Каримсакова Б.
А.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ доценті
ҚАЗАҚ
ЫРЫМДАРЫНЫҢ БҮГІНГІ ТАҢДАҒЫ КӨРІНІСІ
Қазіргі
қоғам дамуының үдерісіне қарай
халықтың дәстүрі мен санасында айтулы
өзгерістің жүзеге асып жатқаны мәлім.
Өскелең өмірдің өсуімен салт пен сананың дамуы
заңдылық, дей тұрғанмен, өркениеттер
тоғысында ұлт тағдыры сынға түскен
кезеңдегі күнделікті тіршілікте көзге түсіп
жүрген кей жағдайлар алаңдаушылық туғызып,
күнгейлі өмірдің көлеңкелі дағындай
көрінетіні-шындық.
Ұрпақ санасында
ұлттық қасиеттерді қалыптастыру тіл мен дін, салт пен
сана, ұлттық дәстүр арқылы жүзеге асып жатады. Халқымыз
ғасырлар бойы сайын даланың қатал табиғатымен бетпе-бет
келгенде, шапқыншы жаумен шайқасқанда, бейбіт
өмірдің мамыражай тірлігінде жинақталған бай
тәжірибесінен көрген-түйген қорытындысы ретіндегі
ырым-тыйым сөздердің ұрпақ тәрбиесінде
қазір де мәні жойылған жоқ. Ізгілікті аңсаудан
туған ырымдар, бәле-жала кесапаттан сақтандыратын
тыйымдардың тәрбиелік мәні өте зор [1,45 б].
Жазушы-драматург Д.
Исабеков ырымдар жайлы былай дейді: « -
Ата-анамыз бізге жас кезімізде, «аяқ киімді кигенде оң аяқтан
бастап кию керек», «жатарда жаман ойламау қажет», «ымыртта, яғни
бейуақта ұйықтама» деп үнемі айтатын. Мысалы, «ымыртта
ұйықтама» дейтіні мистика бойынша, «дәл сол уақытта жын
қоныс аударады, көшіп жүреді екен. Жын ұйықтап
жатқан адамның үстінен өтіп кетсе, ол есалаң
болып қалады» дейді. Сондай-ақ «суға түкірме,
түнде өзенге шомылма, түнде тырнақ алма» деген
ырым-тыйымдарды да жиі еститінбіз. Қазақы ырым-тыйымның
барлығы да кәдуілгі өмірдің өзінен,
тұрмыста кездесетін алуан түрлі жағдайаттардан алынған.
Мәселен, «түнде тырнақ алма» деген тыйымды алайық.
Ештеңесі жоқ, қазіргі күні кейде тырнақты
түнде алып жүрміз ғой. Меніңше, мұнда
тұрған ешнәрсе жоқ секілді. Бірақ ойлап
отырсаңыз, ата-бабаларымыз өмір сүрген сол бір
ғасырларда бүгінгідей жарқырап тұрған жарық
шам болмаған, сондықтан бала-шағалары тырнақ аламын
деп «саусақтарын кесіп ала ма?» деп қобалжудан осындай тыйым пайда
болуы мүмкін. Жалпы, мен ырым-тыйымдардың барлығын бірдей
қабылдай бермеймін. Меніңше, оның қажеттісін алу
керек те, қажетсізін ысырып тастау қажет. Менің пікірім -
осы!» - [3,22-23 б], десе, этнограф Д. Қатран: «- Ырым-тыйым көп
жағдайда адамның наным-сеніміне тығыз байланысты. Ырым
дегеннің өзі қандайда бір жағдайға байланысты
әлдебір әрекеттерді атқармауға тыйым салады. Ырым-тыйым
халқымыздың әдет-ғұрыптары мен
салт-дәстүрлерін шатастырмау үшін де
қалыптасқан. Оның үстіне ақ пен қара,
күн мен түн, жақсылық пен жамандық секілді
дуалистік түсініктердің қолданыстағы мәні мен
маңызын, парқын ажырату үшін, бұған қоса,
осындай жағдайаттарды ырымдауға, олардың
қайсыбіреулеріне тыйым салу мақсатында ырым-тыйым пайда
болған. Ал тыйымның өзі ырымдауға байланысты болады.
