Неке бойынша туыстық терминдері

 

Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

 Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті,

 Ресей жаратылыстану академиясының профессоры

famous-scientists.ru /11624/

Құрманғалиева А.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистранты

 

Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың түркі тілдеріндегі туыстық атаулар жүйесіндегі орнын анықтап, ортақтықтары мен айырмашылықтарын айқындау үшін оларды тарихи-этимологиялық аспектіден қарастырғанды жөн көрдік.

Салыстырмалы-салғастырмалы зерттеу барысында түркітануда бұған дейін жазылған еңбектердің нәтижелері мен деректерін пайдаландық. Олардың бастылары: Л.Покровскаяның түркі тілдеріндегі туыстық терминдерін тарихи лексикологиялық тұрғыдан зерттеген еңбегі, Ц.Номинхановтың түркі-моңғол тілдеріндегі туыстық терминдерін қарастыратын мақаласы, В.В.Радлов, Н.И.Ильминский, Л.Будагов сөздігі, өзге де тарихи, этимологиялық сөздіктер, түркі халықтарының сөздіктеріндегі неке бойынша туыстық терминдерді қарастырдық.

Ер. Ер термині түркі тілдерінің барлығында дерлік бар. Оның фонетикалық вариантын дауысты дыбыстар бойынша үш негізгі топқа біріктіруге болады:

1) бастапқы дыбысы е, э: қаз., қ.-қалп., қырғ. ер; алт., тува, түр., өзб., якут эр;

2) бастапқы дыбысы ә: әр әзірб., түркім., ұйғ., шор.;

3) бастапқы дыбысы и: ир башқ., тат., хақ. бұлардан айрықшаланып тұрған чуваш варианты ар.

Ер сөзінің семантикасы бұл тілдердің барлығында да сараланып, жіктелмеген. Ол туыстық термині ретінде барлық жерде де «күйеу», «жолдасы» мағынасын білдіреді. Дегенмен оның жалпы мағынасы кеңірек: ер сөзі аты аталған тілдердің барлығында да тек қана «күйеу» емес, сонымен қатар «ер адам» дегенді де білдіреді. Көрсетілген екінші мағынасында ер жыныстық көрсеткіш қана емес, «батыл, қайратты ер адам», «батыр» деген анық реңкте көрініс табады. Қазіргі тілде ер сөзінің семантикалы реңкінің әрі қарайғы күшеюі түрік тіліндегі ‘қатардағы жауынгер’ деген мағынасы болып табылады.

Ер-дің жыныстық көрсеткіші ретінде, негізінен, жалпытүркілік сөз киши «кісі, адам» немесе оның баламаларының тіркесімінде қолданылады. Мәселен, башқ. және тат. ир кеше, тува эр киши, ұйғ. э(р) киши, хақ. ир кіжи, шор äр-кижи, якут эр киһи т.б.

Тува тілінде эр сөзі жеке дара қолданысында «еркек» деген негізгі мағынасында, ал «күйеу» деген ұғымдағы туыстық термин ретінде ашак // ашаа сөзі қолданылады. Бір қызығы, ирей қаратпа сөзіндегі ире сөзінің «ата», «шал» мағынасындағы сөздер де бар [салыстырыңыз: бур.-моңғ. эрэ 1) «ер адам», «күйеу», 2) «еркек».

Көне ескерткіштерде ер сөзі екі тұлғада кездеседі: är «күйеу», «ер адам» және ärän «ер адам» (салыстыр: оғул // оғлан ‘ұл’, ‘ұл бала’, ‘жеткіншек’).

Äр сөзінен äркäк «еркек» және дерексіз мағынадағы ärlik  «еркек жынысты», «еркек» туынды сөзі туындады.

Эркек сөзі  (-ак, -ек, -как, -кек зат есім тудырушы жұрнақтар) қазіргі түркі тілдерінде де бар. Оның негізгі мағынасы – «cамец» (жануар, құстар туралы), түр. еrkek kedi «еркек мысық», өзб. эркак куй «еркек қой» т.б. Тағы да салыстырып көріңіз: аңдарға қатысты (қасқыр, аю) башқ. арлан (ар+ла+н) «cамец», сонымен қатар ит пен мысыққа қарата айтылатын, мысалы арлан бесәй «еркек мысық». Еркек сөзі адамға қарата айтылғанда да еркек жынысын білдіріп, мынадай сөздермен тіркесіп келеді: қ.-қалп. еркек адам, қырғ. еркек бала, түр. erkek çocuk «еркек бала», түркім. эркек оглан «еркек бала», эркек адам «еркек адам»  т.б.         

