Абдрашева А.Қ.
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қазақстан
Ғ.Мүсірепов
шығармаларындағы «қазақ әйелі»
концептісінің лингвомәдени сипаты
Қазіргі
таңда тіл ғылымы өзінің зерттеу нысанын кеңейтіп,
тілді сол тілді жасаушы
халықтың, этностың өзі арқылы тану
мәселесін алдыңғы қатарға қойып келеді. Бұған қазіргі тіл
біліміндегі лингвомәдениеттану сияқты салаларды
ғылымның басқа да салаларымен тығыз байланыста
қарастырған еңбектерді айтуға болады [1; 7 бет].
Қазақ тіл білімінде этнолингвистика,
когнитивті лингвистика саласында этносты, ұлт мәдениетін тіл
арқылы анықтауда жемісті еңбек еткен қазақ
ғалымдарының Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов,
Ж.Манкеева, М.Копыленко, Г.Смағұлова, Н.Уәлиев, Б.Момынова, С.Жапақов,
К.Күркебаев, Г.Зайсанбаева, А.Әмірбекова, М.Күштаева, А.Байғұтова,
А.Смайлов, т.б. зерттеулері
құнды мазмұнға ие.
Осыған
орай соңғы кездері қазақ тіл білімінде когнитивтік
лингвистиканың негізгі категориясы концепт
табиғатын нақты дәйектер негізінде ашуға
бағытталған еңбектердің көбейіп келе
жатқаны байқалады. Ғалымдардың зерттеулерінде бақ, тағдыр, өмір,
өлім, жан, қайғы, мұң, тары, батырлық,
қаһармандық, соғыс, түр-түс,
сұлулық, әсемдік, т.б. концептілердің мазмұны
көрсетіліп, олар әр қырынан қарастырылған.
Ал мәңгілік тақырыптардың бірі – әйел мәселесі
қоғамдық ғылымдардың ішінде, негізінен,
қазақ әдебиеттануында көркем шығармалардағы
әйел бейнесіне қатысты
зерттеулерде кездеседі. Шын
мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан
ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен еңбегімен,
асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен және
сүйіспеншілігімен сақтай білген, ұлттық рухты
ұрпағының бойына ақ сүті арқылы, бесік жыры
мен туған тілі арқылы сіңіре білген әйел-аналар аз
емес. Қазіргі таңдағы ана тілінің тағдырында да,
бүгіні мен ертеңінде де бағзы замандардағыдай
аналардың алатын орны, атқаратын рөлін көрсету мен
жаңғыртудың мәні ерекше. Алайда қазақ
халқының ұлттық дүниетанымына сәйкес
қазақ мәдениетіндегі әйелдің шынайы орнын тіл
арқылы танытуда
Ғ.Мүсіреповтің орны ерекше.
Жазушы әр кезеңде жазылған ана тақырыбындағы
туындыларында қазақ әйелінің жиынтық бейнесін
жасады. Көптеген әңгіме, новеллаларында Әйел –
Ананың бейнесін асқақтатып, әлем әдебиетіндегі
Әйел – Ана тұлғаларының галереясын байыта түсті.
Ол «Ананың анасы» (1933), «Өлімді жеңген ана» (1933), «Ашынған ана», «Ананың
арашасы» (1934), «Ер ана» (1942), «Ақлима» (1944), «Ұлпан», «Әмина»,
«Ана жыры», «Ана» шығармалары арқылы сөз өнеріне
жаңа көркемдік өрнек әкелді. Ана жайында жазылған
алғашқы әңгімелері М.Горький сарынында
алынғанымен, ана бейнесі қазақы қасиеттерімен
көркем өрнектелген. Мүсірепов қаламынан туған
Қапия, Ақлима секілді ана образдары арқылы қазақ
өмірінің шынайы көріністері сипатталады.
Көркем сөз шебері Ғ. Мүсіреповтің
шығармаларында қазақ әйелінің сыртқы сыр-сымбаты
мен ішкі рухани әлемінің сан қатпарлы, мол иірімді
ерекшеліктерін, ұлттық-мәдени белгілерін танытатын,
лингвомәдени бірліктер баршылық. Біздіңше, оларды шартты
түрде мынадай когнитивтік модельдер арқылы көрсетуге болады:
1) «Сұлулық» концептісі:
Шешесі еркек көзі бір қадалмай өте алмас ажарлы адам
екен...
