Базарова Жанар Байдалыкызы

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық

Қазақ-Түрік Университеті

Түркістан қаласы

 

      Қ.А.Ясауи шығармаларындағы тіл мен мәдениет сабақтастығы

 

Тіл мен мәдениет арақатынасы ең алғашқы рет Платон, М.Гердер, Ә.Кант еңбектерінде айтылғанымен, құнды теориялық болжамдарды жасаған Ә.Сепир, В.фон Гумбольдт, Б.Уорф сынды ғалымдар. Бертін келе аталған ғалымдардың жұмыстарын негізге ала отырып Ресейде А.Потебня, С.Пешковский, Г.Винокур, Р.Якобсон, қазақ ғылымында Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібек, Х.Арғынбаев, С.Қасиманов, М.Мұқанов, Қ.Ахметжанов, Қ.Жұбанов, академик Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева сияқты т.б зерттеуші ғалымдар құнды зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ғалымдар тілді әртүрлі қырынан алып зерттеуге тырысты. Мысалы, В.Вунт тілдің ерекшеліктерін түсіну үшін, оған әлеуметтану тұрғысынан зерттеу жұмыстарын жасады. Е.Верещагин мен В.Костомаров сияқты ғалымдар тіл мен мәдениет ұғымдарын байланыстыра отырып зерттеу жасады.

Жалпы тілді мәдениетпен байланыстыра қарау ХІХ ғасырдың өзінде-ақ түрлі ой-пікірлерді қалыптастырды. Мәдениет туралы бірнеше анықтамалар берілген. Бірақ солардың ішінде атақты мәдениеттанушы Ю.МЛотманның анықтамасын айрықша атап өткіміз келеді: «Культура  - прежде всего, понятие коллективное. Отдельный человек может быть носителем культуры, может активно учавствовать в ее развитии, тем не менее по всей природе культура, как и язык явление общественное, то есть социальное». В.Фон Гумбольдт: «Язык - тесно переплетен с духовным развитием человечества и сопутствует ему на каждый ступени его локального прогресса или регресса, отражая в себе каждую стадию культуры» деп көрсетеді. Халық мәдениетінің өзі қоғамда пайда болған жалпы мәдениетпен тығыз байланысты деген пікірлер де жоқ емес. Е.Жанпейісов өз еңбегінде ана тілдің арқасында мәдениет көркемделе түсетіндігін көрсетеді. Тіл лексикасының шынайы да толық табиғатын бүгінде жалпыхалықтық қолданыста жоқ кейбір байырғы сөздердің бойынан табамыз. Өйткені ол сөздер халық тарихымен, өмірімен, әлеуметтік жағдайымен, дүниетанымымен тығыз байланысты. Ю.Карауловтың пікірінше, ұлттық тіл мен ұлттық мәдениетті ұштастырып зерттеу керек [1,12].

Н.Жинкиннің пайымдауынша, тіл адамның санасын танытатын механизм болып табылады. Ал, К.Леви-Стростың сөзіне сүйенетін болсақ, тіл- мәдениеттің жемісі, оның құрамдас бөлігі, мәдениеттің өмір сүруінің алғышарттарының көрінісі. Десек те, тіл мәдениетке қызмет еткенімен оның мәнін толықтай ашып анықтай алмайды. Бірақ тіл мәдени факті, олай дейтін себебіміз, тіл ата-бабадан берілетін мәдениеттің ажырамас бөлігі, өйткені тіл мен мәдениет көне заманнан бері бір-бірімен тығыз қарым-қатынастың арқасында дамып келеді. Мәдениет тіл секілді адам дүниетанымын айқындайтын сананың формасы. Тіл де, мәдениет те бір семиотикалық жүйеге жатпайды. Дегенмен, екеуінің өзіне тән ұқсастықтары бар. Тіл тәрізді мәдениет те ұлт дүниетанымын, оның табиғатқа, қоршаған ортаға, қоғамға қатысын бейнелейді. А.Исламның пікіріне сүйенетін болсақ, тіл мен мәдениет қоғамдағы тарихи өмір сүру процесінде бір-бірінен ажырағасыз. Өйткені тіл мәдени контексісіз, ал мәдениет өзінің құрылымында тілсіз жүйе ретінде қолданылуы мүмкін емес» [2,24].

