ф.ғ.м., оқытушы Жаппарова Н.Т.

п.ғ.м., оқытушы Ақжүнісова Н.Б.

оқытушы Ракишева Л.Г.

оқытушы Бекбалакова Н.А.

Қарағанды мемлекеттік медицина университеті, Қазақстан

Пайымдау мен сөйлем арақатынасының мәселесіне

 

Логикалық және грамматикалық категориялар арасындағы өзара байланыс пайымдау мен хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдер қатынасынан көрінеді. Пайымдау анықтамасын негізге алып, бір нәрсе жайында мақұлдайтын не терістейтін ойлау формасы ретінде қабылдасақ, онда пайымдау хабарлы сөйлем мазмұнымен сәйкес келеді де, тікелей сұрақ пен бұйрыққа қайшы келеді. Мақұлдайтын не терістейтін пайымдау формасынан, сөйлем түрлері мен ойлаудың логикалық формасының сәйкессіздігінен логика мен грамматиканың арасындағы шиеленістер туралы әр түрлі тұжырымдар шығарды.

Тіл білімінде ойлау формаларының қатынасы мен олардың тілдегі көрінісі өзекті мәселе болып табылады.

Алғашқы зертеулерде Аристотельдің пайымдауға берген анықтамасы ойлаудың логикалық формасы пайымдауға қатысы жоқ, керісінше, басқа маңызды тектік белгілері бар ойлау формаларының біріне қатысты екенін анық көрсетіп берді.

Қазіргі таңда логикада бұйрық, сұрақ, пайымдау арасындағы айырмашылықтарды көрсетіп, олардың маңызды белгілерін анықтауға әрекет жасалуда. Әдетте, берілген белгілер шектелмеген: 1) заттық сипат; 2) дұрыс не бұрыстық қасиеті; 3) сөйлем формасымен берілуі. Бұйрық пен сұраққа, пайымдауға ортақ соңғы белгі лингвистикалық көзқарас тұрғысынан өте маңызды болып саналады. Егер оны есепке алмасақ, онда грамматика үшін парадокстік жағдай туар еді: грамматика сөйлем категориясына тән өзінің маңызды белгілері бойынша сұраулы, бұйрықты, хабарлы сөйлемдерді еш тақырыпсыз қарастырады; логика осы анық фактіні нұсқап, оларда ойлау формасы берілген тек сыртқы ұқсастықтарын ғана қарастырады да, ал олардың тектік тұтастығын ескермейді. Г.Клаус: «различие между этими важнейшими видами предложений устанавливается не целиком по формальным признакам» деп, мынадай мысал келтіреді: «Если я говорю: Разве это здание не прекрасно?, то этим я хочу лишь выделить с особенной четкостью утвердительное предложение Это здание прекрасно» («Введение в формальную логику». М., 1960, С. 61). Демек сұраулы сөйлемде пайымдаудың болатыны анық.

Бұл қарама-қайшылықтар егер логикада бұйрық пен сұрақтың, пайымдаудың негізгі белгілерін терең зерттегенде шешілері сөзсіз.

Көрсетілген формалардың ортақ құрылымдық белгілері болып атрибутивтік емес, предикативтілік қатынаста берілген предикат пен субъект қатынасына сәйкес бірдей мүшелеу болып табылады (Сұрау мен бұйрықта, пайымдаудағы сияқты әрқашан бір нәрсе жайында айтылады. Мысалы: «Сен тыңдаған жоқсын», «Сіз тыңдайсыз ба?», «Сен тыңдама!».).