Мәселен, шәй немесе сусын құйғанда,
үлкендер «қолдың сыртына қарай құйма» деп
жатады. Ал мұның мәнісі халқымызда мәйітті арулаған
(жуындырған) кезде суды қолдың сыртына қарай
құяды. Демек, сусынды ешқашан қолдың сыртына
қарай құюға болмайды. Сондай-ақ «ауылға
қарай атпен шаппа немесе жүгірме» дейді. Мұның
өзі қазақтың салтында үйге қарай шауып
келетін жағдай бар екендігін білдіріп тұр. Анығын айтсам,
қазақтың салтында суыт хабар айтуға келген адам
ғана ауылға шауып келеді. Сонымен қатар «есікті керме» деген
тыйым бар. Мұның мәнісі, бұрындары жаманат хабар алып
келген адам ғана есікті керіп тұрып, хабарды жеткізетін
болған. Тағы бір ерекшелігі, мұндай хабар әкелген адам
үйге кірмей, тізе бүкпей кетеді. Түйіндеп айтсақ,
ата-бабаларымыз қалыпты жағдай мен қалыптан тыс
жағдайдың ара жігін ажырату үшін ырым-тыйымдарды пайдаланған.
Біздіңше, адам
қоғамының барлық түрінде де тыйым сөздер
қажет. Тіршілік болған соң күнгейі мен
көлеңкесінсіз болмайды. Сол кереғарлықты реттеп отыру
үшін нанымдық, сенімдік, моральдық-этикалық,
құқықтық нормалар сияқты тыйым сөздер
де әлеуметтік ортаны реттеп отырады. Қоғам мүшелерін
игі мақсаттарға бағыттап, адамдар арасындағы
үйлесімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Абай атамыз
айтқандай «мақалдың сөзге татырлығы бар» демекші,
қазақ ырымдарының да сөзге тұрарлығы бар.
Әрине ырым қазақ халқы үшін үлкен бір
тәрбие. Ал дегенменде кейбір ырымдардың адам санасына әсер
етер жақтары да бар.
Қоғамда қаншама арулар отбасын құрып,
балалы болмай ажырасып кетіп жатқандары қаншама! Оның ішінде
жаны жайсаң жандар қаншама! Екінші рет отбасын
құрғанда қазақтың көптеген әдет
ғұрыптары оларды сыртқары итеріп тастайды. Айтар
болсақ, келін түскенде ондай жандарға келіннің
қолтығын сүйеуге, орамал салуға, төсек
салуға мүлдем қарсылық танытады. Осының өзі
адамға үлкен ой тастайды. Олардың сонда жазығы не деген
ой келеді. Қазақтың ырымы дей берсек асыл жандарымызды
қоғамымыздан аластатқанымыз болар. Сондықтан да
ырымдардың естісі де, есері бар,
көңілге қонымдысы да бар. Ырымға сенген халықпыз,
наным сенімге көп көңіл бөлеміз. Алайда бүгінгі
таңда сол ырымымыз, нанымымыз қайда кетіп бара жатыр деп ойланам.
Айтар болсақ, келін алдық, ол келініміздің аяғы ауыр,
ал бұл жағдай бұрын соңды қазақ отбасында
болып па еді?.. Болмаса бір жерге барып келген келіннің бетін
қайтадан неге ашамыз, неге түндік байлатамыз?... Шариғатта
бар емес пе келіннің беті бір ашылар деген. Бүгінгі
қоғамда балалы болған келіннің де беті бір емес, екінші рет ашылуда,
бұған кім кінәлі, қоғам ба, алде адам ба? деген
ойлардың шешуін табудың да өзі қиын болар. Бұдан
шығар қорытынды саф алтындай алған өнегемізді,
кейінгіге «илеуі қанбаған, қоймалжың тартқан» ұрпағымызға аманат етіп қалдырудың да өзі де күмән тудырар
мәселе болып тұрғандай.
Ата-бабамыз
ұрпағын ұлттық тәрбиенің
тұнығынан қандыра отырып, талай тар кезеңде
қазақтық бейнесін жоғалтпай, елдігі мен өрлігін
көрсете білген өмірлік жолы бұған куә.
