Дін және зайырлылық түсінігі

ТарМУ

Нуртай М.Н., з.ғ.м., Иманқұл Ж.Ж. студент

 

«Діннің тұтастығы - елдің тұтастығы: діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады» - деп Н.Ә Назарбаев бекер айтпаған. Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдайға сенімі [1].  «Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды [2].

Дана бабамыз Фараби «Қайырымды ел көзқарастарының төркіні», «Азаматтық қоғам» және «Дін кітабы» деп аталатын рисалаларында мемлекеттік институттың діни емес негізде басқарылуы туралы жазып қалдырған. Бүгінгі таңда бізде қолданылып отырған зайырлылық ұғымы «атеизм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше — адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беру деген түсінікті қамтиды. Негізінен, бүгінгі қазақ тіліндегі «зайырлы», «зайырлылық» сөзі – «заһир», яғни «анық», «ашық» деген мағыналарды білдіретін араб тілінен енген сөз. Бұл сөзді алғаш рет өткен ғасырда Алаш қайраткерлері «Алаш мемлекетін» құруда өз заңнамаларында қолданды. Олар бұл сөзді:1. Ашық, нақтылық; 2. Адами, адамдық, өркениеттік; 3. Азаматтық деген мағыналарда қабылдады. Бүгінгі Егемен еліміз Қазақстан да өз тәуелсіздігін жариялай сала, кешегі Алаш мемлекеті заңнамасы қолданысындағы «зайырлылық» терминін алып, демократиялық, құқықтық, зайырлы ел сипаты ретінде халқына Ата заңмен бекітіп берді. Яғни, зайырлылық ұғымы «ар-ождан бостандығы» және «төзімділік», «толеранттылық» сынды ұғымдармен және түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады.

Енді зайырлылықтың қандай ұстаным екендігіне тоқталайық. «Зайырлылық» ұстанымы – қоғамның кез-келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін республикалық басқару жүйесінің ең басты тетігі. Жалпы, зайырлылық туралы анықтамалар көп. Солардың ішінде түсінуге жеңіл кейбір сөздіктердегі «зайырлылық» ұстанымына назар аударайық: бұған «барлық діндерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез-келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болып табылатын мемлекеттің белгісі» ретінде анықтама берілген. Осы анықтама зайырлы мемлекетті нақтылай түседі. Неге барлық діндерге бейтарап қарайды? Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен олардың Құдай туралы танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады.

 Екіншіден — мемлекет діни басшылықтан, яғни діни биліктен тәуелсіз. Оның себебі — саясатта діни басшылыққа тәуелді болу мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштықты баянды етудің кепілі бола алмайды. Дін көп, діни басшылар да көбейеді, сондай-ақ бір діннің ішінде де көптеген ағымдар мен топтар бар. Олардың әрқайсысының басшылық туралы діни тұжырымдары бар. Ал саясатта басшылық, оған бағынатын халық және осы қатынасты реттейтін құқық бар. Егер мемлекет діни басшылықты қабылдаса, онда халықты біртұтастандыру, бір құқықты ортақ тұғыр қылу, басқаруды да бірізділікке түсіру қиынға соғар еді.

Үшіншіден — мемлекет кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болады. Себебі — теологиялық діни нормалар қанша көп болса, сонша құқықтық ұстанымдар мен оның қызметтік нормалары да қайшылыққа түскен болар еді. Сондықтан демократиялық, құқықтық мемлекет зайырлылықты ұстаным ретінде таниды. Негізі, философиялық тұрғыдан алғанда, «ұстаным мен мұрат» немесе «принцип пен идея» бірін-бірі толықтырып тұруы шарт. Мұны қалай түсінеміз? Мемлекет азаматтарының бақытты болуына қызмет етеді. Мұраты — азаматтарының ары, намысы, жаны және мүлкінің қауіпсіздігіне, амандығына т.б. құқықтарына кепілдік беру. Мемлекет осы мақсаттың орындалуына да зайырлылық ұстанымын шарт деп біледі. Шарт дегеніміз — белгілі бір құбылыстың бар болуы мен баяндылығының уақыт пен кеңістіктегі қажеттіліқ жағдайы. Сонда зайырлылық ұстанымы мемлекетті мақсатына жеткізетін құрал болып отыр.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» – делінген. Мемлекетіміздің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан азаматтарымыздың өзі қалаған дінге сенуі конституциялық құқықтарының қатарынан табылады. Ата заңымызға сәйкес азаматтарымызды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Ата Заңымыздағы осы айтылған қағидалар мемлекетіміздің зайырлы сипатта екендігінің басты нышандары.

