Еркін ҚОЯНҒАЛИЕВ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің

«Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының меңгерушісі

 
МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАРҒА ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
 

Эстетикалық талғам – жас ерекшелігіне байланысты қалыптасып, өзгеріске ұшырап отыратын құбылыс. Оқу мақсаттары мен міндеттерін жоспарлауда бұл қағиданы естен шығармау қажет. Оқу бағдарламасының мазмұны белгілі жас мерзіміндегі білім алушылардың физиологиялық және психикалық ерекшеліктерін ескере отырып, оның қабілеті мен мүмкіндіктеріне сәйкес келуі керек.

Адам баласының тұлға ретінде толыққанды қалыптасып, орныққан сәтінде эстетикалық идеалдар мен көркемдік талғамды қайта қалыптастыру аса қиын шаруа екені белгілі. Тұлғаның эстетикалық тұрғыда қалыптасуы балғын балалық шақтан бастау алады. Ішкі дүниесі бай, рухани тұрғыда толығымен жетіліп, дамыған тұлғаны қалыптастыру үшін, мектепке дейінгі және мектеп қабырғасындағы білім алушыларға эстетикалық тәрбие беру үрдісіне ерекше көңіл бөлу қажет. Б.Т.Лихачевтің: «Мектепке дейінгі және бастауыш сыныптардағы кезең – өмірге деген адамгершілік-ізгілік көзқарасын қалыптастырып, эстетикалық тәрбие негіздерін үйретуге ең қолайлы әрі маңызды уақыт» - деп пайымдауы да осыдан болар [1, 35]. Автордың пікірінше, дәл осы жас мерзімінде адам баласының қоғамға деген көзқарасы қалыптасып, болашақта оның бойындағы тұлғалық қасиеттерге ұласып отырады.

Тұлғаның бойынағы іргелі ізгілік-эстетикалық қасиеттер балалық кезде қалыптасып, өмір бойы, белгілі дәрежеде өзгеріссіз өтеді.

Әрине, өмір толқыны әрбір адамның тұрпатына белгілі өзгерістер енгізетіні сөзсіз. Алайда, мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып жасындағы эстетикалық тәрбиенің негіздері – күллі өмірлік эстетикалық тәрбиенің негізі болып қала бермек. Бастауыш сыныпта оқушының мектепке келуі - үлкен оқиға. Оқушының өмірінде білім алу секілді жаңа кәсіп пайда болады. Мұғалім – балалардың өміріндегі негізгі тұлғаға айналады. Мұғалімдері арқылы оқушылар әлемді танып-біліп, қоғамда өзін-өзі ұстаудың нормаларын меңгереді. Оқытушылардың көзқарастары, талғамдық ерекшеліктері мен ұстанымдары - оқушылардың идеалдарына айнала бастайды. Қоғамдық маңызы жоғары мақсатқа ұмтылуда дұрыс мақсат қойылмаса, оқушылар оған енжар, салқын қарайтыны А.С.Макаренконың педагогикалық тәжірибесінен белгілі.

Бастауыш мектеп жасында орын алатын ендігі бір ерекшелік – оқушылардың танымдық үрдісіндегі өзгерістермен байланысты. Мәселен, оқушылардың бойында әлемдік дүниетанымның бір бөлшегі ретінде эстетикалық идеалдарды қалыптастыру – күрделі, әрі ұзақ үрдіс. Бұған бір ауыздан барлық педагогтар мен психологтар келіседі. Тәрбие барысында өмірлік қарым-қатынастар мен шығармашылық идеалдар өзгерістерге ұшырап отырады. Жекелеген жағдайларда, құрбы-жолдастардың, ересектердің, өнер туындылары мен өмірлік серпілістердің салдарынан идеалдар түбегейлі күрделі өзгеріске ұшырауы мүмкін. Б.Т.Лихачев өз еңбегінде: «Эстетикалық идеалдарды қалыптастырудың педагогикалық мақсаты – жас ерекшеліктерін ескере отырып, балалық шақтан бастап қоғам, адам, адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы қалыптасқан, тұрақты, мазмұнды идеалды ой-пікір қалыптастыру. Бұл үрдіс оқушылардың бойында жаппай қызығушылық туғызатындай, әр-түрлі формада жүргізілуі тиіс», - деп атап өткен [1, 55].

