Қазақ тарихи романындағы әйелдер бейнесі
Қазтұтынуодағы Қарағанды
экономикалық университеті, Қазақстан
Республикасы, Қарағанды қ.
филология
ғылымдарының кандидаты, доцент Акатаева Ш.Б.,
Мэлс Аяужан ГМУ-21к тобы студенті.
Әдебиет – ақиқат өмірдің
сырлы суреті, халықтың көркем тарихы екенін ескерсек, бастау
көзі сонау көне фольклорда, ежелгі әдебиет үлгілерінде
жатқан тарихи тақырып дәстүрі қазақ
әдебиетінде 60-80 жылдары мол көрініс бере бастады.
Қазақ әдебиетіндегі проза жанрында тарихи тақырыпты
игерудің үлгісін салып, көркемдіктің биік
тұғырынан көрініп, әлемдік шығармалардың
қатарында бағалануға қол жеткізген М.Әуезов шығармашылығының
орны бөлек екені айтпаса да түсінікті.
Халқымыздың басынан өткен тарихи
оқиғаларды тарихи романдарға арқау еткен жазушыларымыз
бұрынғы дәуір қойнауына бойлай түсіп,
халықтың еркіндік пен азаттық үшін жүргізген
күресін көркем сомдады. Ұлан-асыр кең даланы
білектің күшімен, найзаның ұшымен, қылыштың
жүзімен қорғаған хандар мен билердің, батыр
ұлдар мен қыздардың нанымды тұлғалары жасалды.
Тарихи романшылар Ә.Кекілбаев, І.Есенберлин,
Ә.Әлімжанов шығармаларында қиын қыстау
күндерде ерлермен бірге атқа қонып, елін, жерін
қорғаған батыр қыздардың, бейбіт күндері
бесігін тербетіп, ұрпағын өсірген аяулы аналардың
бейнесін сомдаса, С.Жүнісов,
З.Ақышев, Ә.Әбішевтер өздері кестелеген бас
қаһармандар ғұмыр кешкен замандағы әйелдер
образын сомдауға күш салды. Әйел-ана-ару бейнелері
авторлық ұстанымға орай әртүрлі деңгейде
кескінделді. Олар биік адамгершілік-адами қасиетімен, рухани жан
әлемінің тазалығымен, шынайы махаббатына адалдығымен,
ақылдылығымен, сұңғылалығымен даралатын
Ақтоқты, Ұрқия, Бәну, Бибі, Самал, Назгүл,
Сапар, Сәния, Бопай, Күнімжан, Аққозы, Жаған
бике, Нұрбике т.б. бейнелері ұлттық әдебиетіміздегі
М.Әуезов сомдаған Зере, Ұлжан, Тоғжан, Салтанат,
Әйгерім, Керімбала, Ғ.Мүсірепов сомдаған Ақлима,
Ұлпан образдар галереясына тың, көркем бейнелердің
қосылғанын айғақтаса керек.
Әйел – эстетикалық идеал. Ол –
сұлулықтың, махаббаттың, даналықтың
символы. Зерттеу еңбекте қазақ әдебиетану
ғылымындағы терең де түбегейлі зерттеле
қоймаған қазақ тарихи романындағы әйелдер
образының жасалу ерешеліктері, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов
дәстүрі мен қазақ тарихи романындағы
әйелдер образын жасаудағы автордың ұстанымы мен адам
концепциясы, көркемдік-эстетикалық сипаттары ғылыми
тұрғыдан талданды.
Тарихи романшылар “алыптар тобы”
қалыптастырған, әсіресе, М.Әуезов,
Ғ.Мүсірепов дәстүрін жете пайдаланып,
көркемдік-эстетикалық ізденістерге негіз болған
әйел-ана, ару бейнесін, қазақ әйелінің
ұлттық болмысын, рухани әлемін жан-жақты зерделеді.
