Алиханова Г.Е., Рысалдиев Ж.М.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

ИНТЕРАКТИВТІ ТАҚТА - ЖАҢА БІЛІМ ОРТАСЫ

 

 

Қазақстан  Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы еліміздің білім беру жүйесін заманауи бетбұрыстарға сәйкестікке бағыттап, тың арналарға жол салудың ғылыми негізі болып табылады. [1]

«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі ұстаз қауымына үлкен тапсырыстарды артып отыр.

Қазақстан елінің  барлық оқу мекемелерінде білімнің жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Мұндағы негізгі мақсат – жаһандану заманында білімнің бүкіләлемдік кеңістігіне ену. Осыған орай, білімнің мазмұны да, оған қойылатын талаптар да өзгереді. Сол себепті қазір жалпы барлық оқу орындарында оқытудың инновациялық технологиялары  қолданыла бастады. Сондықтан жаңашылдық керек, яғни, инновациялық жүйе негізінде оқу орындардағы білім алушының  белсенділігін арттыру, өзіне сенімділігін қалыптастыру, танымдық-шығармашылық қабілетін дамыту олардың белсенділік-сенімділік сапаларын диагностикалық әдіс-тәсілдермен анықтауға, сабақта, сабақтан тыс уақытта өз ойын еркін жеткізе білуге үйретуге, қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты көзқарастарының болуына, инновациялық тәртіп нормаларын, белгілерін, көрсеткіштерін анықтауға көмегін тигізеді.

Қазіргі кезде білім беру саласын, оқытудың әр түрлі техникалық құралдарын пайдаланусыз елестету мүмкін емес. Сондықтан уақыт талабына сай білім мазмұнын жаңарту бүгінгі күннің басты міндеті. Қазіргі жағдайда еліміздің білім беру жүйелерінде ХХІ ғасыр жастарына білім беру мен тәрбиелеу бағытында сан алуан жұмыстар жүргізілуде. Ал мұғалімнің негізгі ұстанған мақсаты – білімнің жаңа үлгісін жасап, белгілі бір көлемдегі білім мен білік дағдыларын меңгерту, оқу материалын қаншалықты деңгейде меңгеруін бақылаудың, оқу мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі жаңа әдіс – тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды сабақта тиімді пайдалана білу. [2]
            Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы, бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Дүниежүзілік озық тәжірибелерге сүйеніп, жаңа типті оқыту, яғни әр баланың табиғи қабілетін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, оны жан-жақты дамыту керек. Қазіргі білім беру мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас пайда болып, оқытудың жаңа технологиясы өмірге келді. Яғни, педагогикалық технология ұғымы іс-әрекетімізге кеңінен еніп, қолданылуда.

Елбасының  «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» жолдауында он-лайн тәсілінде оқыту тәжірибесін дамытып, елімізде оқу теледидарын құру қажет деп айтылған болатын. [5]7

Елде болып жатқан саяси, әлеуметтік, экономикалық және басқадай өзгерістер білім беру жүйесіне үлкен әсерін тигізді. Бұл өзгерістер оқу орындарында жаңа пәндер енгізіп қана қоймай,оқыту әдістемесінің де өзін өзгерту қажеттігін туғызды. Біздің еліміздің дамуының демократиялық жолын таңдап алғандықтан қазіргі кезде шешім қабылдауға халықты тартудың да маңызы зор. Бұл аудиториядағы жұмысқа да қатысты: оқушылар сабақ кезінде мейілінше белсенділік көрсетуге тиіс. Оқушылардың  белсенділігін  арттыруға мүмкіндік жасайтын әдістемелік амалдарды көбіне интерактивтік деп атайды. Сонымен қатар, сабақ үстінде оқушы мен мұғалімнің арасында тығыз қарым-қатынас байқалса, бұлайша оқытуды интерактивті деп атауға болады. Әдетте мұндай қарым-қатынаста оқушылар әлдебір мәселені талқылап соның шешімін табуға талпынған маңызды. Себебі интерактивті оқытудың басты мақсатының өзі-оқушылардың өз бетінше ой қорытып жауап табуға үйрету. Интерактивті технология өзара қарым-қатынастың мол ауқымын қамтиды.
           Білім берудегі интерактивті технология мұндағы интерактивті сөзі-«inter»-бірлесу, «aсt»- әрекет жасау ұғымын білдіреді.Сабақ барысында оқушының топпен жұмыс жасауға қатыспауы мүмкін емес,бірін-бірі толықтыратын, сабақ кезінде барлық оқушылардың қатысуын  ұйымдастыратын оқыту әдісі.

Интерактивті әдіспен оқытқанда білім алушының:

-ақыл-ойы дамиды;

-еркін ойлауға мүмкіндік береді;

-шығармашылық белсенділігі артады;

-ұжымдық іс-әрекетке тәрбиеленеді;

-тіл байлығы жетілдіріледі;

-жан-жақты ізденушілігі артады. 

