Педагогикалық
ғылымдар/4. Білім беру жүйесін
реформалаудағы стратегиялық
бағыттар
Аға
оқытушы Қабылбекова Ж.Қ.,
оқытушы
Жуматаева М.А., оқытушы Альжанова А.Ж.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
Мемлекеттік университеті, Қазақстан
Кредиттік оқу жүйесінде модульдік технология
арқылы оқытуды жоғары оқу орындарында енгізудің мәселелері
Берілген мақалада Кредиттік
оқу жүйесінде модульдік технология арқылы оқытуды
жоғары оқу орындарында енгізудің мәселелері
қарастырылады. Заманауи білім беру саласындағы актуалдық
мәселе – Жоғарғы оқу орындарындағы жаңа
оқыту методикасы.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Жумабаев М. Педагогика. - Алматы: Рауан, 1993.
2. Чошанов М.А. Гибкая технология проблемно-модульного обучения.
Методическое пособие. - Москва: Народное образование, 1996.
3. Громкова М.Т. Мастерство - это технология плюс творчество.Высшее образование в России. - 2001 - № 6.
4. Уман А. И. Формирование содержания образования и
педагогическая реальность // Инновации в образовании. - 2007- № 11.
Оқыту үдерісінде жаңа инновациялық технологияларды
заман талабына сай енгізу білім берушілердің парызы болып саналады.
Осыған орай, студентерді кредиттік оқу жүйесіндегі модульдік
технология арқылы оқыту дидактикасын жасаудың маңызы
өте зор. Білімденуде дидактиканы жетік меңгерген жеке
тұлғаның ой-санасы қоғамдық талаптар
деңгейінде іс-қимыл көрсетіп, қиындықтар мен
бөгеттерден өтуде біліктілік пен табандылықтың
үлгісін танытады. Мемлекет көздеген тактика мен стратегиясына
инновациялық технологиямен білім беру мазмұны мен оқыту жолын
айқындайтын, ұтымды нәтижеге жедел қол жеткізетін
тиімді әдістеме түбегейлі, толыққанды зерттелмеген,
жоқтың қасы. Сондықтан «Студенттерді кредиттік
оқу жүйесіндегі модульдік технология арқылы
оқытудың дидактикасы» деп алынуы еңбектің
мәртебелі тұсы.
«Әлеуметтік жұмыс технологиясы» пәнін оқыту
мәселелерін зерттеу отандық педагогиканың оқыту
әдістемелік жүйесін дамытады. Әлеуметтік жұмыс
технологиясын инновациялық технологиямен оқыту, оны дамыту мен оқыту
жүйесінің салиқалы, салмақты болуына айтарлықтай
нәр болып, тұлғаны тәрбиелейді. XXI ғасырда білім
берудің мазмұнды болуына толық мүмкіндіктер ұдайы
жасалып келеді. Оқыту үдерісінің сапалы мәні әр
студент білімнің ғылыми негізін даралық қабілетте
қабылдауынан байқалады. Педагогикалық білім берудің
мазмұнында (жоғары оқу орнында) бейнеленген
педагогикалық зерттеулердің нәтижесі парадигманың,
яғни оқыту іс-әрекетінің жаңа
көзқараста білімдік жинақталған ұстанымдарында
стандартқа сай студенттер сұранымына, білім беру
қызметінің сапасына байланысты нәтижені бағдарлайды.
Білімденудің тәсілі ретінде кредиттік технология
тұлғаның жеке ізденімпаздық қажетсіну уәжін
іске қосу іскерлігін шыңдауға қозғау салады. Ал
педагогикалық технология ұжымдық іс-әрекетке бағдар
жасайды. Осы екі түрлі ұстанымды ажыратып алған
жағдайда жоғары оқу орнының білімденудің
инновациялық технологиясы деген ұғымды дұрыс
түсінуге болады. «Инновация» ұғымы «жаңаша оқыту»
мәселесін жүзеге асырады. Бұл орайда жаңаша оқыту
жүйесін мемлекеттік және әлемдік стандарт аясындағы
көшбасшы технологияларды бүгінгі Қазақстан Республикасының
өңіріне бейімдеп алу секілді амалды іске асыру қарастырылады.