Кез-келген халықтың тұрмыс-салты, тарихы, тіршілік етуінің жолдары, талғамы, мәдениеті мен өркениеті болады. Халық қоғамда өмір сүре отырып сан алуан жетістіктерге тіл арқылы жетеді. Сол себепті, тіл ойды ғана жеткізудің хабаршысы емес, мәдениетті, өркениетті де насихаттаушы қызметін атқарады. Тіл мәдениеттің айнасы іспеттес. Тіл - негізгі қатынас құралы. Тіл көмегімен адамдар тілдесе отырып, белгілі-бір жүйе құрады, дүниені тани алады. Белгілі академик І.Кеңесбаевтың пікіріне сүйенсек: « Тіл- қоғамдық құбылыс, тарихи дүние. Көне де, жаңа да мұраларды тексеруге лингвистердің, тарихшылардың, әдебиетшілердің, этнографтардың бірлесіп іздестіретін шаруалары аз емес» [3,9]. Сондықтан да Қ.Ясауи шығармасының тілдік мәнін, ерекшелігін мәдениеттанушылар да, этнографтар да, тілшілер де, философтар да зерттеген.

Әрбір ұлт тілінің сөздік қоры (лексикасы) мәдениет, өркениет және тарих ғылымдарының араласуы арқылы түсіндіріледі. Мәдениет те, тіл де бірден пайда болған жоқ. Сан ғасырлық кезеңдерде дамып қалыптасқан мәдени дерек көздерінің жинақталуының нәтижесінде мәдениет кез-келген ғылым саласында нақтыланып, мәдени өмірдің көріністерін айқындайды. Әрине, бүл ана тілі арқылы әлемдік деңгейде танылады. Осы тұрғыдан алғанда тіл мен мәдениет бір-біріне тәуелді сияқты. М.Маковскийдің өзі мәдениеттің әрбір сатысы мен бөлшектері тіл арқылы ғана танылатындығын тілге тиек етеді. Ол: «Адамзат тілі көне дәуірдегі адамдардың мәдени тарихының баға жетпес қазынасы»,-дейді. Осы сөзге дәлел ретінде Қ.Ясауидің «Диуани хикметін» айтуға болады. Бұл шығарма орта ғасырдың еншісіндегі «баға жетпес мәдени құнды» шығарма. Тілді мәдениеттің негізгі бір категориясы ретінде танып, қазақ лексикасындағы заттық мәдениет атауларының сипатын сөз еткен қазақ ғалымдарының бірі - Ж.Манкеева. Ол: «Мәдениетті тілден бөліп алып қарамаймыз. Тіл - мәдениеттің бір көрінісі. Ол екеуінің арақатынасы ерекше маңызды. Кез-келген мәдениеттің түрлері тіл арқылы бейнеленіп, тіл арқылы халыққа танылады», - деген пікір айтады [4,33].

Қ.Ясауи өз шығармасында тіл арқылы мәдениетті, сол дәуірдегі салт-дәстүрді, халықтың дүниетанымын паш еткен. Мәселен, рухы көкке ұшу, жаназа, имам, мүрид, ібіліс, шайтан, періште, тәңірі, жазмыштан озмыш жоқ сияқты сөздер осыған қатысты айтылған. Тіл үнемі мәдениетпен бірге өседі. Тілдік қатынас арқылы ұжымдық топтар пайда болады, ол топтар қоғамды құрайды. Осының нәтижесінде адам әр түрлі ғылым салаларынан өзіне қажетті ақпараттарынан хабардар бола алады. «Тіл мәдениет пен өркениетті құрайтын элементтер жиынтығын бір-бірімен тығыз байланысты белгілер жүйесі арқылы жеткізуші міндетін атқарады. Тіл мәдени белгілерді таратушы, оларды дүниеге әкелуші. Тіл үнемі олармен бірге дамиды. Тіл арқылы ұжымдық қатынастар, көзқарастар жүзеге асады»,- дейді Г.Снасапова [5,15].

