З.ғ.к. Суттибаева А.А., Шинтаева Ф.Е.

«Мирас» Университеті, Шымкент қ., Қазақстан

ӨНЕРТАПҚЫШ ҚҰҚЫҚТАРЫН АЗАМАТТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Резюме

В данной статье рассмтариваются права автора изобретения и вопросы гражданско-правовой защиты прав изобретателя

Summary

Questions of civil protection of the rights of the inventor

 

Қазақстан Республикасының Патент заңының 6 бабына сәйкес «Өнiмге (құрылғыға, затқа, микроорганизмнiң штаммына, өсiмдiктер немесе хайуанаттар клеткаларының көбеюiне), әдiске (материалдық объектiмен iс-әрекеттi материалдық құралдардың көмегiмен жүзеге асыру процесiне), сондай-ақ белгiлi өнiмдi немесе әдiстi жаңа мақсатта немесе жаңа өнiмдi белгiлi бiр мақсатта қолдануға жататын кез келген саладағы техникалық шешiмдер өнертабыс ретiнде қорғалады.»  [1].

Айтып отырған бабымызға сүйенер болсақ: жаңалықтар, ғылыми теориялар және математикалық әдiстер; шаруашылықты ұйымдастыру және басқару әдiстерi; шартты белгiлер, кестелер, ережелер; ақыл-ой операцияларын орындау, ойындарды жүргiзу ережелерi мен әдiстерi;  есептегiш машиналарға арналған бағдарламалар мен алгоритмдердiң өзi;  ғимараттар, үйлер, аумақтар жоспарларының жобалары мен тәсiлдерi;  бұйымдардың тек сыртқы түрiне қатысты ұсыныстар; қоғамдық тәртіпке, iзгiлiк пен мораль қағидаттарына қайшы келетiн ұсыныстар өнертабыстар деп танылмайды.

Кез келген өнертабыс, формалды сараптама мен мәні бойынша сараптама өткізгеннен кейін берілетін, өнертабысқа деген басымдылықты, авторлықты және айрықша құқықтарды куәландыратын патент арқылы қорғалады.

Өнертабысқа берілетін патент ол туралы өтініш берілген күннен бастап жиырма жыл бойы қолданылады. Ал, қолданылуы үшін рұқсаттар алу талап етілетін дәрілік затқа, пестицидке (улы химикатқа) жататын өнертабысқа қатысты айрықша құқықтың және осы құқықты куәландыратын патенттің қолданылу мерзімі патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бiрақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкiн. Айтылып отырған мерзім бес жыл шегеріле отырып, өнертабысқа патент беруге өтініш берілген күннен бастап өнертабысты қолдануға алғаш рұқсат алынған күнге дейінгі өткен уақытқа ұзартылады  [1; 5 бап].

Өнертабысқа құқықтық қорғау, егер ол жаңа, өнеркәсіптік денгейі жетілсе және өнеркәсіпте қолданылуға болады деп танылса ғана беріледі.

Авторлық құқық өнертабыс авторының негізгі өзіндік құқығы болып табылады, яғни заң мен патент (куәлік) берілу фактісіне негізделген өнертапқыш ретінде танылу құқығы. Бұл дегеніміз, мемлекет аумағындағы басқа тұлғаларға осы өнертабыстың авторы деп танылуына тыйым салынады. Өнертапқыыштың авторлық құқығы өзінен ажыратылмас болып келеді және мерзімсіз қорғалады.

Өнертабысқа авторлық құқық өнеркәсіптік меншік объектілерін өздерінің шығармашылық еңбегімен жасаған жеке тұлғаларда танылады. Өнертабыс бірнеше тұлғалардың бірлесіп жұмыс жасау жағдайында пайда болса онда олардың барлығы осы объектінің авторлары ретінде танылып осы құқықты өзара келісіммен пайдаланады.

Өнертабыс авторының негізгі құқықтарының тағы бірі – бұл өнертабысқа патент алу және де айтылған құқықты басқа жеке немесе заңды тұлғаларға беру болып табылады.

Өнертапқыштың құқықтарын азаматтық-құқықтық қорғау тәсілдері дегеніміз,  заңмен көзделген мәжбүрлеу сипаттағы шаралар. Сол шаралар көмегімен өнертапқыштың бұзылған құқықтары мен мүдделері қалпына келтіріліп немесе мойындатылып, құқықтың бұзылуының алдын алып және де құқық бұзушыларға мүліктік ықпал жасалады.

