Ақболатова Лунара Төлегенқызы,

ҚР, БҚО, Орал қаласы, №14ЖОББМ-тің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагогика ғылымының магистрі

 

Махамбет жырлары – тәуелсіздік бастауы

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Махамбеттің ақындық құдыретін жоғары бағалай келіп, былай деп жазды: «… Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Махамбет жырлары өз заманындағы ең қанды, ең әсерлі сөз, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман талабы». Бұл классик ақынымыздың шығармашылығына берілген әділ баға деп білуіміз керек.

Махамбет – бұхара халықты патша өкіметіне, оның жергілікті өкілдері хан-сұлтандарға қарсы ұйымдасқан түрде қарулы көтеріліске шақырған алғашқы қазақ ақыны. Махамбет «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» деген өлеңдерінде үстем тап өкілдерін аяусыз шенеп, бет-пердесін жыртса, «Мұнар күн» жырында ел басына орнаған ауыртпалықты ашына айтты. Махамбет шығармалары - өз дәуіріндегі еңбекші бұхара өмірінің рухани – поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шындық бейнесі.

Ақынның өлеңдері ерлікке, өрлікке арналады. Не үшін соғысып жүргенін айтады. Ел қандай болу керек деген сауалдарға жауап іздейді. Азаматтың міндетін көрсетеді. Осыған ұқсас «Беркініп садақ асынбай ...» деп басталатын өлеңі де бар. Алғашқыда ерлер ісі жорық пен оның қиындығына шыдау туралы болса, соңғыда жауын жеңу, ерлікпен қасқая соғысу ерлер ісі деп толғайды.

Исатайдай жолдасын мақтап нағыз ер бейнесін жасайды. Ақынның әр өлеңінде ел үшін, жұрт бақыты үшін қан төккен, сол мақсатқа бел буған ерлер бейнесі жасалса, Исатай ─ сол ерлерді бастаушы, халық үшін жанын қиған батыр, әрі соғыстағы ерліктің, жүректілік пен өрліктің символы да. «Исатай деген  ағам бар», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы Исатай», «Мінкен ер», «Тарланым», «Исатайдың сөзі», «Мінгені Исатайдың Ақтабаны ─ ай» өлеңдерінде тұтастай ел бастаған ер бейнесі сомдалады. Егер жыраулар поэзиясы XV ─ XVIII ғасырлар шежіресі, сол заман батырларының ерлік дастаны десек, Махамбеттің Исатай туралы өлеңдері ─ сол жыраулар дәстүрінің жалғасы. Үмбетей, Ақтамберді, Бұқар жыраулар Абылай, Бөгенбай, Қабанбай бейнелерін сомдаса, Махамбет Исатайдай ердің биік тұлғасын үлгі етті.