Шешесі Несібелі сұлу да сүйкімді кісі еді,
соған тартқан ғой... Уысың
толар бұрымның астынан мойны ағараңдайды, қара
көз, ақ маңдай... Сұлулығы
жеңсе, есінен айрылып қалатын, естілігі жеңсе, сұлулығынан айрылып
қалатын қыздар аз болмайды. Естілігі толыққан сайын
сұлулығы да толыға беретін қыздар болатын...
Әр әйел өзінше сұлу болу керек, қара ат сұлу ма, торы ат сұлу ма демейміз ғой? Көркем сұлу дейміз, ажарлы дейміз, сүйкімді дейміз, сымбатты
дейміз, бәденді дейміз...(Ғ.
Мүсірепов. Ұлпан). Қамыс
басының сыбдырын аңдыған елік лағындай, аяғын
тықырсыз басып, елең қағып, ауыз қораның
қақпасына жақындады. Тас
бедерін шымшып басқан елік баласындай, бар денесінде сергек те
ширақ сұлулық бар екен (Ғ.Мүсірепов.
Оянған өлке).
2) «Бауырмалдылық» концептісі:
Айтолқынның
бәлденіп-баптанып болуына қарамай, Шынар Ұлпан тобына барып
қысылып қалды. Құшақтаса кетердей үзіле
қарап келеді, Ұлпан да сондай күйде екен.
- Сенбісің, ей, айналайын?
– деді.
- Мен ғой...
- Айналайын-ай, қандай
бауырмал едің? – деп Несібелі Шынардың бетінен сүйді (Ғ.
Мүсірепов. Ұлпан).
3) «Қарапайымдылық, ақылдылық» концептісі:
Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді.
Өз айтарын әуелі Есенейге байлатып алып жүр. Есеней де «мына
қатын былай деп еді» деп Ұлпанның атын шығара
сөйлейді (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).
Итаршысы көп, татымы жоқ, тұяқ санаған бос
өмірден көңілі суынған, қызығары
қалмаған Көпей
мырзалық-сараңдықты сән көрмей,
алыс-жақынға бірдей қарайтын. Жұманды жұрт
ұната алмайтын да, Көпейді қия алмайтын.
(Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке. 33-б.)
4) Қазақ әйелі өз ұлтын мақтан
тұтады, халқына жанашыр:
- Көсем болып алған
соң бұл әйел не істей алды?
- О, істемегені жоқ!..
Есенейдің барлық жерін еліне бөліп берді. Бөліп
бергенде біздердей біреуге ана жақтан, біреуге мына жақтан
аттамалатып берген жоқ, ауыл-ауылға қыстауды да, егінді
шабындық жерді де тұтас берді... Бұл араның
қазағына егін салдырды, шөп шаптырды, қыстау
салғызды (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).
5) Қазақ әйелі – салт-дәстүрді
сақтаушы:
Ұлпан үлкендерге
бұрылып бір тізелеп сәлем етті. Шынар да соны істеді, ұяла,
ұяла, бетін жаулығымен бүркемелеп сәлем етті (Ғ.
Мүсірепов. Ұлпан).
Сөз
зергері Ғ. Мүсірепов
халықтың рухани және материалдық мәдениетін,
салт-дәстүрін, төл тарихын, дүниеге
көзқарасын, ұлттық болмысын таныту, ұлттық
рухты бойына сіңіру әйел-ананың жан-дүниесінде
тұтасып, жинақталғанын шығармаларына алтын арқау
етіп өреді. Жазушының әйел туралы туындылары біріктірілген
«Қазақ әйелі» циклі оқырмандарға Нағима, Ақлима,
Күләш, Майра, Ұлпан т.б.әйел-аналар бейнесі
арқылы қазақ әйеліне тән дүниетанымды
танытады.
Көркем
әдебиеттегі аналар бейнесін тілдік дүние суреті аясында
"қазақ әйелі" концептісі тұрғысынан
қарастырар болсақ, бұл орайда таңғажайып
қазыналарға, жақұт-жауһарларға
кездесеміз.Ұлттық санада қалыптасқан, тіл арқылы
сақталып, этномәдениеттің көрінісі, ұлтымызды
біртұтас етіп ұйыстыратын ұйытқы күштің
бірі де бірегейі ұлт тәрбиесіндегі ананың рөлін
дәлелдейді.