Бастауыш сыныпта ынталандыру саласында үлкен өзгерістер орын алады. Оқушылардың өнерге, әсемділікке деген көзқарастары түйсіктерінің терең қатпарларында қалыптасып, зерделеріне жетіп, дифференцияцияланады. Д.Б.Лихачевтің пайымдауынша, аталмыш жас мерзімінде әлемді танып-білу стимулына жаңа мотивтер қосылады.

Қоршаған ортаның әсемдігі, айналадағы адамдардың ізгілігі мен мейірімділігі балаларды айрықша эмоционалды-психикалық күйге бөлеп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ойлау, есте сақтау секілді қабілеттерін дамыта түседі. Балғын балалық кезде бүлдіршіндер терең эмоционалды өмір сүреді. Қомақты эмоционалды уайымдаулар балалардың жадында ұзақ мерзімге сақталып, көп жағдайда адам мінез-құлқының мотиві мен стимулына айналып, өмірлік ұстанымдар мен қағидаларды анықтауда негіз болады. Н.И.Киященконың еңбегінде бұл мәселе жан-жақты қарастырылған. Автордың пайымдауынша: «Балалардың әлемге деген эмоционалды қарым-қатынасын педагогикалық тұрғыда қолдану – бала санасына енудің, оны кеңейтіп, нығайтудың, қалыптастырудың өзегі болып табылады», деп айтып кеткен [2, 29]. Сонымен қатар, автордың ойынша, балалардың эмоционалды реакциясы мен баланың жай-күйі – эстетикалық тәрбие беру тиімділігінің өлшем көрсеткіші болып табылады. «Адамның белгілі бір құбылысқа деген эмоционалды қарым-қатынасы – оның бойындағы сезім, талғам, көзқарастар мен ұстанымдардың қаншалықты дәрежеде дамығандығын танытады» [2, 31].

М.Д.Таборидзенің пікірінше, жасөспірім шақ – нақты ойлаудан абстрактілі ойлауға көшумен айқындалады. Демек, оқушылардың бойындағы пайымдаушылық қабілеттерді дамытудағы қосалқы жағдай болып табылады. Бейнелеу өнерінің туындыларын ой елегінен өткізу арқылы жасөспірім бейненің формасы мен мазмұнындағы өзара байланысты іздейді. Шынайы жұмыстарға қызығушылық таныта бастайды. Жасөспірім балалардың санасы дамыған формадағы эстетикалық ойлауды қажет етеді. М.Д.Таборидзенің «Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру» [3] еңбегінде келтірілген эксперимент барысында, жасөспірім шақтағы оқушылар өнер тарихына, белгілі кезеңге тән өнер тарихындағы орын алған өзгерістерді танып-білуге ерекше құлшыныс танытқандығы жазылған.

Балаларға эстетикалық тәрбие беру сәбидің шыр етіп дүниеге келуінен басталады. Баланың өмірінде кез-келген құбылыс тәрбиелік сипатқа ие болады: бөлмелердің жиналып тұруы, киімдерінің тазалығы, жеке қарым-қатынас формалары мен олардың сипаты, еңбек және демалыс жағдайлары – осылардың барлығы дерлік сәбилерді не ынталандырады, не өзінен кері итереді. Бұл тұрғыда, ересек адамдардың мақсаты – балалардың өмір сүретін, білім алып, дем алатын орындарын әсемдікпен әрлендіруде емес, керісінше балаларды әлемдегі әсемдікті сақтап, оны қалыптастыруға ертіп, ынталандыру болып табылады. Демек, балалар өздерін ғана ойламай, айнала қоршаған адамдардың жағдайын ойлап, оларды қадірлей білуі тиіс.

