Байқоңыр қаласы
Исалдаева Айжан Тасқынбайқызы
К.К.Токмұхаметов атындағы
№ 14 жалпы орта мектебі
әл-Фараби мен Абайдың ортақ көзқарастары
Бүгінде шын
мәніндегі профессионалды әдебиетке айналып,
дүниежүзілік көлемде танылып отырған қазақ
әдебиетінің даму тарихына көз жіберсек, өсу,
өркендеу жолы қызу түрдегі пікір таласының
үстінде қалыптасып келе жатқаны белгілі. Әлемдегі
әрбір ұлт өз тарихында болған ғұламаларын
құрметтеп, рухани бай дүниелерін
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге міндетті. Әр
ғасырда, әр дәуірде өзіндік орны бар, ғылым мен
білім жолында өшпес ізін қалдырған тұлғаларымыз
аз емес. Ал қанша ғасырдан кейінгі аралықтағы екі
ғұламаның философиялық тұрғыда
үндесіп, ой сабақтастығының жалғасуы ұлылар
арасындағы сабақтастық
дер едік.
Әлем
таныған ғұламаларды туғызған елге олардың
даңқы тек атақ үшін қажет емес.Халық
өзінің ұлы адамдарының өсиеттерін негізге ала
отырып, қоғамдық құрылымы мен әлеуметтік
жағдайын, адамдардың өмір сүру деңгейін,
бостандық пен демократия принциптерін және тағы басқа
жоғары адами құндылықтарды жаңартып, дамытып
отыруға қол жеткізеді. Қазір біржақты
«пролетарлық материализмнен» бас тартқан кезде, алдыңғы
қатарға ұлттың интеллектуалды потенциалы мен
қауымдасып өмір сүру қабілеті алдыңғы қатарға
шықты, сондықтан, қазіргі заманның бірден-бір сипаты
деп сананың ролінің артқандығын, ғылым мен
білімнің, озық технологияның, саяси көрегендік пен
адамгершілік қатынастардың бағасы артқандығын
айтар едік. Бұл дегеніміз - «Сана - адамдардың өмір сүруі үшін
қажет материалдық негізді жасаушы, оны айқындаушы» деген
қағиданы толық мойындау болып шығады.
Сананың
рөлі артқан сайын, ұлы ойшылдардың мұрасына деген
сұраныс та арта бермек. Ол-философия тарихына қатысты мәселе.
Себебі, философия тарихы-таңғажайып құбылыс. Кез келген
басқа ғылымда философия тарихындай тарих болмақ емес.
Философия тарихы дегеніміз адамзат білімі тарихының классикалық
формасы және өзі де аса бай тарих. Қазіргі жаһандану
процесі халықтар мен мәдениеттер арасын жақындата
түсуде. Әлемде
ақпараттық технологияның дамуы бұл процесті одан
әрі жылдамдата береді. Әлем «өзі тудырған күрделі
мәдениетті өзі игере алмай жатқан»
қомағайға айналды: әлемдік мәдениет пен
ақыл-ой бояуы бай, әр халық пен ұлттардың,
мемлекеттердің, ғылым мен білімнің, ойшылдардың
бірлескен еңбегінің түрлі-түсті палитрасы десе болады.
Солардың қатарында әлемдік философиялық
мәселелерді көтерген қазақ ойшылдары да бар: олар -
Әл-Фараби мен Абай. Қазір біздің ұлтымыз үшін
бұл есімдер құр мақтаныш болмауы тиіс. Себебі, олардың
ілімі ұлт шеңберінен шыққан, бүкіл
адамзаттық мәселе дәрежесінде тұр. Сондықтан
қазақ ұлты бүкіләлемдік мәдени диалогта
Әл-Фараби мен Абай ілімін, олардың есімдерін алға тарту
арқылы әлемге өзінің ұлттық интеллектуалды
потенциалын, ұлттық философиялық рефлекциясын танытуға
ұмтылады десек қателеспейміз. Біз үшін осы екі
ойшылдарымыздығ интеллектуалдық биігі мен олардың
дүниежүзіне танымалдығы аса маңызды.
Ұлы Абай
өмір бойы дүниеден жиып-терген ой-нәрін туған
халқына бағыттағанда үнемі әділет пен ақылдың
тегеурінді тезіне салып, сыншыл ой елегінен өткендерін ғана
ұсынуды мақсат тұтқан.