Сонымен, ер сөзінің «күйеу» деген мағынасы «еркек, ер адам» деген мағынасымен салыстырғанда кейін пайда болды деуімізге негіз бар. Шамасы, ер сөзін белгілі бір жаққа тиісті тәуелділік жалғауларымен жиі қолданушылық – ерим «менің ерім», ерің «сенің ерің», т.б. – түркілік туыстық терминология жүйесінде орын алатын ер сөзінің «күйеу» деген туынды мағынасын бірте-бірте қалыптастырды.

        Қатын. Бұл термин қазіргі көптеген түркі тілдеріне таныс. Ол көптеген көне ескерткіштерде кездеседі: qatun «ханым» (дама, княгиня); ҳatun «маңызды адамның әйелі». Сөйтіп көне түркі ескерткіштерінде бұл сөздің бастапқы дауыссыз дыбыстарында айырмашылығы бар екі фонетикалық варианты кездесті: qatun және ҳatun. Бұл бастапқы дауыссыз дыбыстардағы айырмашылық қазіргі түркі тілдерінде де байқалады. Бірқатар тілдерде бастапқы дыбыс к (варианттарымен) болып келеді: алт. кадын, башқ. катын, қаз. қатын, қ.-қалп. қатын, қырғ. катын, тува кадай (када), кат, түр. kadın, шор кат. Бұл варианттар тобына бастапқы дауыссызы ұяңданған әзірбайжан тіліндегі гадын сөзі жуықтайды. Көне ескерткіштердегі варианттармен салыстырғанда (qatun, ҳatun) қазіргі түркі тілдерінде а – ы дауыстыларының үйлесімі сақталып, бірақ ұяң және қатаң дауыссыздар үндесімінің бұзылған жағдайы байқалады (мысалы, түр. kadin). Екінші топтағы варианттар – бастапқы х дыбысымен: тат. хатын, түркім. хатын, өзб. хотин, ұйғ. һotun, хақ. хат, якут хотун (моңғ. хатан сөзімен салыстыр).

Қатын сөзі өз семантикасы жағынан әртүрлі түркі тілдерінде сараланып, жіктелген. Жоғарыда аталған тілдердің көпшілігіндегі оның негізгі мағынасы – «әйел адам», «әйелі, жұбайы». Жекелеген кейбір тілдерде оның осы жалпы мағынасынан тармақтанған мағыналары байқалады. Мысалы хотун деген якут сөзінің «үй иесі әйел», «әйелі, жұбайы», «ханым» секілді негізгі мағыналарынан басқа «ене», «ханша (ойын карталарында)» деген мағыналары бар, сонымен қатар, құрметке ие әйел құдайларының атын жергілікті атауларға (қала, өзен) теңгерген. Хақ. хат сөзі тек «кемпір» мағынасында ғана қолданылады. Ал түрік тілінде, керісінше, kadın қадірлі ханым деген ұғымды білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде, тек қана qatun//ҳatun «ханым», «маңызды адамның әйелі» деген мағынада келетін  көне ескерткіштерге түрік тілі жақын келеді. Ибн-Муханна сөздігінде де: نوﺗﺎﻗ  «әйел адам» (әсіресе, құрметті ханым). Бур.-моңғ. хатан «ханша», «ханшайым», «ханым» және т.б.

Тува тілінде бұл сөздің мағынасындағы айырмашылықтар оның әртүрлі тұлғаларымен байланысты болып келеді. Када сөзі «әпке//тетя» деген мағынада [жекеше түрдегі тәуелдік жалғауының ІІІ жақ кадазы тұлғасында «оның әпкесі»], кадай «жұбайы, зайыбы» (кадайы «оның жұбайы, зайыбы»). Сонымен бірге кат ие «ене» (әйелінің шешесі) деген күрделі термин бар, ол синтаксистік тұрғыдан қалыпқа түспеген изафет. Бір қызығы, кат тұлғасы тек тува тілінде ғана емес, сонымен бірге солтүстік-шығыс түркі тілдерінде де бар, атап айтар болсақ, хақ. хат «кемпір», шор кат «әйел».

