Педагогикалық ғылымдар/4. Білім беру жүйесін

реформалаудағы стратегиялық бағыттар

 

Аға оқытушы Қабылбекова Ж.Қ.,

оқытушы Жуматаева М.А., оқытушы Альжанова А.Ж.

 

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Жоғары оқу орындарында кредиттік оқу жүйесін модульдік технология арқылы оқытуды енгізудің мәселелері

 

Берілген мақалада Кредиттік оқу жүйесінде модульдік технология арқылы оқытуды жоғары оқу орындарында енгізудің мәселелері қарастырылады. Заманауи білім беру саласындағы актуалдық мәселе – Жоғарғы оқу орындарындағы жаңа оқыту методикасы.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Жумабаев М. Педагогика. - Алматы: Рауан, 1993.

2. Чошанов М.А. Гибкая технология проблемно-модульного обучения. Методическое пособие. - Москва: Народное образование, 1996.

3. Громкова М.Т. Мастерство - это технология плюс творчество. Высшее образование в России. - 2001 - № 6.

 

Оқыту үдерісінде жаңа инновациялық технологияларды заман талабына сай енгізу білім берушілердің парызы болып саналады. Осыған орай, студентерді кредиттік оқу жүйесіндегі модульдік технология арқылы оқыту дидактикасын жасаудың маңызы өте зор. Білімденуде дидактиканы жетік меңгерген жеке тұлғаның ой-санасы қоғамдық талаптар деңгейінде іс-қимыл көрсетіп, қиындықтар мен бөгеттерден өтуде біліктілік пен табандылықтың үлгісін танытады. Мемлекет көздеген тактика мен стратегиясына инновациялық технологиямен білім беру мазмұны мен оқыту жолын айқындайтын, ұтымды нәтижеге жедел қол жеткізетін тиімді әдістеме түбегейлі, толыққанды зерттелмеген, жоқтың қасы. Сондықтан «Студенттерді кредиттік оқу жүйесіндегі модульдік технология арқылы оқытудың дидактикасы» деп алынуы еңбектің мәртебелі тұсы. 

«Әлеуметтік жұмыс технологиясы» пәнін оқыту мәселелерін зерттеу отандық педагогиканың оқыту әдістемелік жүйесін дамытады. Әлеуметтік жұмыс технологиясын инновациялық технологиямен оқыту, оны дамыту мен оқыту жүйесінің салиқалы, салмақты болуына айтарлықтай нәр болып, тұлғаны тәрбиелейді. XXI ғасырда білім берудің мазмұнды болуына толық мүмкіндіктер ұдайы жасалып келеді. Оқыту үдерісінің сапалы мәні әр студент білімнің ғылыми негізін даралық қабілетте қабылдауынан байқалады. Педагогикалық білім берудің мазмұнында (жоғары оқу орнында) бейнеленген педагогикалық зерттеулердің нәтижесі парадигманың, яғни оқыту іс-әрекетінің жаңа көзқараста білімдік жинақталған ұстанымдарында стандартқа сай студенттер сұранымына, білім беру қызметінің сапасына байланысты нәтижені бағдарлайды.         

Білімденудің тәсілі ретінде кредиттік технология тұлғаның жеке ізденімпаздық қажетсіну уәжін іске қосу іскерлігін шыңдауға қозғау салады. Ал педагогикалық технология ұжымдық іс-әрекетке бағдар жасайды. Осы екі түрлі ұстанымды ажыратып алған жағдайда жоғары оқу орнының білімденудің инновациялық технологиясы деген ұғымды дұрыс түсінуге болады. «Инновация» ұғымы «жаңаша оқыту» мәселесін жүзеге асырады. Бұл орайда жаңаша оқыту жүйесін мемлекеттік және әлемдік стандарт аясындағы көшбасшы технологияларды бүгінгі Қазақстан Республикасының өңіріне бейімдеп алу секілді амалды іске асыру қарастырылады[ 1;45-56 б].    

«Білім» ұғымы адамзаттың мәдениетін көтеру мақсатындағы ұстанымын зерттеуге И.Я.Лернер еңбегінде мынандай жинақтық мән білдіреді:

– білімнің жүйесі (табиғат жайлы, құдырет туралы, техника, адам, ғарыш және т.б.) әлем жайлы танымды қамтиды;       
– адамға таныс тәсілдерді танымдық қызмет арқылы іске асырады;     
– адамның мәдени, ғылыми жалпы адамзаттық дүниетанымын дамытады;   
– әлемде адамның қарым-қатынас арқылы біртұтас құбылыста қабылдай алу шеберлігі ширайды.