Әділет пен
ақылға
Сынатып көрген,
білгенін,
Білгізер
алыс-жақынға
Солардың
сөйле дегенін,-деп, өз шығармаларында нәр татқан
рухани бұлақтар төркінін жасырмайды. Оның:
Ғылымды іздеп,
Дүниені
көздеп,
Екі жаққа
үңілдім,- деп қайырыла ескертуінде терең сыр жатыр.
Яғни Абай
дүниетанымының белгілі дәрежеде бастау алар рухани
көздерін тануда осы өлең жолдары-ақын мұрасын
зерттеушілерді бірден-бір дұрыс бағытқа сілтер
темірқазықтай адастырмас нысана.
Абай-өзі
жасаған заманы үшін «Ауыр ойды арқалап» ауырған жан.
Сондықтан оның рухани болмысын терең танып білу үшін,
ақын сілтеп отырған «екі жаққа» яғни Батыс пен Шығыстың
рухани ой қазыналарына барынша терең бойламайынша, оларды екшеп
сусындаған ақын ойының соқпақтарымен жүре
отырып зерттемейінше, көздеген нысанаға дәл жету
қиын-ақ. Бірақ, бұл тәрізді бүкпесі мен
бұлтарысы мол, тұнып тұрған ой орманына
тәуекелмен қадам басқанда, ең сенімді төте жол -
Абай шығармаларында сараланатын ой төркіндерін терең танып,
меңгеріп алуда жатыр.
XI ғасырдан
бізге жеткен бірден-бір әдеби мұрамыз «Құтадғу
білікпен» Абайдын таныстығы жайында нақты жазба дерек бар, ал
әл-Фараби еңбектерімен таныстығы жөнінде әзірше
нақты мәлімет қолда жоқ. Дегенмен, әл-Фараби
еңбектерін Абай білген деген пікірді ертеректе профессор
Ғ.Сағди: «...философияға, даналыққа зор мән
берген Абай Әл-Фараби, Ибн-Синалармен таныс болумен бірге осы
ғақылиялар кітаптарынан да мағлұматы бар еді,»-деп атап
көрсеткен болатын.
Шындығында
әл-Фараби мен Абай шығармаларындағы пікір
сабақтастығын, ақын шығармашылығының
нәрлі рухани көздерінің түп-төркіндерін
іздегенде, біздіңше, алдымен екі ойшыл айтатын «жан қуаты» немесе
Абайдың өз сөзімен атасақ, онын «өзін
танымақтық» жөніндегі көзқарасына айрықша
назар аудару қажет болады.
Адамзат тарихында
ғылыми ойдың үздіксіз даму барысында «өзін
танымақтық» немесе «жан қуаты» туралы ойлардың
қалыптасу жолдарын танып білу күрделі мәселеге айналып, о
бастан-ақ қарама-қарсы көзқарастар өріс
алды. Адамның «өзін танымақтық» жөніндегі
ілімнің бастапқы қадамы көне дүние
филиософтарынан қалыптастырған Әл-Фараби еңбегі ерекше
көзге түседі. Соңыра бұл жолды ғылым
саңлақтары: Ибн-Сина, Ибн-Бажа, Ә.Науаи,
Ғұламһи Дауани, Жүсіп Қарабағилар
жалғастырған.
Адамның
«өзін танымақтық» жөніндегі Абай шығармаларында
мол таратылған пікірлердің түп-төркіні осы
ғалымдар еңбегіндегі ойға барып ұштасады, жалпы
«өзін танымақтық» немесе «жан қуаты» жайлы
күрделі ой сарабына қазақ топырағында арғы
заманда Әл-Фараби, соңғы дәуірде Абай ғана
терең барлап барған тәрізді. Абай өлеңдері мен
қарасөздерінде жан қуаты жайлы ой толғауында: «жан
құмары», «жанның
жибили қуаты», «жан
қуаты»,
«жанның азығы» т.б.
осы іспеттес философиялық
сарындағы ойларын таратқанда: «Жан қуаты деген қуат бек
көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт
сыйғызбайды,»-деп айрықша ескертуінде белгілі себеп те бар.
