Р.А.Самбетжанова

Жүргенов атындағы ҚҰӨ академиясының

мектеп-интернат, колледжінің

тарих пәнінің оқытушысы

Алматы қаласы

 

1914-1916 жылдардағы алғашқы құрылған қазақ жастарының ұйымдары

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялы қауымының қалыптасуында Омбы қаласының рөлі ерекше болған. Бұл кезде Омбы - бүкіл батыс Сібірдің кіндігі, Дала генерал губернаторлығының астанасы және тоғыз жолдың торабы болғандықтан, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани шаралардың орталығына айналған еді. Қазақтың біртуар ұлдары - Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Р.Мәрсеков, А.Тұрлыбаевтардың ағартушылық қызметтері осы қалада басталған. Омбы оқу орындарында С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Мұсылманбек және Асылбек Сейітовтер, М.Саматов, Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасов сынды қазақ жастары білім алған. Бұл қаланың есімімен талантты жігерлі жастардың басын қосқан тұңғыш қазақ жастарының «Бірлік» ұйымының құрылуы тікелей байланысты болып келеді. Қазақстандағы революциялық оқиғалар кезінде құрылған саяси партиялардың бірі «Үш жүздің» қызметі де Омбы қаласымен байланысты болған [1, с. 5].

Дала дауылпазы С.Сейфуллин жөнінде ғұмырнамалық еңбек жазған ғалым Т.Кәкішұлы өз еңбегінде Омбыдағы оқып жүрген қазақ жастарының «Бірлік» ұйымына топтаса бастағандығы, ұйымның мақсат-міндеттері, атқарған қызметтері туралы мәліметтер келтірген. Оның жазуы бойынша 1914 жылдың көктемінде құрбан айт болып, семинарияның мұсылман шәкірттеріне мейрамға баруға рұқсат беріледі. Н.Нұрмақов, А.Баржақсин, М.Жұмабаев, Т.Байлин, С.Сейфуллин және басқа да семинарияның шәкірттері мешітке қарай бағыт алады. Омбының басқа оқу орындарында оқып жатқан қазақ шәкірттері де осы төңіректе екен. Бұл жерде қазақ шәкірттері мешіттің бас имамы Шәймерден Әлжановпен кездеседі. Амандық-саулық сұрасып болғасын, имам жастардың бірігуі турасында сөз қозғаған. Ол қазақтың арасында шәкірттердің қатысуымен ойын-сауық кештерін ұйымдастырудың қажеттігін де айтқан. Имамның сөзі жиналған шәкірттерге біршама ой салғанға ұқсайды [2, 40-43 бб.].

         Қазақ шәкірттерінің топтасуына ұйытқы болып жүрген Ш.Әлжановтың  өмір жолына көз салсақ Омбыны мекендеген біраз қазақтың өмір тауқыметін аңғарғандай боламыз. 1907 жылы Омбыдағы социал-демократтардың бас көтеруі кезінде В.Куйбышевтың қасында болған Шәймерденге тұтқындалу қаупі төнгенде қисынын тауып Түркияға асады. Ол Стамбулдың атақты медресесінде діни білім алған. Ресейдегі саяси қуғын – сүргіндер бәсеңдеп, қайтадан ереуілдер мен бас көтерулер жандана бастағанда Омбыға қайтып оралған соң, ол мешіттің бас имамы болып болып тағайындалады. Сонымен қатар Шәймерден Әлжанов Омбыдағы фельдшерлік училищеде оқитын еді. Сәкен өзінің естелігінде «Омбыдағы жастардың белгілі «Бірлік» деген ұйымын ашатын мұрындықшының бірі, жігіттің арыстаны – Шәймерден еді», - деп оның бұл жастар ұйымына бастамашы болғандығын айтқан [3, 29 б.]. Сөйтіп, Омбыдағы қазақ жастарының туған халқының алдындағы азаматтық борыштарын өтеу мақсатында топтаса бастағандығы, өзге жұрттардың жастарының арасындағы мәдени-ағартушылық ұйымдарының қызметтерін көрген қазақ жастарының да қоғамдық ұйымға бірігуге әрекет жасағандығы байқалады.            

Омбыдағы қазақ жастарының топтасуы уақыт талабы екендігін және олардың қандай қиын жағдайларда бас қосқандарын, алдарына қойған мақсат-мұраттарын мына деректен айқын көруімізге болады: «Алаштың саналы азаматтары қасіретте еді. Қарағым, қазағым оян деп қақсап, арыстаным алаш тұр деп зарлап, ұлтын оятуға кірісті. Жүрегі жаралы, көзі жасты еді. Алаш деп зарлаған сол азаматтардың бірі Омбы жастары болды. Қазақты қалың тұманнан құтқаратын өнер, білім деп ой келтіргендіктен, елге бұл өнер, білімді тарату үшін ұлт қамын ойлаған жас болып бірігу керек деп тапты. Осы ізгі ойменен Омбыда оқып жүрген үркердей қазақ жастары  1914 жылы 18 сәуірде «Бірлік» деп ат қойып қауым ашқан болатын.

