П.ғ.к., доцент Белгібаева Г.Қ., студент Қайырбекова Т.Қ.

 Қазахстан, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Мектеп жасына дейінгі балалардың қиялын ойын арқылы дамыту

 

Мектепке дейінгі кезеңде бала білім мен тәрбиенің бастауын балабақшадан алады. Бұл кезең - баланың жеке қасиеттері мен танымдық процестерінің де қалыптасатын шағы. Сондықтан да қазіргі мектепке дейінгі мекемелердің басты мақсаты – баланың табиғи күштері мен мүмкіншіліктерінің және танымдық процестерінің, соның ішінде қиялдың дамуына қолайлы жағдай жасау.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың кезекті Жолдауында «Қазіргі таңда, мектепке дейінгі мекемелердің білім беру жүйесіне қойылатын басты талап – жалпы адамзаттық құндылықтар мен тәрбие және танымдық процестері дамыған жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау» делінген[1].

Адам бұрын көріп-білмеген нәрселерінің бейнесін көз алдына елестетіп, олардан жаңа бейне жасайды немесе ертеде қабылданған, жиналған бейнелерге сүйене отырып, өзі жаңа тың елестер мен ойлар тудырады. Осындай жаңа ойлар мен бейнелерді қиял деп атаймыз. Қиял – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының субъективтік бейнелерін қайтадан жаңартып, өңдеп бейнелеуде көрінетін адамға тән процесс.

Мектеп жасына дейінгі кезеңде қиял – қоғамдық тәжірибені меңгерудегі алғышарттары болып келеді, өйткені балалар қоршаған ортаны, адамгершілікті, эстетикалық идеяларды өзіндік көзқараспен қабылдайды.Ғалымдардың тәжірибелік зерттеулерінде бала дамуында қиялдың екі түрі сезімдік және танымдық жүзеге асады. Танымдық қиялдың басты міндеті – ақиқат өмірдің белгілі бір түрде бейнеленуі. Сезімдік қиял, белгілі бір жағдайға байланысты қайшылық болғанда, баланың өзіндік «Мені» қалыптасқанда және оның құрастырудағы бір механизм болады.

Е.Е. Кравцованың зерттеуінде қиялдың даму қызметінде үш түрлі компонентті бөліп көрсетті:

- Көрнекілікке сүйену;

- Өткен тәжірибесін қолдану;

- Ерекше ішкі позицияны қолдану.    

Мектепке дейінгі балалардың қиялының  дамуына зерттеу әдістерінің тигізетін әсері өте үлкен. Қазіргі мектепке дейінгі балалардың қиялын дамыту жолдарын ескере отырып жасалған оқулықтар мазмұны қиялды дамытуға үлкен үлесін қосады. Дегенмен, осы проблеманы шешу үшін әр болашақ тәрбиеші қиялдың ерекшеліктерін, оны дамыту жолдарын, зерттеу әдістерін толық түсінуі қажет [2].

Мектеп жасына дейінгі балалардың қиялын дамыту өте күрделі процесс. Мектепке дейінгі білім берудің алдында тұрған негізгі мақсат – балаларға білім бере отырып қиялын дамыту, қызығушылығын арттыру. Мектепке дейінгі балалардың қиялын дамытуды дұрыс ұйымдастыру үшін балалардың қиялының дамуының заңдылықтары мен мүмкіндіктерін білу керек. Мектеп жасына дейінгі кезеңде қиял – қоғамдық тәжірибені меңгерудегі алғышарттары болып келеді, өйткені балалар қоршаған ортаны, адамгершілікті, эстетикалық идеяларды өзіндік көзқараспен қабылдайды. Баланың қиялы ересектерге қарағанда әлсіз. Л.С. Выготскийдің тұжырымына сүйенсек, «Бала қиялының дамуы біртіндеп, шамасына қарай қабылдауынан басталады. Қиялда болатын барлық образдар, қаншама таңғажайып болып көрінгенмен де, баланың өмірден көрген - білгенінен негізделеді. Кейде бала өмірде кездескен кейбір жағдайларды өзіндік қабылдаумен түсіндіргенде, бізге үлкендерге күтпеген таңқаларлықтай болып естіледі».

Мектеп жасына дейінгі баланың негізгі әрекеті болып табылатын ойын – бала қиялын дамытуда ерекше орын алады. Ойын үстінде баланың шығармашылық талабына кең жол ашылады. Бала өз қиялынан ылғи да бір нәрсені жасау, құрастыруға әрекет жасау нәтижесінде баланың ойлау белсенділігін күш-қуатын барынша жұмсауға мүмкіндік туғызады. Сонымен, мектепке дейінгі балалардың қиялының дамуына оның әлеуметтік ортасы, отбасындағы қарым-қатынас, ойын, білім, заттық іс-әрекеттер арқылы ықпал ету, онымен санасу, оны қызықтыратын барлық нәрселерге үлкен мән беріп, ықпал ету жатады. Бала дамуын балабақшада тәрбиешілер, үйінде ата-анасы үлкен назарға алуы тиіс [3].