«Білім» ұғымы адамзаттың мәдениетін көтеру
мақсатындағы ұстанымын зерттеуге И.Я.Лернер еңбегінде
мынандай жинақтық мән білдіреді:
– білімнің жүйесі
(табиғат жайлы, құдырет туралы, техника, адам, ғарыш
және т.б.) әлем жайлы танымды қамтиды;
– адамға таныс тәсілдерді
танымдық қызмет арқылы іске асырады;
– адамның мәдени, ғылыми жалпы
адамзаттық дүниетанымын дамытады;
– әлемде адамның
қарым-қатынас арқылы біртұтас құбылыста
қабылдай алу шеберлігі ширайды.
Студент қандай дидактикалық нысан, пән арқылы білім
алса да, әлемге дүниетанымы біртұтас жүйеде
қалыптасады. Студент семинар, тәжірибелік сабақтарда
мәселені өздігінен табатын дәрежеде болып, оның шешімін
альтернативті мәнде қарастырады. Бұндай білім жүйесін
меңгеру үдерісінде студент комбинаторлы амалға
төселеді. Білімнің шығармашылық деңгейде
меңгеруі энциклопедиялық білімге ынталандырады. Білім мазмұны
– дидактиканың негізі. Олай болса, оқыту тірі адамға
тән әрекет, ал дидактикалық негіз – білім теориясы мен
оқыту теориясының қосындысы. Міне, осы дидактикалық
негіздің жүйесін құру, қосудың
теориялық әдіснамасына негіздейміз. Сөйтіп, пән
оқытушысы міндетті түрде оқыту және білім беру
теориясын біріктіріп, оның қажеттілігін анықтауға
ұмтылуы – білім заңының басты ұстанымы. Кредиттік
жүйеде білім берудің жаңа парадигмасы «оқу –
қалай оқығаныңа қарай», «өзін-өзі
дамыту», «өмір бойына оқу» болып өзгерді. Жаңа
жүйеде оқытушы студенттерге өздігінен білім алудың
түрлі әдістері мен жолдарын көрсете отырып, студенттің
өздігінен жасайтын танымдық әрекетінің
ұйымдастырушысы болып табылады. Жоғары оқу орны
жұмысының нәтижесі – білім алушылардың кәсіби
білім беру бағдарламалары бойынша білімдерінің сапасы, ал
мамандарды даярлаудың сапасының өлшемі – мемлекеттік білім
беру стандартындағы біліктілік талаптарға сәйкес
анықталған теориялық дайындық деңгейі
арқылы бағаланатын маманның кәсіби
құзыреттілігі. Жоғары кәсіби білім берудің
мақсаты еңбек нарқы қажетіне сай мамандарды даярлау
болғандықтан, бұл Болон үлгісінің негізінде
жатқан қағидалармен, оның ішінде оның басты
қағидаларының бірі білім беру сапасын бақылаумен
үйлеседі. Әрі сапаны бақылау, оқыту мерзімі мен
оқыту мазмұнымен қатар, маманның кез келген
еуропалық мемлекетте жұмыс істеуге даярлығына негізделеді[
1;45-56 б].
Оқытудың жаңа
технологиясын ендіру және білімдегі ақпараттану білім беру
жүйесін түбегейлі өзгертудің басым міндеттері болып
табылады. Бұдан білім беру үдерісінің маңызды екі құрамдас
бөлігі болып табылатын оқыту технологиясы мен білім беру
ақпаратын бейнелеу түрлерін түбегейлі өзгерту
уақыттың талабы болып отыр. Қазіргі уақытта
Қазақстан Республикасында жоғары оқу орындарында
кредиттік жүйеге ауысудың бейімделу үдерісі өтуде.