В.В.Радлов куман тіліндегі кат сөзінің «әйел» деген мағынасын көрсетті. Солтүстік-шығыс түркі тілдеріндегі кат//хат сөзі өзінің сематикасы жағынан басқа түркі тілдеріндегі кадын//хатун сөздерімен ұқсастығы бойынша кадын//хатун сөздері тарихи тұрғыдан біртұтас, бөлінбейтін дыбыстық жүйе емес екендігі байқалады, бұған дәлел кат//хат түбіріне + -ын формантының жалғануы туыстық терминдерінде әлденеше рет кездесті. Кадын//хатун сөзі ‘жұбайы’, ‘әйел адам’ қазіргі түркі тілдерінде әртүрлі деңгейде қолданыс тапқан. Алт., қаз., қырғ., тат., өзб., ұйғ. тілдерінде туыстық  термин ретінде қолданылып, шамасы, ол негізгі болып табылады және оның синонимдері жоқ. Әзірбайжан тіліндегі гадын сөзінің мағынасы шектеулі: ол тек ‘әйел адам’ деген мағынаны білдіреді, ал ‘әйелі, жұбайы, зайыбы’ деген мағына арвад сөзінің көмегімен беріледі (араб. ‘әйел’; әзірб. тілінде вр > рв метатеза болған). Башқұрт тілінде ‘әйелі, жұбайы’ мағынасындағы катын терминімен қатар бисә сөзі қолданылады (‘бегім’, ‘ханым’): би + сә ­– бұл кішірейту-еркелету мәніндегі -ча//-жа//-ша//-са жұрнақтарының фонетикалық варианттарының бірі, ол көбінесе әйел тегін білдіргенде қолданылады. Тат. ‘әйелі’, ‘жұбайы’ бичә (ескі) [‘ханым’, ‘ханша’ ұғымындағы бикә (ескі) сөзімен шатастырмау керек, ә араб тілінде әйел  тегін  білдіреді]. Бұл қазақ тіліндегі бике, бише сөздеріне сәйкес келеді.

Қ.-қалп. катын  ескі сөз саналып, оны әдеби тілдегі ҳаял сөзі ығыстырып шығарды (ар. ﻝﯿﺎﻏ ‘әйел’, қ.-қалп. ‘жұбайы’). Түркімен тілінің әдеби нормасында ‘әйел’, ‘жұбайы’ мағынасында аял сөзі қолданылады, ал хатын сөзі сөйлеу тіліне тән.  Айал сөзі басқа да түркі халықтарына тараған: қаз. әйел, қырғ. аял, өзб. аёл, ұйғ. ajal. Түрік және гагауыз тілдерінде ‘әйел’, ‘жұбайы’ мағынасын беру үшін, негізінен, кары сөзі қолданылады, ал бұл сөз басқа түркі халықтарында ‘кәрі’ деген мәнде жұмсалады. Түрік және гагауыз тілдерінде кары ‘кәрі’ > ‘жұбайы’.

Кадын // хатун  кыз және ер сөздерімен қос сөз тіркесін құрайды.

Кадын // хатун-кыз қос сөз тіркесі көптеген түркі тілдерінде жалпы ‘әйел’, ‘әйел тегі’ ұғымын береді, мысалы башқ. катын-кыз, тат. хатын-кыз, өзб. хотин-қизлар, ұйғ. xotun qizla(r) т.б. Эр-кадын // хатун қос сөз тіркесі ‘ерлі-зайыптылар’ ұғымын береді. Сол себепті бір немесе екі сыңарының морфологиялық көрсеткіштері болуы мүмкін: қырғ. ерди-катын (-ди – -ле жалғаулығының фонетикалық варианттарының бірі), тат. ирле-хатынлы, башқ. ирле-катынлы, өзб. эр-у-хатун бұндағы у – парсы тілінің жалғаулық шылауы. Кейбір түркі тілдерінде эр-кадын // хатун қос сөз тіркесінің бір сыңары сол сөздің синонимімен алмастырылуы мүмкін: мысалы әзірб. әр-арвад ‘ерлі-зайыпты’; ерли-катынды қос сөз тіркесі қазақ тілінде ерлі-зайыпты, бұндағы зайып – «катын» сөзінің синонимі (араб. ‘әлсіз’, ауыспалы мағынасы ‘әлсіз тек’, ‘әйел’, ‘зайыбы, жұбайы’). Эр-кадын // хатун қос сөз тіркесіне түрік және гагауыз тілдерінде кары-коҗа (коҗа басқа түркі тілдерінде – ‘кәрі’, ‘егде жастағы’, ‘жасы үлкен’). Гагауыз тілінде ‘күйеу’ мағынасында адам сөзі қолданылады (салыстырыңыз: adam ‘адам’).  