Кез келген оқыту технологиясы оқытушыдан терең теориялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік білімді, үлкен педагогикалық шеберлікті, шәкірттердің жан дүниесіне терең үңіліп оны ұғына білуді талап етеді.
Сабақта интерактивті технологияны қолдану оқушының танымдық белсенділігін арттыруға, оқушы пікірін тыңдауға, белгілі бір идеяны қабылдауды, зерттеуді, салыстыруды үйретеді.

Жаңа технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану үшін, әр ұстаз алдында отырған баланың жас ерекшелігін ескеріп, өзінің шеберлігіне орай таңдап алады. Жаңа әдістерді қолдануда интерактивті тақтаның пайдасы зор. Интерактивті тақта арқылы көптеген тапсырмалар орындауға болады. Тапсырманы орындауға барлық оқушы қатысады. Әсіресе тұйық, өз ойын жеткізе алмайтын, өздеріне сенімсіздеу оқушылардың өздері жазбаша жұмысты қызыға орындайды. Өйткені интерактивті тақтаның келесі бетінде ол тапсырманың дұрыс жауабы беріледі, сол арқылы оқушы өзінің жауабын салыстыра тексеріп, өзін-өзі бағалайды. Топпен жұмыстану барысында белсенділік көрсете отырып, топтау, Венн диаграммасына түсіру, сәйкестендіру әдістерін интерактивті тақтада орындап,уақытты үнемдеуге болатынын көруге болады. Сабақты бекіту бөлімінде активпультті пайдаланып,уақытты үнемдеу,оқушының шапшаңдық қабілетін, өз білімінің нәтижесін көруді дағдыландыруға болады.

Қазіргі таңда білім беруші педагог оқу үрдісінде оқытудың дәстүрлі әдістерінен, мультимедиялық құрылғыларды пайдаланатын, жаңа интерактивті әдістерге көшуге тиіс. Ол үшін әр педагог өз біліктіліктерін көтеруге міндетті.
Заманымызға сай қазіргі қоғамды ақпараттандыруда педагогтардың біліктілігін ақпараттық – коммуникациялық технологияны қолдану саласы бойынша көтеру негізгі міндеттерінің біріне айналды. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: «Білім беру жүйеснің басты міндеттерінің бірі – білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау керек» деп көрсетілген [3].

Солардың бірі білім беруді ақпараттандыру барысында дидактикалық және оқыту құралы болып компьютер саналады. Сондықтан кез – келген білім беру саласында мультимедиялық электрондық оқыту құралдары барлық пәндерді оқытуға пайдаланылады. Бұл бағытта ақпараттық технологияны оқыту үрдісіне екпінді түрде енгізу бағытында және қолданылатын жаңа құралдардың бірі – бағдарламалық – техникалық кешен болып саналатын «Автивті экран», яғни, интерактивті тақта болып табылады.

Интерактивті тақта (бұдан әрі ИТ)– бұл компьютердің қосымша құрылғыларының бірі және де дәріс берушіге немесе баяндамашыға екі түрлі құралдарды біріктіретін: ақпараттың кескіні мен қарапайым маркер тақтасын біріктіретін құрал. Демек интерактивті тақта компьютердің дисплейі. Яғни, компьютердегі барлық материалдарды интеративті тақта бетінде көрсетуге болады.

Бұл төмендегі ресурстың барлық спекторларын кең пайдалануға мүмкіндік береді:

· Презентация арқылы бағдарламалық қамтамасыз етілу;

· Мәтіндік редакторлар

· CD-ROMдар

· Интернет

· Видео-файлдар (телевизиялық бағдарламалардан, видео-фильмдерден, видео-кассеталардан үзінділер т.б.)

· Кескіндер,суреттер мен диаграммалардың сәулелері

· Дауыстық файлдар (радио, кассеталардан, оқушылар мен оқытушылардың дауыс жазылымдарының үзінділері). Дауыс шығарушы көмегімен CD-ROM немесе интернет беттеріндегі кез-келген дауыс.

Оқу үрдісінде компьютер мен проектордың көмегімен интерактивті тақтаны қолдану оқытудың әсерлілігін барынша жоғары етеді. ИТ-ның барлық мүмкіндіктерін қолдану үшін оқытушы сабақты түбегейлі жоспарлау керек. ИТ-да құрастырылған сабақты бір рет емес, бірнеше рет қолдануға болады. Бұл уақытты үнемдейді. Оқытушы өзіне қажетті бір емес бірнеше ресурстарды таңдай алады. Жоғарыда аталған реурстар кәдімгі сабақта қол жете бермейтін компьютердің мүмкіндіктерін, атап айтсақ, түс өзгерту, жылжыту, дауыс шығару т.б. ИТ арқылы пайдалануға үлкен жағдай туғызады. 

Бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа сапалы білім беру барысында осы аталмыш технология нәтижелі жетістік, барлық оқу орындары интерактивті тақтаның педагогикалық мүмкіншіліктерін аса жоғары бағалауда. Оны іс жүзінде тиімді қолдану тәсілдерін үздіксіз зерттей бастады.

Шынында да, интерактивтік тақта сабақты түрлендіруге көмегін тигізіп, яғни оқытудың барлық кезеңінде, әсіресе гуманитарлық пәндерді оқытуды қызықты да әсерлі өткізуге ықпалын тигізеді.

Оқушыны ойлау мен сөйлеу дағдыларына жетілдіруде мультимедиялық құрылғылар, оның ішінде интерактивті тақта  арқылы интерактивті әдісті қолдану баланы тәрбиелеп, оған білім беруде үлкен жетістікке апарады.

ИТ-ның барлық мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін, оның құрылғылары, яғни компьютер, проектор және ИТ-ға арналған бағдарламалар болуы тиіс. Сонымен қатар, басқада заманауи мультимедиялық құрылғылардың бағдарламалық қамтылуын қадағалаған жөн.

Ит-ның қондырылуына, орналасуына, қауіпсіздігіне, кепілдігіне және интернетке қосылуына көңіл аударған дұрыс.

ИТ білім үрдісінде қолданылатын ақпаратты көрсетуге және оны компьютермен басқаруға тағайындалған әмбебап интерактивтік жүйе болып табылады.

ИТ оқыту мен үйретуді әртүрлі бағытта өтізуге мүмкіндік береді:

-  Презентация, модельдер жасау және оны демонстрациялау: қажет бағдарлама мен қорды интерактивті тақтамен өзара үйлесімді қолдану жаңа сабақты түсінуді жақсартады.

-   Білімгердің белсенділігін, қызығушылығын арттыру. ИТ-ны қолдану арқылы білімгерді жігерлендіру артады;

-  Сабақтың өтуі мен жылдамдығы(темп). ИТ сабақты жоспарлау мен барысын оның темпін жақсартады.

Интерактивті тақта оқу материалын көрнекті түрде жеткізудің тамаша амалы, сабақты қызықты да қарқынды өткізуге, әр түрлі ресурс көздерінен мәлімет жинақтап ұсынуға мүмкіндік береді.

Оқытушылар интерактивті тақтаға арналған арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді және оның негізгі мүмкіндіктерін игеруі қажет. Және де интерактивті тақтамен жұмыс істеуде қандай ресурстар көмектесе алатынын анықтап алу маңызды.

Интерактивті тақтаның мынандай ерекшеліктерін атап өтуге болады:

-  Сабақта презентация, слайд жасауға мүмкіндік береді;

-  Интернет желісін пайдалануға мүмкіндік береді;

-  Сабақты жоспарлау мен өту барысы, жылдамдығы артады;

-  Білімгердің білімге деген қызығушылығы, мотивациясы жақсарады;

-  Түрлі – түсті айқын, ұқыпты әртүрлі кескіндер, объектілер мен диаграммаларды үлкен экраннан көріп оларды маркермен, немесе саусақпен ары – бері жылжытуға болады;

-  Бір емес бірнеше терезелерді бір мезгілде ашуға мүмкіндік береді;

-  Өткен сабақ материалдарын сақтап, оны қайта пайдалануға болады;

-   Қиын мәліметтер мен материалдардың  түсіндірілуін жеңілдетеді;

-  Сабақта көрнекілікті қолдану деңгейі артады;

-   Сабақтың өтілуі, екпінділігі мен өнімділігі  артады;

-   Оқушылардың білім деңгейіне оң әсер етеді.

-  Топпен жұмыс жасауға мүмкіндік береді;

Әрбір білім беруші оқу үрдісінде интерактивті тақтаны қолданса, жоғарыда аталған барлық мүмкіндіктерге қол жеткізіп, білім сапасын модернизациялауға үлкен үлес қосып, көптеген жетістіктерге жетері сөзсіз.[4]

«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында интерактивті технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор.  [5] Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар, оның ішінде интерактивті тақта әрбір оқушының білім беру үрдісіне шығармашылық қабілетін дамытуға айқын мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ оқушының танымдық іс-әрекеттері күшейіп, өзіндік жұмыстарды тез орындау мүмкіндіктері артады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы .- Астана, 2010.

2. «Қазақ ұстазы» педагогикалық ғылыми-инновациялық ізденістерге арналған  республикалық журналы-№ 1(1) 2014.

3. Қазақстан республикасының «Білім туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы /Егемен Қазақстан. 29.10.11ж.

4. Алиханова Г.Е «Гуманитарлық пәндерді оқытуда интерактивті тақтаны қолданудың тиімділігі» магистрлік диссертация. Тараз, 2014

5. Назарбаев Н.А. «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» жолдау