Қабул О. Қ.
аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Қазақстан, Қостанай қ.
ДІН БІРЛІГІ – ҰЛТ БІРЛІГІ
Егемендікке
қол жеткізгенге дейін қазақ халқы қаншама
қиындықтарды басынан кешіріп, қатал саяси езгілерге
ұшырап, сол кезеңдерде-ақ білектің күшімен, ақ
найзаның ұшымен тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Бүгінде
Қазақстан егемен, ешкімге бодандығы жоқ
тәуелсіз, өзінің рухани
құндылықтарымен, мәдени мұраларымен, ерекшеленетін
әлем қызығарлық мемлекет болып қалыптасты. Қай
елді алсақ та оның елдігін танытатын өзіндік белгісі, баға
жетпес байлығы – тілі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары
болады. Сол сияқты ана тіліміз – қазақ тілі, дініміз – Ислам,
өзіндік әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз өз
алдына ерекше. Ендігі кезекте сол ұлттық
құндылықтарды сақтау әр азаматтың Отан
алдындағы борышы болса, ал олардың қазіргі ахуалы барша
жұртшылықты толғантатын мәселе. Қазақ
елінің діні әлемдік діндер қатарынан табылған, адамды
ізгілік пен мейрімділікке, адалдыққа, адамгершілікке, баршамызды
Алланың ақ жолынан тайдырмай, харам жолдардан алыстатуға
тырысатын – Ислам діні. Жалпы дінді адамды рухани жағынан байытатын, барша
адамзатқа теріс әдеттерден арылып, шексіз мейрімділік пен махаббат
силайтын ғылым деп айтуымызға әбден болады. Дін –
мәңгілік, дін бірлігі – ұлт бірлігі. Халықтың
рухани тарихи өмірінің негізіне айналған дінді зайырлы
мемлекет ашық қолдайды. Бірінші кезекте біз діни бірлікті өте
мықты ұстауымыз шарт, өйткені діни бірлік болмайынша
ұлттық бірлік болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап
айтқанындай: "...бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат.
Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде
болмасын Құдайдың сөзіне деген ашықтық.
Бұл – Қазақстандағы конфессияаралық
келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге
өзіміздің толеранттығымызбен, ұлтаралық,
конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық.
Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық
әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға,
дамуға тиіс". Ислам, христиандық және иудей
діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік
құндылықтары ұлтаралық және конфессияаралық
келісім мен татулықты орнықтырудағы маңызы ерекше. Олар
қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен
түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді.
Қазақ халқының мәдениеті мен руханиаты ислам
өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі. Елімізге
ислам діні күшпен емес, бейбіт жолмен енді. Сондықтан
дініміздің қазіргі және келешектегі ахуалын ойласақ
дініміздің өзге ағымдар жетегінде кетпеуін мемлекет тарапынан
қадағалап отырғанымыз дұрыс.
Қазақстанда
өткен ғасырдың 90-жылдарынан кейін жаңа діни
қозғалыстар, ұйымдар мен культтар пайда болып, олардың
қоғамға ықпалы арта бастады. Батыста оларды «жаңа
діндер» деп атау орныққан. Олардың басым көпшілігі XX ғасырдың
70-80-жылдары пайда бола бастады. Бірқатар зерттеушілердің
пікірінше олардың саны әлемде 1500-ден 5 мыңға дейін
жетеді. Бұлардың ішінде қоғам тыныштығына
қатер төндіретін деструктивті (керітартпа) діни ұйымдар мен
лаңкестік топтар да бар. Ондай діни ұйымдардың миссионерлері
баратын елінің, халқының тілін, тарихын,
әдет-ғұрпын, мінез-құлықтары мен
психологиясын зерттеп, өз қызметтерін табысты атқаруда
белсенді жұмыс жүргізеді. Олар өз ілімдерін жаюға,
қатарын көбейту арқылы ірі орталық ретінде
орнығуға, беделді күшке ие болуға тырысады. Діни
сарындағы деструктивті ұйымдар мен олардың негізгі белгілері.
Адам мен қоғам өміріне қауіпті діни сарындағы
ұйымдар арбауына түспеу үшін әркімнің
дәстүрлі діндер негізін жақсы білгені жөн.
Өйткені бұндай ұйымдар өз істерін жоспарлы, алыс
мақсатқа ұйымдастырып жүргізеді. Жалпы бүкіл
адамзатты «бір ғана ақиқатқа» мойындатқысы
келетін діни ағымдар өкілдерінің әрекеттері
жан-жақты ойластырылады. Арнайы жүйе құрып, оларды
том-том кітаптармен негіздейді. Бұлардың қолданатын амалдары
да алуан түрлі болады. Сөзге шешен, уәжге шебер келеді.
