Көшекова А.А.

Ф.ғ.к., қауымд. проф. м.а.

Алматы қаласы.

     МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ

ХХ ғасырдың ұлы суреткерлерінің бірі - Мұхтар Әуезов ғылым мен мәдениет айдынында бірдей жүзген ерекше дарын иесі еді. Бүкіл дүние жүзіндегі өнер сүйетін қауым Мұхтар Әуезовті қазақ кеңес әдебиетінің классигі, ғажап сөз зергері деп қадірлейді.

М.Әуезовтің психологиялық көзқарастарын көпшілік  жақсы біледі.

Мұхтар Әуезов психология ғылымы саласында арнаулы еңбектер жазбаса да, біз оны психолог жазушы деп білеміз. Жазушының психология ғылымына қатысты пікірлерін екі салаға бөлуге болар еді.Біріншіден, қалам қайраткері шығармашылық процесс кезінде де, көркем шығармаға материал жинау барысында да адамды әр қырынан, әсіресе, психологиялық тұрғыдан жете зерттеп оның іс-әрекетіне, мінез-құлқына өзіндік ерекшеліктеріне жіті көзбен үңіледі. Өйткені жазушы еңбегінің жемісі – «әдеби көркем шығарма өмірдің мәні айқын бейнелі формада түсіндірілетін адамдардың типтік мінездері, талап, ниеттері, суреттелініп отырған дәуір адамдарының ішкі жан дүниесі ашып көрсетілетіндей болуы керек.

             Екіншіден, ұлы жазушының психологиялық көзқарастары оның тек қана көркем шығармашылығында қамтылған деп ойлауға болмайды. Заңғар суреткердің түрлі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді  көтерген мақалаларында, оқу-ағарту ісінің жайын сөз еткен публицистикалық еңбектерінде, мәдениет пен өнердің көптеген проблемаларын қозғаған зерттеулерінде психология ғылымына қатысты әр қилы мәселелер сөз болады.

       М.Әуезовтің психологиялық көзқарастары мазмұн жағынан біркелкі емес, олар әр түрлі болып келеді.Олардың бастылары - эмоция мен сезім, жазушылық, яғни шығармашылық әрекет кезіндегі суреткерлердің психологиясы, мұғалімдік қызметтің психологиясы, қазақ халқының этнопсихологиялық ерекшеліктері, адамның ерік сапасы, мінез-құлқы, іс-әрекеттері жөніндегі көзқарастары т.б.Жазушы өзі сомдайтын образдарда адамның іс-әрекетімен мінез-құлық, сөйлеу мәнері, болмыс - бітімі жағынан бір-бірін қайталамауға, олардың әрқайсысын өз ерекшелігімен көрсетуге, шығармадағы әрбір көркем образ нақты өмірдегі жеке адамдардың әдебиеттегі көшірмесі болуына назар аударады. Осы жағынан алып қарағанда, Әуезовтің көркем шығармалары мыңдаған адамдардың ерекшеліктері жарқырап көрінетін психологиялық галерея тәрізді. Бір ғана «Абай жолы» эпопеясындағы шеберлікпен суреттелген индивидтердің психологиясын санап, түстеп шығарудың өзі қандай қиын.

             Сезім - адам санасының саңлауы, ол адамның өзінің басқа адамдарға, өзін қоршаған айналасындағы дүниеге - табиғат жаратылысына қатынасын білдіретін және оны бейнелейтін психикалық процесс. Сезімдер мазмұн жағынан сан алуан түрге бөлінеді. Адамның табиғатына тән түрлі сезімдердің ішінен, жазушының айрықша бөліп көрсететіні - адамгершілік сезімдер. «Адамгершілік немесе моральдық сезім дегеніміз - жеке адамның, адамдардың өзінің мінез-құлқына деген эмоциялық қатынасы» [1, 213]. Моральдық немесе адамгершілік сезімдердің ішінде жазушының айрықша назар аударатыны - патриоттық мезім. Бұл адамда туған халқын мақтаныш етуден және Ұлы Отанға деген кіршіксіз махаббаттан көрінеді. «Социалистік Отанға деген ыстық сезімді, патриоттық сезімді,  - «адамзаттың жаңа тарихында ерекше сеземіз» - дейді М.Әуезов [1, 214].

