Магистр,   аға оқытушы Рахимжанова М.Д. 

Магистр аға оқытушы Тленова Т.Т. 

ҚазМемҚызПу,   Казахстан

 

                          Абылай хан  -  ерлік дәуірінің ерен тұлғасы

 

    Қазақ халқы басынан небір қилы замандарды кешті. Ұлттың ұлттығын сақтап қалудың өзі өзекті мәселеге айналған кездер де болды. Сол қиын-қыстау кезеңдерді өткеріп,   осы күнге жете алған халықтың ұрпағы екеніңе масаттанасың кейде,   жүректі мақтаныш сезімі билейді.

    XVғасырдың 50 жылдарынан былай қарай «қазақ» деген этникалық атау түпкілікті айқындала бастаса[1],   ал халықтың жойылып кетуіне шақ қалған «Жоңғар шапқыншылығы» кезеңі ХVII ғасырда басталып,   XVIII ғасырдың орта тұсына дейін өз жалғасын тапты.

    Халқының басына қаралы күн туған осынау шақтарда еліне демеу,   жұртына қорғаныш болған тұлғалар да халықпен қатар өмір сүрді. Солардың бірі де бірегейі,   даратұлға,   кемеңгер қолбасшы,  шебер  дипломат—Абылай  хан болды.

    Уәлиұлы Абылайхан(1711-1781)—қазақ халқының әйгілі ханы.Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы,  төре. Шежіре деректері бойынша:Шыңғыс хан-Жошы хан-оның төртінші ұлы-Тоқайтемір-Қожа-Бадақұлан-Өріс хан-Құйыршық хан-Барақ хан-Әз Жәнібек-Жәдік-Шығай хан-Ер Есім хан-Жәңгір хан-Уәли сұлтан-Қанішер Абылай сұлтан-Көркем Уәли-Абылай (Әбілмансұр) хан болып таратылады [2].

        1745 жылы мамыр айында Ұлытауда Жошы ханның мазары маңында өткен  құрылтайдың нәтижесінде сұлтан Абылай Орта жүздің ханы болып сайланды.Таққа отырғызғанда көне дәстүр бойынша Абылайды ақ киіздің үстіне отырғызып,  төрт жақтан төрт рудың атақты қайраткерлері үш рет «ХАН!ХАН!ХАН!» деп ұрандап,  көтерді [3]. Ел басқару барысында әділдік пен салиқалылық танытқан хан Абылайдың беделі халық алдында өте жоғары болды.Дана жүргізілген ел басқару саясаты оның 1771 жылы бүкіл Үш жүздің ханы болып сайлануына оң ықпал жасады.

    Халық қолдауымен хан сайланған басшының хандық билігін Патша үкіметі толыққанды мойындамай келді.Абылайды Орта жүз ханы ретінде ғана таныды және тек 1778 жылы ғана Екатерина ІІ «Абылайды Үш жүздің ханы»деп көрсеткен грамотаға қол қойды [4]. Алайда,   Абылай бұл мойындауды қажетсінбейтін де еді.Мұны хан билігін мойындаған грамотаны алу үшін Орынборға бармай қойғанынан байқай аламыз. «Өзінің қадір-қасиетін жақсы түсінген ол (Абылай) жұртты ақыл-айласымен, сабырлы салмақтылығымен маңайына топтастыра білді. Жауын сұсымен де,  күшімен де сескендіре білген Абылай ыңғайына қарай біресе Ресейге, біресе Қытайға бағыныштымын деп уәде беруге мәжбүр болғанымен,  шын мәнінде, ешкімге де бой ұсынбаған тәуелсіз басшы болды»[2],  -деп деректер келтірген Ресейдің белгілі тарихшы-зерттеушісі А.Левшиннің сөздері жоғарыдағы пікірімізге толықтай негіз бола алады.Сондай-ақ,   Бригадир Фонфрацендрофтың хатында Абылай сұлтанға екі сұрақ беріпті. Соның бірі,   «Егер де Ресей мен Қытай екеуі соғыса қалса кімді жақтар едіңіз?»-дейді.Абылай: «Ешкімді де. Бізге бейбіт өмір қажет»,  -дейді(1 қор,  1 тіркеме,  76 іс)[2]. Халқының қамын жейтін қайраткер екенінің айғағы жоғарыда көрсетілген пікір бола алады.

    Қос қапталындағы екі алпауыт державаның ешқайсысына мойынұсынбаған Абылай қажет кезінде қатқыл да батыл тіл қата білді.Ол Генерал-губернатор Василий Урусовқа жолдаған хатында: «Сіздің қоластыңызда болып есептелеміз ғой. Бірақ Ресейде әр жерде біздің адамдар тұтқында ұсталуда.Соларды босатуыңызды сұраймын»,  -деп батыл айтқан.(қор 12,  тізбе 1,  іс 5;1752 ж.29 қараша)[2].Ол тұста Урусовтың нендей саясат,  нендей мақсатпен ханның сұранысын орындағаны,  әрине,  бізге беймәлім.Дегенмен де,  бір ауыз сөзге тоқтаған ол Абылай ханның сұранысын қанағаттандырып,  тұтқындарды босаттырады.

