Сағатбекова Жанар, Катранова Бақыт

 

Семей қаласы №37 гимназия математика пәні мұғалімдері

 

МАТЕМАТИКА ПӘНІ БОЙЫНША ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ОЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Бүгінгі таңда мектепте  жетілдіру бағыттарының бірі – дарынды балалармен жұмыс. Біздің мектебімізде де қазақ ұлтының болашағы, үміт артқан ертеңі болып өсіп келе жатқан жас жеткіншектер тәрбиеленіп білім алуда. Қай қоғамда болмасын ойлау қабілеті дамыған шығармашылықпен айналысатын талантты, дарынды жастар қажет, сондықтан мектептің міндеті осындай балаларды анықтап, қолдау көрсету. Бүгінде бұл- күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі.

Дарынды оқушылардың интеллектуалдық қабілетін дамыту жүйесін 4 деңгейде іске асыруға болады. 1 деңгей – математика сабағының үстінде. Қазіргі таңда озық технологиялар оқушылар шығармашылығын, дарындылығын дамытудың тиімді құралдарының бірі болып отыр.

2 деңгейде - тереңдетіп оқытатын сыныптар, бағдарлы сынып, гуманитарлық, жаратылыстану бағыттары арқылы дамыту. Бұл сыныптарда негізгі даму компоненті ретінде авторлық бағдарламалар арқылы жүргізілетін арнайы курстар болып отыр.

3 деңгей - сыныптан тыс жұмыстар, факультатив, үйірме, қосымша қызметтер арқылы дамыту.

4 деңгей - оқушылардың ғылыми қоғамы. Қоғамға олимпиадаға дайындық жұмыстары жүретін клубы, оқушыларды ғылыми - зерттеу жұмыстарына қызығушылығын қалыптастыру мақсатында ғылыми жобалар клубы, шешендік өнерін қалыптастыратып, арттыратын дебат клубы және «Дарын» интеллектуалдық орталығына қатысатын оқушылар кіреді.

Математикадан үйірме жұмыстарында, факультативтік сабақтарда пәнге қызығушылық танытқан оқушыларға олимпиада, логикалық есептерді талдай отырып шығартуға болады. Бұл олардың ой-өрісін математикалық қабілетін дамытудағы тура жолдың бірі.

Жалпы түрде алғанда, оқушылардың математикаға қабілеттілігі туа бітетін заңды жағдай. Оқушылардың қабілеттіліктері негізінен 3 компоненке  бөлініп қарастырылады: алгоритмдік, геометриялық, логикалық.

Сондықтан оқушыларға осы 3 компонентті де қамтитындай есептер берілуі керек. Мұндай есептерді біртіндеп шығару арқылы оқушылардың математикалық есеп шығару мәдениеті қалыптасады. Сол себепті олимпиада есептерін таңдап алып шығарудың маңызы ерекше. Кейінгі кезде математикалық ойын түріндегі есептер жиі кездеседі.

Дарынды балалармен жұмыс істеу барысында «Оқушының дарындылығын дамыту картасы» жасалынуы тиіс. Дарындылықты дамыту картасының басты идеясы жеке тұлғаны дамыту механизмі болғандықтан, картамен жұмыс дарынды оқушының субъектілігінің қалыптасуына септігін тигізеді. Дарындылықты дамыту картасының тәжірибелік маңыздылығы дарынды оқушының шығармашылық даралығын дамыту, білім беру процесіндегі субъектілерді психолог, ата-ана, оқушы және мұғалімнің өзара әрекетін ұйымдастыра отырып, олардың жұмысын тиімді етеді.

Дарындылықты дамыту картасы бірнеше бөлімдерден тұрады:

-         Оқушы туралы жалпы мәлімет;

-         Оқушының дамуын және дарындылығын анықтау;

-         Психологиялық бақылаулар нәтижесі;

-         Оқу іс-әрекеті. Рейтинг жүйесі;

-         Психологиялық-педагогикалық нұсқаулар;

-         Шығармашылық жұмыстар мен жетістіктер.

Дарындылықты дамыту картасымен жұмыс жасау бес кезеңнен тұрады:

1) Мәліметтер жинау және қорытынды жасау кезеңінде оқу үрдісінің барлық субъектілері қатыса отырып, жеке тұлғаның әлді және әлсіз жақтарына толық сипаттама беріледі.