Егер пайымдауда бір нәрсе туралы айтылса, онда бұл айтылған нәрсе толық және аяқталған болады. Қос мүшелі пайымдау дара әрі жалпы қарама-қайшылықты ашады, бұл оның маңызды да жеткілікті белгісі болып табылады. Пайымдау туралы Аристотель ілімі шектеулі болды, ол пайымдаудан тек оның мақұлдау не терістеу белгілерін ғана көрді. Аристотель өзінің логикалық ілімін құруда тіл грамматикасына сүйене отырып, пайымдау атауын тек бір нәрсе жайында мақұлдайтын немесе оны жоққа шығаратын сөйлемдермен, яғни хабарлы сөйлемдермен бекітті. «Аналитикада» пайымдауға мынадай анықтама береді: «Пайымдау дегеніміз – бір нәрсе жайында мақұлдайтын немесе терістейтін сөз». Пайымдаудың шындық не жалғандығы Аристотель түсінігінше, тек қостау не терістеуге байланысты болды, жалпы пайымдаудың белгілері бір қалыпты емес. Аристотельдің пайымдау туралы ілімі өзінің мазмұны жағынан хабарлы сөйлемге сәйкес құрылғандықтан, ал кейінгі логика пайымдауды түсіндіруде оның шектеулі екендігін айқындады. П.В. Таванецтің ойынша, мақұлдау мен терістеу пайымдау үшін меншікті, бірақ маңызды белгісі емес, кейбір пайымдау түрлерінде мақұлдау не терістеу белгілері болмайды. Мұндай пайымдау түрлеріне өзінің ерекше логикалық құрылымы бар сұрақ жатады. Ақиқат пен жалған белгісі пайымдауға тән ерекше белгі болып саналмайды.

Сұраққа белгілі қос мүшелі құрамға дейін әрқашан кең түрде шындық белгісі болады, өйткені онда дүдамал ұғыммен берілсе де предикат қатысады. Ол еш күмәнсіз осы пайымдауда белгісіз болса да предикат болады. Сұрақтың барлығы екі мүшелі болады және барлық сұрақта белгісіз ұғым пайымдаудың мүшесі ретінде предикат болып табылады (Мына адам кім? Бұл адамның аты кім? Бұл адам қайдан келді?). Бірақ сұрақта өзінің маңызды белгілері екі мүшесі  - субъект пен предикаттың болуына байланысты сұрақ пайымдауға қатыстылығын сақтайды. Бұл мәселеге қатысты П.С. Поповтың пікірін де келтіруге болады: «Вопросительное предложение в каком-то смысле примыкает к суждению их объединяет то обстоятельство, что и та и другая форма выявляет сообщения; объединяет и то, что и то другое (и вопрос, и суждение) отливаются в форму предложения» [1, 18]. Сондай-ақ Е.М. Галкина-Федорчук: «Вопросительное предложение выражает суждение, но суждение, отличающееся от обычных атрибутивных суждений» [2, 65]. «Жер неліктен төртбұрышты?» сұрағында «жер» мен «төртбұрыш» ұғымы жалған, бірақ олар субъект-предикаттық қатынасқа түскен. Сонымен қатар, бұл сұрақта мақұлдау не терістеу жоқ, керісінше, бір нәрсе жайлы сұралады, мақұлданбайды. Сұрақтың жалғандығы предикаттан көрінеді. Сұрақтағы субъект-предикаттық қатынас – пайымдаудың маңызды белгісі – сұрақта болып, ал мақұлдау мен терістеудің болмауы бұл пайымдау түрінің ерекшелігі болып табылады. Бұл предикаттың белгісіздігі кез келген сұрақтың жауабына сәйкес айқындалады.

Сонымен, Аристотельдің пайымдау теориясы тар ұғымда тек хабарлы пайымдау түрімен шектелген, яғни пайымдаудың басқа да белгісі (мақұлдау мен терістеу) кең түрде қарастырылған.

Бұйрықты сөйлемдердің логикалық құрылымы хабарлы сөйлемдердегідей предикат мазмұнында субъектінің белгілерін мақұлдау емес, сұраулы сөйлемдегідей де коммуникативтік тапсырмадағы белгісіздік емес, тек талап пен бұйрық, түрткіні білдіретін өзіндік ерекшеліктерімен көрінеді.

Бұйрықты пайымдау предикатының семантикасы белгілі бір іс-әрекетті талап етумен байланысты. Бұйрықты сөйлемнің грамматикалық құрылысы екі мүшелі болады.

