Бұхарбаева Ақмарал Жетібайқызы статистика мамандығының магистрі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы

 

Автокөлік кәсіпорындарында басқару есебін жүргізудің ерекшеліктері

 

 

Өнімнің өзіндік құны кәсіпорын жұмысына тікелей тәуелді және тәуелсіз әртүрлі шығындардан құралады.

Өнімнің өзіндік құны жөнінде шынайы ақпарат алудың бір шарты өнім құнына кіретін шығындардың ғылыми негізделген түрде жіктелуі.

Өндірістік шығындар құрамы бойынша, түрлері бойынша, пайда болу орындары мен апарылатын көздеріне қарай жіктеледі.

1) Құрамына қарай шығындар элементтік, кешендік болады. Бір элементтік шығындар деп бір элементтен тұратын, материалдар, еңбек ақы, амортизация және басқалары. Кешендік шығындар бірнеше элементтерден тұрады, мысалы, құрамына материалдар, еңбек ақы және басқалары кіретін цех немесе жалпы зауыттық шығындар.

2) Шығындар     түрлері     бойынша     экономикалық     элементтер     және калькуляциялау баптары бойынша топтастырылады.

Өнімдердің өзіндік құнына кіретін шығындардың элементтеріне мыналарды жатқызуға болады:

-       материалдық шығындар;

-       еңбек ақы төлеу шығындары;

-       әлеуметтік қажеттіліктерге аударымдар;

-       негізгі қорлар амортизациясы;

-       басқада шығындар.

Шығындарды элементтері бойынша топтастыру өнімді өндіруге жұмсалған нақты шығындарды, жалпы шығындар сомасындағы жеке элементтердің арақатынасын көрсетеді. Жекелеген өнімдердің өзіндік құнын есептеу үшін өндірістік кәсіпорындар шығындарды калькуляциялау баптары бойынша топтастырады. Шығындар номенклатурасын әрбір кәсіпорын өз спецификалық ерекшеліктерін ескере отырып, өздері бекіте алады. Олардың жалпы тізімі салалық өнімдер есебі мен өзіндік құнды калькуляциялау жөніндегі нұсқаулары бойынша анықталған. Жалпылама түрде калькуляциялау баптары келесі түрде болады:

-       шикізаттар мен материалдар;

-       сатылып алынатын және құрастырушы өнімдер, жартылай фабрикаттар;

-       қайтарылған қалдықтар (шегеріледі);

-       технологиялық мақсаттағы отын және энергия;

-       өндірістік жұмысшылар еңбек ақысын төлеу шығындары;

-       әлеуметтік қажеттіліктерге аударымдар;

-       жабдықтарды ұстау және күту шығындары;

-       жалпы өндірістік шығындар;

-       жалпы шаруашылық шығындар;

-       ақауға байланысты зиян;

-       коммерциялық (өндірістен тыс) шығындар;

-       басқа да өндірістік шығындар.

3) Пайда болу орнына қарай шығындар өндірістер, цехтар, бөлімшелер, басқа да кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелері бойынша, яғни жауапкершілік орталықтары бойынша топтастырылады және есепке алынады.

4) Шығындарды апару объектілеріне байланысты, яғни өнімдер, жұмыстар, қызметтер бойынша олардың өзіндік құнын анықтау мақсатында топтастыру.

Өнімдердің өзіндік құнын анықтаудың ең қарапайым тәсілі жалпы жиынтық шығындар сомасын өндріс көлеміне, яғни өнімдер санына бөлу. Бұл тәсілді кәсіпорын тек бір ғана өнім түрін өндірген жағдайда пайдаланылады. Күрделірек тәсіл - шығындар баптары бойынша калькуляциялау. Мұнда тура шығындар өнімдерге тікелей апарылады, ал жанама шығындар арнайы базалар мен бөлу коэффициенттері арқылы өнімдер түрлері арасында бөлінеді.

Жоғарыда қарастырылған шығындардың топтастырылуы өнімдердің өзіндік құнын калькуляциялау жүйесіндегі белгілі бір функцияларды сипаттайды, бірақ шығындарды басқару есебіндегі міндеттерге толық жауап бермейді. Басқару есебіндегі басты мақсат шығындарды топтастыру арқылы басшының дұрыс, негізделген шешім қабылдауына жағдай жасау.

