ШАҒЫН
КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ЭКОНОМИКАДАҒЫ
РӨЛІ
Шаханова
М.К. магистрант.
Тараз
инновациялық - гуманитарлық университеті, Тараз қаласы.
Қазақстанның нарықтық экономикаға
өте отырып экономиканы жедел дамытуда, жоғары экономикалық
өсімге қол жеткізуде
кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен
кәсіпкерлікті қолдау экономиканы құрылымдық
қайта құруды жандандыруға, таңдау еркіндігі мен
қосымша жұмыс орындарын ұсынуға,
шығындардың тез қайтымдылығын қамтамасыз етуге,
тұтынушылық сұраныстың өзгерістеріне жедел бейімделуге мүмкіндік беретін шағын
кәсіпорындар торабын құруды тездетуді талап етеді. Ел
экономикасын дамытуда шағын кәсіпорындардың
маңыздылығы өте жоғары. Ал, осы шағын
кәсіпорындар іс бастау үшін ірі көлемде инвестицияларды талап
етпейді және ресурстар айналымының
жоғары жылдамдығына кепілдік береді. Сол арқылы экономиканы
қайта құрылымдау проблемаларын ұтымды шешуді,
нарықты тұтыну тауарларымен толықтыруды, бәсекелік
ортаны күшейту арқылы өндірілетін өнімдер мен
көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға, жаңа
жұмыс орындарын құра отырып жұмыссыздық
мәселесін шешуге қол жеткізуге болады.
Шағын кәсіпорындардың
экономикадағы ролі, өзіндік ерекшеліктері,
артықшылықтары мен кемшіліктері жөнінде көптеген
ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. А.А.
Шулустың пікірінше, шағын кәсіпорынның келесідей
ерекшеліктерін бөліп көрсетуге болады:
-
кәсіпорынды
тікелей басқару және меншік құқығының
бірлігі;
-
кәсіпорынның
көз жетерлік болуы: оның масштабының шектеулілігі
кәсіпорын иесі мен жұмыскердің арасындағы
қарым-қатынастың ерекше, жеке сипатын көрсетеді. Ол
қызметкер жұмысын мотивациялау мен оның еңбекке
қанағаттануының жоғары дәрежесіне жетуге
мүмкіндік береді.
-
ресурстар
мен өткізу нарықтарының салыстырмалы түрде үлкен
еместігі;
-
кәсіпорын
қызметінің тиімділігі мен даму перспективасында кәсіпорын
басшысының ролі. Яғни, ол шаруашылық қызмет
нәтижелеріне толық жауапкершілікте болады.
Шағын кәсіпорындар тиімділігінің басты
факторы – олардың өнім өндіру облысында, сондай-ақ,
қолданылатын еңбек құралдары бойынша тар мамандануы.
Шағын кәсіпорындар шектеулі номенклатурада (1-2 ден 5-7 дейін) өнімдер өндіреді және
бірмезгілде жоғары өнімділікпен ерекшеленетін
тармамандандырылған құрал-жабдықтарды қолданады.
Ол қысқа мерзімде өндіріс технологиясын және
өндірістік үрдісті интенсификациялауға ғана емес,
сондай-ақ, негізгі құралдардың ұдайы
өндіріс үрдісін өзгертуге мүмкіндік береді. Шағын
кәсіпорындар инфрақұрылымдық бөлімшелер
құруға көп шығын жұмсауды қажет
етпейді, яғни, көлік шаруашылығын, арнайы коммуникациялар,
жөндеу шаруашылығын және үлкен қоймалар
ұстаудың қажеттілігі жоқ. Өндіріс
көлемінің шағын болуы материалды-техникалық
жабдықтауды, сондай-ақ, өнімнің дайындығына
байланысты өткізуді жүзеге асыруды жылдамдатуға
мүмкіндік береді. Шағын кәсіпорындар еңбек ресурстарын
тиімді пайдалануда да ерекше мәнге ие болады. әсіресе, олар
қосымша жұмыс орындарын құруға, адамдарға
маман ретінде өздерінің шығармашылық
қабілеттіліктерін жүзеге асыруға жағдай туғызады.
Сонымен жалпы экономикалық көзқарас
тұрғысынан шағын кәсіпорындардың дамуы
өндірісті мамандандыру өсімін, ғылыми-техникалық
прогрессті жеделдетуді, өнім өндіру мерзімін
қысқартуды, шикізаттар мен дайын өнімдерді жеткізудің
көлік шығындарын, жоғалтуларды азайту, еңбек және
материал ресурстарын едәуір толық пайдалануды қамтамасыз
етеді.
Нарықтық экономикаға өту
және өзгерістерге бейімделу кезеңінде шағын
кәсіпорындар ғылыми-техникалық прогрестің
бірқатар маңызды бағыттары бойынша тың серпілісті
жүзеге асырады. Мұның барлығы шағын
кәсіпорындарды елдегі және аймақтағы экономикалық
реформалардың құрамдас бөлігі және елеулі факторы
ретінде көрсетеді.
