ЖОМАРТОВА А.Д., ст.преподаватель

ПГУ имени С.Торайгырова

 

ТӘРТІП АУЫТҚУЫ—ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕ РЕТІНДЕ

 

Қандай заман болмасын қоғамның сол кезеңге тән тәртіп нормалары мен ережелері адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуші күш ретінде өз міндетін атқарып келеді. Адам қоғамы уақыт өткен сайын, дәуір ерекшелігіне байланысты бұл нормаларды үнемі өңдеуден өткізіп, ресми түрде қарым-қатынастарды реттеуші күш ретінде заң етіп қабылдайды. Бір ортада тәртіптің жағымды көрінісі екіншісінде тәртіп нормасына жатпауы әбден ықтимал. Дегенмен, қазіргі дүние жүзіндегі көптеген қоғамға ортақ жағымсыз тәртіп көрсеткіштері анықталып, мемлекет тарапынан заңды түрде жазалауға тиістілер қатары анықталып, бекітілген, олардың ішінде мысалы: есірткі тарту, маскүнемдік, жезөкшелік басқа да қылмыстық әрекеттер бар. Мұндай тәртіп түрлерін «девиантты тәртіп» немесе «тәртіп ауытқуы»  деп анықтайды[1]. Бұл түсініктердің болуы «әлеуметтік норма» атты ұғымның болуымен байланысты, яғни әлеуметтік нормаға сай келмейтін тәртіп түрлері—тәртіп ауытқуы деп немесе девианттылық деп саналады.

Әлеуметтік ауытқулар - ұқсас әлеуметтік жағдайларда белгілі бір бұқаралығымен, тұрақтылығымен және жайылушылығымен сипатталатын әлеуметтік нормалардың бұзылуы. Әлеуметтік нормалардан ауытқу, нақтылы өмір жағдаяттары мен белгілі бір мінез-құлықты ұйғаратын немесе оған тыйым салатын әлеуметтік нормалар арасындағы, басқа жолмен субъекттің позициясынан шешілмейтін қарама-қайшылықтардың пайда болуымен байланысты.

Тәртіп ауытқуы мәселесін зерттеу кезінде оның педагогикалық аспектісі де өте маңызды. Отбасы тәрбиесі, қоғамдық қатынастар адамды адам ортасында өмір сүруге дайындайды. Егер де тәрбие қоғамға қажетті құндылықтарды қалыптастыруға бағыт алса, онда адам тәртіп нормаларын игеріп, оны ұстануға тырысады. Бірақ та кей кезде өсіп келе жатқан, өмір тәжірибесін сіңіре жетіліп келе жатқан ұрпақтың өмір құндылықтарына қатысты жағымсыз қатынасы қалыптасса, онда ол тәртіп нормаларын қадағаламай, оның растығын жоққа шығарады.

Адамға тән құбылыстың бірі—естігеніне дәлел іздеу, оны растау немесе жоққа шығару. Әсіресе жасөспірімдер тарапынан мұндай өзіндік тексеру түрі үнемі жүргізіліп отырады. Қоғамның «жақсы» және «жаман» дейтін түсініктері жасөспіріммен қайта сұрыптаудан өткізіліп, тексеріледі. Қоғам тұрғысынан «дұрыс» тәрбие беру—баланы аталған қарсы түсініктерді дұрыс бөлуге үйретуден басталады.

Негізінде, тәртіп ауытқуына әкелетін жағдайлар алуан түрлі. Девиантты тәртіп туралы сөз қозғағанда оның пайда болуының көптеген себептеріне назар аудармай қарастыруға болмайды, бұл факторлар тұлға бойында осындай тәртіптің қалыптасуына әсер етеді. Тәртіп ауытқуының біріңғай теориялық негізі әлі қалыптасқан жоқ. Осы мәселенің тек қана бір аспектісін қарастырған зерттеу жұмыстары бар, олар бір бірін осылайша толықтырады, мысалы: клиникалық бағыт тәртіп ауытқуының психопатологиялық табиғатын зерттейді, әлеуметтік теориялар болса оның әлеуметтік детерминаттарын зерттейді, ал психологиялық концепциялар аталмыш тәртіптің тұлғаішілік механизмінің негізінде жасалады. Детерминация деп тәртіп ауытқуын қоздыратын, итермелейтін, қолдайтын факторлар жиынтығын түсінеміз. Детерминантты факторлар әлеуметтік ұйымдардың әр түрлі деңгейлерінде кездеседі. Осындай детерминат ретінде, педагогикалық тұрғыдан алып қарастырсақ, тәрбиенің «дұрыс» болмауы болады. Қоғам мүшесі үшін ортақ идеологияның болуы, ортақ құндылықтың болуы адам арасындағы девиантты тәртіптің пайда болуына күшті тежеуші болмақ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Кесте 1. Тәртіп ауытқуының түрлері

