Педагогические  науки”

П.ғ.к. Бельгибаева Г.К.

магистрант Жакенова Ж.Т.

магистрант Базар А.

студент Батырбекова Л.

Қазахстан, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Мектепке дейнгі ұйымдардың жұмыстарына  инновациялық технологияларды енгізу

Қазіргі таңда қоғам сұраныстарына сәйкес мектепке дейінгі білім беру жүйесіне инновациялық технологияларды енгізу, уақыт талаптарына сай құру көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, мектепке дейінгі білім беруді инновациялық тұрғыдан қарау, озық тәжірибелер мен идеяларды насихаттау қажеттілігі туып отыр. Еліміз дамуының жаңа кезеңі барлық салалардың инновациялық-индустриялық дамуына көшуді қарастыратын жаңа міндеттерді алға қойды. Бұл жаңа талаптарға сәйкес білім беру жүйесінің барабар өзгерістерін талап етті.

Осы мақсаттарды іске асыру үшін 2011 жылы Мемлекет басшысы Білім беруді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бұл стратегиялық құжатта Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының 2011-2020 жылдарға арналған білім беру саласының ұйымдастыру негізі қаланды.

Сонымен бірге тиімді адами капиталды құру, инновациялық жобаларды іске асыру үшін жоғары білікті кадрларды тәрбиелеу және жаңа технологияларды құруға ерекше назар аударылды.

Мемлекеттік бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі мектепке дейінгі тәрбие және оқыту жүйесін жаңғырту болып отыр.

«Балапан» бағдарламасы шеңберінде 2010 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1145 бірлікке артып, 7591 (2591 балабақша, 5000 шағын орталық) болды. Оларға 538,5 мың бала барады. 2010 жылы бұл көрсеткіш 446,4 мыңды құраған болатын. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 65,4%-ға дейін артты.[1]

 «Инновация» терминi латын тілінен алынған, ол — «жаңару, өзгеру»    дегендi бiлдiредi. Бұл түсінік XIX ғасырдағы зерттеулерде пайда болып, белгiлi бiр мәдениеттің кейбiр элементтердің бiрiнен екiншісіне енгiзу дегендi бiлдiрдi. Педагогикалық процесте инновация оқыту мен тәрбиенің тәсілдері, түрлері мақсаты мен мазмұнын, педагог пен бала бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізуді білдіреді.

Ф. Жұмабекованың мектепке дейінгі педагогика оқулығындағы мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық білім беру тақырыбына назар аударар болсақ- мектепке дейінгі ұйымдардағы инновациялық білім беруді енгізуде бірқатар маңызды мәселелерді ескеру шарт. Олар: инновациялық бағытты дұрыс таңдай білу; инновациялық іс- әрекеттің тұжырымдамасы мен бағдарламасын жасау; инновациялық жобаны жүзеге асырудың тиімді жолдарын анықтап, жағдай жасау; инновациялық іс- әрекетті дұрыс жүргізу үшін қажетті құжаттарды кәсіби cауаттылық тұрғысынан дайындап алу;

Инновациялық іс әрекеттің мазмұны мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының приоритетті бағыттағы бағдарламаларының (республикалық, аймақтық, өлкелік немесе муниципиалдық) және мектепке дейінгі педагогика мен психология, әлеуметтану, медицина саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде анықталады. Бұл бағыттар зерттеу жұмыстарын жобалау мен оқып үйренетін пәндердің біртұтастығы мен бірлігіне байланысты жіктеледі. [2]

Қазіргі таңдағы білім беру технологиясының қатарына мыналар кіреді:

1. Дамыта оқыту технологиясы;

2. Ойын технологиялары;

3. Ынтымақтастық педагогикасы;

4. ТРИЗ технологиясы;

5. Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар;

6. Балалардың денсаулығын нығайту мақсатындағы денсаулық сақтау технологиясы;

7. Проблемалық оқыту технологиясы;

8. Жобалау технологиясы;