Сұлулықтың, даналықтың, биік
дүниетанымның символы – Зере, Ұлжан, Тоғжандармен
қатар қазақ әдебиетінде Ақтоқты,
Ұрқия, Балжан, Майсара, Күнімжан, Бопай, Жаған бике,
Бибі, Сәния сынды ана-әйел-ару бейнесі ұлттық
болмысымен, мінез, сезім даралығымен, ақылдылығымен
ерекшеленді.
Әйел - ана, әйел - сүйікті жар,
әйел – ерінің сенімді серігі, әйел – жанашыр дос.
Қаламгерлер Ақтоқты, Ұрқия, Назгүл, Самал,
Күнімжан, Бопай, Жаған бике, Бибі, Бәну, Фатима арқылы
жан дүниесі аса күрделі адам атты тіршілік иесінің
әрқайсысына тән мінез иірімдерін, нәзік сезімін
ұтымды бейнеледі.
Тарихи романшылар бесігін тербетіп, бөбегін
әлдилеген қазақ әйелінің ел шетіне жау тиген
кезеңде қолына найза алып, ерлермен бірдей елін, жерін
қорғаған ерлік істерін, қан мен тер төккен
ұлтжанды өр мінезін, оның бойындағы
қайсарлық пен батырлықты, қазақ әйеліне
тән төзімділік пен ұстамдылықты, ақылдылық
пен сұңғылалықты
дәріптей көрсетті.
Суреткерлер І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев,
Ә.Әлімжанов, Қ.Жұмаділов шығармаларындағы
көркемдік шешімнің нанымдылығы да олардың шеберлігін танытады. Тарихи
романдардағы өмір турасындағы толғаныс,
ұрпақ жалғастығы сынды көкейкесті мәселелер
шебер философиялық толғаммен, қаламгердің
талғамымен шебер үндесіп кетеді. Қаламгерлер жеке
адамдардың тағдырын барынша қазып суреттеу арқылы адам
құндылығын ірі қоғамдық-әлеуметтік
өзгеріс аясында көрсетуге тырысқан. Романдағы
махаббатқа берілген кейіпкерлердің жан толқыны, жүрек
лүпілі арқылы жалпы адамзатқа тән сезім
күшінің шексіздігін суреттеді. Автор ойының
айқындығын, дәлдігі, сезім сұлулығы,
нәзіктік, оқиға желісінің суреттілігі
Ақан-Ақтоқты, Мәди-Самал, Мұса-Сапар,
Естай-Дүрия, Кенже-Сәния, Әбу Насыр-Бибі желілері
арқылы бой көрсеткен. Аталмыш желілер алуан түрлі
тағдырлар, кейіпкер характерін ашуда тиімділік танытқан.
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ
тарихи романы тарих, дәуір, адам атты ұғымдардың
терең сырларына бойлай отырып, олардың арасындағы
диалектикалық сабақтастық пен бітіспес қарама-қайшылықтың
логикалық шешімін көркем кестеге түсірді. Кесек
тұлғаларды, тарихи адамдарды сомдауда әр автор
көркемдік ізденістерге, яғни әдеби бейне сомдаудағы
стильдік ізденістерге ұмтылды.
Қазақ романшыларының тарихи
туындыларындағы әйелдер образын жасауы – автордың суреткерлік
идеалы мен эстетикалық талғамына, көзқарасына
қатысты боп келеді. Осыдан кеп стиль ұғымының
қылаң беретіне мәлім. Ал, стильден әр жазушының
өмір шындығын таңдауы яғни шығарма
тақырыбы, сол өмір шындығына берген автор ретіндегі
бағасы, өмірлік материалға қатынасы мен
көзқарасы яғни идеясы, түйіндей айтсақ,
шығарма мазмұны мен пішінінің бірлігі байқалады.
Тарихи романдар композициясындағы әрбір
көркемдік компонент туындының идеялық-эстетикалық
мәніне, автордың мақсат-мұратына орай алынған.
Қаламгерлердің шеберлігі эстетикалық мәні бар
көркемдік компонентерді (диалог, монолог, пейзаж, портрет, деталь,
символ) шығарма композицисына кіріктіре алуынан көрінеді.