Нарықтық қатынастар жағдайында
шағын кәсіпорындардың теория-әдістемелік аспектілерін
және ел экономикасындағы ролін қарастырған кезде
жаңашылдық немесе жаңашылдықты енгізу мәселесін
назардан тыс қалдыруға болмайды. Нарық өзіндік
өзгешеліктері мен ерекшеліктеріне байланысты тұтынушыларға
бәсекеге қабілетті және жоғары сапалы өнімдер
жеткізу мақсатында өндірісті жаңартуды талап етеді.
Сондықтан кәсіпкерлер немесе кәсіпорын басшылары оларды шешу
жолдарын іздеуі қажет. Оның үстіне нарықтық
экономикасы дамыған елдер тәжірибесі көрсеткендей шағын
кәсіпорындар жаңашылдық облысында ірі кәсіпорындармен салыстырғанда
бірқатар артықшылықтарға ие болады. Ол шағын
кәсіпорындардың нарыққа тез бейімделу, басқару
икемділігі және ішкі коммуникациялар тиімділігі және басқа да
осындай сапалы қасиеттерімен байланысты.
Шағын кәсіпорындардың
тиімді қызмет ету мүмкіндігі ірі өндіріспен
салыстырғанда келесідей бірқатар артықшылықтарымен
түсіндіріледі.
1)
Артықшылықтардың
алғашқысы өнім өткізудің жергілікті
нарықтарына жақындығы және тұтынушылар
сұраныстарына тез бейімделумен, ірі кәсіпорындар үшін тиімсіз
болған жағдайда аз партиямен өнімдер өндіру,
кәсіпорынды басқарудың тиімділігі мен қарапайымдылығы
және басқаларымен сипатталады.
2)
Шағын
кәсіпорындардың дамуы мен тиімді қызмет етуі бүкіл
экономиканы жақсарту үшін қолайлы жағдай
туғызады. Демек, бәсекелік
орта күшейеді, көптеген қосымша жұмыс орындары
құрылады, тұтынушылық сектор кеңейеді,
өндірістегі, саладағы және ел экономикасындағы
құрылымдық қайта құру белсенді және
тиімді түрде жүргізіледі, жергілікті ресурстар жақсы
қолданылады, нарықты тауарлар мен қызмет көрсетулермен
толықтыру тезірек болады, ел экономикасының экспорттық
әлеуеті артады.
3)
Шағын
кәсіпорын құра отырып қызметін жүзеге асыратын
кәсіпкерлер немесе шағын кәсіпкерлік кәсіпкерлікті
ұйымдастырудың әдістері мен нысандарын, білімдерін
меңгерудің өзіндік мектебі болып табылады. Сонымен
қатар, кәсіпкерлердің шығармашылық қабілеттерін
дамыту, еркін өндірістік қорларды пайдаланудың тиімді
тәсілі ретінде қарастырылады. Шағын кәсіпорындар
тұтыну сферасында ғана емес, сондай-ақ, соңғы
өнімді шығару үшін қажетті жекелеген түйіндер,
бөлшектер, жартылай фабрикаттар, шағын механизмдер мен басқа
да еңбек заттарын өндірушілер ретінде де тиімді. Ал, оларды ірі
кәсіпорындардың өздері өндіруі тиімсіз болып табылады.
Сондықтан оларды өндіруді келісім-шарт бойынша шағын
кәсіпорындарға тапсырады.
4)
Шағын
кәсіпорындар қоғамдық өндіріс
үрдісінде қосымша
еңбекті енгізеді, ал ол жаңа құндылықтар
құрады, ұлттық байлық пен ұлттық
табысты көбейтеді.
Нарықтағы бәсекелік ортаға әсер ету
көзқарасы тұрғысынан оны қалыптастыруға
мүмкіндік беретін немесе кедергі келтіретін факторлардың негізгі
үш тобын бөліп көрсетуге болады. Оларға келесілер
жатқызылады:
-
өнеркәсіптік
құлдырау немесе онымен қатар жүретін өндірістегі
дағдарыстық құбылыс;
-
инфляция
және қаржылық тұрақсыздық;
-
халық
шаруашылық салаларындағы институционалдық қайта
құру.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Нұрғалиев Н.Р. Қазақстан экономикасы. – Алматы:
Қазақ университеті,
1999. – 192 б.
2. Смағұлова Р. Қаржы нарқы. - Алматы:
Қазақ Ұлттық аграрлық
университеті, 2001 ж. – 108 б.
3. Шеденов Ө.Қ,. Сағындықов Е.Н,. Жүнісов
Б.А, Байжомартов У.С. Жалпы
экономикалық теория. - Ақтөбе:
Санат, 2004. – 313 б.