Сондықтан жоғары оқу орнының бейімделу потенциалы
мен дайындық бағдарламасын көтеру үшін
академиялық және ұйымдастырушылық
құрылымдардың өзгерістерін жасау, оқыту
технологиясы мен әдістерін жаңарту, педагогикалық
үдерісті жетілдіру, педагогикалық құрамның
сапасын жақсарту қажет болды. Кредиттік оқу технологиясы, оның
ішінде модульдік технология студенттердің, оқытушылардың,
мамандардың академиялық алмасуына қажетті шарттарды
жүзеге асыратын бірыңғай өзара сынақтың
халықаралық жүйесін құру мақсатында
ұлттық білім беру жүйесін реформалаудан тұратын
әлемдік беталыстан туып отыр. Оқытудың бұл
технологиясы дидактикалық үдерісті жүзеге асырудың бір
ұтымды амал-тәсілдерін іске асыратынына дәлелді пікір
білдіреді.
Кредитті технологияны іске
асырудың мүмкіндігі – стандартқа жүгінген
оқулықтардың модульдік технология жүйесіне бағыну
заңдылығы. Бұл заңдылық
оқулықтағы модульге жіктелген нысаналардың
теориялық негізінің тәжірибедегі көрінісін
үйлесіммен берілуіне қолайлы жағдай туғызады. Кредиттік
технологияның іс-әрекеті өнімді нәтижеге жетуі
үшін модульдік технологияны ұтымды пайдалану көзделеді. Осы
ұғымның зерттелген дәрежесіне байыппен
қарасақ, бірталай ғалымдардың мектеп және ЖОО-дағы
модульдік іс-әрекет технологиясын зерттегені байқалады. Мысалы,
модульдік оқытудың генезисін зерттеген Чернилевский Д.В. ХХ
ғасырдың 60-жылдары АҚШ-та, Еуропада аталған
оқытудың түрі кең тараған деп қорытынды
жасайды.
Модульдік технологияның оқыту іс-әрекетіндегі
маңыздылығын зерделеген зерттеуші: М.А.Чошанов. Модульдік
технологияның оқыту үдерісінде ұтымды
қолданылуына салиқалы үлес қосқан ғалым: П.Я.
Юцявичене. Бағдарламалық-әдістемелік
құжаттамалардың құрылымы мен мазмұнын
модульдеу проектісін оқу үдерісіне енгізгендер: П.Н. Новиков, В.А.
Ермоленко, Т.Т. Новикова, Н.Е. Эрганова, Н.В. Бородина. Модульдік технологияны іс-әрекетте
қолдануға өз еңбектерімен кезінде ғылыми
жаңалық ашқан аталған зерттеушілердің бәрі
дерлік оқулықтың кредитті технологияға бейімделуіне
қатысты ой-пікір бермегені байқалды[ 2; 75-88б].
Модульдік жұмыстың қағидалары мен
заңдылықтарынан теориялық жаңалықтар енгізген
ғалымдар – А.И. Кочетов, В.С. Библер. Педагогика теориясының
нәтижелі болуының заңдылығын модульдік іс-әрекет
тұрғысында зерттеген ғалым – А. И. Уман. Модульдік
оқыту іс-әрекетін жүзеге асырудың теориялық
мәніне айқындама берген зерттеушіні атап өткен орынды – П.Ф.
Каптерев. Модульдік жұмысты теориялық тұрғыда
құрудың жаңаша зерттелімін жүргізген
ғалымдар – Е.В. Бондаревская, А.И. Данилюк. Аталған ғалымдар
модульдік іс-әрекеттің қағидалары мен негізгі
постулаттарын ұсынған. Модульдік технологиямен оқытудың
негізгі нұсқалы құрылымын жасаған – В.В. Сериков.
Жеке тұлғалық бағдарлы аспектісін зерттеген – В.В. Гура
және т.б.
Отандық және шетел тәжірибелерін зерттеу барысында
модульдік оқыту іс-әрекеті күні бұрын теориялық
материалдарды меңгеруге мүмкіндік беретініне көз жеткізеді.
