Секция
филология
Мажитаева Ш., Садуакасова А.
Е.А.Бөкетов
атындағы ҚарМУ, Қарағанды қ.
Көркем мәтіндегi окказионализмдердiң
қолданысы
Тіл бояуын
ажарландырып, оның әсемдігі мен әсерлілігін айқындай
түсетін ортаның бірі де – көркем шығарма тілі. Көркем шығарма тілі халық
тілі дәстүрінде қолданылғанымен, ақын-жазушы
шығармасының алға қойған мақсаты мен
мұратына сай кей тұстарда шығармашылық
тұрғыда, өңдеу әдісін пайдаланады.
Шығармашылық жаңарулар әсерінен тілдің байырғы
сөзжасам заңдарына сүйеніп, жаңадан бір алуан
сөздер жарық көреді. Сондай шығармашылық
сонылықтың бір көрінісі – сөйлеуде қызмет
атқаратын окказионализмдер. Окказионализмдер - сөзжасам
жүйесіндегі заңдылықтардың даму бағытын,
тілдің творчестволық мүмкіндігін танытар көрсеткіш те
болып табылады. Бұндай жаңа жасалымдар бейнелік
құралдың бірі ретінде көркем әдебиетте пайда
болуы мүмкін, сондай-ақ публицистикалық стильде де біршама
жиірек көрініс береді. Көркем
мәтіндегі окказионализмдер құрылымдық –
мағыналық өзгешелігінен, стильдік мүмкіндігінің
кеңдігінен өзіне назар аударуды
«талап етеді». Окказионализмдер сыртқы формалық
жаңалығымен, семантикалық мазмұндылығымен назар
аудартар сөйлеу элементі болса, оны зерттеп танудың екі түрлі
мәні бар. Бірінші, окказионализмдердің көркем әдебиетте
қолданылу жиілігі, қолданылу мақсатын анықтау жайы.
Екінші, сыртқы формалық жаңалығы назарға алынып,
жасалу жолдарының ерекшелігін зерделеу мақсатында.
Окказионализмдердің – жазушы немесе ақынның
шығармасында алар орны мен беретіні мол қажетті тілдік элемент.
Окказионализмдер неологизм сөздердей номинация белгілеуді немесе тілдік
нормаға кіруді көздемейді. Олар экспрессивті жетімсіздікті
өтеу үшін жарық көреді. Бір қолданар сөздердің номинативтік
белгісінен гөрі, айқындауыштық, көркемдегіштік мәні басым. Окказионализмдердің
туу себебі – саналы әрекеттің нәтижесі. Өзіндік сөз өрнегі,
субьективті ойдың жемісі – бір қолданар сөздер нормалы
қолданыстағы қалыпты узуаль сөздерден бір қатар
ерекшеліктермен ажыратылады. Сол белгінің бірі – жеке автордың
өзіндік жеке қолтаңбасы болуына байланысты. Әрбір
өнер туындысындағы өмір шындығы суреткердің
құбылысты өзінше қабылдауынсыз, оның ойлау
ерекшелігінсіз көріне алмайды, нәтижесінде окказионал сөз
формасы түрінде жарық көреді. Шындықтың көп
түрлілігі санада сәулеленген мазмұнды үздіксіз танытып
отыруды қажет етеді де, суреткер сол қажеттілікті жеке
авторлық сөздермен өтеуге «бел байлайды». Өзіндік стиль
өзгеге үлгі, өзі сөз құдыретін тани да,
таныта да білген суреткер Әбіш Кекілбаев қаламы көптеген
жаңа қолданыстар, потенциял сөздердің, тұсауын
кескен немесе бұрыннан бар ұғымдарға қосымша сема
артып, жаңа құрылымда тың қолданыс тапқан.
«Бүгінгі аунақшыма дүниеде бәрі де
құбылмалы; Аймақтық пішімделуіміз
ықтималданған жоқ; ... саяси үйірімділігі мен
тапқырлығы арқасында өзін де, елін де аман сақтап
келеді»(«ЕҚ»,№29-30.2002). Осы контекстегі ажыратыла көрсетілетін
сөздердің мағыналық «қоюлығы», терең
астары тек тосын қолданыстан ғана емес.
Ал
көркем шығарма тіліндегі мына қолданыстар тың тіркестер
арқылы аса бір мәнді, бейнелі ой ұсынады да, терең ойды
тосын байланыстар арқылы бере білген: Ф.Оңғарсынова
қаламынан туған бейнелі сөздер: Мінезім бар қаталдау
кейде менің, Жан жылуын ашумен түймеледім (136-б.), «Шулы
өмірге мен де ере кетер едім, тағдыр мені өнермен
некеледің» (50-б.); Қайғым бар. Ол - өзгені сүйе
алмай жалғыздықпен мәңгілік жетелескенім» (45-б.).
Зерттеудің
қажеттілігі тіл жүйесінде кездеспейтін, бірақ
қолданыста көрінетін стильдік жаңа сөздердің
мәні неде, олардың пайда болу заңдылығы қандай
екендігін айқындаудан да көрінеді. Осыған орай,
қазақ тілі стилистикасында әлі жете қарастырылмай
жүрген әдеби норма мен әдеби емес «норманың»
арақатынасын және сөйлеудің тілдік жүйемен
сабақтас кейбір мәселелері де сөз естіледі.
Окказионал
сөз – тілдің қолданысына тән категория.
