Педагогика / 4. Современные методы преподавания
Акбалаева А. Р.
Ы. Алтынсарин атындағы № 49
мектеп - гимназиясы
Тараз қаласы,
Қазақстан
Биология сабағында
оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші,
шәкірт бойындағы білімділік пен тәрбиелілік
ұстазға байланысты. Шығармашыл, ізденімпаз ұстаз
ғана салауатты да саналы, жан – жақты дамыған білімді
тұлға қалыптастыра алады.
Келешек елдің тұтқасын ұстайтын бүгінгі жас
ұрпаққа білім мен тәлім-тәрбие беру ұстаз
алдындағы ең ауыр міндеттің бірі. Бүгінгі жаңа
ғасырдың жаңашыл шәкірттерін тәрбиелеуде,
мұғалім үздіксіз ізденіп, кез-келген тосын
сүраққа жауап бере алатын, кез-келген ситуациядан шыға
алатын, білімдар болу қажет. «Мұғалім - өзінің
білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана
мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның
мұғалімділігі де жойылады» деген қағидасын ұлы
педагог К. Д. Ушинский нақты айтқан. Мұғалімнің
негізгі мақсаты – сабақ барысында оқушыларға
терең де, тиянақты теориялық және тәжірибелік
білім беру.
Оқушының үлгерімі, білім сапасының жоғары
болуы, ең алдымен мұғалімнің өз міндетіне,
шеберлігіне байланысты. Бала мектепке оқып – үйренуге деген
үлкен ынтасымен, ықыласпен келеді. Оқушыны «қабілетті»
және «қабілетсіз» деп бөле қарауға болмайды.
Себебі, әр оқушының өзіндік көзқарасы
әр түрлі. Мұғалім күнделікті сабағын
түрлендіріп, ғаламтор желісін пайдаланып, әр түрлі
әдіс-тәсілдерді қолданса, оқушыны ойлантуға
жетелеу мен бірге, өз ойын ортаға салуға, басқалар мен
пікір таластыра алуына көмектеседі. Сонда өз ойымен
тұйықталған баланың, ойлау қабілеті еркін
дамыйды. Сабақ барысында оқушымен мұғалімнің
арасындағы қарым-қатынас тығыз байланыста болу
қажет. Бұл оқушының қиялын, өзіндік
көзқарасын еркін айтып, ұстаз тарапынан нұсқау
алуына мүмкіндік береді.
К. Д. Ушинский «... қызығушылық туғызбайтын
оқу бірте-бірте оқушының білімге деген
құмарлығын жояды, ал тек
қызығушылыққа негізделген оқу
оқушының еркін, күш-жігерін тәрбиелемесе мәнін
жоғалтады» деген. Осы қағидаға сүйене отырып,
биология пәнін оқыту үрдісінде мына бағыттарды
ұстану қажет:
1. Білім берудің балама жолдарын қалыптастыру.
2. Оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қарастыра
отырып, сабақ барысында кең көлемді, тиянақты,
нақты, білім беруде уақытты ұтымды пайдалану.
3. Оқулықтан тыс қосымша оқу материалдарын
жүйелеп, оқу үрдісінде қолдану.
4. Оқушылардың білімін бағалауда бағаның
рөлін жете ойластыру.
5. Оқушыларға берілетін үй тапсырмасын ұтымды
ойластырып, оқушылардың өз бетімен ізденуіне
қалыптастыру.
Бүгінгі таңда сабақ өткізудің түрлері
көбеюде. Бірнеше жылғы тәжірибеме сүйене отырып,
биология сабағында оқушылардың пәнге деген
қызығушылықтарын арттыратын, шығармашылыққа
баулитын сабақ түрлерін қолданып жүрмін. Мысалы, сайыс
сабағы, сот сабағы, кіріктірілген сабақ, саяхат сабағы,
лекция сабағы, конференция сабағы, семинар сабақ, пікір-талас
сабағы, тест сабағы және т.б. Менің қазіргі кезде
жиі қолданып жүрген тәсілім,семинар сабақтары.
Мұндай сабақтар пәнге деген
қызығушылықтарын арттырып, биология сабағында
оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытады.
Оқыған материалдарын бекітуге, терең білім алуға,
оқушылардың дербес ойлануын жан-жақты дамытып
мұғалімнің көмегінсіз оқып үйренуге
қалыптасады.
Семинар сабағының жоспарын тарауға негіздеп жасап,
оқытудың тиімді жолдарын іздестіріп, алдын-ала сабақтың
тақырыбын хабарлаймын. Оқушыларға жоспар бойынша
қосымша әдебиеттерді беремін. Сабаққа дайындық
барысында оқушылардың талабына қарай консультация
жүргіземін.
Биология пәнінен 9 сынып бағдарламасы бойынша «Сұрыптау»
тарауына семинар сабақ жоспарын жасап, өткіздім.
Оқушылардың оқулықтан алған теориялық
білімі мен жаңа ақпараттық ресурстардан, ғаламтордан
жинақтаған материалдарын жинақтап,
ғылыми-теориялық әдістемелік жақтарын қарастыра
отырып, сабақ өткізілді. Семинар сабақ соңында
оқушылардың ізденіс жұмыстарының қорытындысы
анықталды. Оқушылар бойында бар қабілеттер:
білімқұмарлық, ізденімпаздық, ұшқыр
ойлылығы, тапқырлығы, логикалық дәлдігі, сыншылдығы
анықталды.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде алға
қойған мақсаттарды іске асыруда ең басты жетекші
рөлді мұғалім атқарады. Мұғалім
мектептің жүрегі, сондықтан да мұғалім білімді
өзі меңгеріп қана қоймай жас жеткіншектерге де өз
білімін тиянақты етіп жеткізуге міндетті. Заман талабына сай әр мұғалім
өзінше ізденіп, жаңашылдыққа ұмтылуы керек.
Жаңашыл мұғалім әр уақытта үнемі
жаңалыққа ұмтылуы керек. Жаңа
технологиялардың қарқынды даму кезеңінде, әрбір
ұстаз өзінің кәсіби шеберлігін жаңа әдіс –
тәсілдер арқылы жетілдіріліп отырады.
ХХІ ғасырдың жан – жақты зердері, дарынды, талантты
адамын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі
мемлекетіміздің басты назарында. Егеменді ел болып, таңдаулы елу
елдің қатарына ену басты мақсатымыз болған соң,
білім мен ғылым саласы дүние жүзілік деңгейге сай болуы
керек. Елімізде болып жатқан өзгерістер мектеп жұмысына да
елеулі жаңалықтар әкеліп отырғаны даусыз.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Иманғалиева Б. С. Жаратылыстану пәндерін
кіріктіре оқыту. ҚР Химия және биология
мұғалімдерінің І – ші сьезі, Өскемен, 2012ж.,
2. «Биология және салауаттылык негізі» 2007 - 2010 ж.
3. «Биология бағдарламалары» Алматы
«Рауан» 1992 ж.
4. «Биология және салауаттылық негізі» 2005 ж. №
1
5. «Қазақстан
мектебі» 2003. №1, Асанов/ Білім беру және жетілдірудің өзекті
мәселелері.