Еліміздің зайырлылығы мемлекеттік билік органдарының діни наным-сенімге көзқарасын айқындайды. Зайырлы мемлекетте мемлекеттік билік дін және діни бірлестіктерден бөлінген. Мемлекет дін ісіне, ал дін және діни бірлестіктер мемлекет ісі мен саясатқа араласпайды. Діннің зайырлы мемлекеттегі көрінісі Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында айқын көрсетілген. Бұл Заңның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі баяндалады. Бұған қоса, аталған Заңда діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең екендігі, ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейтіндігі мәлімделген.

Зайырлы мемлекет ұғымының түп-тамыры діни құқық тұрғысынан адамсүйгіштік құқығын басшылыққа алуда жатыр. Адам және адамның өмірінің құндылығы ғасырлар тереңінен зайырлы және құқықтық мемлекет құруға деген талпынысты туындатты. Зайырлы мемлекет – діни наным-сенімді адам болмысына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастырып, құқықтық нормаларды басшылыққа алады. Зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылады. Мемлекеттің зайырлы немесе теократиялық үлгілерінің қайсысы дұрыс екендігі жайлы пікірталас туындағанда кейбір азаматтар зайырлы мемлекетте адам құқықтары басты орынға қойылатындығына көңіл аудармай жатады. Құқықтық мемлекет құрудың маңыздылығы еліміздің барлық азаматтарының діни сеніміне қарамастан заң алдындағы теңдігінен көрінеді. Оған азаматтарымыздың өз діни нанымдары себебінен Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығының жоқтығы дәлел. Зайырлы мемлекетте азаматтық құқық пен заң алдындағы теңдік маңызға ие. Өйткені, бүгінгі таңда елімізде теріс пиғылды діни топтардың (әсіресе ислами теріс пиғылды топтар) теократиялық немесе клерикалды мемлекет құруға деген талпынысы зайырлылықпен тығыз байланыстағы құқықтық мәселелеріне, адамсүйгіштікке нұқсан келтіруі мүмкін.

Зайырлылық Қазақстан Республикасы аумағында құқықтық қағида негізінде қарастырылғанын ескердік. Енді мемлекеттің зайырлылығы жайлы айтқандарды өзге елдердің мысалында қарастырып көрелік. Мысал ретінде, Франция мемлекеті біздің еліміз секілді өзін айқын және нақты зайырлы мемлекет ретінде көрсетсе, Португалия мемлекеттік биліктің шіркеуден, діни бірлестіктерден бөлінгендігін айтады. Ал Италияда дін мен мемлекет өздеріне тиесілі салаларда тәуелсіз және тең құқылы, ал Испанияда ешбір дін мемлекеттік бола алмайды екен.

Әрине, зайырлы мемлекет таза күйінде ешбір дінді ресми мемлекеттік деңгейге көтермейді және міндетті дін ретінде қарастырмайды. Бірақ кейбір демократиялық мемлекеттерде ресми түрде кейбір діндердің мемлекет тарапынан қоғамға және кейбір мемлекеттік құрылымдарға әсеріне байланысты маңызды орны жайлы айтылады. Бұны біздің еліміздің мысалында да қарастыруға болады. Мысалы, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктір туралы» Заңында ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитындығы жазылған. Бірақ, еліміз ханафи бағытындағы ислам мен православиенің маңызды орнын көрсете отыра өзінің зайырлы сипатынан айырылып отырған жоқ.

Қазақстан Республикасы зайырлылық тұрғысынан да, құқықтық тұрғыдан да жетілген мемлекет. Елімізде діни білім беру ұйымдарынан өзге бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатқа ие. Бұған қоса, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге тыйым салынған. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтарымыз діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы екендігі баяндалған.

Қазақстан Республикасының заңнамаларында зайырлы мемлекет қағидаттары мен діни сенім бостандығы құқығы арасындағы байланыстар айқын көрсетілген. Зайырлылық және құқықтық-демократиялық мемлекет қағидаттарынан айнымаған елімізде азаматтардың діни сенімге бостандығы барлығының Заң алдындағы теңдігінен көрінеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елімізді демократияландыру, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Осының арқасында бірлігі жарасқан еліміз жүздеген ұлттар мен ұлыстырдың тату-тәтті өмір кешіп жатқан мекеніне айналып отыр.

Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің дәстүрлі халыққа Жолдауында зайырлылық ұстанымын біздің елдің ең басты құндылығы ретінде бағалайды. Сондықтан зайырлылық ұстанымы мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын реттейтін ең басты тетік, қоғам тұрақтылығы үшін де ең басты құндылық. Зайырлылық ұстанымы мемлекеттің баяндылығына қызмет ететін, мемлекет құрушыларының құқықтарының қорғалуы мен сақталуына, бақытты болуына жеткізетін ең басты шарт болғандықтан саяси және құқықтық тұрғыдан діннен осы салада бөлінеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3

2.Қазақстан Республикасының Конституциясы

3.Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы, 11 қазан 2011 жыл.