Дамыта оқыту технологиясы негізінде бастауын И. Г. Песталоцци,              К. Д. Ушинский және т.б. еңбектерінде алатын теория жатыр. Қазіргі таңда дамыта оқыту тұжырымдамасы шеңберінде мақсаттық бағдарлары, мазмұны және әдістемесімен ерекшеленетін бірқатар технологиялар дайындалған.      В. В. Давыдовтың пікірінше, дамыта оқыту ұғымы астарында түсіндірмелі-иллюстративті тәсілдің (тип) орнына келетін жаңа, белсенді әрекет тәсілі (тип) ұғынылады. Дамыта оқыту технологиясы баланы қоршаған ортамен өзара әрекет ететін дербес субъект рөлінде қарастырады. Бұл әрекет ету қызметтің барлық сатысын: мақсаттарды анықтауды, жоспарлау және ұйымдастыруды, мақсаттарды іске асыруын, қызметтің нәтижелерін талдауын қамтиды. Дамыта оқыту тұлғаның барлық біртұтас жиынтық қасиеттерін дамытуға бағытталған. Дамыта оқыту бала дамуының жақын аймағында жүзеге асады.

«Ойын педагогикалық технологиялары» ұғымы әртүрлі педагогикалық ойындар түрінде педагогикалық үдерістердің әдістері мен тәсілдерінің жеткілікті ауқымды тобын қамтиды. Жалпы ойыннан педагогикалық ойынның басты белгісі – оқытудың нақты мақсаты және оған сәйкес педагогикалық нәтижелері айқын түрде көрінеді, негізделеді және оқу-танымдық бағытта сипатталады. Сабақтардың ойын нысаны балаларды оқу іс-әрекетіне құлшындыру, ынталандыру құралы ретінде ойын мотивациясымен құрылады. Ойын технологиялары мектепке дейінгі жаста кеңінен қолданылады, себебі ойын осы кезеңде жетекші іс-әрекет болып табылады.

Шығармашылық қабілеттерін дамыту технологиясы. ТРИЗ – өнертапқыштық тапсырмаларды шешу теориясы. Негізін салушы - Генрих Альтшуллер. Оның технологиясының басты идеясы техникалық жүйелер белгілі бір заңдармен туындап, дамиды: бұл заңдарды тануға болады және өнертапқыштық тапсырмаларды шешу үшін қолдануға болады. Қазіргі таңда Г.С.Альтшуллердің ТРИЗ технологиясы мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеуін, тапқырлығын, шығармашылық елестетуін, диалектикалық ойлауын дамыту үшін балабақшаларда табысты қолданылады. ТРИЗ мақсаты – балалардың ой-өрісін дамытумен қатар, жүріп жатқан үдерісті түсіндіре отырып, жүйелі ойлауынуға үйрету.

Ақпараттық технологиялар деп оқыту педагогикасында арнайы техникалық ақпараттық құралдарды (интерактивті тақта, электронды - есептеуіш машиналар, аудио, бейне) пайдаланатын барлық технологияларды атайды. Компьютерлер білім беруде кеңінен қолданыла бастады, «оқытудың компьютерлік технологиясы» термині пайда болды. Компьютерлік технологиялар бағдарламалаған оқытудың идеяларын дамытады, заманауи компьютерлер мен коммуникацияның бірегей мүмкіндіктерімен байланысты тың, әлі зерттеле қоймаған нұсқаларды ашады. Ақпараттық - коммуникативтік технологияларды қолдану кезінде денсаулық сақтау технологиялары туралы естен шығармау керек, тәрбиелеудің техникалық құралдарын қолдануды балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес уақытпен шектеу керек.

Денсаулық сақтау технологиясының мақсаты баланың денсаулық сақтау мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, оған салауатты өмір-салты туралы қажетті білім, қабілет пен дағдылардың қалыптасуы болып табылады.