М.Мухина өз еңбегінде: «Ойын үстінде бала айналадағы шындықты сын көзімен қарап, аңғара алмайды да, қиял бейнелерінің жетігінде кетеді. Бала психикасының осы жағы да қиял тәрбиесінде есте болатын жай» - деген болатын.

Балалардың қиялын дамыту олардың эстетикалық сезімдерін оятады. Мәселен, балаларға ертегі кітаптарын оқып беру, музейлер мен галереяларға апару, диафильмдер көрсету, ұйымдасып музыка тындау, бала қиялын жаңа мазмұнға толтыра түседі. Бала қиялын дамытуға үлкендер үнемі жетекшілік етуге тиіс. Тәрбиеші де, баланың ата-анасы да бұл жерде тек ақылға ғана әсер етпей, эмоциясына әсер етерліктей әдістерді іздестіріп отырулары керек. Балалардың жас және дара ерекшеліктерін ескеріп отыру, қиялы күшті дамыған балалармен дербес жұмыс жүргізу, табиғатқа, мұражайларға экскурсиялар жасау, түрлі тапсырмаларды балаларға орындатып отырғызу, оқу іс-әрекетінде кездескен қиыншылықтарды жеңе білуге үйрету секілді осындай әдістер бала қиялын тәрбиелей отырып, дамытудың тиімді жолдары болып табылады.

Дарынды адаммен немесе дарынды баламен қарым-қатынас жасауда ең алдымен оның бойындағы дарындылық қасиетін іске асыруға жағдай жасау қажет. Балалардың қиял өрісін дамыту қазіргі таңдағы маңызды мәселеердің бірі деп ойлаймын. Біз бұрын қабылдаған заттар мен құбылыстардың образына сүйене отырып, еш уақытта көрмеген нәрселерді де санамызда бейнелей аламыз. Мәселен, өткен заманда болған оқиғаларды суреттейтін материалдарды оқып отырғанда, не өзіміз көрмеген алыстағы нәрселер бізді түрлі елестеулерді қалыптастырады. Бұл қиял процесінің жемісі болып саналады. Қиял процесінің бала әрекетінің қандай саласында болмасын зор маңызы бар. Қиялдың бала қажетіне асуы, оның шындықпен байланысты болуы балаға ерекше қанат бітіріп, оның ілгері өрлеуіне себепші болады. Қиял басқа да психикалық процестер тәрізді дамудың ұзақ жолынан өтеді. Қиялдың қарапайым түрлерінен бастап, шығармашылық қиялға дейінгі кезеңнің қалыптасуы нақтылы әрекетке байланысты [4].

Бала қиялын дамытуды ермексаздың көмегі зор. Ол пайдалануға қолайлы, жұмсақ, шашылып-төгіліп мазаңызды алмайды. Оған қоса, адам саусағының ұшында түрлі жүйе нүктелері орналасқан. Ермексазды қолдану барысында саусақтар тынымсыз қозғалатындықтан, баланың сөйлеу, ойлау, әсіресе қиялдауына тигізер әсері мол. Ермексазды үлкендермен бірге ойнаған дұрыс. Жан-жануарлардың немесе үй ішіндегі қарапайым заттардың кесе, қасық формасын жасатып көріңіз. Әуелгіде дұрыс шыға қоймайтыны анық. Дегенмен, мадақ айтып, келесі жолы бұданда әдемі қалыпқа келтіре алатындығын айтып, марапаттап қойыңыз. Сіз алманың бейнесін келтірсеңіз, ол алмұрттың немесе керісінше ол алманың, сіз алмұрттың бейесін бірге отырып қолдан жасаңыз. Өзі жасаған фигураларды сақтап қойып, жақындарыңызға көрсетіңіз. Өзінің еңбегімен жасаған затына өзгенің пікірін білу кішкентай бала үшін өте маңызды.

Ең қарапайым ойындардың бірі – «Көлік жүргізуші». Сіз – жолаушы, ол көлік жүргізушісі. Сіз оны жол-жөнекей тоқтатып, досының үйіне апарып тастауды өтініңіз. Осы кезде бала теледидардан, өмірден көргенін қиялдай отырып, ойынға белсене араласады. Баламен кейіпкер болып, яғни, сіз – арыстан, ол – қоян болып, рольге кіріп ойнап көріңіз. Кімнің қалай ойнайтындығын баланың еркіне қалдырыңыз. Бала өз қиялындағы дүниелерді ойлап отырып, ойынды жүргізе алады.