 

«Қоғам-тұлға» жүйесі бір мезгілде бірнеше деңгейде қызмет етеді: геофизикалық, макроқоғамдық, әлеуметтік-топтық, микроәлеуметтік, жеке-тұлғалық, психофизиологиялық. Аталған деңгейлерге байланысты тәртіп ауытқуын детерминациялайтын келесі факторлар топтарын атауға болады: физикалық ортаның сыртқы жағдайы (климат, географиялық пен әлеуметтік фактор); сыртқы әлеуметтік жағдай (қоғамдық үдерістер, топ, микросоциум); ішкі тұқым қуалаушы биологиялық пен конституционалды алғышарттар; тұлғаішілік себептер мен тәртіп ауытқуының механизмдері. 

Тұлғаның тәртібіне әсер ететін негізгі факторлар болып ішкі және биологиялық жағдайлар саналады.

Биологиялық алғышарттар: тұқым қуалаушы гендік ерекшеліктер, тұлғаға туа біткен ерекшеліктер (құрсақта жату барысында және туу кезінде пайда болады), импринтинг (онтогенездің ерте кезеңінде қалыптасқан).

Биологиялық фактор келесілерді басқарады: онтогенез үдерісіне тән ерекшеліктерді (оның ішінде өсіп жетілу мен қартаю); гендерлік айырмашылықтар; жас ерекшеліктері; дене бітімі; денсаулығы мен төзімділігі; жүйке жүйесінің типологиялық ерекшеліктері мен қалпы.

ХІХ ғасырда өмір сүрген итальяндық дәрігер-психиатр, криминалист Чезаре Ломброзо биоәлеуметтік теорияны ұсынды, онда ол адамның қылмыстық әрекеті мен оның анатомиялық құрылымын біріктірді [1]. Ерекше көңіл аударған объекттері: бас сүйек, ми, мұрын, құлақ, шаш түсі, денедегі суреттер, жазуы, терінің сезімталдығы, қылмыскердің психикалық ерекшеліктері болды. Зерттеуші шамамен «туа бітетін қылмыстық типтің» 37 мінездемесін бөліп көрсетті, оның ішінде: иектің алға қарай сәл тартылуы, кең танау, сақалдың сиректігі, құлақтың бас сүйегіне жабысып тұруы бар. Кейіннен Ч.Ломброзоның осы теориясы ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген деп шықса да, ғылыми ойлардың тарихында өз орнына ие болып қалды. 

Уильям Шелдон темперамент пен тәртіп типтері және адамның соматикалық құрылымы арасында байланыс бар деп көрсетті [1]. Дене бітімінің негізгі үш түрі (эндоморфты, мезоморфты, эктоморфты) болады, және олар темпераменттің үш типіне қарай өзгереді (висцеротония, самототония, церебротония) деп тұжырымдады. Олардың бір бірімен үйлесуі психотипті береді деді. Мысалы, самототонияға келесі іс әрекеттер тән: тән қажеттіліктерін қамтамасыздандыру, белсенділік, билік пен басшылыққа талпыну, тәуекелге бара алу, агрессивтілік, сезімталды болмау. Оған қарсы церебротонияда ұстамдылық, сезімталдылық, социофобия, жалғыздыққа талпыну көрінеді.