       Күйеу. Күйеу термині әртүрлі фонетикалық варианттарымен барлық түркі тілдерінде кездеседі: алт. кÿйÿ, башқ. кейәу, гаг. гÿвä, қаз. күйеу, қ.-қалп. күйеу, күйеу бала, қырғ. күйөө, тат. кияү, тува кудээ, түр. güvey, güveyi, түркім. гиев, өзб. күëв, ұйғ. kujoqul (kujө + оqul), хақ. кізө, чув. кěрÿ, шор кÿзä, якут күтүө, күтүөт. Әзірбайжанның әдеби тіліне бұл термин енбеген, бірақ диалектілерінде кеңінен қолданылып, бірнеше варианттарға ие: қийов (Куба), қийәв (Чүлфә), қәәв (Агдаш), қөй (Халдан, Газах). Күйеу терминін көне ескерткіштердегі варианттарын оның қазіргі түркі тілдеріндегі варианттарымен салыстырғанда ең алдымен көзге түсетіні көне екерткіштерде бұл сөз үш, ал қазіргі тілдерде екі буыннан тұрады. Үшінші буынның түсіп қалуын г интервокалды позицияға біртіндеп жоғалуы және кейіннен оны қоршап тұрған дауыстылардың жиырлуынан алғашқысына екпіннің түсуі нәтижесінде пайда болғанын аңғару қиын емес. Г дыбысын қоршап тұрған дауыстылардың қысқаруы қазіргі түркі тілдеріндегі күйеу сөзінің варианттарынан айқын аңғарылады. Әрбір түркі тілдеріндегі фонетикалық ерекшеліктерінің сәйкесімділігіне байланысты г дыбысының түсіп қалу нәтижесінде пайда болған екі дауыстының тоғысуы түркі тілдерінде әртүрлі көрініс тапқан. Мәселен башқ., қаз., қ.-қалп., тат., түр. тілдерінде бұл дауыстылардың тоғысуынан алдыңғы буында созылыңқы дыбысқа айналуы болмаған; күйеу сөзі бұл тілдерде төменгі дифтонгпен аяқталып отырады: башқ. әү, қаз. және қ.-қалп. еу, тат. әү (яу = й+ әү), түр. еу (эй); ал якут вариантында күтүө және күтүөт – жоғарғы дифтонг.

Түрік тілінде güvey сөзімен қатар güveyi тұлғасы да қолданылады, яғни соңғы буындағы көне г мүлдем жоғалып кеткен жоқ және ол дауыстылардың арасында й тұлғасында сақталған (егерде бұл туынды негіз болмаса). Түркімен және өзбек тілдерінде соңғы дифтонг ү дауыссыз в дыбысына айналды: түркім. гиев, өзб. күëв. Қырғыз және тува тілдерінде қысқару нәтижесінде және дауыстылар үндесімінің ерекшелігіне сәйкес созылыңқы дауыстыға аяқталып, бұл екі әріп түрінде көрініс тапқан: қырғ. күйөө, тува кудээ. Алт., гаг., хақ., чуваш, шор варианттарында соңғы дауысты дыбыс созылыңқылығын жоғалтқан.

Көне ескерткіштердегі (küdägü, гÿjäгÿ) варианттарда екінші буында d||j дауыссыздарының алмасуы байқалады, бұл ескерткіштер түркі тілдерінің әртүрлі тобының фонетикалық ерекшеліктерін көрсететін сияқты. Күйеү терминінің қазіргі вариантын жан-жақты қарастырсақ, оның әрүрлі фонетикалық сәйкесімділіктерін көреміз, атап айтсақ, й дыбысы. Бұл сөз алт., башқ., қаз., қ.-қалп., қырғ., тат., түркім., өзб., ұйғ. варианттарында бірдей; гаг. және түр. в (<j), тува д, хақ. пен шор з, чув. р, якут т. Сол себепті көне ескерткіштердегі варианттарын есептегенде, күйеү сөзінің екінші буынындағы дауыссыз дыбыс әртүрлі түркі тілдерінде төмендегідей сәйкесімділікте көрініс табады: й//з//р//д//т.

