Құрылыс кәсіпорындарының сапа менеджменті жүйесіне сәйкес қызметі

                                                   э.ғ.к. Өтегенова К.А., магистрант Жусупов А.М.  

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемелекеттік университеті,

Қызылорда қаласы,

Қазақстан Республикасы 

 

Нарықтық экономикада қызмет ететін фирмалар сапа менеджменті саясатын  жасауда, тек шығарылған өнім мен қызмет сапасы емес, оны әр бір жеке жұмысшыға қатыстырып жасайды. Сапа саясатында нақты фирмаға тиесілі нақты сапа стандарттары бекітіледі. Белгіленген сапалы тауар, белгіленген уақытта,  белгіленген көлемде, қолайлы бағамен тұтынушыға жеткізілуі тиіс.

Сапа өндірістің барлық деңгейлеріндегілердің қосындысы болуы қажет және тұтынушының жақсы ұйымдастырылған өндіріс менеджментіне бағытталуы қажет.

Сонымен өнім сапасын қамтамасыз ету дегеніміз осы талаптарды бір – бірден жүйелі түрде орындай отырып, сапа талаптарына сай өнім жасау.

Құрылыс жүргізуші кәсіпорындардың қызметін дамыту мәселесін анықтауды зерттеу барысында сыртқы орта тарапынан болтын бәсекелестіктің қатаң талаптары маңызды орын алды. Өйткені, даму стратегиясын таңдаған әрбір кәсіпорынның болашақта қызмет ету тиімділігін және даму динамикасын айқындайтын жеткілікті дәрежеде бәсекелестік потенциалы болуы керек. Оның ішінде, құрылыс саласының бәсекелестігі неғұрлым қатаң және ол бәсекелестер санымен, саланың табысымен, салаға кірігу бөгетінің шамасымен, салалық бәсекелестердің нарықтық үлестерінің қатынасымен анықталды. 

Сонымен, құрылыс жүргізу өндірісінің дамуына әсер ететін факторларға: құрылыс өнімі мен қызметінің сапасы, инновациялық потенциал, сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру, инвестициялық тартымды ахуал, материалдық, қаржылық, еңбек және басқа да өндірістік ресурстар, өнімді жабдықтау және өткізуді рационалды ұйымдастыру, құрылыс кәсіпорындарындағы еңбеккерлерді әлеуметтік қолдау жатады.

Құрылыс өнімінің жоғары сапасы деп - ғимараттың иеленуші үшін экономикалық жағынан тартымдылығы, тұрғындардың жайлы тұрмысы мен қауіпсіздігі, сонымен қатар ресурстарды үнемді пайдалану мен қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы.

Экономикалық дамудың қазіргі қарқыны құрылыстың  қауіпсіздігіне, уақытылы тапсырылуына, сапасына  қатаң талаптар қояды. Құрылыс жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасымен, техникалық реттеумен, мемлекеттік стандартпен, нормативті құжаттармен, құрылыс ережелерімен талап етіледі. Жоғары дәрежедегі қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бағытында серіктестік ИСО 9001-2001 Сапа менеджменті жүйесі халықаралық стандартымен  сертификатталды.

2013  жылдың  қорытындысы бойынша өңірдің 117  кәсіпорнына  менеджмент  жүйесін  енгізді, бұл  өткен  жылдың  осы  кезеңімен  салыстырғанда  6,9 %  артық. Оның  ішінде  салалар  бойынша: құрылыс  материалдары  мен  құрылысқа – 78, мұнайхимиясына – 12, металлургияға – 1, тамақ  өнімдері  технологиясына – 1, агроөнеркәсіптік  кешен мен  ауылшаруашылығына – 4, көлікке – 2, жеңіл өнеркәсібіне – 1. Қызмет  көрсететін  кәсіпорындар  бойынша: басқа  қызметтер – 8, ақпараттық коммуникация – 1, денсаулық сақтау – 1, білім беру – 1. Облыста  экспорт болжанған 4  өнеркәсіпке  менеджмент  жүйесі  енгізілген, бұл  өткен  жылдың  осы  кезеңімен  салыстырғанда  100 % құрайды [1].