Экономикалық дамыған елдерде басқару есебін ұйымдастыру тәжірибесі бойынша шығындар есебін жүргізу бағыттары бойынша шығындарды топтастырудың әртүрлі варианттары қарастырылады. Шығындар есебінің бағыты дегеніміз өндірістік шығындардың жекелеген есебін қажет ететін қызмет саласы. Ішкі ақпаратты пайдаланушылар зерттеу мәселелері бойынша ақпаратпен қамтамасыз етуді қажет ететін есеп салаларын анықтайды.

Ең алдымен үш шығындар түрлері жөнінде ақпарат жиналады: материалдық шығындар, еңбек ақы шығындары, үстеме шығындар. Жинақталған шығындар келесі есеп бағыттары бойынша бөлінеді:

-       өндірілген өнімнің өзіндік құнын калькуляциялау және бағалау мақсатында;

-       басқару шешімдерін жоспарлау және шешім қабылдау мақсатында;

-       бақылау және реттеу қызметтерін жүзеге асыру мақсатында.

Осы үш есеп бағыттары бойынша ендігі кезекте тікелей басқару мақсаты бойынша шығындарды жіктейді.

Кәсіпорын қызметінің функциялары бойынша өндірістік шығындар жабдықтау-дайындау шығындары болып, өндірістік, коммерциялық, өткізу, ұйымдастыру-басқару шығындары ретінде жіктеледі.

Өндіріс процесіндегі экономикалық рөлі бойынша шығындар негізгі және үстеме болып бөлінеді. Негізгі шығындар өндірістің технологиялық процесімен тікелей байланысты, материалдар, еңбек ақы, отын және энергия және басқалары. Үстеме шығындарға өндірісті ұйымдастырумен, басқарумен және оған қызмет көрсетумен байланысты шығындар жатады.

Өнімнің өзіндік құнына қосылуына қарай шығындар тікелей (тура) және жанама болып бөлінеді. Тура шығындар нақты өнім түріне тікелей қатысты болғандықтан сол өнімнің өзіндік құны құрамына кіреді. Жанама шығындар өндірісті басқару және оған қызмет көрсетумен байланысты болғандықтан өндірлген өнім түрлері арасында арнайы есептеулер арқылы бөлінеді.

Автокөлік өндірісі негізінен арнайы бөлшектерден тұратын өндірістің шығару көлемімен байланысты. Кезең соңында аяқталмаған құрылыс болмайтындықтан көлік өндірісінің өзіндік құнын есептеуде күрделі әдісті талап етпейді. Автокөліктік тасымалдау шығындарының есебі тасымалдау процесі бойынша, олардың арнайы фразаларын бөлмей жалпы түрде жүргізіледі, сондықтан да автокөлітік тасымалдауда бірқалыпты есептеу әдісі  кеңінен қолданысқа енген.

Бухгалтерлік есептегі құрылған номенклатура бойынша автокөліктік тасымалдау шығындары олардың калькуляция баптарының экономикалық мәні бойынша топтастырылады. Бұл топтастыру тасымалдаудың арнайы түрлері бойынша өзіндік құнды анықтау үшін жүргізіледі. Өнімнің есептік өзіндік құнын калькуляциялау белгіленген әдіс бойынша жүргізіледі. Автокөліктік тасымалдау шығындарын бухгалтерлік қорытындылағаннан кейін және орындалған жұмыстың көлемі анықталғаннан кейін өзіндік құнның  бір калькуляциялық өлшемі есептеледі. Автокөліктік тасымалдауда өзіндік құнның калькуляциялық өлшемі: сағаттық тариф бойынша жұмыс жасайтын жүк тиеу паркі, төлемі қашықтыққа байланысты жеңіл және ауыр жүк тасымалдау қөліктері үшін қолданылады. Ай соңында автокөлік құралдарын іске қосу бойынша нақты шығындар сомасын калькуляциялық өлшемнің жалпы мөлшеріне бөлу арқылы бір калькуляциялық өлшемнің өзіндік құны анықталады. Одан кейін бір калькуляциялық өлшемнің өзіндік құнын көрсетілген қызметтің көлеміне көбейту арқылы клиенттерге көрсетілген қызметтің өзіндік құны анықталады.