Қазіргі кезде биологиялық детерминаттарды бірнеше салада зерттеу үстінде: биология, медицина, криминология, физиология, әсіресе-генетикада. Нақты іс әрекетке жауап беретін тәртіп гені әлі де анықталмағанмен тұқым қуалаушылық пен тәртіп арасында байланыстың бар екендігі көптеген мамандармен мойындалуда. Тәртіп ауытқуына әкелетін биологиялық детерминаттардың тағы бірі болып гормондар саналады (яғни тестостерондар). Даббс пен Моррис тестостеронның деңгейі мен антиқоғамдық тәртіп арасында байланыстың бар екендігін тұжырымдады. Ненси Петерсон болса туыстардың жұптарын зерттей келе нейротизм ерекшеліктері мен экстраверсия онтогенездің бүкіл жолында қалыптасады деген тұжырымға келді.

Г.Айзенк айыпталушылардың жеке-дара типологиялық ерекшеліктері мен олардың тәртіптерінің арасындағы байланыстарды зерттей келе экстраверттер интроверттерге қарағанда қылмыс жасауға әдуір жақын тұратындығын аңғарды, яғни бұл құбылыс биологиялық сипатқа ие, биологиялық детерминант.  

Жалпылай келгенде тәртіп ауытқуының нақты түрі тұқым қуаламайды (мысалы, қылмыс жасау), тек қана жеке-дара типологиялық ерекшеліктер ғана беріліп, олардың бар болуы девиантты тәртіптің пайда болуына әкелуі мүмкін, мысалы импульсивтілік немесе басшы болуға талпыныс.  Тәртіп ауытқуының биологиялық негізі бар екендігін дәлелдейтін фактілер болғанмен, нақты тәртіп ауытқуы әлеуметтік ортаға байланысты. Әлеуметтік жағдайдың өздері-ақ ағзаның биологиялық өзгерісіне әкелуі мүмкін, мысалы жүйке жүйесінің реактивтілігі немесе гормоналды қалып. Жалпы тұлғаның тәртіп ауытқуы биологиялық және әлеуметтік факторлардың жиынтығынан құрылады да тұлғааралық қарым қатынастарда көрінеді.

Жоғарыда көрсетіліп кеткен мәліметтер тәртіп ауытқуын биологиялық, психологиялық, медициналық тұрғыдан қарастырады. Дегенмен, тәртіп ауытқуына себепші болатын дұрыс тәрбиенің болмауы да өте маңызды. Кейде тіпті сырт қарағанда «өте жақсы» жағдайдағы отбасыдан тәртіп бұзушылықпен көзге түскен мүшелер шығып жатады. Мұндай жағдайды тереңірек зерттей келе, отбасындағы тәрбиенің «бұрыс» бағытта болғанын аңғарып жатамыз. Отбасында қалыптасқан түрлі құндылықтар,жақсысы да жаманы да, атадан-балаға беріліп отырады.  Отбасындағы агрессия түрлері тәртіп ауытқуының болуының бірден бір себепшісі.

Барлық девиантты тәртіпті біріктіретін қасиеттері оның деструктивтілігі мен бұзушылығы. Шынында да девиантты тәртіп әйтеуір бір нәрсені бұзуға әкеліп соғады (денсаулығы, қарым-қатынас, тұлға, қоғамдық тәртіп). Агрессивті тәртіп өздігінен девиантты тәртіп қатарына жатпаса да, өзіне қаратылған, не болмаса басқаларға бағытталған агрессия девиантты тәртіптің қосымша бөлігі болады.

Латын тілінен аударғанда агрессия «шабуыл» деген мағынаны білдіреді. Бұл феноменді жағымсыз эмоциялармен сипаттайды: ашулық, ызалылық, жағымсыз мотивтер (біреуге қастандық жасауға талпыну), жағымсыз пікірлер (мысалы ұлтшылдылық жағымсыз жағынан).

Психологияда агрессияны біруді өзіне бағындыру немесе оларға үстемдік көрсету мақсатында көрінетін тенденцияны түсінеді. агрессия психикалық ақиқат ретінде нақты мінездемелерге ие: бағыттылығы, көріну түрі, интенсивтілігі. Агрессия сыртқы объекттерге (адамдарға, заттарға) немесе өзіне (тән мен тұлға) бағытталуы мүмкін. Ерекше қауіпті сыртқы объекттерге бағытталған агрессия тудырады. А.Бандура мен Р.Уолтере  оны асоциалды агрессия деп атайды, және оны әлеуметті деструктивті әрекеттермен байланыстырады [2]. Оның нәтижесінде басқа адам не зат зардап шегеді, сонымен қатар бұндай көрініс міндетті түрде заңды түрде қудалана бермейді.