            Ұлы жазушының пікірінше, париоттық сезім адамдарда кездесетін басқа сезімдерімен; жолдастық, туысқандық, достық, өзге халықтарды құрметтеу - сезімдерімен ұласып жатады, бұлардың барлығы тұтасып адамгершіліктің өзегін құрайды. Жазушы кеңестік патриот ұғымымен париоттық сезімдерді бір-бірінен бөліп алып қарамайды, бұл екеуі бөлек алшақ жатқан ұғымдар емес дейді. Патриоттықты туған Отанын, халқын, жерін, шын жүрегімен сүйетін адамның шын бет-бейнесі негізінен, париоттық сезімнің нәтижесінде қалыптасады. «Кеңестік патриотизм дегеніміз, - дейді М.Әуезов, - өз Отанының барлық халықтары үшін, оның барлық ұрпақтары үшін, аталық үшін, аналық үшін, жастық пен балалық үшін терең ойлап еңбек ету болып табылады» [1, 215]. Әуезовтің ойынша, нағыз патриоттық сезім халық бұқарасының құқылары толық жүзеге асқанда, демократиялық принциптер барынша  салтанат құрғанда ғана қалыптасады. Кеңестік патриоттық сезімнің сипаты интернационалистік болуы керек, яғни ол кез-келген халықтың тілі мен мәдениетіне, салт-санасы мен әдет-ғұрпына, т.б. сол ұлттың өзіндік ерекшеліктеріне құрмет сезімімен қарау деген сөз.

М.Әуезов интернационалистік сезімге тән мынадай ерекше сипаттарды атап өтеді. Олар: 1) интернационалист адам жалғыз өз Отанын емес, бүкіл адамзаттың болашағына жауаптымын деп ойлайды; 2) әлем халықтарының бір-бірімен достық қатынаста болуын тілейді; 3) мәдениеті мен экономикасы кенже дамыған елдерге туысқандық көрсетуді парыз деп біледі; 4) езушілік пен қанаудың қандайына болса да қарсы шығуды жөн деп санайды; 5) әлемдегі барлық халықтың тең құқылылығын қорғауды өзінің борышы деп таниды.

             Ұлы суреткер кеңес қоғамындағы интернационалистік сезімді буржуазиялық қоғамдағы партиотизмге қарсы қояды. Буржуазиялық қоғамдағы патриотизм, ең алдымен, басқа халықтардан өзін жоғары қоюшылықтан көрінеді. Буржуазиялық патриотизм заңды түрде шовинизм мен ұлтшылдық секілді зиянды сезімдерге ұласады. Өйткені, буржуазиялық қоғамның әлеуметтік - таптық сипаты социалистік құрылыстан мүлдем басқаша. Буржуазиялық қоғамдағы әр таптың өзінің мінез-құлқы, психологиясы, таным - түсінігі бір-біріне қарама-қарсы қойылады, осы екі таптың арасында үнемі бітіспес күрес жүріп жатады. «Жауласушы қоғамда, - дейді суреткер, - адам адамға қас болған кезде, онда халықтар арасында достық та бола алмайды» [1, 217].

             М.Әуезовтің сезімдер жайындағы пікірлерінің ендігі бір саласы - эстетикалық сезімдерге келіп саяды. Эстетикалық сезімдерді қалыптастыруда көркем әдебиеттің маңызы айрықша. Өйткені, «Көркемөнер, - біздің ішкі дүниемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді». Шын өнер туындысы әрқашан да адамның жан дүниесінде толқын туғызып, дүниетанымына әсер етеді, дұрыс талғамды қалыптастырады.

сөзсіз.

            М.Әуезовтің пікірінше, жазушыда шабыт күйінен басқа табандылық, әсерленгіштік, бай қиял күші, қажыр, қайрат т.б.адам психологиясының басты қасиеттері болуы қажет. Жазушыда табандылық қасиетпен бірге, әсерленгіштік сезімнің болуы да аса қажет. Қалам қайраткері өмірден алған әсерлерін, мәселен табиғаттың сұлулығынан, ән мен күйдің әсемдігінен, қуанышты және қайғылы жағдайдан алған әсерлерін көркем шығармада дәл бере алса, сөз жоқ әдеби туындының көркем болып шығуына әсер етеді. Бірақ, жазушы өзіне әсер еткен жайлардың бәрін бірдей сол күйінде қабылдай бермейді, оларды сезім елегінен  өткізіп, өзінше қорытады.

                     

                              ПАЙДАЛАНҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. М.Әуезов.  Абай Құнанбаев: Монографиалық зерттеулер мен мақалалар. Құрастырып, баспаға әзірлеген Ақбаев Н.- Алматы: Санат, 1995.-320 б.