Автокөлік кәсіпорындары мен олардың клиенттерінің арасында келісім шарт рәсімделеді және онда жүкті тасымалдау бағыты және тасымалдау сипаты, қызметті орындау кезеңі және көлемі, сонымен қатар олар бойынша есеп айырысу тәртібі көрсетіледі. Клиенттің тапсырысынан кейін диспетчер келісм шартта көрсетілген тариф бойынша алдын ала жүктерді тасымалдау құнын есептейді.

Автокөлік құралдарымен тасымалданатын жүктер тауарлы-транспорттық құжаттар арқылы есептеледі және оны жүкті жіберуші береді. Жүктің көлемін анықтау мүмкін болмайтын жағдайларда тапсырыс берушінің бекітілуімен жасалған іс сапар парағының мәліметтері негізінде сағаттық тариф бойынша төлемдер жүргізіледі. 

 Басқа жеткізілген тауарлы материалдық қорларды қабылдап алушының есепке алуы мен тауарды жиберушінің есептен шығаруы бойынша толтырылатын тауарлы-транспорттық накладнойлардың негізінде, жүктерді тасымалдағаны үшін және басқа да тасымалдау  қызметтерін көрсету бойынша есептер жүргізіледі.

Тауарлы-транспорттық накладнойлар негізінде жүргізуші іс сапар парағына келесі көрсеткіштерді жазып алады: жүк иесінің атауын, жүктерді жіберу және қабылдау пункттерін, олардың салмағын, тасымалдау қашықтығы, жүкті тиеу және жеткізу уақытын. Іс сапар парағындағы мәліметтер тауарлы-транспорттық накладнойындағы мәліметтермен сәйкес келеді.

Автокөлік тасымалдау қызметінен басқа тауарлы-транспорттық накладноймен рәсімделетін клиенттерге тиеу-түсіру жұмыстарын да атқарады. Тиеу-түсіру жұмыстарының механизмдерінің есебі ауысымды мәлімдемелерде жүргізіледі. Тиеу-түсіру жұмыстарына еңбек ақы келісім шарт бойынша тиелген немесе түсірілген жүктердің әрбір тоннасына есептеледі.

Өткізу және қоймалық операцияларды орындағаны үшін еңбек ақы автокөлік кәсіпорындарында тауарлы-транспорттық накладной негізінде келісім шарттағы тариф бойынша төленеді.

Автокөлік шығындары қызметті тұтынушылар бойынша ай сайын орныдалған жұмыстың тонна-километріне және олардың жыл аяғындағы нақты шығындар деңгейіне дейін өзгертілген жоспарлы өзіндік құнына пропорционалды түрде тарату арқылы бөлінеді. Жолаушы автокөлігі мен жүк тасу машиналары бойынша шығындар қызметті тұтынушыларға машина-күннің санына немесе олардың жоспарлы өзіндік құнына, 10т/км («Жүк тасу автокөлігі», «Жолаушы автокөлігі» шоттарының кредиті) пропорционалды түрде бөлінеді.

Калькуляциялаудың қарапайым тәсілі қолданылады, автокөлік бойынша тонна-километрлер және машиналардың жұмысы негізгі көрсеткіш болып саналады. 10т/км машина-күн калькуляциялық бірлік болып табылады.

Автокөлік қызметінің өзіндік құнын анықтаудан бұрын кіріске алынған, қолдануға жарайтын, пайдаланылған майдың, дөңгелектердің құны шығыннан шегеріледі («Автокөлік» шотының кредиті).

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.     Хорнгрен Ч.Т. Фостер Дж., Ш Датар "Управленческий учет". Питер, 2007

2.     Тайгашинова К.Т., Жапбарханова М.С. Тереңдетілген басқарушылық есеп.Алматы, Экономика, 2008

3.  Телегенов Э.Т. Баскару есебі. Оку Құралы . Алматы 2006ж

4.     Нұрсейітов Е.О.  Ұйымдардағы бухгалтерлік есеп: Оқулық құралы. / Е.О.Нұрсейітов.- Алматы: Изд-во "Lem", 2009.- 428 б

5.     Жуматов М.К.  Халықаралық қаржылық есептілігі стандарттарына сәйкес   бухгалтерлік есеп: Тәжірибе құралы. / М.К. Жуматов.- Астана, 2010.- 158 б.