Тәжірибесі мол педагогтар эстетикалық тәрбие беру барысында оқушылардың бойында өмірге, әдебиетке, өнерге деген құлшынысын оятып, дамытуға бағытталған түрлі амал-тәсілдерді тиімді қолдана біледі. Мектеп қабырғасында оқу бағдарламасының мазмұнына ғана назар салып қоймай, тұлғаның эстетикалық дамуына әсер етуші факторларға да ден қойылуы тиіс.
Өзін-өзі ұстай білу мен сыртқы пішін-келбет эстетикасы – эстетикалық тәрбие беру үрдісінің ендігі бір маңызды факторларының бірі. Бұл мәселеде ұстаз тұлғасы білім алушыларға тікелей әсер етуші фактор болып табылады. К.Г.Гавриловецтің пайымдауынша: «Ұстаз – өзінің жұмысын атқару барысында білім алушыларға тұла бойымен, кескін-келбетімен түгелдей әсер етеді. Оның киімінде, шаш қою үлгісінің астарында эстетикалық талғампаздық жатады. Ұстаздың сән үлгісіне деген қарым-қатынасы жас бүлдіршіндердің эстетикалық көзқарастарына әсер ететіні сөзсіз. Сәнді, әрі ресми киім кию әдебі, сәндік бояулар мен әшекейлерді қолданудағы ұқыптылық пен ұтымдылық – жас жеткіншектердің бойында адамның сыртқы және ішкі келбетіндегі тепе-теңдікті сақтауға, рухани-эстетикалық құндылықтарының өлшемдерін пайымдап, бағалауға септігін тигізеді» [4, 14].
Жағымды эмоционалды көңіл-күй тұлғаның ұжымда өзін толыққанды көрсете білуіне әсер етіп, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға игі ықпал етеді. Жағымды эстетикалық қарым-қатынастардың қатарына достық, ынтымақтастық, әділдік, шынайылық, ізгілік, сезімталдықты жатқызуға болады. Бүлдіршіндердің ересек адамдармен бірге түрлі сипаттағы қарым-қатынастарға түсуі бала санасына сүбелі із қалдырып, олардың мінез-келбетінің не жағымды, не жағымсыз болуына әкеп соқтырады. 
Оқушылардың эмоционалды ішкі жай-күйіне отбасы ішіндегі қарым-қатынастар да тікелей әсер етеді. Отбасының бала мінез-құлқын қалыптастырудағы құрылымдық әрі дамытушылық маңызы жоғары. Алайда барлық отбасылар сәбилерінің эстетикалық тәрбиесіне мән бере бермейді. Мұндай жанұяларда қоршаған ортаның, табиғаттың көркемдігіне, сұлулығына мән беріле бермейді, ал театр мен музейлерге бару мүлде орын алмайтын жағдайға айналған.  Оқытушылардың алдына қойылған басты міндеттердің бірі – эмоционалды көңіл-күйдің жетіспеушілігін ұжымдағы ізгілік пен мейірімділікпен толтыру болып табылады. 
Оқушылардың эстетикалық тәжірибесінің ендігі бір дереккөзі ретінде сыныптағы және сыныптан тыс жүргізілетін алуан түрлі формадағы жұмыстарды жатқызуға болады. Мұндай жұмыстарды жүзеге асыру барысында оқушылардың арасында өзара қарым-қатынас мәдениеті орнығып, оқушылардың шығармашылық қабілеттері ұштала түспек. Сыныптан тыс жүргізілетін іс-шараларда оқушылар өзін-өзі басқа, жаңа  қырынан танытуға мүмкіндік алады. 
Адам баласы дүниеге келген күннен бастап тәрбиелеуді керек етеді. «Жас бала – жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» дейді халқымыз. Жерге отырғызған көшетте қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып өскенше мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді. Даму да сол секілді. Олай болса, ұстамды, көрегенді, түп-түзу, жинақы, әсем бейнелі оқушыға  қараудың өзі тым жарасымды.
Жастарымыздың үлгі алатын адамының  ішкі және сыртқы адамгершілік-эстетикалық сапа-қасиеттері міне, осындай болуы керек.
 
 
 
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
 
1. Лихачев Б.Т. Теория эстетического воспитания школьников. – М.: Просвещение, 1985.
2. Киященко Н.И. Вопросы формирования системы эстетического воспитания в СССР. – М.: Искусство, 1971.
3. Таборидзе М.Д. Эстетическое воспитание школьников. – М.: Педагогика, 1988.
4. Гавриловец  К.В., Казимирская И.И. Работа классного руководителя по нравственному и эстетическому воспитанию школьников 4-8 классов. – Минск: Народная асвета. – 1978.