Денсаулық сақтау педагогикалық технологияларға педагогтың баланың денсаулығына деген әртүрлі деңгейде – ақпараттық, психологиялық, биоэнергетикалық деңгейде ықпал етудің барлық аспектілері кіреді. Заманауи жағдайда адам дамуы оның денсаулық жүйесін құрусыз мүмкін емес. Заманауи денсаулық сақтау технологияларына мыналар жатады: денсаулықты сақтау және ынталандыру технологиясы (қозғалмалы және спорт ойындары, релаксация, эстетикалық бағыттағы технологиялар, саусақ гимнастикасы, сергіту гимнастикасы т.б); салауатты өмір салтына үйрету технологиясы (дене шынықтыру сабағы, нүктелі массаж, өз-өзіне массаж жасау т.б);  түзету технологиялары (арттерапия, музыкалық ықпал ету технологиясы, ертегі терапиясы, түспен ықпал ету технологиясы, мінез-құлықты түзету технологиясы, психикалық гимнастика, фонетикалық және логопедиялық ритмика).

Проблемалық оқыту технологиясы Чикагода 1894 жылы оқытудың негізін оқу жоспары емес, ойындар мен еңбек іс-әрекеті құрайтын тәжірибелі мектептің негізін қалаған американдық философ, психолог пен педагог Дж.Дьюи (1859-1952 жж.) теориялық қағидаларына негізделеді. Проблемалық технологияның мақсаты: өзіндік іс-әрекеттің тәсілдерін меңгеру, білім, қабілет, дағдыларды игеру, танымдық және шығармашылық қабілеттіліктерді дамыту болып табылады.

Танымдық–жобалық іс-әрекетінің технологиясы– бұл білім беру мазмұнының кез келген бағыты бойынша іздеу, зерттеу, практикалық тапсырмаларын шешу үшін белгілі бір жоспарлар, белгілі бір мақсаттары бар мақсаттылық іс-әрекет. Жобалық іс-әрекет негізінде ересектер мен балалардың белгілі бір практикалық проблеманы бірлесе жұмыс істеу үдерісінде қол жеткізілетін іс-әрекеттің нәтижеге бағыттылығы (оның барысында бала өзі үшін көптеген жаңа және бұрын білмегенді ашады) туралы идея жатыр. Бұл нәтижені шынайы практикалық іс-әрекетте көруге, зерделеуге, қолдануға болады. 

Жетекші халықаралық тәжірибе негізінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға білім берудің заманауи әдістерін ендіреді. Балбөбек», «Қайнар», «Алғашқы қадам» (1-3 жас), «Зерек бала» (3-5 жас), «Біз мектепке барамыз» (5-6 жас) және т.б. бағдарламалар бойынша жұмыстар табысты жүруде. Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру бағдарламаларымен қатар Монтессори технологиясы, Н. Зайцев, Ф. Фребель жүйесі бойынша Вальдорфский педагогикасы (Штайнер әдістемесі) бойынша оқу материалдары қолданылады. [3]

Мектепке дейінгі жас үшін маңызды іс-әрекеттердің бірі – бұл қарым-қатынас. Ол тұлғаның дамуының қажетті шарты. Сондықтан педагог пен тәрбиешінің міндеті – осы іс-әрекетті арнайы ұйымдастыру, оның ішінде ынтымақтастық атмосферасын құру, балалардың бір-бірімен, балалар мен ересектің өзара сенімділігін жасау. Міндеттің шешімі педагог пен тәрбиешінің интерактивті әдістерін қолдану болып табылады. Интерактивті – бір нәрсемен (мәселен, компьютермен) немесе біреумен (адаммен) диалог, әңгімелесу тәртібінде болу немесе өзара әрекет ету қабілеттілігін білдіреді. Тәрбиеші оқыту үдерісінің ұйымдастырушысы, топ көшбасшысы, мектеп жасына дейіні балалардың бастамасы үшін жағдай жасаушы рөлін атқарады. Интерактивті оқыту негізіне жататын білім беру үдерісі барлық балалар таным үдерісіне тартылатындай, олар нені біледі және ойлайтындығы бойынша ұғыну және ойлау мүмкіндігі болатындай ұйымдастырылған.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көпнұсқалық қағидасы бекітілген, білім мекемелерінің педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны тиімділігіне қарай пайдалану педагогтан үлкен шеберлікті талап етеді. Қазіргі заман инновациялық қызметі-  балабақша балалармен жұмыс істеуде   инновациялық технологиялар ,әдістер, балалардың психологиясы мен педагогикасын терең білуі  педагогтарға нақты бір жетістіктерге жетуге көмектеседі. Нақтылап айтқанда балаға білім мен тәрбие беруді саналы-сапалы етіп қызығушылықтары мен өміршеңділігін арттырады деп айтуға болады.[4]