Оның ішінде айналымға шақталған танымдық
қызметтің алгоритмін сақтауға ұстаным
орнықтырғаны байқалады. Бұл еңбектердің
басымы ЖОО-нан гөрі мектептің оқытылым үдерісіне
арналғаны зерттеу барысында анықталды.
П.Я. Юцявичене өзінің
ғылыми еңбегінде модульдік оқыту іс-әрекетінде
барлық арналар өлшенеді және бағаланады деген пікір
ұсынады. Модульде оқыту мазмұны, міндеттері модульдік
оқыту деңгейліктері, оқушылардың қабілеті мен
дағдылары нұсқалы тұрғыда жіктеліп беріледі деген
құнды түйіндеме жасаған.
Тәжірибеден модульдік оқыту жүйесін сыннан өткізген
ғалымдар–И.Б. Сенновский, П.И. Третьяков. Бұл ғалымдар
модульдік оқыту жүйесін басқа қазіргі әдістемелер
мен технологиялардың әмбебап сыртқы нысаны ретінде
зерделеген. С.И. Куликов, Е.М. Дурко, В.М. Гараев модульдік оқытуға
анықтаманы басқа ұстанымда береді: «ұсынылған
модуль оқытудың түрлерімен интеграция сипатының
бірлігін құрып, оның ғылыми-техникалық
мәселесінің өзектілігін жалпы оқу курсына
бағындыру көзделеді» - деген тұғырлы ой-пікір
білдіреді. АҚШ-тағы кәсіби орта және ЖОО-да модульдік
оқыту жүйесіне оңтайлы талдау жасағандар – В.А. Рыжов,
Ю.К. Балашов. Жекелеген авторлар – Л.М. Твердин, В.Б.Закорюкин, В.М. Панченко
ЖОО-дағы оқулықтарға модульдік жүйе ұсынады.
Ал, И.А. Шульженко, В.А. Лихонос, И.А. Шепетьев, Ф.Н. Александрович – сызба
геометриясы мен инженерлік сызба ЖОО-да модульдік жүйемен оқытуға
ыңғайлап құрып берген.
Жаңа жүйеге ауысудың
алғашқы кезеңінде көптеген сұрақтар
туындап, жауаптар ізделінді: Оқытушының жүктемесі жаңа
жүйеде қалай анықталады? Оқу жүктемесі
қалай есептеледі? Жүктемеде студентпен жеке жұмысты ескеру
керек пе? Студенттің білімінің сапасы, өздік жұмысы
қалай бағаланады? Пәнді оқыту саясаты қалай
анықталады? Сабақтың формалары қандай? Кредиттерді жүктемеде
қалай ескеру керек? Кредит сағаттарын есептеу
тұрғысынан дәріс пен семинардың айырмашылығы бар
ма? Курстық және дипломдық жұмыстар оқытушы
жүктемесіне кіре ме, ол қалай есептеледі? Баға қалай
есептелінеді? Жаңа жүйеде оқу үдерісін ұйымдастыру
жаңа анықтамалар мен ұғымдарға негізделді,
осыған және жоғарыда аталған
сұрақтарға байланысты жауаптарды кредиттік оқыту
жүйесі туралы құжаттар берді. Білім беру жоғары
оқу орындарында оқу үдерісіндегі оқытушы мен
студенттің өзара танымдық қызметінің деңгейлігіне
бағынады. Оқытушы типтік бағдарламаның
мамандандырылған мінездемедегі көрінісімен біріктіріп,
өзінің жұмыс бағдарламасын құрастырады.