Студент қандай дидактикалық нысан, пән арқылы білім алса да, әлемге дүниетанымы біртұтас жүйеде қалыптасады. Студент семинар, тәжірибелік сабақтарда мәселені өздігінен табатын дәрежеде болып, оның шешімін альтернативті мәнде қарастырады. Бұндай білім жүйесін меңгеру үдерісінде студент комбинаторлы амалға төселеді. Білімнің шығармашылық деңгейде меңгеруі энциклопедиялық білімге ынталандырады. Білім мазмұны – дидактиканың негізі. Олай болса, оқыту тірі адамға тән әрекет, ал дидактикалық негіз – білім теориясы мен оқыту теориясының қосындысы. Міне, осы дидактикалық негіздің жүйесін құру, қосудың теориялық әдіснамасына негіздейміз. Сөйтіп, пән оқытушысы міндетті түрде оқыту және білім беру теориясын біріктіріп, оның қажеттілігін анықтауға ұмтылуы – білім заңының басты ұстанымы.

Кредиттік жүйеде білім берудің жаңа парадигмасы «оқу – қалай оқығаныңа қарай», «өзін-өзі дамыту», «өмір бойына оқу» болып өзгерді. Жаңа жүйеде оқытушы студенттерге өздігінен білім алудың түрлі әдістері мен жолдарын көрсете отырып, студенттің өздігінен жасайтын танымдық әрекетінің ұйымдастырушысы болып табылады. Жоғары оқу орны жұмысының нәтижесі – білім алушылардың кәсіби білім беру бағдарламалары бойынша білімдерінің сапасы, ал мамандарды даярлаудың сапасының өлшемі – мемлекеттік білім беру стандартындағы біліктілік талаптарға сәйкес анықталған теориялық дайындық деңгейі арқылы бағаланатын маманның кәсіби құзыреттілігі. Жоғары кәсіби білім берудің мақсаты еңбек нарқы қажетіне сай мамандарды даярлау болғандықтан, бұл Болон үлгісінің негізінде жатқан қағидалармен, оның ішінде оның басты қағидаларының бірі білім беру сапасын бақылаумен үйлеседі. Әрі сапаны бақылау, оқыту мерзімі мен оқыту мазмұнымен қатар, маманның кез келген еуропалық мемлекетте жұмыс істеуге даярлығына негізделеді [ 2; 75-88б]. 

Оқытудың жаңа технологиясын ендіру және білімдегі ақпараттану білім беру жүйесін түбегейлі өзгертудің басым міндеттері болып табылады. Бұдан білім беру үдерісінің маңызды екі құрамдас бөлігі болып табылатын оқыту технологиясы мен білім беру ақпаратын бейнелеу түрлерін түбегейлі өзгерту уақыттың талабы болып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында жоғары оқу орындарында кредиттік жүйеге ауысудың бейімделу үдерісі өтуде.

Кредитті технологияны іске асырудың мүмкіндігі – стандартқа жүгінген оқулықтардың модульдік технология жүйесіне бағыну заңдылығы. Бұл заңдылық оқулықтағы модульге жіктелген нысаналардың теориялық негізінің тәжірибедегі көрінісін үйлесіммен берілуіне қолайлы жағдай туғызады. Кредиттік технологияның іс-әрекеті өнімді нәтижеге жетуі үшін модульдік технологияны ұтымды пайдалану көзделеді. Осы ұғымның зерттелген дәрежесіне байыппен қарасақ, бірталай ғалымдардың мектеп және ЖОО-дағы модульдік іс-әрекет технологиясын зерттегені байқалады. Мысалы, модульдік оқытудың генезисін зерттеген Чернилевский Д.В. ХХ ғасырдың 60-жылдары АҚШ-та, Еуропада аталған оқытудың түрі кең тараған деп қорытынды жасайды [3; 29-36б].

Сондықтан жоғары оқу орнының бейімделу потенциалы мен дайындық бағдарламасын көтеру үшін академиялық және ұйымдастырушылық құрылымдардың өзгерістерін жасау, оқыту технологиясы мен әдістерін жаңарту, педагогикалық үдерісті жетілдіру, педагогикалық құрамның сапасын жақсарту қажет болды. Кредиттік оқу технологиясы, оның ішінде модульдік технология студенттердің, оқытушылардың, мамандардың академиялық алмасуына қажетті шарттарды жүзеге асыратын бірыңғай өзара сынақтың халықаралық жүйесін құру мақсатында ұлттық білім беру жүйесін реформалаудан тұратын әлемдік беталыстан туып отыр.  Оқытудың бұл технологиясы дидактикалық үдерісті жүзеге асырудың бір ұтымды амал-тәсілдерін іске асыратынына дәлелді пікір білдіреді.