Бұл сөздің бастапқы дауыссызына келетін болсақ, көп варианттарда к дыбысы келеді, тек оңтүстік-батыс тілдерінде ғана г дыбысталады: түр. güvey, түркім. гиев, гаг. гÿвä. Бұл терминнің көптеген варианттарында бірінші буындағы дауысты дыбыс ү, бірақ алдыңғы буында басқа да дауысты е, и дыбыстарының кездесуі байқалады: башқ. кейәү, тат. кияу, хақ. кізө, чув. кěрÿ.

Сол себепті күйеү термині өзіндік фонетикалық сипаты жағынан көптеген әртүрлі варианттарға ие.

Ал семантикалық жағынан тұрақты. Себебі жоғарыда аты аталған тілдердің барлығында да күйеү сөзінің мағынасы ‘күйеу, күйеу бала, күйеу жігіт’. Дегенмен, түркілік жүйенің ерекшелігі мен туыстық терминологияның аясынан шығып күйеү терминінің семантикасын нақтылау керек. Ең алдымен түркі-орыс сөздіктерінде берілген күйеу сөзінің ‘күйеу’ және ‘жас күйеу’ мағыналарын әйелге қатысты білдіретін эр, коҗа терминдерінің синонимі ретінде қарастыруға болмайды. Күйеү термині тек қана қалыңдықтың туыстарына қатысты, жас әйелі мен тойға келген қонақтар үшін ‘күйеу және жас күйеу’ мағынасын береді. Соған сәйкес күйеү терминінің негізгі мағынасы көне ескерткіштерде көрсетілгеніндей ‘күйеу бала’ екенін мойындауымыз керек. Өз кезегінде дәлірек айтсақ, күйеү термині ‘кіші күйеу бала’, яғни қызының немесе сіңлісінің күйеуі дегенді білдіреді, ал әпкесінің күйеуін йезне термині білдіреді.

Томск маңындағы түркілерінің тіліндегі küjöyм терминінің мағынасын келтірген де қызықты: «менің қызымның күйеуі; менің сіңілімнің күйеуі; менің шешемнің аға-інісінің қызының күйеуі; менің інімнің қызының күйеуі; менің әпкемнің меннен кіші қызының күйеуі, менің әкемнің інісінің қызының күйеуі; менің әкемнің қарындасының қызының күйеуі; менің шешемнің ағасының меннен кіші қызының күйеуі; менің күйеуімнің әпкесінің күйеуі; менің ағамның меннен кіші қызының күйеуі». Бұл жерде küjöyм терминінің қолданысындағы барлық туыстық ая көрсетілді. Аты аталған терминнің білдіретін жалпы ұғымы «кіші күйеу».

Ұйғыр тілінде бұл термин, шамасы, oqul ‘ұл’ сөзімен тіркесіп қолданылады, яғни kujoqul сөзбе-сөз ‘күйеу ұл’. Бұнда kuj(ө) сөзі oqul сөзіне анықтама болып тұр, бұл жерде туған ұл емес, қызының күйеуін атап отыр. Бұған ұқсас жағдай қ.-қалп. тілінде қолданылады: күйеу бала, яғни туған ұл, бала емес, қыздың әке-шешесіне ұл секілді қабылданған қыздың күйеуі. Қырғыз тіліндегі ‘kүjөө bala «әпкесінің күйеуі немесе өзінің әйелінің жасы үлкен туысқаны’ (Юдахин, 281). Қырғыз тілінде осы сөзден етістік туындаған: kүjөө: kүjөөlө- ‘күйеу ретінде қалыңдыққа бару және қалыңдықта қону’ (сонда). Якут тілінде де бұған ұқсас келеді: кÿтÿөттä- ‘некеленгенмен жату’; ‘қалыңдыққа қарау’, ‘қалыңдықта болу’, ‘күйеу болу’ (Пекарский, І, 1347). Башқұрт тілімен де салыстыр: кәләш кейәләү ‘үйленгеннен кейін жас әйеліне бару’.