Оқиғаларды дамыту, қаһармандардың тағдырын
суреттеу, характерді айшықтау мақсатында көркемдік
тәсілдерді шебер пайдаланған. Жазушы Ә.Кекілбаев
шығармашылығына полифониялық тәсіл тән
болса, І.Есенберлин стиліне баяндау
хроникалық сипат, панорамалық қасиет тән екені
мәлім, ал қаһарманның ішкі жан дүниесін ашып
көрсетуде С.Жүнісов психологиялық паралелизмді, символ,
детальды ұтымды пайдаланса, З.Ақышев характерлі,
этнографиялық баяндау тәсілін ұтымды пайдаланған.
Ә.Әбішев, Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов,
Қ.Жұмаділов т.б. монолог
арқылы қаһарманның ішкі жан әлемін, нәзік
сезімдерін шебер ашқан. Мәди, Махамбет, Естай, Қабанбай,
Дүрия, Ақтоқты т.б. қаһармандардың
монологын адамның ішіндегі құпия ойлардың, сезімдер мен
сауалдардың процесі ретінде ашуға тырысқан.
Қаламгерлер қазақ әйелінің
ішкі жан дүниесінің терең иірімдерін зерттеуге
ұмтылған. Тарихи романшылар ұлттық характер
арқылы жалпыадамзаттық проблемаларға бойлай алған.
Абай: “Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім.
Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да
жері жоқ. Ол жаратқан тәңірінің ісі” – деп
бағалайды. Көркем шығарма атаулының да арқауы –
махаббат, адамгершілік сезімі. Әрбір автордың өз
шығармасында көздейтіні – осы қасиетті ұғымды
барынша бедерлеп бейнелеп беру.
Қаламгерлер ананың баласына деген абзал
қасиеті сынды тым нәзік, құпиясы көп, сыры мол
құбылысқа өз көзқарасы, ой қорытындысы,
ұлттық жаратылысымызға сәйкес психологиялық
суреттеудің айқын деректі сипаттамасын бере білген.
Әйел-ананың жан
әлеміне тереңдеп енген сайын әйелдің мінезі мен жан
дүниесіндегі нәзік те күрделі құбылыстарды
жарқыратып жайып сала отырып, әр кейіпкерге әлеуметтік
жүк арқалататын қасиеттерді танып, астарын ашқан
әр қаламгердің өзіндік қолтаңбасын тану
қиын емес.
Қазіргі қазақ тарихи романы қай
тұрғыда да толысу, кемелдену, іштей тармақталып, даму
үстінде. Жанрлық, тақырыптық, проблемалық
салаларымен қатар түр мен стильдік табиғаты, бітімі
жағынан даралану, тоғысу сияқты бір-бірінен бөлек
сипаттағы процестерді де бастан өткеруде.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қабдолов З. Арна.
–Алматы: Жазушы, 1988.-256 б.
2.
Есенберлин І. Он томдық шығармалар жинағы. Т.
3.
Көшпенділер: Тарихи трилогия. –Алматы: Жазушы, 1986.-
328 б.
4.
Алпысбаев Қ. Тарихи шығарма: таным мен
көркемдік. А, 1999.-271 б.
5. Жұмаділов Қ.
Дарабоз. Тарихи роман. Екінші кітап. –Алматы: Жазушы, 1996.-416 б.
6. Бердібаев Р. Тарихи роман.
–Алматы: Санат, 1997.-336 б.
7.
Жұмаділов Қ. Соңғы көш.
Роман-дилогия. Бірінші кітап. –Алматы: Жазушы, 1998.-416 б.
8. Жұмалиев Қ. Стиль - өнер ерекшелігі.
–Алматы: 1966. –384 б.
9. Жұмаділов
Қ. Тағдыр. Роман. –Алматы: Жазушы, 1988.-624 б.
10. Ақышев З. Жаяу Мұса: Роман.
–Алматы: 1990.-416 б.