Дидактикалық нысанның оқу жоспары нақтыланып,
блоктарға, модульге жіктеліп, оның пәніне орай баспадан
жарық көрген оқулықтар мен оқу
құралдарының бағдарламадағы көрінісін
тәжірибеде қолдануға қозғаушы күш
рөлін атқарады. У. Куписевич пен В. Оконь білім
мазмұнының құрылымы мен жүйесі жайлы бірнеше
тәсілдерді қарастырған. Алдымен ілімді дәстүрлі тәсілмен
жоспарлауды таңдаған. Мұнда барлық материал тұтас
алынады. Бұл тәсіл оқу мен оқу курсының
тарауларын қосып алу арқылы жүзеге асады. Ал екіншісі –
концентривті тәсіл. Мұнда оқу материалындағы бір
мәселе бірнеше рет қарастырылады. Қайталау үдерісінде
оқытушы студенттің танымы тереңдей түсу үдерісін
қамтамасыз етеді. Білім мазмұны, теориясы тереңдеп,
жаңа мұраттармен баса түсу, жаңа ойға ие болу
секілді деңгейлікке жету мәртебесі басым. Үшінші – спираль
түріндегі тәсіл. Мәселе таңдалып айқындалады,
шешуге тиісті мәселелерге әрі оқытушы, әрі студент
қайта-қайта оралып отырады. Студент өзінің
танымдық қызметінің әрқалай салаларында бірнеше
қайталанып ізденуімен болатын әрекет. Оқу тақырыптарына
әр қырлы зерттеу пайымымен келуі басты іс-қимыл.
Төртінші – модульдік тәсіл. Бұндай тәсіл әрбір
тақырыптың кіші «элементтерін» бір мәселеге біріктіріп,
дидактикалық негіздің жүйесін жасайды. Дидактикалық
негіздің жүйесі білім беру үдерісінде мынандай
бағыттардан тұрады: бағдарлаушылық,
әдіснамалық (немесе дүниетанымдық);
мазмұндық-түсіндірмелі; операциялық-қызметті;
бақылаушылық-тексеру. Ғаламдық және отандық
білім алу тәсілінің тәжірибесі: нақтылы
қауымдастық жағдайға студенттердің білім алуы;
жеке оқыту денсаулығына қатысты үйде академиялық
үзілістерде өздігінен білімін толықтыруы;
қашықтық ауданда компьютермен оқу, интернет
жүйесінен қажетін алуы; сырттай оқу, жекелеген кеңестер
беру және сессия аралығында күні бұрын тапсырманы алып,
бақылау, курстық жұмысын орындап, дәрістерді
жинақтап, сынақ және емтихан тапсыруы[3; 29-36б].
Білім беру үдерісінің түрлері:
– дәріс - жоғары оқу орындарының
білім беру жүйесі;
– семинар – оқу топтарының
тәжірибешілік сабағы;
– зертханалық сабақ –
техникалық құралдармен, арнаулы аппараттармен, сарапатама
өткізумен, тәжірибе – эксперимент жүргізумен, зерттеумен
ерекшеленетін сабақ; табиғатқа саяхат, мұражайда,
көрмелерде сабақ өту; белгілі бір тақырыптар немесе
мәселелер жайлы топтық және жеке кеңес өткізу
сабағы;
– сынақ сабағы – белгілі бір
курстан кейін білім тексеру сабағы;
– емтихан сабағы – пәннің бағдарламасын
меңгеру деңгейін тексеру сабағы.
Бүгінгі модернизация кеңістігінің өзінде
оқытудың жалпы қалыптасып келген теориясын дидактика деп
атаудың түп қазығы сонау чехтың ұлы
педагогы Я.А. Коменскийден бері деген тұжырым әлі өз
мәнінде екенін ескерген жөн. Дидактика мен жоғары оқу
орындарының стандарты мен типтік бағдарламасының негізіне
құрылған өтілуге тиісті ғылым салаларының
пәндік сападағы оқытуға арналған бәріне
бірдей (барлық жоғары оқу орындарына)
заңдылықтары бүгінгі күнге дейін тәжірибеде
қолданылып келеді. Бұл жөнінде зерттеуші Ч.Куписевич
дидактикалық пәніне оқыту үдерісі жатады деп ой
түйген.
Бүгінгі таңда дидактика Ресей мен біздің елімізде де
қарқындылықпен өркендеу үстінде.