Күйеу термині жалпытүркілік саналғандықтан, оның синонимдері аз. Әзірбайжан тілі жайында айта кету керек: той кезінде күйеуді бәй деп атап (салыстыр: «князь» ескі орыс тойында), ал ‘күйеу бала’, ‘қызының күйеуі’ шыққан тегі моңғол сөзі күрәкән терминімен аталады [бур.-моңғол хурьгэ(н) ‘күйеу бала’  моңғ. küreken.

Бұл термин қазіргі түркімен тілінде де бар: көрекен ‘күйеу бала’. Ол шағатай әдебиетінде де қолданылады. Күйеү және күрекен сөздері этимология жақтан бір-бірімен байланысты, себебі моңғолдың хурьгэ(н) сөзіндегі н тұрақсыз, дыбысталуы көне ескерткіштердегі küdägü сөзіне жақын келеді (салыстыр: чув. кěрÿ). Дегенмен күдәгү < күйеү және күрекен сөздерінің арасындағы этимологиялық байланысқа нақты дәлел әзірге жоқтың қасы.

        Келін. Келін барлық қазіргі түркі тілдері үшін ортақ термин. Осы фонетикалық вариантында алт., қаз., қ.-қалп., қырғ., тува, өзб., ұйғ., шор, яғни көптеген қазіргі түркі тілдерінде бар. Көне түркі ескерткіштерінде жоғарыда көрсетілген вариантқа жуық түрі кездеседі: кälін ‘жас’. Келін негізгі вариантынан қазіргі оңтүстік-батыс түркі тілдеріндегі варианттары ең алдымен бастапқы дауыссыздың дыбысталуымен ерекшеленеді: әзірб. гәлин, гаг. гелин, түр. gelin, түркім. гелин. Бұл сөз татар және башқұрт тілдерінде килен; хақ. килін варианттарында қолданылады. Чув. кин варианты, шамасы, келин тұлғасының ықшамдалған түрі. Якут тілінде екі вариант қолданылады: киниит және кийит.

Тува тілінде келин вариантымен қатар керин және кенни қолданылады; соңғысы туынды негіз (тәуелдік жалғауының ІІІ жағы, жекеше түрі -и), н соңғы дауыссызы алдыңғы тұрақсыз л дыбысын ассимилияцияға түсіріп, ал дауысты и екпінсіз позицияға айналып, түсіп қалған. Бұған ұқсас жайтты алтай тілінен де табамыз. Бұндағы айырмашылық прогрессивті ассимилияция бар: алдыңғы л дыбысының әсерінен соңғы н «д» дыбысына айналып және жекеше түрдегі ІІІ жақтағы тәуелдік жалғауының жалғануынан келди туынды тұлғасы жасалған.

Гагауыз тілінде гелин тұлғасымен қатар гелни туынды сөзі де қолданылады: геlні=геlін. Келін терминінің мағынасы барлық түркі тілдерінде бірдей: ‘қалыңдық’, ‘келін’, ‘жаңа тұрмысқа шыққан жас келіншек’. Дәлірек айтқанда, түркі тілдеріндегі келін термині үйленгеннен кейінгі жас әйелді атайды, шамасы, тұңғыш баласын туғанға дейін. Бұл семантикалық белгі қырғыздың мақалында сақталған: bee tuumajьnca bajtal atь qalbajt, qatьn tuumajьnca kelin atь qalbajt ‘бие тумайынша байтал аты қалмайды, қатын тумайынша келін аты қалмайды’.

Тәжірибеде келін терминінің қолданылу шегі кең және ол көптеген түркі тілдерінде тек тұңғыш баласын туғанға дейінгі аралықты ғана емес, сонымен қатар жалпы жасы кіші туысқанның әйелін атайтын неке бойынша туыстық термині.

Келін сөзінің этимологиясына келетін болсақ, ‘келу’ кел-//гел- етістігінен туындаған. Келін термині ‘қалыңдық’ ұғымын білдірмейді, келін деп жаңадан тұрмысқа шыққан әйелді атайды, ал қалыңдық тек той күні ғана күйеу жігіттің үйіне алғаш келіп, сонда тұруға қалған адам. Сол себепті келін сөзіндегі -ін форманты -н//-ін//-ын//-ин//-ун//-үн өлі жұрнақтарының фонетикалық варианты. Етістіктен зат есімдер мен сын есімдер жасалды, мысалы түр. ekin ‘егін’, tütün ‘түтін’, sayin ‘таңдаулы’, yogun ‘қою’ т.б.