Ғ.Мүсірепов
танымындағы «ана» концептісінің көрінісі:
1. «Ана сұлу, ана бақытты» когнитивтік моделі:
«Айналайын, күнім,
Биағам» деп, баласын бауырына қыса түсіп жатып, әйел
қалғып кетті. Бар бейнеті ұмытылған. Жадыраған
жүзіне ана сұлулығы, ана бақыты шыға келіпті...
Мұндай мейірімді сұлулық ана жүзіне ғана
шыға алса керек... Жүзіне осындай мейірім шыға келгенде
ғана ана сұлулығы танылса керек...(Екінші Би аға).
2. «Ана
– мейірім» когнитивтік моделі:
«Ана тал түбінде жұдырығын
түйіп жатқан қызыл адамға мейірімді көзінің
барлық нұрын төгіп қараған сайын бетіне қан
жүгіреді. Ананың нұрлы көзі баланы ақырын
ғана, еркелетіп қана сипағандай болады.
Таңертеңгі тымықта күннің көзі ғана
осылай сипай алады дүниені» (Адамның анасы).
3. «Ана
– өмірдің иесі» когнитивтік моделі:
«Бұл әйелдің неге мұнша
күшті екенін түсіндім деп ойлаймын. Бұл өмірдің
иесі, бұл ана, бұл ұлын сүйеді. Ұлын сүюі,
ол ұлы өмірдің бір ұшқыны ғой. Кім біледі,
мүмкін, ол ұшқыннан әлденеше ғасырға
кететін жалын туар... Мүмкін жерді жылытып, бақыт себетін адам
болар... » (Өлімді жеңген ана).
4.
«Ана – баласы үшін отқа да, суға түсуші» когнитивтік моделі:
«Нағып қорықпай қуып
келдің демеңдер: он бесімде өзім де тап осы қызымдай
едім; сендердің қолдарыңда кетсе, енді он бес жылдан кейін
қызым да тап қазіргі мендей болмай ма? Мен үшін бұдан
артық қорқыныш та жоқ, қорлық та жоқ.
Сол мені айдап әкелген! Берсеңдер, тірі алып қайтам,
бермесеңдер өлі алып қайтам! – дейді» (Ананың анасы). «Өзім көзім қарайып,
обалымды пышаққа артып, қанымды шашайын деп жүрген
адам, сар кездікті жұлып алып, жүгіріп келіп шалқасынан
жатқан болыстың жұтқыншағынан салып кеп жібердім.
Сағалатып тұрып өкпе тұстан тағы бірекі рет
бұлғап бұлғап алдым да, ұмтылдым ай кеп
Қара сақалға... » (Ашынған ана).
Жазушы
Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы қазақ
әйелдерінің өршіл де өжет, қажырлы да сабырлы,
пайымды да ақылды қасиеттері барынша жарқын суреттелген.
Қаламгер шығармаларының бір ерекшелігі - адам психологиясына
терең бойлататын қайсарлық, өжеттік, адалдық
қасиеттерді ішкі күрделі көңіл-күймен шебер
танытады. Жазушы туындыларының қайсысын алсақ та, олар -
үлкен көркем рухани дүниелер. Сондықтан да аналар
образындағы шығармаларын оқығанның
өзінен-ақ жан тебіреніп асқақ армандарға
жетелейді, адамдық ұлы қасиеттерді бойға сіңіруге
зор септігін тигізеді.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Смайлов А. «Әйел»
концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестердің
лингвомәдени сипаты. Филология
ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2008. – 25 бет.
2. Байғұтова А.М. «Қазақ
әйелі» концептісінің этномәдени сипаты. Филология ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация.
Алматы, 2008. – 141 бет.
3. Мүсірепов Ғ.
Шығармалары. Бес томдық. Алматы, 1992. – 400 бет.
4. Нұрқатов А.
Ғ. Мүсіреповтың творчестволық жолы. Алматы, 1962.
5. Снасапова Г. Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі
лингвомәдени бірліктер. Филология
ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2003 . – 29 бет.