Агрессия алуан түрлі формаларға ауыса алады: айқын және латентті. Агрессивтілікті бұзу әрекетімен байланыстырады, бірақ оның өз өзіне сенімді болуға бағытталған белсенділігі агрессияның жағымды көрінісі ретінде қарастырылады. Олар бәсекелестік, табысқа талпыныс, ирония, спорттық жарыстар және т.б. ретінде көрінеді.

Агрессияның ең жиі кездесетін түрлері—жанжалдылығы (конфликт), біреуді жамандау немесе әшкерелеу, қысым көрсету, мәжбүрлеу, жағымсыз жақтан бағалау, қорқыту немесе зорлық көрсету. Агрессияның жабық түрі қарым қатынастан қашу, біреуге қастандық жасау мақсатында ешқандай әрекет қолданбау, өз өзіне қастандық жасау мен өз өзіне қол салумен сипатталады.

Агрессияның ішкі репрезентациялары ретінде идеялар, қиялдар мен аффекттер түсініледі. Мысалы адам біреуге қастандық жасау идеясын өзінде ұстауы мүмкін, ол тек қана өзінің қиялында ғана ойлағанын жүзеге асыра алады, немесе күшті аффект сезінеді.

Агрессивтілік түрлі агрессивті аффекттер, мысалы тітіркенушілік, қызғаныш, ызалылық, жиіркеніштік, шыдамсыздық, өшпенділік, ашулылық, қояншықтық арқылы көрінеді. Агрессивті аффект интенсивтілігі оның психологиялық функцияларымен басқарылады. Агрессия индивид үшін маңызды функцияларды атқара алады, мысалы: өзінің автономиялылығын сақтауға талпыну, зардап шегу не болмаса қауіп төндіретін себепті жою, қажеттілікті өтеу жолындағы бөгеттен арылу, ішкі конфликтті шешу, өз өзінінің бағасын көтеру.

Интенсивті және күрделі агрессивті аффекттердің бірі—өшпенділік. Өшпенділікке ұшыраған адамның мақсаты агрессия объектісін жою болады. (Өшпенділік өте қауіпті жағдайды жоюда да көрінеді, бұл қауіпке деген қалыпты реакция ретінде түсініледі). Кейбір жағдайларда өшпенділік пен өшігу есее түседі, егер де бұндай жағдай тұрақтанып қалатын болса, онда мінез құлықтың психопатологиясы ретінде қарастырылады.

Жалпы алғанда тәртіп ауытқуының алдын алу жолдары насихаттау, түсіндіру мен тәрбие арқылы жүзеге асырылады [3]. Тәрбие берудің тиімді жолын табу—мәселені шешудің бірден-бір негізгі жолы. Десек, бала моралдық жағдайы нашар отбасында тәрбиеленсін, не болмаса, ол жастар субмәдениетінің әсеріне тап болсын, дер кезінде анықталған мәселенің басын шешу жолдары тәрбие арқылы жүзеге асырылады. Психологиялық-педагогикалық түзету жұмысының жоспарлы және ғылыми негізде болуы—тәртіп ауытқуының көріністерінен арылуының кепілі болмақ.

Баланың өмірінде мектеп маңызды орын алады. Оқу әрекеті барлық балаларға тән іс-әрекет. Бірақ тәртібінде ауытқуы бар балаларға көбіне оқуға деген салғырт немесе теріс қатынас тән. Мұндай жағымсыз көріністердің обьективті себептері бар, ол жүйелі түрдегі оқудағы үлгермеушілік, мектеп бағдарламасын меңгеру жылдамдығының баяу болуы, білімдегі ақаулықтар және т.б. Осы аталғандардың барлығы оқу-таным әрекетіне деген мотивацияны әлсіретеді, жанжалдылықтың деңгейі жоғары болады. Сыныптастары мен оқытушыларына қатысты жағымсыз қатынас байқалады.