Бейімделу  және  техикалық  регламенттер мен стандарттарды  енгізу  мәселелері  бойынша  дөңгелек  үстел  отырыстары  өткізілді. Облыс  әкімінің  сайтына  техникалық  реттеу  мәселелері  бойынша  ақпараттар  енгізілген. Кәсіпорындарда  менеджмент  жүйесін  енгізуге  әрдайым  мониторинг  жүргізіліп  отырады.

Ай  сайын  ұйымдардан  мемлекеттік  стандарттарға  тапсырыстар  түседі, бұл  тапсырыстар  АМК «КазИнСт»  жіберіледі, әзірге  өнеркәсіптердің   мемлекеттік  стандартқа  сұранысы  5% -ға көбейді. Өнеркәсіптердің   халықаралық  стандарттармен  үйлестірілген  мемлекеттік  стандарттарға  сұранысы  өсті, атап  айтқанда,  менеджмент  жүйесі, құрылыс  өндірісі, металлургия, машинажасау, энергетика  және  т.б.

Аймақтағы құрылыс кәсіпорындарының қызметіне заманауи нарықтық қатынастар қатаң талаптар қояды. Талаптардың ең негізгілері құрылыс өнімінің қауіпсіздігі, сенімділігі, уақыттылығы және сапалылығы. Құрылыс кәсіпорындарының қызметіне қойылатын талаптар ҚР заңнамаларымен, техникалық реттеулермен, халықаралық келісімдер және келісім-шарттармен, мемлекеттік стандарттармен, нормативті құжаттармен, құрылыс ережелері және нормативті актілермен, жұмыс және қызметті орындау және жеткізу туралы келісім-шарттармен, сондай-ақ кәсіпорындар мен фирмалардың сапа менеджменті жүйесі туралы ішкі нормативті құжаттарымен реттеледі [2].

Құрылыс кәсіпорындарындағы жобалау-сметалық, техникалық және келісім-шарт жасау бөлімдері ҚР заңнамалары мониторингінің орындалуына, нормативті құқықтық актілердің және нормативті құжаттардың жүргізілуіне бақылау жүргізеді және жауап береді.

Келісім-шартта көрсетілген талаптардың орындалуы мен қадағалануына директор, өндіріс бойынша директордың орынбасары және бас инженер жауап береді. Ал, ішкі нормативтік құжаттармен бекітілген сапа менеджменті жүйесінің талаптары мен кәсіби қауіпсіздікке құрылыс кәсіпорындарының барлық басшылары мен еңбеккерлері жауапты.

Құрылыс саласы қызметінде неғұрлым жоғары сапалық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін аймақтағы «Құрылыс KZ» Акционерлік қоғамы, «Мелиоратор» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жабдықтау» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Асар Құрылыс» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «РМЗ - Шапағат» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және т.б. құрылыс кәсіпорындары СТ РК ИСО 9001 – 2009 сапа менеджменті жүйесімен қызмет жасауда.

Мысал ретінде, аймақ құрылысында өзіндік үлесі бар «Құрылыс KZ» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне тоқталамыз. Кәсіпорын Қызылорда облысындағы құрылыс индустриясы саласындағы тәжірибелі және алдыңғы қатарлы кәсіпорын. Серіктестік өзінің іс-қызметін Қазақстан Республикасы заңнамаларына, Жарғысына негізделе отырып атқарады және елімізде отандық кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуының іске асуына елеулі үлес қосуда.

Құрылыс саласын бұдан әрі дамыту үшін:

- мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың Бас схемасының тұжырымдамасы  мен жобасын әзірлеу; 

- өңірлер аумағын қала құрылыстық жоспарлаудың кешенді схемасын және елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуді қамтамасыз ету;

- республикалық деңгейде мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жасау және облыстық және базалық деңгейде жасауды аяқтау керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ержан БАЙТІЛЕС. Құрылыс саласының бүгінгі қарқыны.

2 Асқарова Ж.А. Құрылыстағы бәсекелестік және бәсекені қалыптастырушы факторлар // ҚазҰУ хабаршы. Экономика сериясы. – 2006. – №6 (58). – 21-25 бб.