Балтабаева Г.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы

Қазіргі қазақ прозасындағы жалғыздық сарынының көркемделу ерекшеліктері

Жалғыздық сарынын қазіргі қазақ  прозасында  өмір мен  өлім концепциясы   тұрғысынан қарастыруға болады. Жалғыздық сарыны прозалық туындыларда алуан түрлі сипатта көрініс табады. Мәселен, қарт көңілдің жалғыздығы мына әңгімеде өзгеше көркемдікпен кестеленген.

Ислам дінінің негізі – Аллаһқа деген сенім, ал Аллаһқа деген сенімнің негізі – Аллаһтың жалғыздығын мойындау болып табылады. Аллаһ алдында біздің дініміздің қабыл болу шарттарының бірі, ол Аллаһтың жалғыздығын білімімізбен және сенімімізбен мойындауымыз. Ол Аллаһты - бәрінен Үстем, Жалғыз және барлық ісінде және қасиетінде Дара және Оның көмекшісі әрі Оған тең келетін ешкім жоқ екендігін мойындау, Р.Отарбаевтың «Аспандағы ақ көбелектер» атты кітабындағы [1, 78 б]. «Торшақыз бен тотықұс» әңгімесінде өзгеше тағдыр тордағы тотықұстың атымен беріледі.. Әңгіме тордағы құстың атымен беріледі. Бұл тұспал. Жалғыздықтың шектен шығуы. Адамдардың психологиясындағы әсіресе, қалалықтардың көбінің төрт қабырғаға қамалып, елеспен өмір сүруі, қазақтың оқу оқыған қызының көбіне дұрыс семья құра алмай қалуы тақырып етіп алынған. Торшақыз соның бірі, типтік бейне, оңай жол іздеген шөпжелкенің бірінен, марқұм академик Айсариннің аспиранты, тоқалы оның  бәйбіше екеуі аруақ үшін, зираттағы ескерткіш үшін бақталастық күй кешеді. Күндестіктің асқынған әрекетін көрсету арқылы автор уыты күшті жалғыздық сипатына тереңдей енген.   Ал, Р.Отарбаевтың «Дүние ғайып» [1, 185 б] повесінде Чукоткадағы екеу – Эмрон (Қабыл) мен Айнан (Абыл) боранда адасады. Бірі адамсүйгіш жан, бірі эгоист, жауыздығы басым. Аласапыранда жақсылық пен жамандықтың беттесуі арқылы баяғы аңыздағы Абыл мен Қабыл оқиғасының вариациясы беріледі. Автор өмір туралы толғауын Айнан бейнесі арқылы берген. Мұнда да жалғыздық азабы тым терең қаузалған. Автор Ш.Айтматов рухында әңгіме тудырғысы келген сыңайлы оның шедеврі «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» еріксіз жадқа оралады. Иен даланың азынаған дауылды кеңістігінің өзі жалғыздықтың символы. Автор өзі де философиялық ойды тұғыр етеді.

Ал, Ә.Салықбайдың «Түн түнегіндегі екеу» [2, 101 б]. әңгімесіне шығармашылық адамдарын шырмайтын жалғыздық арқау болған. Қабырғасымен кеңесу, жас жазушының арман, қиялының биіктігі әңгімеде әжептәуір шынайы көрініс тапқан. Үлкен әдебиет «раздвоение личности»  деп атайтын дүние емес. «Құдай қарызға берген бес күн»  дейді автор санасы буырқанып, сол тіршілікті көркем, мағыналы жұмсау жазушы атаулының мақсат, мүддесі. Қалғаны әншейін дүние! Ұйқысыздықтың өліарасында жатып, жазушы өз-өзіне есеп береді. Қасындағы жауаптасқан серігі ұйқы екен, ол кісі бейнесінде екен. Өзімен-өзі диалог құру мидағы бір творчестволық процесс, сол замат ол философқа айналып кетеді: «Біз өтірік айтуды ең әуелі өзімізді алдаудан бастаймыз. Шындық шыңырау, өтірік өлермендігімен өміршең. Өтірікті шындыққа орап айтса өтімді» – бұл кейіпкердің ар алдындағы  таза ойы. Өзімен-өзі қалу адам үшін кілең мойындаулардан тұрады.

Б.Қанатбаевтың «Ескі жұрт» [3, 21 б] әңгімесіне келсек, «Жыңғылдының балықшылары ескі қонысты тастап ел ортасына – айлақтың арғы басына ауысып қонған». Каспий теңізі аумағы, Ақтау маңы. Ұлболсын кемпірді ағайындары көшіріп алғысы келсе де ол үш үй ғана тұратын ескі жұртын қимайды. Тұрғындар кілең кәрі-құртаң: құныс шал, Ұштап атты кемпір, әңгіменің аяғында оны да қызы мен күйеу баласы көшіріп алып кетеді. Автор қазақтың ұлттық мінезін Ұлболсын кемпір образы арқылы береді. Қазақтық – ол жерге адалдық, аруақты сыймау, жадпен өмір сүру, жаны қиналса да туған, үйренген жерін айырбастамау. Балықшылардан қалған жер көзге елестейді. Автор шынайы суреткер. Жасанды мінезді өз кейіпкерлеріне таңбайды. Ұлболсынның шалы мен шиеттей кезінде шетінеген үш баласы төмпешік болып жатыр, дүниедегі ең қимасы солар. Әңгімеде Ұлболсынның жұма күнгі иіс шығарып, аруаққа құран оқытуға зиратқа барғаны суреттеледі. Жалғыздық – дүниедегі ең ауыр, ең қорқынышты сөз. Қас-қағымдық өмірдің өткіншілігін, беттің қызылындай өмірдегі бар атақ-даңқтың, өмірдің қызығы мен бар шыжығының да жалғандығын Жалғыздық проблемасы арқылы ашуға бейім екі жазушының кейіпкерлерінің табиғаты, тыныс-тіршілігі, ішкі өмірлері көбіне сабақтас келетін сияқты. Ол бұрын шалы барда бейқам болатын: «Шалы барда ұйқысы бір қанбаушы еді». Енді міне, өткенмен өмір сүру пешенесіне жазылған екен. Асыранды ұл Қоныс ержеткенмен өз жөніне кетті. Келінді кемпір бір-ақ рет көрді. Ұлы шалына жиен. Есек пен мысық бұл ескі жұрттың тұрғындарының қатарында, кемпір мысықты да ес көреді.

 Әңгімедегі жалғыздық тақырыбы биік адамгершілік идеясын ұлықтайды. Орыс прозасында Валентин Распутин тәрізді жазушылардың прозасында ғаламдану дәуірінде ескі жұртта қаңырап кәрілік қана қалатынын, келешек жоқ, өткен күннің елесі ғана барын керемет суреттеген. Қазақ прозасында мына әңгіме де шынайылығымен баурайды.

 

Әдебиеттер:

1. Отарбаев Р. Аспандағы ақ көбелектер. – Алматы. Жазушы. 20207. -256 бет.

2. Салықбай Ә. Түн түнегіндегі екеу. – Алматы. Қазақ тарихы. 2010. -144 бет.

3. Қанатбаев Б. Мезгіл әуендері. – Алматы. Жазушы. 20207. -256 бет.