Өнертапқыштың субъективтік құқықтарын қорғаудың мүмкін болатын тәсілдері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 9 бабында көзделген. Жекелеп айтқанда, оларға құқықты мойындау, құқық бұзылғанға дейін болған жағдайды қалпына келтіру, құқықты бұзатын немесе бұзылу қауіпін тудыратын әрекеттердің  алдын алу,  міндеттемесін нақты орындауға мәжбүрлеу, шығындар мен тұрақсыздық төлемін өндіртіп алу жөніндегі талаптары жатады [2].

Өнертапқыштың мүмкін болатын тәсілдердің ішінен нақты біреуін таңдау бұзылған құқықтың мазмұны мен жасалған құқық бұзушылықтың сипатымен айқындалады. Егер де нақты жағдай туындаған кезде бірнеше тәсілдерді қолдануға мүмкіндік болса онда жәбір шегуші мүддесіне және жүзеге асыруға оңтайлы мәжбүрлеу шарасын өзі таңдайды. Сондай-ақ, бір мезгілде бір біріне қайшы келмейтін және өнертапқыштың мүдделерін қорғай алатын бірнеше тәсілдерді қолдануға әбден мүмкін.

Өнертапқыштың негізгі құқықтарын бұзылуы мен оларды қорғау тәсілдерін талдап көрейік.

Өнертапқыштың патент алуға өтініш беруге құқығын патенұстаушының құқықтарын ол үшін жеткілікті негіздерсіз алуға дәмеленетін кез келген адаммен бұзылуы мүмкін. Мысалы, өтініш, автордың шығармашылық ойы белгілі болып оны өзінің туындысы ретінде көрсететін тұлғамен берілуі мүмкін. Айтылған фактінің қашан анықталғанына қарамастан – патент алынғанға дейін ба кейін ба, қорғау құралы ретінде патент алуға ұмтылатын тұлғаның заңсыз әрекеттерін тоқтатуға немесе берілген патентті жарамсыз деп тану туралы сотқа талап беру болып табылады.

Әдетте, осындай талаптар өнертабысқа авторлық құқықты тану туралы талаппен қоса беріледі, алайда негізінде өз бетінше берілуі мүмкін. Мысалы, дау патентұстаушы құқықтарын алуға таласатын, өнертабыс авторы мен жұмыс беруші арасында пайда болуы мүмкін. Осылайша, ұсыныс авторы оның ұсынысы қызметтікке жатпайтынына және де жұмыс беруші патент алуға өтініш беру мерзімін өткізіп алғандығына және т.с.с. сүйене отырып, өз атына патент беруді талап етуі мүмкін. Осы жағдайда қорғау құралы ретінде құқықты тану немесе патентұстаушыны анықтау жөнінде талап болып табылады.

Өнертабыс авторының құқығын бұзу бөтен біреудің шығармашылық еңбек нәтижелерін иемденіп оларды өз туындысы ретінде ұсыну әрекетінен көрініс табады. Көбінесе бұл құқық бұзушылық басқа құқықтарды бұзумен тығыз байланысады, атап айтқанда, патент алуға құқық, өнертабысты қолданғаны үшін сый ақы алуға құқық және т.с.с., себебі өнертапқыштың басқа да құқықтары осы авторлық құқыққа негізделеді. Бірақ кейбір жағдайларда авторлық құқықтың таза өзі бұзылады. Тәжірибеде мұндай жағдайлар, көбінесе, өнертабыс бірлескен авторлармен жасалғанда пайда болады: өнертабыс жасауға шығармашылық белсенді түрде қатысқан тұлғаларды бірлескен авторлар қатарынан шығарып жіберу, өтінішті бірлескен авторлардың тек біреуінің ғана өз атынан беруі, бірлескен авторлардың қатарына тек техникалық қолдау көрсеткен тұлғаларды кіргізу сияқтылар авторлық құқықты бұзудың көптен бір түрлері болып табылады.

Қарастырылп отырған құқықтың азаматтық-құқықтық қорғалуы авторлық құқықты тану немесе керісінше бірлескен авторлар қатарынан нақты бір тұлғаны шығарып тастау жөніндегі сотқа талап беру арқылы жүзеге асырылады.

 

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Патент Заңы. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі N 427 Заңы. (2015.10.31.  берілген өзгертулер мен толықтыруларымен) // Интернет-қор: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z990000427_

2. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексi (жалпы бөлім). Қазақстан Республикасының Кодексі 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХIII. (2017.01.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)// Интернет-қор: https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=51006061