Қауымның мақсаты кең еді, тілегі зор еді. Ұйқыда жатқан алашын оятпақ еді. Жұртты жегідей жеп бара жатқан алалықты тоқтату еді. Мал орнына сатылып бара жатқан апа, қарындастарымызды күңдіктен құтқару еді. Алдағы күнде жарық шығар жұлдыздарымыз, кейінгі жастарды оқуға тарту еді. Әдебиетті өсіріп, кең асыл тілімізді көркейту еді. Бұл тілекті іске асыру үшін қазақ жастарының ойын, ұстаған жолын  бір ізге салу. Әр жерде осындай жастар қауымдарын ашпақ еді.

«Бірлік» қауымы жалпы Ресей үстінде қалың қара бұлттың тегіс қаптап, жауыздық нажағайы жарқылдап ойнап тұрған кезде туды. Кең құлаш салып, еркін демалу үшін ерік болмады. Екі кісі бас қосып кеңесуге  шама жоқ еді. Зор қаладан жиналуға жер таппай, қырға, орманға кетуші едік. Сол қалың орманның ішінде жаңа сырымызды, мұңымызды, зарымызды сөйлесе алушы едік. Қолымызда пұл да жоқ еді. Оқуда жүрген өңшең шәкірт қалтамыздағы барымызды тиындап жиюшы едік. Бұл күйде жүргенде істің аса көркейіп кетпейтіні белгілі. Бірақ біздің ниет қарлығаштай болса да қазаққа қызмет ету еді» [4, 41 п.]. Міне, бұл құжат «Бірлік» ұйымының төңірегіне біріккен қазақ жастарының мақсаттары ұлт мүддесіне қызмет ету екендігін көрсетеді. Осыған сәйкес қазақ жастары өздерінің алдына қараңғылықтағы қазақ халқының рухани жағынан жетілуін, қазақ әйелдерінің теңдігін, ұлтының азаттығын ойлаған.  Мұның өзі қазақ жастарының қоғамдық ой-санасының өскендігін, азаматтық ұстанымдарының қалыптаса бастағандығын білдіреді.

Бұл тұжырымдарымызды сол оқиғалардың куәгері Смағұл Сәдуақасовтың «Жастарға жаңа жол» атты еңбегіндегі деректер толықтыра түседі: «Ең алғашқы жастар ұйымы Омбы қаласында 1914 жылы ашылды. Ол ұйымның аты «Бірлік» еді. «Бірліктің» мақсаты оның программасында /тұтынған жолында/ айтылған. Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттықты сақтауды көздеді.

Халық әдебиетін жинау, ол әдебиетті кітапша һәм үлкен кітаптар етіп бастыру. Театр кітаптарын шығару, газет-журналдар шығару. Бастауыш, орта дәрежелі мектептерге кітаптар жазу, школға түсемін деген шәкірттерге даярлайтын курстар ашу, мұқтаж шәкірттерге жәрдем көрсету, спектакль, концерт һәм басқа ойындар жасап, қазақтың ішінде театр туғызу болатын.

Ұйымның саяси һәм шаруашылық туралы ұстаған жолы: кедейлерді, жіңішкелерді байлардың, күштілердің зорлығынан құтқару, әйелге теңдік әперу».  «Бірліктің» бұдан басқа да істеген жұмыстары толып жатыр. 1916 жылы Бірлік «Балапан» деген жазба журнал шығарып тұрды. «Балапан» заманында ауызға ілініп, жастарға көрсеткен оның қызметі көп болды» [5, 36-37 бб.].

 Қорыта айтқанда, Омбыдағы қазақ жастарының туған халқын мәдени-рухани жағынан жетілдіру мақсатында «Бірлік» ұйымына бірігуі қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының жандануына әсер етті. Бұл кезеңде ұлт мүддесі үшін күресер қазақ жастарының екінші буыны қалыптасып, олардың қоғамдық өмірде жаппай белсенділік танытуларына орай  жастар қозғалысы жалпы ұлттық сипатқа ие бола бастады. Сыр бойы қазақтарының арасында мәдени-ағартушылық жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Кеңес» ұйымы мүшелерінің де қазақ жастарының қоғамдық-саяси көзқарастарының дамуына, олардың ұлттық-демократиялық жолды таңдауларына ықпал еткендігі белгілі. Осылайша қазақ жерінің барлық аймағында жастар қозғалысының өріс алғандығы байқалады. Бұл жағдай барлық өңірлердегі қазақ жастарының оқу-білімге жаппай ден қойғандығынан, қазақ халқының арасында  мәдени-ағартушылық ісін дұрыс жолға қою мақсатында жүргізген қызметтерінен, қоғамдық ұйымдарға бірігу бағытында жасаған әрекеттерінен көрінеді.

 

                             Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. Рахимова Г.М.Город Омск в экономической, политической и духовной жизни казахского общества во второй половине  ХІХ – начале ХХ веков: диссер. ...  канд.историч.наук. – Алматы, 2000. – 140 с.

2.  Кәкішұлы Т.  Дала дауылпазы. Ғұмырнама. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 408 б.

3.  Кәкішұлы Т. Мағжан және Сәкен. Ғылыми эссе. – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 449 б.

латын.

4. 102 ҚР ПМ. 719-қор, 1-тізбе, 66-іс.

5.  Сәдуақасов С.  Жастарға жаңа жол.Таңдамалы. – Алматы: 2003. – 2  том. – 360 б