеттік ұйымдар қызметінің аудитін сипаттайды. Аудиттің бұл түрі ең алғашында бюджеттік қаражаттардың жұмсалу тиімділігін анықтау бақылау-шоттық ұйымдармен енгізілген болатын. Бірақ тиімділік аудиті ұғымына мұндай біржақты көзқарас оның әлеуетті мүмкіндіктерін шектей түседі, себебі, нарықтық экономикасы бар кез-келген мемлекеттің дамуы экономиканың мемлекеттік секторының қызмет ету мүмкіндіктерімен анықталмайды. Экономикалық субъектілер қызметінің әртүрлі жақтарының тиімділігі және олармен байланысты басқару шешімдерін қабылдау мәселелерімен бетпе-бет кездесетін экономиканың жеке секторы үлкен роль ойнайды. 

Яғни, экономиканың жеке секторы тұрғысынан алып қарағанда, бизнес-үдерістердің тиімділік аудитін өткізудің мақсаты кәсіпорынның басқару саласындағы кемшіліктерді анықтау болып табылады.

Басты назар есептің дұрыс жүргізілмеуі және заңнамаларға сәйкес жұмыс істемеулерді іздеуге емес, тиімсіз үдерістердің себебін анықтау, қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін ресурстарды пайдалану тиімділігін жүйелі бағалау және соның негізінде оптимизациялау мүмкіндіктерін қарастыруға аударылады.

Сондай-ақ, көптеген отандық және шетелдік экономистер тиімділік аудитін қаржылық, өндірістік, операциондық, стратегиялық, шарушалық қызметі, сапа және баға қатынасы аудиттерімен байланыстырады. Сол себепті, бизнес-үдерісінің тиімділік аудиті аудиттің өзге бағыттарына қарағанда күрделі әрі кең екендігі туралы қорытынды жасауға болады. Сондықтан оны өткізуге жауапкершілікпен және сапалы түрде қарау керек. Олардың арасындағы айырмашылықтар 1-кестеде көрсетілген.

Бизнес-үдерісінің тиімділік аудитінің басқа аудит түрлерінен айырмашылықтары (1-кесте)

 

Салыстыру үшін аудит түрлері

Бизнес-үдерісінің

тиімділік аудиті

Қаржылық аудит (дәстүрлі)

Қаржылық аудитке тән қаржылық есеп беруді ғана қамтымай, сонымен қатар, жалпы ұйым қызметін тексереді.

Өндірістік аудит

Тек қана өндіріс тиімділігін арттыру резервтерін (жаңа технологияларды енгізу, ресурстарды үнемді пайдалану) анықтау және пайдаланумен ғана шектеліп қоймайды.

Операциондық аудит

Жабдықтау, өнімді өндіру және өткізу, контрагенттермен есеп айырысу сияқты үдерістерді операциондық аудитке басты назарға алса, ал тиімділік аудитінің ауқымы оған қарағанда кең.

Стратегиялық аудит

Стартегиялық аудит тиімділік аудитінің құрамдас бөлігі болып табылады, себебі, ол кәсіпорын ұстанымы мен стратегиялық сыртқы ортасымен, стратегиялық ресурстармен кәсіпорын саясатының өзара байланыс дәрежесін көрсетеді.  

Шаруашылық қызметі аудиті

Шаруашылық қызметі аудитіне қарағанда, бизнес-үдерісінің тиімділік аудиті нақты қызмст түрлерімен шектелмеген.

Сапа және баға қатынасының аудиті (VFM -аудит)

Тиімділік аудиті қаржылық мәселелерінен бөлек, өзіндік қаржылық мәселелерді (мысалы, білім беру немесе медициналық қызметтерді сапасын талдау) қамтиды.

 

Профессор Р.П. Булыга бизнес-үдерісінің тиімділік аудитіне өте дәл түсініктеме берген. Аудиттің осы бағыты деп, ол: «білікті, тәуелсіз тұлғаның  шаруашылық субъектілерінің бизнес операцияларын сипаттайтын ақпараттарды жинақтап, оны бағалайтын жүйелі үдерісі. Оның мақсаты қорытындыда бизнестің құнын қалыптастыруға бизнес-үдерістерінің үйлестірілуі мен тиімділік дәрежесінің әсерін анықтау болып табылады». Осы анықтамада аудит объектісі- бизнес үдерісі, ал мақсаты экономикалық субъекті қызметінің тиімділігін бағалау екендігі аталған [3].

Теориялық және практикалық аудит қызметінде өзінің жаңашылдығына байланысты шетелдік және отандық экономистер бизнес-үдерістердің тиімділік аудитін басқару аудитімен салыстырады. «Нәтижелер аудит» қосымша ұғымын енгізе отырып, О.В. Ковалева және Ю.Л. Константинов осы екі ұғымды біріктіреді [3].

Сондай-ақ, А.Д. Шеремет бизнес – үдерістердің тиімділік аудиті басқарушылық аудитке өте жақын және «нақты мақсаттар үшін ұйымның шаруашылық қызметіне жүйелі талдау жасау: басқару тиімділігін бағалау, шаруашылық қызметін жақсарту мүмкіндіктерін анықтау, қызметті жақсарту бойынша ұсыныстарды әзірлеу» деп түсінеді [3].

Бизнес-үдерісінің тиімділік аудиті әдістемесі дәстүрлі қаржылық есеп беру аудиті әдістемесіне қарағанда айтарлықтай айырмашылығы бар.  Бизнес-үдерісінің тиімділік аудиті Қазақстан үшін аудиттің жаңа түрі және оны енгізудің табысты болуы,  аудитор алдына қойған мақсаттардың дұрыстығы мен тиімділікті бағалау критериилерін дұрыс таңдауға байланысты болмақ. Ол дәстүрлі аудитке қарағанда күрделірек мәселелерді шешуді өз алдына мақсат етіп қояды, себебі, ол ұйымның барлық қызметін қамтиды. Сондықтан, оның әдістемелік базасын жасауда өте мұқият болу керек, өйткені, осы аудит түрін жүргізуге салынған қаражаттардың тиімділігі мен өзін-өзі ақтауы әдістемелік базаға байланысты.

Бизнес-үдерісінің тиімділік аудиті шетелдерде жақсы дамығанымен, Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан аудит түрі екенін айттық. Міндетті аудитке қарағанда, ол мемлекеттік заңдармен регламенттелмеген, яғни, ол ерікті болып табылады. Аудиттің осы түрін өткізу туралы шешімді кәсіпорын басшылығы немесе құрылтайшылары қабылдайды. Бизнес –үдерісінің тиімділік аудитін дәстүрлі (қаржылық есеп беру аудиті) аудитпен қатар пайдаланған дұрыс екендігін ескерткен жөн.

 

 

Әдебиеттер:

 

1.   Синягин А. Аудит эффективности: международный опыт и российские реалии/ А.Синягин, И. Дубинина // Бюджет. – 2008. - № 9.

2.   Иванова Е.И. Аудит эффективности в рыночной экономике/ Е.И. Иванова. – М.: КНОРУС, 2009. – 20 с.

3.   Боровицкая М.В., Тунегова В.Н. Актуальные направления развития и проблемы современного аудита в период модернизации экономики// Экономическая наука и практика: материалы международной научной конференции (г.  Чита, февраль 2012 г).- Чита: Издательство Молодой ученый, 2012 – с. 103-107.