Балаларға қағаз-қалам алып, сурет салдырыңыз. Баланың қиялдау қабілеті төмен болса, түрлі-түсті балаларға арналған кітаптарды сатып алып, ішіндегі бейнелерге ұқсатып салуды үйретіңіз. Бірте-бірте өз бетінше кез-келген затты қағаз бетіне түсіруді қалыптастыра бастайды. Тіпті, сурет салуға деген құлшынысы төмен болса, бояуға арналған арнайы кітапшалармен қызықтыруға болады. Сонда бала қиялдай алу қасиетіне ие болады [5].

Балаларға сұрақтар қою арқылы қиялын дамыту ең қарапайым тәсіл деуге болады. Мына алма неге ұқсайды? Сен әнші болсаң не істер едің? Күн неге ұқсайды? деген қарапайым сұрақтар баланың жүйелі ойлауына, сөйлеуіне, қиялдай алуына көмектеседі.Баланың қиялының шексіздігі соншалық – айтқан ұшқыр жауабына таң қаласыз. Егер бала сұраққа жауап бере алмай, сізде сұрап жатса, оған ерінбей, жауап беріп, баланың бетін қайтармағаныңыз абзал. Айналадағы дүниелердің барлығы тосын болғандықтан, көңілі қанағаттанарлықтай жауап алу бала үшін үлкен қуаныш.

Театрландырылған ойындар ойын - қойылымдары болып саналады, бұл жерде балаларға арналған көркемдікшығармаларды сахналық қойылымдарға айналдырып, оларды кейіпкер ретіндеқатыстырудың маңызы зор. Баланы сахнада кейіпкер ретінде ойната отырып, оныңжеке тұлғасын жан – жақты дамыту. Оның бойында әдебиетке, мәдениетке, өнергедеген құштарлықты ояту. Бүлдіршіндер сахнада шағын рөлдерде ойнау арқылыбайланыстыра сөйлеуге, қиялдай алуға, әдемі киініп, жинақы жүруге, үлкендермен және өзге дебалалармен тіл табыса білуге үйренеді. Жетілген диалог балалардың өз пікірінжеткізе білуге жетелейді. Театрландырылған ойындар балалардың ой – өрісін, қиялын кеңейтеді,балаларды әңгімеге араласуға, қойылым туралы ата - аналарына, жолдастарына өз ойынан, қиялынан әңгімелеп беруге итермелейді. Бұның бәрі сөйлеу және қиялдай алу қабілетінің дамуына, диалогтүрінде сөйлеп жеткізуге септігін тигізеді. Қуыршақ театрындағы ойын ситуациясына бейімделу, алғашқы да жекелеген элементерді, кейінен рөлдітолығымен ойнау арқылы баланың ой-өрісі,қиялы дамиды. Рөлді ойнау арқылы өзкейіпкерін алдына елестетіп қана қоймай, бала оның әрекеттерін, сезімдерінсезінеді. Осындай эмоциялық күйлер баланы бұрын байқамаған өмір көріністерінетаң қалдырып,өз сезімін мимика, ым-ишара, тағы басқа көріністер арқылы біреугеүйретеді [6].

Қорытындылай келе, бала бойындағы танымдық процестер, соның ішінде қиялдың көрініс табуы үлкен маңызға ие. Мектепке дейінгі ұйым - озық тәжірибенің жинақталуы мен таратылуының алғашқы сатысы, мұнда ғылым жетістіктері, тәрбиешілердің тәжірибесі, олардың шығармашылығы мен мәдениетінен көрнекті түрде байқалады. Қиялдың бала өмірінде маңыздылығы өте жоғары екені белгілі. Қиял арқылы баланың ойлауын мен қиялдауын қалыптастырады. Қиялды балада дамыту мен қалыптастыру өте жас кезінен қадағаланып қана қоймай, болашақ ұрпағымыздың саналы да ақылды, ойы ұшқыр болуы үшін  қиялдылықты тәрбиелеуіміз қажет деген ойдамын.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.     Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жолдауы.- 2012, Астана.

2.     Тебенова Қ.С., Рымханова А.Р. Арнайы психология. –А, 2011.

3.     Жақыпов С. Жалпы психология негіздері. –А, 2012.

4.     Түрікпен – Ұлы Ж., Мұздыбаева Б. Тәрбие психологиясы. Оқу құралы –А, 2008.

5.     Нұржанова С. Жалпы және балалар психологиясы.  Оқу құралы –А,  2010.

6.     Мухина В.С. Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы. Оқу құралы -А, 1986.