УДК 371.59

Ж.С.Таджибаева, Н.Фатикова, Ш.Ш.Еркебаева

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті,

Казахстан, Тараз

 

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ –  БІЛІМ БЕРУ ПАРАДИГМАСЫНДАҒЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ

 

Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз - барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы - Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту Мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға бірдей білім беру орталықтарына қарай бейімдеу 2002 жылдан басталды. Сол жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқы рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медико-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заңды қабылдады. Осы заң аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілген. Солардың бірі – инклюзивті білім беру ұйымдарында жұмыс жасайтын педагогтарды дайындау. Бүгінгі таңда іс-тәжірибе көрсетіп отырғандай, елімізге мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің ұлттық бағдарламасы қажет.

Инклюзивті білім беру  мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Ал, біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім  беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасында» көрсетілді. Осы бағдарлама төңірегінде инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелері қарастырылып, 2015 жылға мына міндеттерді шешу көзделген:

-мүмкіндіктері шектеулі балаларды біріктіріп оқытудың модульдік бағдарламалары жасалады;

- мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беретін ортада біріктіріп оқыту ережесі әзірленеді;

-мүгедек балаларға қашықтықтан білім беруді ұйымдастыру қағидалары әзірленеді. Дамуында мүмкіндігі шектелген балаларға білім беру құқығын іске асыру саласындағы негізгі міндеті ретінде  олардың психофизикалық ерекшеліктері есебімен көрсетілген санаттағы барлық балалардың  сапалы білімді алуына жағдай жасау қаралуда.  Үйде білім алатын мүгедек балалар жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктері ескеріле отырып, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету сияқты істері жүзеге асырылмақшы. Осылайша мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау, олардың қоғамға етене араласуына, оларды оңалту, жұмысқа орналастыру және жаңа жұмыс орындарын құру, білім алу, оқыту, қайта мамандандыруда қолдан келгенше жағдай жасамақшы. Саламан Декларациясына сәйкес инклюзивті білім беру саясатының міндеттері мынадай:

·                        Әрбір бала білім алуға құқылы және оны алуға тиіс.

·                        Әрбір баланың дара қабілеттері, қызығушылықтары, қажеттіліктері және оқуға деген мұқтаждықтары болады.

·                         Білім беру жүйесіне оң өзғерістер, яғни осы мұқтаждықтарды қанағаттандыру мақсатына орай өзгерту.

Осыған орай, инклюзивті білім берудің  негізгі 8 принципі туындайды. Яғни ол мына принциптер:

1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталады.

2. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.

3. Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы.

4. Барлық адам бір-біріне қажет.

5. Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады.

Сонымен қорыта айтқанда, инклюзивті оқыту- оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту – барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеретін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісінің дамуы болып саналады. Инклюзивті оқыту арқылы барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады.  Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ.

         Сөз соңында айтарым, біздің қоғамымызға инклюзивті білім беру жүйесі қажет. Сондықтан да инклюзивті оқыту арқылы бала бойындағы қабілетті дер кезінде байқауға, ақыл-ойын дамыта отырып, дарындылығын ұштауға болады. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізе білсек, бала болашағына жол ашқанымыз деп білеміз.

Пайдаланған әдебеттер:

1.     Руководящие принципы политики в области инклюзивного образования. Париж, ЮНЕСКО, 2009г

2.     Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы. ҚР 2002ж №343 заңы