Қазақстан Республикасында жоғары білім ерекше орын алып, мемлекет
қызметінің барлық жақтарына ықпал еткеніне біз
куәміз. Рухани өндірістің аса маңызды бұл саласы
қоғамның қызмет етуінің интеллектуалдық
және экономикалық базасын құрайды. Ол мәдениетті
сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа
жеткізудің басты құралы болып табылады, соның ішінде
болашақ мамандарды даярлауда жоғары мектеп дидактикасы
айрықша орын алады. Тәуелсіздікке ие болған
Қазақстан мемлекеті жаңа Қазақстандық
қоғамға сәйкес жоғары мектептен
дидактиканың жаңаша құрылуына қолайлы
жағдай туғызуда. Мұнда ең басты мақсат -
бұрынғы зиялы қауымның, педагог-зерттеушілерінің
құнды ой-тұжырымдарын зерттеп, студенттерді оқыту
іс-әрекетіне қатысты идеяларына, бүгінгі жоғары мектеп
дидактикасына, білім мазмұнының өзгерістеріне сәйкес
етіп талдап, жинақтап, тиімді пайдалану көзделеді. Мен зерттеу
мәселесіне байланысты ғылыми, тарихи, психологиялық,
педагогикалық әдебиеттерге талдау жасау барысында бірқатар
тұжырымдар жасадық: біріншіден, ерте заманнан бері зерделенген
адамның ойлау, таным іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру
мақсатында еңбек сіңірген данагөй,
педагог-зерттеушілердің озық идеялары мен тұжырымдамаларын,
ірі дәстүрлерін сақтай мектеп дидактикасының дамуына
тірек бола алатындығы; екіншіден, өз тағдырын өзі
айқындаған Қазақстанның барлық халқы
әлемдік интеллектуалды әлеуеттің жаһандануына ерекше
назар аударып отырғандығы; үшіншіден, жоғары оқу
орындарында болашақ мамандарды даярлау үлгісі
қоғамымыздың нарықтық экономикалық
жағдайына сәйкесетіндігін жоғары білім
меңгертудің қазіргі бағыттары: ғылым
түрлеріне қарай оның философиялық, психологиялық,
педагогикалық ұштастыққа келуінің үздіксіз
жаңаруы; жоғары мектеп дидактикасының ғаламдық
мүддеге сәйкесіп келуі; мемлекеттік жоғары білім стандартын
болашақ мамандығында ұтымды негіздеуі, білімді
ақпараттандыру, оған жаңа оқыту технологияларын жасауы,
жұмысты ұйымдастыру формаларын, түрлерін ғылыми негізде
аталған төрт бағыт жоғары мектептен оқыту
үдерісінің қоғам өзгерісіне ілесе отырып дамуына
және оқытушы мен студенттің өзін-өзі субъектілі
дәрежеге ынталандыра алудың тәсілдерін меңгеруге
қозғаушы күш болатындығы. Сол себепті өз
зерттеулерімізде рухани байлыққа ұмтылыстың өзі
жоғары мектептің оқыту үдерісін талапқа сай
құру тұрғысынан дамуына назар аударудың
қажеттігі туып отыр. Осыған орай, зерттеу жұмысымызда
біріншіден, жалпы дидактиканың тарихы, оның
әдіснамалық-философиялық негізін зерттеулерге мән
бердік; екіншіден, дидактиканың тарихи-философиялық генезисіне
талдау жасап, оның іс-әрекетінің дидактикалық
шарттарына тоқталдық, үшіншіден, қазіргі жоғары
оқу орындарындағы дидактиканың орны мен ерекшеліктерін
айқындадық; төртіншіден, студенттердің оқыту
үдерісіндегі танымдық қызметінің мәнін,
маңызын, құрылымын, саралап, олардың жеке
тұлғалық дәрежеге жетілуі үшін тәжірибеге
қажетті ұтымды педагогикалық технологиялары жасалды[4;
12-27б].