Адамның мінез-құлқын тап басып танып, соған сай
нандыру амалдарын қолдана біледі. Мысалы, өз қатарларына
адамдарды тарту үшін бастапқыда мұндай ұйым
өкілдері бауырмашыл, жылы сөзді, иман жүзді болып
көрінеді де, тарту-таралғымен еліктіріп, өз қатарына
қосып алғаннан кейін бірте-бірте өз талаптарын таңа
бастайды. Сөйтіп, адамадар оладың құрсауына қалай
шырмалып қалғанын да сезбей қалады. Сондықтан да ниеті
бөлек, пиғылы жат мұндай ұйымдардың
ықпалына түспеу үшін олардың негізгі белгілері мен
ерекшеліктерін айыра білген жөн. Діндер арасындағы сан алуан
айырмашылықтарға қарамастан олардың мынандай ерекше
белгілерін атауға болады: бірінші – ұйымдастырушылық
ерекшеліктері; екінші – кадрлар тарту ерекшеліктері; үшінші – ілім беру
ерекшеліктері.
Бірінші мәселе
бойынша мынадай жайттарды ескеруге болады: бір орталыққа байлану,
қатаң заңдарға бағыну, жанқиярлықпен
үгіт-насихат ісін жүргізу, ұйымдастыру, бәрін бір
тәртіпке бағынуға көндіру, ұйым
мүшелерінің табысынан үнемі белгіленген мөлшерде
үлес алу және т.с.с.
Екінші, кадрлар
тарту немесе жақтастарын көбейту мәселесінде мынадай
ерекшеліктер байқалады: қатарына қосылған жаңа
адамдарды аз уақыт ішінде өз ілімдеріне үйрету, онымен
жекелей психологиялық жұмыстар жасау, ілімін еш
сұрақсыз, ешқандай түсіндірусіз қабылдауды талап
ету, қатарларынан кетпеу үшін бар күштерін салып ұстау,
рәсімдерін, культтерін бұлжытпай орындауды талап ету, ерікті
істерге тыйым салу және т.с.с.
Үшінші,
ілімдеріндегі ерекшелік ретінде мыналарды атауға болады: нақты
догматтардың, діни құлшылықтардың болмауы немесе
жүре қалыптасуы, жекелеген адамдардың түсінігіне,
пікіріне, қоғамдық санаға тез лайықталуы,
әр діннің құндылықтарын қажетінше алып, қалауынша
теріс көруі, оларды өзара араластыруы, ілімдерінің тым
қарапайымдылығы немесе тым күрделендірілуі,
эклектиканың (дәйексіз пайдалану) басым болуы, ілімдерінің
адам ақылына әртүрлі
мифтермен, аңыздармен немесе қарапайым мысалдармен ғана
түсіндірілуі, ілімдерінде символдардың, әртүрлі
белгілердің шамадан тыс көп болуы, ғылыми немесе
тәжірбиелік нәтиже, тұжырымдардан ада болуы және т.б.
Бұндай діни
ағымдардың қатарына тартудың мынадай ерекшеліктері де
бар: Сіз қауымның басты назарындағы өте қажет
адамсыз, мақтауға лайық, қауымның
сүйіспеншілігіне бөленген, Құдайдың таңдауы
түскен жансыз. Сондай-ақ, бақытсыздықтан
бақытқа жеткен, қараңғылықтан
нұрға шыққан, адасушылықтан тура жолға
түскен, болашақта үлкен іс күткен жансыз. Сіздің
ұстанған іліміңіз, дініңіз, жолыңыз ешкім
ұстанбаған, таппаған, жүрмеген, білмеген жаңа
ілім, жаңа дін, жаңа жол. Деструктивті ұйымдар
құрсауына тән белгілер. Деструктивті тоталитарлы діни
ұйымдарға төмендегідей белгілер тән:
- Бірінші,
дәстүрлі діндерге дұшпандық көзқарас,
яғни ілімдеріне, негізгі ұстанымдарына қарсы келу;
- Екінші,
дәстүрлі діни ілімдерді өз ыңғайына бұра
тарту, теріс түсіндіру, бір ғана адамның іліміне тастай
жабысу;
- Үшінші,
адамның ішкі жан дүниесіне емес, сыртқы келбетіне,
түріне, жынысына, нәсілі мен ұлтына үлкен мән
беру;
- Төртінші,
сырттай керемет болып көріну. Әдетте, бұндай ұйымдар
ресми түрде ең ізгі мақсаттарды ғана жариялайды;
- Бесінші,
қауым мүшелерінің бойында «культтық менталитет»
қалыптастыру үшін сананы бақылау құралдарын
пайдалану, өз өкілдеріне қауымға жаңа
мүшелер тартуды міндеттеу.
Дін танушы мамандар
деструктивті діни ағымдарға тән жоғарыда аталған
белгілерге қосымша төмендегілерді бөліп көрсетеді:
- Діни
ұйымның басшылығының құпиялылығы.