2) Әрекет жоспары. Дарынды оқушыны дамыту және өзін-өзі дамытуда көмек және қолдау көрсететін субъектілердің іс-әрекетіне түзетулер енгізу. Бұл кезеңде аралық нәтижелер таңдалады.

4) Даму динамикасы, мұнда жеке тұлғаның даму нәтижесі және оқу іс-әрекеті қарастырылады. 5 кезең.Бағдарлама субъектілерінің іс-әрекетінің тиімділігін бағалау. Дарынды балалардың психологиялық ерекшеліктері немесе «дарындылық белгілері» психологтер арасындағы пікірталастардың негізі болып келеді. Дарынды балалардың мінез-құлық ерекшеліктерін қарастыра отырып олардың арасындағы жекелеген айырмашылықтарға көңіл аударуымыз қажет. Бұл айырмашылықтар балалардың қай бағытқа қызығатынына, ақыл-ойының даму қарқынына, яғни дарындылық қасиеттерінің дамуына байланысты.

Жалпы, бастауыш сыныптан бастап логикалық ойлау қабілетін дамытатын вербальді тапсырмаларды орындатуға дағдыландырған жөн. Дарынды балалармен жұмыстар жүргізуде арнайы бағдарламалардың қажеттілігі қазіргі заман талабы. Ал ол қандай болуы керек? деген сауал туындауы да мүмкін ғой.

Бірінші кезекте дарынды балаларға арналған арнайы бағдарламалар болуы тиіс. Оған қойылатын талаптардың мазмұны келесідей:

- оқушылар таңдаған тақырыптарды тереңдете оқыту мүмкіндіктерінің болуы;

- оқыту барысында өзіндік жауапкершілікті, яғни бала өзін-өзі басқара отырып өз бетімен оқуын қамтамасыз ету;

- зерттеу жұмыстарын жүргізу тәсілдерін дамыту;

- абстрактілі-логикалық, шығармашылық ойлау қабілеттерін арттыру;

- жаңа ой таба білуге ынталандыру; - алуан түрлі әдіс-тәсілдер қолдану арқылы жаңа жұмыстар табуға ынталандыру;

- өзін-өзі танып білу, өз мүмкіндіктерін сезіну, өзге адамдардың жеке ерекшелік-терін түсіну қабілеттерінің дамуына әсер ету;

- әр түрлі критерийлермен жұмыс нәтижелерін, жұмысын бағалай білу.

Дарынды балаларды оқытудың мақсатты бағдарламасы барлық талаптарға жауап беруі тиіс.

Екіншіден, оқыту мазмұнын өзгерту немесе байыту, яғни тереңдетумен байланысты. Бұл жекелеген тақырыптарды тереңдете оқыту, ғылымға ұмтылу. Дарынды балалардың қызығатын пәнін өз қатарынан тереңірек меңгеруге мүмкіндік беру жолы. Терендетілген оқыту бағдарламалары балаға бір немесе бірнеше білім саласында жоғары құзыреттілік деңгейіне жетуіне көмектеседі. Жеделдете оқытуды ескере отырып баланың кейбір ерекшеліктерін арттыруға болады: баланың таңдауға қызығуы артады, ақыл-ой қажеттілігі дамиды.

Бүгінгі таңда дарынды оқушыны анықтау, дамыту және оқытуға арналған ғылыми-әдістемелік оқулықтар тапшы. Сондықтан әрбір мұғалім өзінің жинақталған және семинарларда алған тәжірибесі деңгейінде ғана оқушымен жұмыс жасайды. Ал бұл дарындылық мәселесін шешуге қиындықтар туғызады.

Қорыта келгенде мектепте дарынды оқушыларды анықтау және оларды  қолдау оқытушы мен психологтың үлкен шеберлігін қажет етеді.

Қазіргі уақытта білімді, зерделі де зейінді дара тұлғаның бойындағы жеке қасиеттерді дамыту үшін арнайы бағдарламалар мен сан алуан іс-шаралар жүзеге асырылып жатқан сияқты. Дегенмен де, осы бағытта мына біздер, ұлағатты ұстаздар, одан да тереңірек әрі белсендірек өз үлестерімізді қосуымыз қажет деп ойлаймыз!!!