Әртүрлі түркі тілдерінде келін сөзінен туындаған туынды сөздерді кездестіруге болады: қаз. келіншек, қырғ. кеlінчек, ұйғ. kelincәk т.б. (-шек//-сек//-сәк – кішірейту мәніндегі жұрнақтардың фонетикалық варианттары), түркім. гелинлик ‘қалыңдыққа белгіленген қыз’, тат. килендәш ‘екі туысқан ағайындардың әйелдері бірін-бірі атауы’, түркім. гелнеҗе (гелин+эҗе) 1) үлкен ағаның әйелі, 2) ‘тәте’ (күйеуі жақтан жасы кіші туысқандардың жас әйелге, қалыңдыққа қарата айтатын сөзі), өзб. келинойи ‘үлкен ағаның әйелі’ т.б.

        Жезде. Термин негізінен қыпшақ тобындағы тілдерде таралған, бірақ сонымен қатар басқа да түркі тілдерінде қолданылады. Көне ескерткіштерде кездеспейді. Бұл сөздің фонетикалық сипатына, ең алдымен, бастапқы дауыссыздың й//җ//ж//ч//дь сәйкесімділігін айтуға болады.

Әзірб. езнә (йезнә), башқ. езнә, алт. дьесте, қаз., қ.-қалп. және қырғ. жезде, тат. җизнә//җизни, тува честе, шор чäстä, чув. есна. Екінші буындағы н//д//т дауыссыздардың сәйкесімділігі прогрессивті ассимилияцияның нәтижесі, себебі з дауыссызынан және оның қатаң с вариантынан кейін тұр. Бұл сөздегі дауыстылардың өзгеруі шамалы дәрежеде ғана. Аты аталған тілдердің барлығында да жезде сөзі бір мағынаны білдіреді: ‘үлкен әпкенің күйеуі’, яғни ‘кіші күйеу бала’ мағынасындағы күйеү терминіне кереғар болып келеді.

Түрік және гагауыз тілдерінде жезде терминіне enişte сөзі сәйкес келеді (гагауыз тілінде соңғы буындағы екпін соңғысының алдына түседі. Йениште сөзінің жезде сөзімен мағынасы бірдей болуына қарағанда, этимологиясы жағынан байланысты болуы мүмкін.

        Жеңге. Жезде терминімен сәйкес келетін әйелге қатысты жеңге термині онымен салыстырғанда түркі тілдерінің көбіне тараған.

Жеңге терминінің фонетикалық сипатында йезне секілді бастапқы дауыссыздардың сәйкесімділігі бар. Бастапқы й варианты: әзірб. еңкә, башқ. еңгә // еңкә, түр. yenge, түркім. еңңе, өзб. янга, ұйғ. jәŋgә, Ибн-Муханнаның сөздігі де бұнымен сабақтас ‘ағаның әйелі’, jäңгä. Бастапқы ж вариантымен: қаз. жеңге, қ.-қалп. женгге. Бастапқы җ вариантымен: қырғ. җеңе, тат. җиңгә. Бастапқы ч варианты тува тіліне тән – чеңге, бастапқы дь алтай тілінде – дьенге, бастапқы с якут тілінде – саңас, хақас тілінде метатеза құбылысы бар: ниге. Жеңге терминінің семантикасында үш негізгі бағыт байқалады. Неке бойынша туыстық термині ретінде ‘үлкен келін’, ‘келін’, ‘ағаның әйелі’, яғни келин ‘кіші келін’ терминінің мағынасына қарама-қарсы келеді. Бұл мағынасын жоғарыда аты аталған түркі тілдерінің бәріне ортақ мағына деуге болады, тек әзірбайжан тілінде ғана еңкә сөзі басқа мағынада жұмсалады. Ислам дінінің қатты әсері болған бұл түркі халықтарының тілінде йеңге сөзі ‘үлкен келін’ деген негізгі мағынасынан басқа мұсылмандық үйлену салтымен байланысты келіп, қалыңдықты болашақ күйеуінің үйіне апаратын әйел, ол әйел үйлену салтының маңызды мүшесі болып саналады. Бұл рөл үлкен келінге жүктелгендіктен йеңге сөзі кейбір тілдерде көрсетілген екі мағынасында жұмсалады. Түрік тілінде йеңге сөзі ‘үлкен келін’ деген бірінші мағынасымен қатар ‘қалыңдықты кұйеуінің үйіне апатаратын әйел’; түркім. ‘ескі түркімен тойында күйеудің үйіне қалыңдықты апаратын кемпір’, өзб. ‘той біткеннен кейін күйеудің үйінде қалыңдықпен бірге қалатын адам’, ұйғ. ‘қалыңдықтың досы’ (бұл ұйғыр тілінде мұсылмандық үйлену салтымен байланысты мағынасының біртіндеп жойылуын байқатады). Әзірбайжан тілінде еңкә сөзінің тек бір ғана мағынасы бар: ‘қалыңдықты күйеудің үйіне апаратын әйел’, ал туыстық термин ретінде қолданылмайды.