Бұл пікірде Абайдың «өзін танымақтығы»
жөніндегі ілімнің арғы-бергі тарихымен толық
таныстығы анық байқалатындығы былай тұрсын,
өз тарапынан таратпақ болған ойларын кең түрде
көсіле жазып, тыңдаушыларына молынан жеткізе алмаған
өкініші де сезіледі.
Жан қуаты
жөнінде әл-Фараби қолданған философиялық
терминдер Абайдың өлеңдері мен 7,17,27,3
8,43-қарасөздерінде сол түпнұсқадағы
қалпында немесе қазақы ұғымға сай балама
сөздермен төлеу сала берілуі кездейсоқ құбылыс
болмаса керекті. Абай Батыс, Шығыс философтарының термин
сөздерін қаз қалпында қолдана бермей, кейде тыңдаушыларының
ұғымына, ой өрісіне лайықтап, ана тілімізде баламасы
бар сөздермен батыл ауыстырып отырған кездері де бар.
Әл-Фараби «Ізгі
қала тұрғындарының көзқарастары туралы
трактат» деген еңбегінде адамның өзін танымақтығы
жөнінде айтылатын ойларында: «өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам
жаны» деп жүйелейді. Адам жанына оның ішкі және сыртқы
сезім мүшелеріне талдау бергенде де, жүрекке үнемі шешуші
мән беріп, ерекше даралай көрсетіп отыратыны бар. әл-Фараби:
«Жүрек басты мүше, мүны тәннің басқа
ешқандай мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл
да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші
емес,»-деп, жүрекке шешуші мән бере қараса, осыған
сәйкес ой Абайда да: «сен үшеуіңнің басыңды
қоспақ менің ісім депті. Сонда билеуші жүрек болады.»
бұдан екі ұлы ойшылдың да жүрек жөніндегі
танымдарының негізі бір екенін, тек баяндау түрі басқаша
берілгенін көреміз. Екеуі де өз танымдарында жүрекке шешуші
мән-мағына берумен қатар, оны бүкіл ізгілік,
рақым, шапағат атаулының шығар көзі, тұрар
мекені деп біледі, Абай көп көңіл бөлген мораль
философиясы да осы танымға негізделген.
әл-Фараби жан
қуатын: қозғалттыратын қуат, танып білетін қуат
деп екіге бөледі. Ал адам бойындағы танып білетін
қуаттың өзін ішкі және сыртқы жан қуаты
ретінде қарастыратыны бар. әл-Фарабидегі бұл танымдарды да
Абай шығармаларынан көптеп ұшыратамыз. Бұл,
әсіресе, Абайда арнайы сөз болатын хауас жайындағы ой
толғаныстарында молырақ көрініс береді. Абайдың
7,17,27,38,43 қарасөздері мен «Алла деген сөз жеңіл»
дейтін өлеңінде әл-Фарабиде сараланатын ішкі және
сыртқы сезім мүшелері де сол тұрғыдан сөз
етілетіні байқалады.
Абайдың
38-қарасөзінде арнайы сөз болатын: Алланың
бойындағы сипаттарына байланысты айтылатын кәмәлат
ғазамат немесе Алланы тану жайлы пікірлері мен Әл-Фарабидің
«Философиялық трактаттарында»
оның бірінші тұлға туралы деген тарауағы ойлары
салыстыра зерттеуді, ондағы пікірлердегі іліктестіктерді аша түсуді
қажет етеді.
Абайдағы
«адамды танымақтық» деп өз алдына сараланатын
ұғымдардың түп-төркіні де Аристотельдің
«Жан туралы» атты еңбегі мен Әл-Фарабидің «Ізгі қала
тұрғындарының көзқарасы туралы
трактатындағы» жан туралы танымына саяды. әл-Фарабидегі жан
қуаты жайлы ұғымдар психологиялық
құбылыстардың баламасы ретінде сөз етілсе,
Абайдың жан қуаты жөніндегі ойлары да осы
тұрғыдан баяндалып отырады. әл-Фарабидің адамның дүниені танып біліп
қуатына ерекше мән бере қараған негізгі ой
желілері Абайда арнайы сөз
болатын хауас, хауаси
хамса заһири, хауас сэлим ұғымдарымен тікелей
сабақтасып, келетін түбірлі пікір іліктестігінен белгі беріп
жатады.