Бұйрықты сөйлемдер пікір алысу үшін жұмсалып, тікелей ерік білдіруге негізделеді. Сөйлеушінің ерік-тілегі, мақсаты шындық құбылыстарға байланысты түрлі екеніне көз жеткізе отырып, академиялық грамматикадағы «бұйрық мәнді сөйлемдер пікір білдірмейді, ойлау жұмысының бастапқы формасын білдіреді. Ол форма – сөйлеушінің ойды, зат пен құбылысты тануға жұмылдыру кезеңін танытатын форма» деген тұжырымға қарсылығымыз бар [3, 118-226]. Себебі бұйрықты сөйлемдердің предикаттық-модальдық түрлері мен мазмұндары әлдеқайда ауқымды және кең, яғни бұнда тек қана іске жұмылдыру мақсаты орындалмайды, одан да басқа функционалдық қызметтер іске асырылады.

Аристотельдің теориясын пайдаланудағы әркелкілік пайымдаудың барлық түрлерінде сұрақ, содан соң бұйрық пайымдауға қатысы жоқ дегенге әкеп соқты. Сол себепті, логика мен грамматика теориясында кез келген пайымдау грамматикалық сөйлемге сәйкес келеді, ал кез келген сөйлем пайымдау бола бермейді деген көзқарас қалыптасты. Осы мәселені Аристотельдің логикасымен шешетін болсақ, тек үш жолмен жүретін болды: сұрақ пен бұйрықты сөйлем деп санамау, пайымдаудан ерекше жаңа ойлау формасының барын дәлелдеу не бұл логикалық ойлау формасынан басқа да маңызды белгілерін ашып дәлелдеу. Дәстүрлі логика не бірінші не екінші жолды да таңдаған жоқ, өзінің догма секілді қарама-қайшылығын ұстанды.

Пайымдау мен сөйлемнің айырмашылығы тек сөйлем мазмұны пайымдаудан ғана түрмайды (сұрақ, бұйрық), кез келген сөйлемнің маңызды белгілері хабарды білдіргендіктен, оның формасы болып, пайымдаудың жалпы формасына енетін логикалық қатардан тұрады. Пайымдау сұраққа, бұйрыққа қатыссыз дейтін пікірлерді еңсеру үшін жаңа термин іздеу қажет пе? Біздіңше, «пайымдау» атауын сақтаған жөн секілді болып көрінеді. Жаңа терминді (ой, логема, сөз) енгізу анағұрлым ыңғайсыз. Терминнің бұл мазмұнын ескере отырып, кез келген пайымдау міндетті түрде сөйлеммен беріледі және де кез келген сөйлем пайымдауды білдіре алады.

Субъект-предикаттық қатынас барлық көрсетілген формаларды біріктіретін ең басты діңгек болып табылады. Пайымдау мақұлдау мен терістеуді білдіретін форма, ал сұрақ – бір нәрсеге қатысты сұрау, бұйрық әрекетке түрткі болатын пайымдау формасы ретінде категорияның жалпы тектің бір түрі болып келеді. Бұл көзқарастағы орыс ғалымдары В.З. Панфилов /Грамматика и логика/, П.В. Чесноковтардың ойынша, бұл пайымдаудың үш түрі (хабар, сұрақ, бұйрық) логеманың жалпы құрылымын біріктіреді деп есептейді.

Бұл түрлердің бірлестігі жалпы категорияға жатады, логикада белгіленетін ерекшеліктерін жоймайды әрі теңдестірілмейді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.   Колшанский Г.В. Логика и структура языка. –М., 1965.

2.   Галкина-Федорук Е.М. Суждение и предложение. –М.: Издательство Московского Университета, 1956. -72с.

3.   Қазақ грамматикасы. Алматы, 1967.

4.   Попов П.С. Суждение и его строение. «Философские записи», –Т. 6. 1953.-74с.

5.   Копнин П.В. Природа суждения и формы выражение его в языке. –Сб. «Мышление и язык». –М.: Госполитиздат, 1957. –С. 284-285.

6.   Попов П.С. Суждение и предложение. «Вопросы синтаксиса». –М., 1960.