Сәбитова Салтанат

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің

3 курс студенті

Кусаинова Айман Толеутаевна

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы

Баймуханова Алия Маратовна

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы

 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕТІМДІК ЖӘНЕ ОНЫ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС

 

Жетім — ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала болып табылады. Сондай-ақ ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған бала [1].

Жетімдіктің келесідей түрлері бар:

-      әлеуметтік жетім - ата-анасы бар немесе қайтыс болмаған, бірақ ата -ана өз келісімдерімен баладан бас тарту, сондай-ақ ата-ананың түрлі сол қылықтарға бару арқылы олардың құқықтарын шектеп баланы айырып алу;

-      тұл жетім - ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасының біреуінің қайтыс болуы тұл жетім деп аталады. Қазіргі таңда әлеуметтік жетім тұл жетімге қарағанда 80 пайызды құрап отыр. Қалған пайызы тұл жетімдер.

Қазіргі қоғамда белең алып келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – әлеуметтік жетімдік. Ол жаңа құбылыс емес, кез келген мемлекетте, кез келген қоғамда жетім балалар мен түрлі себептерге байланысты ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар болған, және әлі де бар. Бұл жағдайда қоғам мен мемлекет осындай балаларды дамыту және тәрбиелеу жауапкершілігін өз мойнына алады. Әрбір ата-ана өз баласын асырап-бағуға және тәрбиелеуге, денсаулығына қамқорлық жасауға, орта білім алуын қаматамсыз етуге міндетті. Бұл қағидалар халықаралық және Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделгенімен, елімізде ата-аналары тірі бола тұра, баласын тірі жетім атандырып, балалар үйінде көздерін жәутеңдетіп жүрген қандастарымыз қаншама. Міне осылайша қоғамымызда әлеуметтік жетімдік деген ұғым қалыптасқан.

Әлеуметтік жетім балаларда танымға деген қажеттілік дамымайды, қызығушылық жоғалады және әлеуметтік интеллект дамымайды. Қызығушылықтың болмауы салдарынан балада жеке белсенділік және өзін-өзі ұйымдастыру қалыптаспайды. Балада өмірге деген немқұрайлы қарым-қатынас пайда болады, оқиғалар ағымына қарсы тұру және әсер ету, белсенді саналы таңдау жасау қабілеті болмайды. Көп балалар жеке өмір сүруден қорқады және мекемеден шыққанда топтасып өмір сүруге ұмтылады, масылдыққа жиі бейім.

Қазіргі уақытта әлеуметтік жетімдіктің негізгі себептері – отбасы рөлінің және ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігінің төмендеуі; отбасының, әсіресе, жас отбасының материалдық-тұрмыстық қиындықтарға төзе алмауы; мектеп, отбасы және қоғам арасында қарым- қатынастың жетіспеуі; отбасылық тәрбие құндылығының тиісті деңгейде насихатталмауы; балалар мен ата-ананың денсаулық жағдайы; некесіз бала туудың өсуі; ажырасу санының артуы [2].

Статистикалық көрсеткіш: Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметі бойынша, елімізде 4 млн. 300 мың отбасы болса, олардың орташа құрамы 3,5 адамнан келеді екен. Ал жеті, одан да көп мүшесі бар отбасылар небәрі 8 пайызды құрайды. Қазақстанда соңғы 5 жылда некеге тұрғандар саны 683 мыңға жетсе, 179 800 ажырасу тіркелген. Яғни, некеге тұрушылар 14,4 ал ажырасушы жұптар 21,6 пайызға артқан. Осы уақыт аралығында дүниеге келген баланың 20 пайызы некесіз туған .

     Бүгінгі таңда әлеуметтік жетімдіктің өсіп келе жатқаны ерекше алаңдататын жағдай. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитетінің деректері бойынша Қазақстанда ата-анасының қамқорынсыз қалған 32 мың жетім бала бар. Олардың 80%-ын   ата-аналары тірі бола тұра, асырай алмай отыр. Олардың басым бөлігі ата-анасы бас тартқан, тастанды болса енді бірінің ата-аналары қамауға алынған, хабарсыз кеткен немесе ата-аналық құқығынан айырылғандар болып табылады.

Әлеуметтік жетімдіктің алдын алудағы тиімді шешімдер келесі бағыттарды қамтиды:

-      Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды қалыптастыру.

-      Аз қамтылған отбасыларға қолдау жүйесі мен оңалтуды ұйымдастыру.

-      Әлеуметтік жетімдікті алдын алу және жеңу үшін ғылыми-әдістемелік қолдау жүйесін көрсету.

-      Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістерді тұрақтандыру.

-      Ұлттың рухани мәдениетін жандандыру.

-      Отбасыны, ана мен баланы  экономикалық, құқықтық, әлеуметтік қолдау.

-      Тәрбиеленуші жетім балаларға  өмір сүру институттарының жүйесін қайта қалыптастыру, ұйымдастыру [3].

Қазіргі уақытта әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау мекемелері арасындағы өзара ұйымдастырушылық қарым-қатынастың жоқтығы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша іс-әрекеттің тиімсіздігінің бір себебі болып табылады. 

Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу саласындағы әлеуметтік жұмыстың ұйымдастырылуы көптеген мәселелерді тудырады. Және ең өзектілердің бірі – білікті мамандардың жоқтығы. Маман құқық бұзушы жасөспірімдермен, токсикоман балалармен, және т.б. категориядағы адамдармен жұмыс істеуге тура келеді. Олармен жұмыс істеу үшін кәсіби де, өмірлік те тәжірибе қажет. Яғни, бұл жұмыс үшін кәсіби және жеке қасиеттерге ие жоғары білікті маман қажет.

Қорытындылай келе, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және оны шешу жүйесінің ғылыми-әдістемелік қамсыздандырылуы ғылыми зерттеулердің, мониторингтердің, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық материалдардың тақырыптарын және бағыттарын айқындауы тиіс. Әлеуметтік жетімдікті алдын алу және оны шешу бойынша мекемелердің жұмысының тиімділігі көп жағдайда қалыптасқан жағдайдың уақытылы талдауы мен ғылыми негізделгендігімен айқындалады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Социальная педагогика: Курс лекций /Под общей ред. М.А. Галагузовой. - М., 2000. С.192

2. Глазунова М.А. Социальная педагогика. М., 2010.

3. Чайкова Н.Н. Cоциальное сиротство. Проблемы и пути преодоления.