Аристотельдің
«Жан туралы» деп аталатын еңбегіне берген түсініктемелерінде
Әл-Фараби жан қуаты жөнінде өзіндік соны ойлар желісін
таратқанда, оларды өсімдік жаны, хайуан жаны, адам жаны деп
үшке жіктеп өтеді. Ал таным процесін адам жанына тән тума
құбылыс ретінде қараған. Осындай пікір желілерін
Абайдың 7,19,27,38,43-қарасөздерінен де ұшыратамыз.
Жетінші қарасөзінде «жанның азығы» жайында
тоқтала келіп, Абай: «Өрістетіп, өрісімізді ұзартып,
құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл
жанның тамағы еді,»-деп оны жан құмары арқылы
қолға түсетін рухани құбылыс ретінде танытады.
әл-Фараби мен
Абай дүниетанымындағы іліктес пікірлерді сөз еткенде ерекше
назар аударар нәрсе-Әл-Фараби түзген ғылымды
классификациялау принципімен Абайдың таныс болғандығы.
Әрине, Абайдың әл-Фараби жасаған ғылымды
жүйелеудегі принципімен таныстығы жанама түрде
дәлелденіп отыр. Абай 41 қарасөзінде: «...дүниеде
есепсіз ғылымдардың жолы бар. Сол әрбір жолда бір медресе
бар,»-деп, молдығын бір ескертсе, кейде ғылым салаларының
нақтылы атауларын жеке-жеке атап та отырады.
Ал 38
қарасөзінде ғылым салаларын біршама жүйелеу принципі
ұшырасады да Абай ғалым,
хакімдер туралы қозғағанда: «... адам баласының
ақыл пікірін ұстартып, хақ пен батылдықты айырмақтықты
үйреткендігі»,-деп қоғамдық ғылымдарды өз
алдына дербес топтастыратыны бар. Немесе, «Дүниені білмей қалмақтық-бір
зарарлы надандық»,-деуінен табиғат ғылымдары мен
қоғамдық ғылымдарды бірге алып отырғандығы
байқалады. Абай
тарапынан осылайша белгілі дәрежеде жүйеленіп таратылатын
ғылым салаларына көз жүгіртсек, қатысты түрде
болса да, Абайдың ғылымды жүйелеуге қатысы
«л-Фарабидің «Слово о классификаций наук» деген еңбегіндегі
принциптері негізіне өте жақын, бір тектес, үндес келуі кімді
болса да ойландыра аларлықтай дәлел дей аламыз. Өйткені
әл-Фараби ғылымды жүйелегенде 5 салаға бөледі де,
әр саланы жеке-жеке таратып, олардың әрқайсысына
анықтама беріп отырады. Осы таратылған 5 саланың екінші,
төртінші, бесінші бөлімдері және онда қамтылған
ғылым атаулары түгелдей болмаса да Абай шығармаларында
негізінен бар салалар.
Жоғарыда
айтылған пікірлерден шығатын түйін әл-Фараби
еңбектерінен Абайдың хабары болғандығы
күмән тудырмайды. Осы себепті, Абай шығармаларының
нәр алған бастауларының бір төркінін әл-Фараби
бастаған мектептен іздеу Абайтану алдына қойылып отырған
уақыт талабы.
Сонымен қорыта
келе негізгі мақсатымызға тоқталсақ:
1. әл-Фараби
мен Абай шығармаларын әр түрлі көлемде топтастырып
жариялау, оларды бірте-бірте толықтыру жолымен бұл
мұраның тұрақтана бастаған
түпнұсқасын туған халқына, дүниежүзі
тілдеріне аудару арқылы тану;
2. Бүкіл
әлемге танылып отырған әл-Фараби мен Абай шығармаларын
арнайы зерттеу нысанасына алып, түрлі ғылым саласында да зерттеу
жұмыстарын қатар жүргізумен бірге ол мұра
жөніндегі әрқилы деректер көзін де жинастырып,
молықтыра беру.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
1. « Абайдың қарасөздері». - Алматы, 2008.
2. Машанов А. әл-Фараби
және Абай. - Алматы, 1994.
3. Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының
жұлдыздары. - Алматы, 1995.