    Қаншама деректермен келтірілген жоғарыдағы мәліметтерді атап көрсеткенімізбен,   өз кезінде «Абылайды Қытайға көбірек арқа сүйейді»деген пікірлер де қатар жүрді.

    1756-1757 ж.ж. екі ірі топпен басып кірген Цин империясы әскері мен қазақ билеушілері  қан төгіс ұрыс жүргізгені белгілі.

1997 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  ерекше тапсырмасымен Қытай архивіндегі Чиң империясымен Қазақ хандығының 1755-1862 ж.ж арасындағы қарым- қатынасына қатысты деректер елге әкелінді. Қытай иероглифімен жазылған түп нұсқасының көшірмесімен бірге оның қазақша аудармасы  топтастырылып «100-  құжат»- Алматы «Санат»,   1998ж -176 бет.- деген атпен осы кезең туралы ғалымдардың кеңінен танысуына мүмкіндік туған жинақ жарық көрді.

    Жоғарыдағы пікірді қытай архивінен алынған деректер де растайды. «Әмірсананы қуғындау үшін үшін қазақ жеріне ішкерілей енген Дардана мен Хадака генералдар Әмірсананы ұстай алмады,   олардың сылбырлығынан қазақтың Абылайы да құтылып кетті. Сол үшін екі генерал да жазаға тартылуы тиіс» деп жоғарыдағы жинақта мәліметтер келтірілген. Қытай архивіндегі осы деректер мәлімдегеніндей,   Чин империясының табысы көп,   шығыны аз болса екі бірдей жоғарғы шенді генерал жазаға тартылмас еді. Осы мәліметтерде де  хан Абылайдың қытайға қатысты сыртқы саясатты өте шеберлікпен жүргізгені туралы мәліметтерді көптеп кездестіруге болады. Абылайханның Қытаймен де,   Ресеймен де ұстанған саясаты қазақ елі үшін тиімді бағытта болды. Бұған тарих куә.

    Қырғыз-касактың Абылай сұлтаны жөнінде оны Қытайдың қоластына кетіп қалмау қаупынан тежеу керек. Өйткені ол осы күнге дейін оларға жақын болды. Егер де келесі көктемде Абылай сұлтан кездесуден жалтарса,   онда оған арнайы қылышты бермей ұстап тұруды баяулатуға болмайды. Ол өте жақсы жасалынған…Егер де оны Абылайға тезірек табыс етсек онда қытайлықтарға оның біздің қоластымызда екенін дәлелдеген болар едік(1745 ж.қор №122 «Қырғыз-қасақ ісі»,  Тізім-1,  іс-3 «Император-Ақпатша Орта Орданың қырғыз-қайсағы адал берілген және мәртебелі Абылай сұлтанға»). Дегенмен,   Абылай сұлтан бұл хатқа жауап қатпаған [2]. Көріп отырғандарыңыздай,  Абылай сұлтанның билік ауқымы жайлы Патша үкіметінің өзіндік көзқарасы,  түсініктері болды.Жоғарыда аталып өткен бригадир Фонфрацендорфтың Абылайдан алған жауап хатымен сәйкессіздікті байқаймыз. Биліктегілердің әр қилы пікірде екенін аңғартады бұл мәліметтер.

        Ойымызды академик В.В.Бартольдтың сөзімен қорытындылар болсақ: «XVIIIғ. хандарының ең құдіреттісі Абылай хан болды»[2]. Иә,   расында да,   Абылай хан тақырыбының шаршы топтар мен бәсі мықты жиындарда,   беделді ғалымдардың зерттеу еңбектерінде қызу талқылануы босқа емес,   сірә?!

    Абылай ханның 300 жылдық мерейтойы ел тарихындағы салмақты оқиғалардың бірі болды. Күні кеше болғандай оқиғаның өзі де ел тарихының алып кітабының бір парағына айналды. Халқының мақтанышына айналған ханның туған күнін елеусіз қалдыру елдігімізге,   қала берді,   ерлеріміздің ерлігіне сын болмас па еді? Сөзімізді  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері қазақ рухын қайта түлетудің бір алтын діңгегіне айналды»[7] деген сөзі нақтылай түседі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. К.Аманжолов «Қазақстан тарихы» Дәрістер курсы І Алматы «Білім»,   2004ж.

2. Б.Нәсенов «Абылай хан» XIII бөлім-XVIII кітап Мәскеу архивтері сөйлейді ІІІ тарау Алматы-Новосибирск,   2011 ж.

3. //Б.Нәсенов «Абылай-қазақ халқының мақтанышы» «Қазақ Әдебиеті» журналы №27-28(3139)

4. Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 3 том.  Алматы,   2002 ж.

5. Н.Ә.Назарбаевтың Абылай ханның 300 жылдығына арналған құттықтау сөзінен,   ММҰ Одағының сайты 2013 ж. 5 қазан «Жаңалықтар» айдары

6. «100-құжат» Алматы «Санат»,   1998 жыл 30-бет

 

Резюме

 

     В статье рассматривается жизнь и дипломатическая деятельность выдающегося правителя казахского народа -  Абылай хана.