Ұйымның төменгі сатысындағы адамдар оларды толық
біле бермейді;
- Ұйым немесе
қоғам жайлы мағлұматтарды аса құпия
ұстау;
- Шектен тыс
қатаң тәртіп;
- Жалпы ұйым
мүшелерінен тыс құпия адамдардың, ритуалдардың,
культтардың болуы;
- Ұйым
мүшелерін қанау;
- Діни
ағымның құрығына түсіп қалған
туысын кері қайтармақ болған адамдарға
психологиялық тұрғыдан қысым жасау, күш
көрсету.
- Жабықтық,
өз жақтастары мен пікірлестерінен басқа ортадан
оқшаулау;
- Өз
мүшелерінің санасы мен мінез-құлқына
бақылау орнату, басқа адамдарға, туыстарына қатысты
теріс түсінік қалыптастыру;
- Елдегі
көшбасшы, беделді тұлғаларды мойындамау;
- Дәстүрлі
діндер мен ұлттық рухани құндылықтарға
теріс қарым-қатынас көрсету, оларды жоққа
шығару;
- Діни
ұйымға кірмеген адамдарға түсініксіз сөздерді
қолдану, арнайы сөздік түзу (культтық тілі болу).
Деструктивті діни
культтардың ықпалына түскен адамдарды қалай
айыруға болады? Деструктивті діни культтардың ықпалына
түскен адамдардың бойында мынадай типтік белгілер кездеседі:
- Араласып
жүрген адамдарына, отбасына, достарына, кәсібіне
қарым-қатынасының өзгеруі;
- Діни
тақырыптқа әсіре әуестенушілік;
- Отаншылдық
сезімге, өз елінің төл мәдениетіне,
салт-дәстүріне, ата-бабасына мысқылдап қарау,
үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден қалу;
- Ата-бабасына
бағынбау, істерін теріс көру;
- Өзіне
тән емес бөтен және оқшау пікірлер айтып, оғаш
қылықтар көрсету;
- Еш себепсіз
үйінен жиі кетіп қалу;
- Үй
кітапханасындағы әдебиеттердің орнын басқа
сипаттағы кітаптармен толықтыруы;
- Тамақтану
тәртібінің бұзылуы;
- Өзінен-өзі
тұйықталу.
Әрине, осында
аталған бірқатар теріс белгілердің ешқандай
бүлдіргілік сипаттағы діни ұйымдырға қатысы
болмауы да мүмкін. Күнделікті тұрмыста кездесуі
ықтимал. Дегенмен, сақтықта қорлық жоғын
ескерген орынды болмақ. Бұндай діни ағымдардың зардабы
қандай? Бұндай ағымдардың ілімдері көбіне адамды
өзгелерден дара, пәк, артық сезінуге әкеп
соқтырады. Нәтижесінде ондай ілім ұстанушы
психологиялық ауытқуларға, рухани мерездерге ұрынып,
қоғамнан, ортасынан ажырауға, тіпті өзінің
жанұясынан, туған-туысынан аластауына әкеп соқтыруы
мүмкін. Мұндай жағдайда тек дін ұстанушы ғана
емес, отбасы, жолдас-жорасы, ата-анасы, бауырлары, тіпті қоғам
зардап шегеді. Осы тектес діни ағымды ұстанушылар, көп
жағдайда, отбасынан бөлек, арнайы үйлерде тұрады,
туыстары мен жақын адамдарынан қарым-қатынастарын үзеді.
Сыртқы әлемнен оқшауланып, көбіне, ұйым
мүшелерімен ғана қарым-қатынас жасайды. Деструктивті
діни ағымдардың қатарына жаңадан енген адамның
санасына ықпал жасау үшін түрлі психологиялық
тәсілдер де қолданылады. Бұлардың ішінде гипноз,
медитация, бір сарынды мінажат ету, т.б. тәсілдер кездеседі.
Өкінішке орай,
бұндай ұйымдар адам санасында бақылау жасауда тыйым
салынған әр түрлі психотехнологияларды да пайдаланады.
Бұл олардың денсаулығына да кері әсерін тигізеді.
Жалпы, дін
нәсілге, ұлтқа бөлінбейді. Діни-рухани фактор
этникалық немесе нәсілдік фактордан анағұрлым
күшті болатынын тарихи тәжірибе дәлелдеп отыр. Қазіргі
кезде дін орындарының қызметкерлері жастармен кездесіп адамгершілік
тақырыбына, діннің тарихына, мәдениетіне тоқталып,
әңгіме өткізіп, сұхбат беріп жүр. Білім
және ғылым министрлігінің мектептерге дінтану пәнін
енгізу туралы шешімі діннің қоғамдағы орнының
маңызды екендігін сезінгендігі деп түсінуіміз керек. Ол үшін
осы шешімді шығаруға мұрындық болған,
діннің қоғамдағы орнының ауқымды екендігін
тиісті орынға жеткізе білген азаматтарға алғыстан басқа
айтарымыз жоқ. Алайда бұл мәселенің басы ғана
екендігін ескеруіміз керек.