Тулегенова Ш.И.

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ Қазақстан, Қостанай қ.

 

ҚАЗАҚ БИЛЕРІНІҢ ШЕШЕНДІК, НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ

 

Әдеби мұраның қайсысында болса да шешендік сөздер ұзақ ойдың, өмірлік тәжірибенің қорытындысы, тұжырымы болып келеді. Халықтың ғасырлар бойы жасаған шешендік сөздері бізге өмірдің сан алуан асуларын өтіп жеткен. М.Горкий: «Шешендік сөздер сол қайнар бұлақтың түбінде тұнған таза меруерт», - дейді. 

Шешендік сөздер ағып тұрған поэзия, тұнып тұрған философия. Шешендік - ұшқыр ойдың қас қағымда тілге оралымдылығы, байламы, дер кезінде дәл мағынасын дөп басар бейнелілігі, мәнді, ойлы сөздерді мәйекті мақал мен мәтелге айналуы, дау-дамайды ақылмен шешу. Шешен жезтаңдай, ділмар, айыркөмей, орақ ауыз, от тілді, сөзуар, тапқыр тілге жүйрік, сөз қисынын тауып айтатын халық қалаған сөз шебері. Ел-жұртты елеген, халқы қалаған азаматтарды ардақтаудың ана тілімізде атаулары мен дәріптеу, бейнелеу сөздерін айтып тауысу қиын.

Қазақ шешендік өнерінің тарихынан ерекше орын алатын – Төле, Әйтеке, Қазыбек билерімізден қалған көптеген нақыл, өсиет, шешендік сөздері, толғаулары бар. Халықпен бірге жасап, біте қайнасқан шешендік, тапқырлық сөздер бізге іріктеліп, сұрыпталып жеткен.

Шешендік өнер туралы қазақтың әйгілі биі әрі шешені Бөлтірік былай деген: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл». Міне, бұл аталы сөз!

Ел аузында билерден  қалған тамаша сөз, нақыл үлгілері өте көп. Халық оны жоғалтпай сақтап, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған.

         Төле би Әлібекұлы Жамбыл облысына қарайтын Шу өзенінің бойындағы Жайсаң жайлау деген жерде дүниеге келген. Әз Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысқан, «Билер кеңесінің» мүшесі болған. Төле биді әділдігіне, парасаттылығына қарап «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деп атаған. Төле биден қалған көптеген нақыл, өсиет, шешендік сөздер, толғаулар бар. Мысалы,

Төрт нәрседе үміт бар:  «Жас өсемін деп үмітті.

                                     Жалғыз «көбейесін» деп үмітті.

                                     Жарлы бай боламын деп үмітті.

                                    Ауру жазамын деп үмітті.

 «Атты мен жаяудың сәлемі жараспас», «Көзбен көрген — шын, құлақпен естіген — өтірік», «Қадірлі болғысы келген кісіге үш серік керек: бақ, дәулет, ырыс», «Тұзаққа түскен бұлбұлдан, еркін жүрген торғай артық», «Қыз тілімен түйілген түйінді, бала тісімен шеше алмайды», «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі», «Ананың тікенектей арқасы балаға мамықтай», «Маңдайы тайқыдан, көкірегі қайқыдан, сылтауы көптен сақта», «Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең – таяқ, қарның ашса – тамақ», «Жаманның сөзі шаяндай, жақсының сөзі асылдан шыққан маядай», «Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, Дұшпанға сырыңды айтпа, түбіңе жетер», «Тұмау түбі құрт болар, тұман түбі жұт болар», «Жасы кіші демеңдер, Ақылы асса аға ғой».

«Әкесі өлген – асқар тауы құлағанмен бірдей»,

Шешесі өлген – ағар бұлағы суалмағанмен бірдей,

Ағасы өлген – оң қанаты қайырылғанмен бірдей,

Інісі өлген – сол қанаты қайырылғанмен бірдей,

Апа-қарындасы өлген – өрісі тарылғанмен бірдей».

Немесе,

Ағын судың өлгені –

Алты ай қыста қатқаны.

Асқар таудың өлгені –

Басын бұлттың жапқаны.

Ай мен күннің өлгені –

Еңкейіп барып батқаны.

Қара жердің өлгені –

Қар астында жатқаны.

Ажал деген атқан оқ,

Бір алланың қақпаны.

Дүниеде не өлмейді?

Жақсының аты өлмейді.

Ғалымның хаты өлмейді.

Қаз дауысты Қазыбек би Сырдария жағалауында дүниеге келіп, жастық шағын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізген. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес жылдары екі елдің арасын бітістіруші батыл елші, парасатты мәмілегер ретінде әйгілі болған. Қалмақ ханына елшілікке барғанда жасқанбай өз ойын жалынды сөздермен бұршақтай жаудырып, мірдің оғындай өткір сөздерімен жоңғар ханының аузын аштырмай тұтқындағы ұл-қыздарды босатып алады. Қалмақ ханы Қазыбектің саңқылдағын даусына орай «Қаз дауысты Қазыбек» деген ат береді.

 Қазыбек бидің шешендік сөздері:  «Өркенім өссін десең, кекшіл болма, кесепаты тиер еліңе», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», «Бүгін сағы сынды деп, жақыныңды басынба», «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар, тынысы бардың елде – ырысы бар», «Айыпты айып жусын, ашуыңды ақыл қусын», «Ит тойған жерінде, ер туған жерінде», «Құтырғаннан құтылған абзал», «Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды»,

Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе!

Атың жаман болса,

Шыбын жанның азабы емес пе!

Қатын жаман болса,

Бұл жалғанның тозағы емес пе!

Әйтеке деген есіммен ел арасына танымал болған бидің шын аты – Айтық. Әйтеке би Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, қазақ жұртының бір орталыққа бағынып, іргелі ел болуына ісімен де сөзімен де зор үлес қосқан. Ел аузында Әйтеке айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар жақсы сақталған. Биді халық «айыр тілді Әйтеке» деп атаған. Әйтеке бидің шешендік, нақыл сөздері: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін. Бай болып елге пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін»,

 Суалмайтын суат жоқ,

 Тартылмайтын бұлақ жоқ.

 Құйрығы суда тұрса да

 Қурамайтын құрақ жоқ.

Немесе,

Бүркіт бол, заманыңыз түлкі болса,

Бай болар кедей жігіт мүлкі болса.

Жақсылардың белгісі сол емес пе,

Қара қылды қақ жарған әділ болса,

Қаз дауысты Қазыбек, Төле, Әйтеке билер сияқты ұлы бабаларымыздың қанатты, нақыл сөздері кейінгі ұрпаққа мұра болып қалды. Сондықтан да баба мұрасы – ұрпаққа ұлағат, кейінгіге аманат, келер күнмен бірге жасайтын рухани асыл қазына.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Адамбаева Б. Алтын сандық.- Алматы: Жазушы, 1989.- 195 6.

2.Негимов С. Шешендік өнер.- Алматы: Ана тілі, 1997.

3. Шешендік шиырлары - Алматы: Қайнар, 1993.