Тыйым сөздер
балалардың есі кірген кезден-ақ
қолданылғандықтан, ойы айқын, жас ерекшелігіне сай
түсінікті, нақты тұжырымдарды білдіреді. Балаларды
ертеден-ақ жаман әдет, жат қылықтан сақтандырады.
Есі жаңа кірген кезден басталып ержеткенге дейін
құлағында жүріп, жүрегінен орын алатыны
сөзсіз. Мұндай өнегелі, мейірімді сезімге, адами
құндылыққа үйрететін бұл сөздердің
естілуі қатқылдау болғанымен, жас баланың жанына
төгер шуағы мол, нұрлы. Қысқа да
нұсқа, айтылу екпіні де ерекше тіркестер шоғыры жас адамды
сол айтылғанды орындауға еріксіз мойын ұсындырғандай.
Өйткені ойлы, мағынасы терең бұл сөздер
баланың өмірлік есте сақтауына да жеңіл. Бұл
талдап, талқылауды қажет етпейтін, сөзсіз орындалуға
тиісті өмірлік міндеттей мәнді тұжырымдар. Оны
үлкендердің ұрпағына сөзсіз орындатуы
халықтың бала тәрбиесіндегі ұстанымы
болған. Атаның тілін бала қайтару, айтқанын орындамау
адамшылық жолдан таюмен тең саналған. Мұны
көргенсіздік, шектен шыққандық деп білген. Сондықтан
әр жас ата салтынан аспай, айтқаны қалтқысыз
орындалған. Міне, қазақы тәрбиенің
құдіретті ерекшелігі осы жерден көрінеді. Ата салтын
тәрбие үдерісінде басшылыққа алудың мәні де
осыдан көрінеді. Осы дәстүр қайта қолға
алынса, ата-ананы тыңдамайтын бала, тыңдата алмайтын ата-ана болмас
еді.
Ғалым
Д.Мыңбайдың бір жазған естелігінде 70-жылдарда атам
қазақ қыз балаға оң көзқарас
танытқан деп басталады. Ауылда балалары оқыған, көзі
ашық, мінезі қатал жақын тумаласымыз болды. Оның
үлкен қызы Алматыға оқуға түседі.
Қалалық өмірге мән берген апамыз группаластарына еріп,
шашын қиып тастайды. Мұны ата анасына айтуға батылы бармай,
суретін жібереді. Анасы әкесіне амал жоқтан суретін көрсетіп,
шашының қиғанын да айтады. Ашуға мінген әкесі
қызына сәлемдеме жібереді. Сондағы айтқаны елге не
бетімді айтам, масқара болдық. Елге келер болса, анау шашына
иттің болса да жүнін жалғап келсін, болмаса мені әкем
деп танымасын дейді. Бұл сәлемдеме қызына жетеді.
Айтқанындай елге бір екі жыл келмей, шашын өсіріп келген екен.
Бұдан түйіндейтініміз отбасылық тәрбиенің
түзулігі, ата анаға деген сыйластық, имандылық, ибалылық болар. Ал
қазіргі қоғамда осындай иненің жасуындай болса да
ілтипаттық болса қуанар едім. Бүгінгі қоғамда
бұның бәрі кері кеткендей шаш қию былай тұрсын, жас қыздарымыз басына ақжаулық салмай-ақ
аяғы ауырлап жатқанына не дерсіз?
Халқымыздың
ғасырлап жасаған қазынасын шағын мақалада
қамту мүмкін емес және оны мақсат етпедік. Біздің
айтпағымыз ұлтымыздың асыл қазынасы-тыйым сөздерді
пайдалана отырып, қазіргі ұрпақ бойындағы
жамандық атаулыдан құтылудың қамын жасауды
ата-аналарға ұсынғымыз келеді. Ата салтын пайдалана отырып,
айтқанын ұрпағына орындатар есті ата-ананың назарын
ырым-тыйым сөздерге аударғымыз келеді. Ата дәстүріне
иек артпай тәрбиенің көсегесі көгермейтінін баса
айтқымыз келеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.
Кенжеахметов
С. «Қазақтың тыйым сөздері» «Абай» журналы, №10,
2010
2.
Саргелтаева
К. «Халық
тағлымы адастырмас сара жол» «Этнопедагогика» журналы, №6, 2007
3.
Қаралұлы
А. Қазақы тыйымдар мен ырымдар. Алматы, «Өнер», 1998