Жеңге сөзі бірқатар түркі тілдерінде тек туысқанға емес, құрметтеу мәнінде жалпы жасы үлкен әйелдерге қарата айтылады.

Мысалы алт.  дьеңге 1) ‘үлкен ағаның әйелі немесе әкенің ағасының әйелі’, ‘келін’, 2) ‘жасы үлкен әйелдерге құрметтеп қарата айтылатын сөз’.

Қаз., қырғ., тат. және башқ. тілдерінде бұл сөз қаратпа мәнінде атауыш тұлғасында айтылады: қаз. жеңгей (негізгі тұлғасы жеңге), қырғ. җеңей (негізгі тұлғасы җеңе), тат. җиңги (негізгі тұлға җиңгә), башқ. еңгәй (негізгі тұлға еңгә).

Қаратпа сөз ретінде йеңге сөзі еркелету тұлғасында да қолданады: қаз. жеңеше, қырғ. жеңгетай, тат. җиңгәчәй ‘жасы үлкен әйелге қарата айтылатын сыйластық сөз’. Бұл сөздің қырғыз тіліндегі сыйластық тұлғасынан -лық жұрнағының көмегі арқылы өзіндік мағынадағы зат есім жасалған: «çeŋgetajlьk (ескі сөз) қалыңдықпен құпия кездесуіне көмектесетін қалыңдықтың үлкен туысқанына күйеу жігіттің беретін сыйлығы». Якут тілінде саңас сөзі ‘әке жақтан үлкен туысқанның әйелі’ деген негізгі мағынасынан басқа ‘кішіге қатысты екі әйелдің үлкені’, басқа түркі тілдерінің көпшілігінде арнайы терминдермен берілген: қырғ. байбиче ‘үлкен әйел’, токол (ескі) ‘екінші әйел’; қырғ. күнү, түркім. гүни, башқ. көндәш, өзб. кундош ‘бір күйеудің екі әйелі бір-бірін айтуы’ және т.б.

Қорыта келгенде, келтірілген мысалдардан байқалып отырғандай, түркі тілдеріндегі неке бойынша туыстық терминдерінің қолданымында да ортақ жүйе мен құрылым тұрақты түрде сақталып отырады.

Демек, бұл түркі тілдеріндегі туыстық жүйенің беріктігінен, ежелден қалыптасқан тарихы бар болуынан хабар береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Покровская Л.А. Термины родства в тюркских языках. // Историческое развитие лексики тюркских языков: М.: Изд-во АН СССР, 1961. – С. 1-82.

2. Номинханов Ц.Д. Термины родства в тюрко-монгольских языках. // Вопросы истории и диалектологии казахского языка. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1958. Вып.1., С. 42-48.

3. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Т. I-IV. СПб., 1888-1911.

4. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. Казань, 1861.

5. Будагов Л. Сравнительный словарь турецко-татарских наречии. Ч.1-2. СПб., 1869.

6. Бернштам А.Н. К семантике термина «огул» ‘сын’. //  «Язык и мышление», т.IX. М.-Л., 1940.

7. Задыхина К.Л. Термины родства и свойства в языках тюркских народностей Сибири. // Ученые записки Томского госпединститута., т.XI. 1954.

8. «Материалы по свадьбе и семейно-родовому строю народов» СССР, вып. 1. Л., 1926.

9. Юсупов Х.Г. Терминлоогия родства в башкирском языке. М., 1954.