Махамбет – қазақ халқының кегі, ызасы, намысы, жігері, қайтпас қайсарлығы, яғни, Махамбет – қазақ халқының кегі мен ызасынан, намысы мен жігерінен жаралған наркескен рухани қару. Жауынгерлік рухтағы өршіл жырлардың інжу-маржанын ұрпағына мұра еткен Махамбет – ерлік пен намыстың ақыны. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың жалғасы Махамбет – сан ғасырлар бойғы тәуелсіздікке ұмтылған бабалар рухының нақты көрінісі.  
         Махамбеттің жырлары – ерліктің, өрліктің гимні, қайсарлықтың символы.
         Ерегескен дұшпанға қызыл сырлы жебедей қадалған Махамбет – жақсыларға еп, жамандарға көп, лапылдап тұрған өрт. Аңдамаған жалынына шарпылады. Жауырынынан етін алса да жалынып, жалтақтауды білмес, қыңқ етпес табандылық ердің еріне бітеді. Халық қайғысын айтуға хан ұлынан қаймықпау да, «бас кесермін, жасырман» деп, қасқая қарап тұру кез келгеннің қолынан келе қояр ма екен?      
         Махамбет - ел, халық жүрегінен мәңгілікке орын тапты. Оның жырлары елдің рухын көтеретін ерлікке, елдікке бастайтын ұран іспетті. Сондықтан да болар халқымыз Махамбеттің есімін де, отты жырларын да қатты қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа рухани қазына ретінде аманаттап жеткізіп отырды.
         Тек қана соңғы жылдары тарихқа жаңа көзқарас тұрғысынан егемендігіміздің нәтижесінде Махамбет сынды алыптарымыздың еңбектерін жаңаша зерделеуге мүмкіншілік туды. Бабамыздың мұрасы көп жылдар ескерусіз келді. 
         Махамбет өлеңдерінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәрбиенің сан алуан салалары атап айтқанда, адамгершілік-имандылық, сұлулық, елжандылық, экологиялық тәрбие туралы жан-жақты сөз болады. Махамбет шығармаларының жастардың бойында жағымды адами қасиеттер мен құндылықтарды қалыптастыруда алатын орны ерекше.       
         ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырлармен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарыны ерекше. Оның басты құралы - өршіл жырлары болды. Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салады. Амал не, қараңғы халық ойын түсінбеді, оның өлеңінің құдіретіне бас исе де, ақын соңына ермеді. Патша әскерінің қаруынан сескенген халық ақынның өлеңмен шақырған үндеуіне құлақ аспады. Жалғыздықтан күйінген ақын, өз сырын өлеңмен айта берді. Ақын: «Мен едім» деген өлеңінде:  
Бөз ағаштан биік мен едім,   
Бұлтқа жетпей шарт сынбан,
Ел құтқарар, ер едім    
Жандаспай ақыры бір тынбан, - деп өршілдігін жырлап көрсетеді. Ақын өлеңінің тәрбиелік мәні ерекше,  халық санасын оята түседі.  Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы – жастарды елін, туып өскен жерін қорғау үшін «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды тоқтатып» елі үшін құрбан болған ердің арманы жоқтығы, туған халқы, елі үшін кездескен қиыншылықты жеңе білуге жас ұрпақты үгіттеді. 
         Махамбеттің:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығуға     
Қара нар керек біздің бұл іске.      
Қабырғасын қаусатып,
Біздің бүйткен бұл іске, - деп аталатын өлең жолдарында жастарды қандай ма болмасын қиындықты жеңе білуге, туып-өскен Отанын елін сүюге, елжандылыққа тәрбиелеуге жас ұрпақты үндеді. 
         Махамбет өз туған халқының перзенті ретінде өз елінің болашағынан үлкен үміт күтті, елдің еркіндігін аңсады:        
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.       
Жағалай жатқан сол елге,     
Мал толтырсам деп едім…   
         Махамбеттің бұл арманы бүгінде орындалды, іске асты. Бүгінде Қазақстан Республикасы – егеменді ел. Тәуелсіздік алған мерзімнің ішінде Президентіміздің басшылығымен біршама жетістіктерге қол жетті. Қазақ тілінің мың оралымдығы, қасиетін ұғындыруда ақын жырлары – ұрпақ тәрбиесінде баға жетпес байлық. Махамбеттің Исатай бейнесін көркем сомдауы, халық кегінің жолында көтеріліске шақыру болашаққа, келер ұрпаққа деген нық сенімі жыр жолдарында өте көркем берілген. Ұрпақ бойында ұлттық рухты, өзіне деген сенімділікті, халқына деген құрметті қалыптастыруда Махамбет өлеңдерін түсіндіре отырып оқытуымыз қажет.
         Біздің парызымыз – осы тұлғаны ұрпаққа таныту, оның жырларын өшірмей мәңгілікке сіңіру. Махамбет өлеңдері барша елдік, ерлік қуатымен, көркемдік құнарымен шетел тілдеріне аударылса, әлем халықтары сүйіп оқитын қымбат шығарма, қазақтың тілін, ерлігін танытатын асыл қазына болары анық.

Махамбет ақын – ұлт азаттығы үшін күрескер тарихи тұлға ретінде біздің Тәуелсіздігіміздің бастау көздерінің бірі ретінде саналады. Сондай қоғам қайраткерлігімен бірге, өзінің отты, жалынды өлеңдері арқылы бар өмірін туған халқының мұңын жоқтауға арнаған ардақты ақын.

Махамбет жырларының қай-қайсысын алып талдасаң, сол жерден тілді тазартатын, сананы ашатын, ерлік пен елдікке жетелейтін патриоттық сезім жалындап шыға келеді.

Халқымыздың өткені мен бүгінін ой елегінен өткізіп, туған тарихымыздың төрінен орын алар бабалар мұрасын қадірлеп, қасиеттеп, болашақты болжап, өткен тарихымызға көз жүгіртіп «біз кімбіз, кеше кім едік, ертең кім боламыз?» деген сұрақтар төңірегінде ойланып, толғанып, алдыңғы күнді армандаған ата-бабаларымыздың ізгі ниеттерін, арман-мақсаттарын жүзеге асыратын ел болашағы үшін, халықтар бірлігі және ұлт тарихы үшін күресудің маңызы зор болмақ.

Халқымыздың аталы сөздерін, оның ішінде Махамбет жырларын ой елегінен өткізсек өте көп ойлар туады. Олардың сөздерінен әділеттік пен ақиқатты, шеберлік пен шешендікті табуға болады. Яғни бұл сөздер ләззат алып, рухтануға, қиналғанда жол табуға, қысылғанда ой табуға жәрдемдеседі. Бүгінгі таңда да аталы сөздер өз құнын, мән-мазмұнын, маңыздылығын жойған жоқ. Қайта жасара, жаңғыра түсті. Көркемсөз иелері оның ішінде Махамбет бабамыз әділетсіз заманның шеңберіне сыймаған. Олар келешек жарқын өмірді көксеген де, көре де білген, өз пікірлерін құлаққа қонымды, жүрек тебірентерліктей етіп түсіндіре алған.

Біздің алға қойған мақсатымыз – болашақ өнер қуған жастарды, замандастарымызды, отаншылдыққа тәрбиелеу, ата-бабаның мол мұрасын, ғибратын бойға сіңіру, әсіресе Махамбеттің өмірбаяны, шығармалары арқылы тілімізге үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие беру болашақта жорықшы жыраудың өмірі мен шығармашылығының жаңа қырларын ашуға шабыттандыру.