Халқымыздың мәдениетінің қайнар бастаулары сан ғасырлық тереңдікте жатыр. Ол біздің дәуірімізден бұрын өмір сүрген ру тайпалар мен халықтардың мәдени өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты. Жалпы түркі тектес халықтардың сол кезде жасаған мәдени, әдеби мұралары осы халықтардың бәріне бірдей ортақ қазына болып табылады. Халықтың мәдениет үлгілерін, оның ерекінеліктерін танып-білуде тілдің маңызы зор. Өйткені, тіл үнемі үздіксіз қолданыста жүреді.Тіл саналуан бірліктерден, ұғымдар мен түсініктерден, түрлі сөздердің жиынтығынан тұрады. Ол ұғымдар арқылы мәдениеттің белгілерінің қыр-сыры ашылады, дәлірек айтатын болсақ, мәдениеттің айрықша элементтерін айқындайды. Қоғамда тілді пайдаланудан мәдени құндылықтар ерекшеліктерімен танысамыз. Біз зерттеп отырған Қ.Ясауидің «Диуани хикметі» тіл мен мәдениет байланысының бір көрінісі. Олай дейтініміз, Ясауи мұрасы суфизм бағытында жазылса да, бастан - аяқ Аллаға құлшылық ету жолдарын дәріптесе де, ұлттық дүниетанымның бейнесін ашып, үлттық дүниені тану ерекшелігін, мәдениеттің айрықша формаларының қабаттарын айқындайды. Мәдениеттегі адамның бойында қалыптасқан мінез-құлық пен дарабоз қасиеттердің бағалануын қарастырады. Өйткені, Ясауидің хикметтері - ұлттық мәдениеттің қайталанбас құбылысы. Ол өзінің тілі арқылы ұлттық дүниетанымды қалыптаструмен қатар, дүниенің көркем бейнесін сомдай білді. Ясауи хикметінде қолданылған бірқатар сөздер қолданыстан шығып қалған. Мұның өзі тіл мен мәдениеттің өзара байланыстылығының куәсі. Бұл-қазіргі таңда тарихи-мәдени ақпараттардың жаңғырғандығының дәлелі. Тіл мен мәдениеттің үздіксіз дамып отыруының әсерінен Ясауи шығармасының мәтініндегі біршама ұғымдар қазіргі уақыттағы дүниенің бейнесіне сай келмейді. Енді мәтін деңгейінде қолданыстан шығып қалған сөздерге тоқталсақ, олар: «учмағ», «ариғ», «нүчук», «түпүғ», «ал» т.б. Зерттеуші ғалым В.Маслованың тіл мен мәдениет сабақтастығы мәселесі бойынша айтқан мына пікірін көп ғалымдар дұрыс тұжырымдама деп есептейді: « Язык теснейшим образом связан с культурой: он прорастает в нее, развивается в ней и выражает ее» [6,9].

Жеке тұлға жан-жақты мәдениетті болуы үшін ең алдымен біртұтас дүниетанымы  болуы  керек.  Ал  ол дүниетанымды  қалыптастыру үшін халықтың жасаған мәдениетінің орны ерекше. Өйткені, халық жасаған дәстүрлі мәдениеттің тамыры тереңде жатыр. Ол сан ғасырлар бойы жинақталған рухани байлықтың қайнар көзі. Осы көл-көсір қазына байлық тілдің күшімен талан-таражға түспей біздің дәуірімізге жеткен.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. - М:1987.

2. Ислам  А.  Ұлттық  мәдениет  контексіндегі  дүниенің  тілдік суреті. Фил.ғыл.док.диссер.авторефераты. - Алматы, 2004.

3. Кеңесбаев І. Іздеген жетер мұратқа. // Білім және еңбек. - Алматы, 1985 ж. №10.

4. Манкеева Ж.А. Қазақ тілінің заттық мәдениет лексикасы. Фил.ғыл.док. диссертациясының авторефераты. - Алматы, 1997.

5. Снасапова Г.Ж. Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі лингвомәдени бірліктер. Фил.ғыл.кан.дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. - Алматы, 2003.

6. Маслова В.А. Лингвокультурология. -М: 2001.