Лингвистикалық зерттеулерде көбіне тілдің жүйелі
бөлігіне басты назар аударылғанымен, оның
қолданыстағы күй-қалпына тән мәселелер
кеңірек сөз етілмей жүр. Қазақ тіл білімінде де
тілдің орталық бөлігі толығырақ зерттеліп,
оның шеткері аймағы назардан тыс қалып келеді, яғни
тілдің жүйесіне қатысты мәселелер ғылыми негізде
зерттелгенімен, қолданыстағы құбылыстары талдауға
көп түспеді деуге болады.
Көркем
шығарма тілі, бір жағынан, жалпы көркем сөз өнері
дамуындағы жеке бір тармағы, екіншіден, ақын-жазушы
творчествосының өзіндік қолтаңбасы деп қаралады
сол творчестволық даралықтың көрінетін ортасы –
тілдің қолданысы, сөйлеу аясы. Окказионализмдерді
жазушының шеберлігі арқылы пайда болған қолданыстар
ретінде зерттеуге көп көңіл бөлініп
қарастырылуда. Мәселен, Ғ.Тұрабаеваның
«Окказиональные преобразования пословиц и поговорок» (Алматы, 1989), Г.Мұратованың
«Қазақ көркем әдебиетіндегі окказионал сөздер»
(Алматы,1991), Л.Еспекованың «Қ.Мырзалиев
поэзиясындағы
окказионализмдер» (Алматы,1998) деген кандидаттық диссертациялар осы мәселеге арналып
жазылған. Дегенмен бұл
тақырыпты зерттеудің қажеттілігі жалпы тілдік норма мен
көркем әдебиет тілі нормасының ара-қатынасын
анықтауға да қатысты. Обьективті шындық дүние
белгілі бір жеке адам санасында субьективті бейнеленеді. Тіл мен ойлаудың
қабылдаудың мазмұны жаңаша, өзгеше сөз
тұлғаларында жарыққа шығатынын
байқауға болады. Жазушының құбылысты субьективті
қабылдауын субьективизмнен, творчестволық даралықты дарашылдықтан
ажырату – жұмыстың қажеттілігінің тағы бір
белгісі болмақ.
Окказионал
сөз статусы мына мәселелерді анықтағанда
толыққанды, өз мән–мазмұнында ашылады: окказионал
сөз табиғатын нормадағы узуаль сөздермен салыстыра
отырып анықтауда; окказионал сөз категориясына тән
өзіндік айырым – белгілерді ажыратуда; окказионал сөздің жеке
авторлық стильдегі идиолекті, жаңа қолданым ретінде пайда
болу себебін көрсету де; окказионал
сөздің әдеби тіл нормасына қатысын анықтауда;
окказионал сөз жасалуының қазақ тіліндегі
мағыналық–құрылымдық сипатын айқындауда.
Көркем
стильдік қызмет атқаратынына қарай қазақ
тіліндегі окказионал сөздер арнайы кең зерттеуді қажет ететін тақырыптардың
біріне жатады. Жазушы стиліне байланысты, сөзжасам жүйесіне
қатысты тіл мәселесінің кейбір тұстарында
қысқаша мағлұмат түрінде тілде бар
құбылыс екені ғана айтылып жүрді. Окказионал сөз
жаңа стильдік мазмұн мен соған сай жаңа форма
бірлігінен тұрады. Окказионал сөз сөзжасамдық
тұлғаға сәйкессіз жасалғандықтан, тіл
нормасы мен тіл жүйесінде кездейсоқтық болып көрінсе,
стильдік мақсаттан қажеттілік болып есептеледі. Сөйлеу, жеке
авторлық қолданыс - жалпы тілдің бір бөлшегі, ал
окказионал сөз-жеке авторлық меншіктілік. Бұдан
жалпылық категориясы мен жекелік категориясының өзара
байланысы келіп шығады. Осы мәселелер зерттеудің алға
қойған мақсатымен байланыстыра сөз етіледі.
Зерттеу жұмысымыздың нысанына айналып
отырған тақырып әдеби тіл нормасы мен стилі үшін де
маңызды. Тілдік көркемдегіш құралдардың
қатарына басқа да амалдармен
бірге окказионал сөзді қосуға болатыны тілдік фактілер
негізінде дәлелденеді. Әдеби тілде ішінара өтіп жататын
түрліше үдерістер тілдік амал-тәсілдердің динамикалы
даму күйін кешуге ықпал етеді. Бұл жұмыста тілдің
нормалы қабаты емес, нормадан ауытқушылық, тілдік
сәйкессіздіктер талданып, олар творчестволық жаңарулар
нәтижесі екені және тіл жүйесі мен сөйлеудің
сабақтаса қызмет ететіні дәлелденді.
Сонымен
келешекте жазылатын жұмысымызда көркем
әдебиетте көп пайдаланылып, жазушылар стилінің ерекшелігін танытуда
ерекше рөл атқаратынына қарамастан, әлі де зерттелмей
жатқан, зерттелсе де, барлық зер–маржаны ашылмай келген
көркем әдебиеттегі окказионал сөздерге арналады.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1
Тұрабаева Г.К. Окказиональные преобразование пословиц и поговорок.
автореф. канд. дисс. –Алматы,
1989. – 24 с.
2 Мұратова Г.
Қазақ көркем әдебиетіндегі окказионал сөздер.
филол.ғыл. канд.дисс.автореф.
–Алматы, 1991. – 22 б.