Тәртіп ауытқуы бар балалар қарапайым тапсырмаларды орындау кезінде көптеп қате жіберіп, көмек сұрап, тапсырманы орындауға көп уақыт жұмсайды. Осының нәтижесінде оқуға деген, пәнге деген қызығушылық төмендейді. Педагогикалық түзету жұмысы балалардың танымдық мүмкіндіктерін, оқу әрекетінің мотивациясын, эмоционалды-ерік күшін тексеруден басталуы абзал.

 Балалардың білімдеріндегі ақаулықтар сабақ барысында да, сабақтан кейінгі кезде де жүзеге асырылып отыруы тиіс. Бұл жұмыс баланың мүмкіндігі есепке алынған тапсырмалар беру арқылы басталады. Педагогикалық түзету жұмысы ынтымақтастық түзу арқылы, балаға қатысты сенімдік арту арқылы жүзеге асырылатын болса ғана нәтижелі болмақ. Түзету жұмысын атқаруда баламен қарама-қайшылыққа келуден алшақ болып, оның өзінің күшіне деген сенімдігін тудыру жұмыстың жемісті болуының кепілдігі. Міндетті түрде білімдегі жетістіктерін бекіту жұмысын орынды және жүйелі атқару керек.

Тәртібінде ауытқуы бар балаларды тәрбиелеуде оның әлеуметтік орны өте маңызды. Біріншіден баланың шынайы әлеуметтік қарым-қатынасқа кіріктірілуін қамтамасыздандырған жөн. Екіншіден, әлеуметтік ара-қатынас түзуде әр балаға өз-өзін көрсете білу мүмкіндігін жасау керек. Ең бастысы тәрбиелеу барысында баланың бойында өзінің тәртібін қадағалау талпынысын қалыптастыру, яғни баланың тәртіп нормаларына қатысты құндылықтарын туғызу. Тәртібінде ауытқуы бар балаларды тәрбиелеу әдістері әр-түрлі.

Баланың интеллектуалды аймағында адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру маңызды.  Түрткі аймағында адамгершілік құндылықтарға қатысты дұрыс көзқарас қалыптастыру, яғни адамға деген сезімталдылық, өзінің және қоғамның мүдделерін есепке алу, әділдікке талпыну, өмірінде мақсат көздеу, өмірдің мәнін тану, өзінің міндеттеріне жауапты болу, басқа адамдармен қарым-қатынас түзуге талпыну секілділер. Эмоция аймағында жанашырлық, сенімділік, ризашылық сияқты мінез-құлық көріністерін тәрбиелеу. Ерік аймағында жақсы әрекет жасауда батылдылық, табандылық көрсете білу талпынысын қалыптастыру және т.б. Мұндай балалармен жұмыс істеуде ұжым да маңызды рөл атқарады. Балалар қоғамдық істерге қатысу арқылы әлеуметтік ортаның жаңа қатынастарын меңгереді. Балаларға ұжым арқылы әсер ету жұмысы міндетті түрде түзету жұмысын жүргізуші педагогпен бақыланып, қадағаланып отыруы тиіс. Балалар ұжымының арасында сенімдік, сезімталдылық, қарым-қатынас құру оңай жұмыс болмаса да, оның тізгінін дұрыс ұстап, болжай алу керек.

Тәрбие—бұл оңай іс емес, ал қайта тәрбиелеу—бұл одан бетер қиын іс. Тәртібінде ауытқуы бар балалар—тәрбиеден тыс қалған балалар деуге де болады. Мұндай көріністің айқын болуы қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдайдан бұрын, педагогикалық немқұрайлылықтың салдары деп айтсақ қателеспейміз.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Е. В. Змановская. Девиантология: Психология отклоняющегося поведения/ Учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений.  2-е изд., испр. Издательство: Академия 2004 г.

2. Бандура А., Уолтере Р. Подростковая агрессия: Изучение влияния воспитания и семейных отношений. - М., 1999.

3. Бадмаев С.А. Психологическая коррекция отклоняющегося поведения школьников. – М.: Магистр, 1999. – 96 с.

4.А.Т.Ақажанова Девиантология: оқу құралы. - Алматы:
2011.-125 б.