Қоғам талабы – заман талабы, өйткені «Әр адам - өз заманының баласы», сәбиді есті, саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден бір парызы.Сондықтан қазіргі балабақшадағы оқу-білім беруге арналған инновациялық қызмет-мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының кәсіби дамуының  ең басты факторы болып отыр. Инновациялар бала тұлғасына, оның қабілеттіліктерін дамытуға бағдарланған педагогикалық практикада қолданылатын жаңа әдістерді, нысандарды, құралдарды, технологияларды анықтайды. Қазақстанның заманауи даму сатысында білім беру үдерістерінде өзгерістер орын алуда: мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі педагогтардың назарын балалардың шығармашылық және интеллектуалдық дамуына, эмоционалды-еріктік және қозғалыс аясын түзеуге бұра отырып, білім беру мазмұны күрделене түсуде; дәстүрлі әдістердің орнын баланың танымдық дамуын белсендіруге бағытталған тәрбие мен оқытудың белсенді әдістері басуда.

Қорыта айтқанда, инновациялық технологиялар – заманауи әлеуметтік-мәдени жағдайда баланың тұлғалық дамуында динамикалық өзгерістер есебінен позитивті нәтижеге жетуге бағытталған тәрбиелеу құралдарының, оқыту тәсілдері мен әдістерінің жүйесі. Педагогикалық инновациялар тәрбие мен оқыту үдерісін өзгертуі немесе жетілдіруі мүмкін.

Инновациялық технологиялар педагогикалық іс-әрекет үдерісінде өзінің тиімділігін дәлелдеген білім берудің прогрессивті технологиялар мен стереотиптік элементтерін үйлестіреді. Оқу-әдістемелік кешен мазмұны білім беру жүйесін жаңғыртудың ақпараттық-құқықтық негіздеріне, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласындағы мектеп жасына дейінгі балаларды 12-жылдық оқытуға көшуге дайындауға бағдарланған.

Модельдеу, жобалық-зерттеу, интеллектуалдық-ойын тәсілдері негізінде құрылған интеллектуалдық технологиялар айрықша қызығышулық тудырады. Олар интеллектуалды балаларды математикаға, мәдениетке, тілдерге, логикаға жан-жақты дамытуға бағытталған. Мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды ендіру әрбір баланың интеллектуалдық сұраныстарын барынша тиімді шешуге мүмкіндік береді.

ХХІ ғасырда білім берудің ұлттық жүйесін дамытудың негізгі бағыттары тәрбие мен оқытуда инновациялық қағидаттар мен тәсілдерді қолдану, білім беруді ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуін тереңдету, материалдық-техникалық базаны жаңарту және кеңейту, білім беру бағдарламалары мен қызметтерінің кең таңдауын қамтамасыз ету, білім беруді ақпараттандыру болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. 2010ж.-7 желтоқсан №1118 жарлығы.

2.  Ф. Жұмабекова, Мектепке дейінгі педагогика., Астана 2008. -[166- 169б].

3.  Арапова-Пискарева Н.А. Современные воспитательные технологии. - М.: Мозаика-Синтез, 2003.

4.  Қазақстан Республикасының Білім беру туралы заңы.- Астана: Елорда, 2007.