БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕ САУАТ АШУ ЖҰМЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

Қалабиева Айгуль Тастемировна, Шыртиева Шолпан Досымбековна- №56 С.Көбеев атындағы жалпы орта мектеп бастауыш сынып мұғалімі, Қазахстан, Шымкент қ.

Республикамыздың білім беру жүйесін бастауыш мектептен бастап дамытудың жаңа бағытты таңдауы «Қазақстан – 2050» стратегиялық құжаттарында көрсетілді. Онда бұрын қолданылған  «Білім заңы» мен «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2015 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында» айтылған білім беру жүйесін оқушылардың жеке тұлғалық және шығармашылық қабілеттерін одан әрі жетілдіретіндігі баса айтылды.

Мектеп табалдырығынан аттаған күннен балалардың қолына алып танысатын оқулығы - «Әліппе». Осы оқулық арқылы балалар білім әлеміне алғашқы қадамын жасайды. Сол кітап арқылы олар оқуға, жазуға үйреніп, ойлау қабілеттері дамиды. Бастауыш мектепте қалыптасатын оқу-жазу дағдылары жоғары сыныптарда одан әрі дамытылады. Сол арқылы олар жоғары сыныптарда ғылым негіздерін тез әрі саналы түрде игеретін болады. Демек, бастауыш мектепте сауат ашу жұмысын дұрыс қалыптастырып, оны озық педагогикалық технология негізінде жетілдірудің маңызы жоғары. Олай болса, сауат ашу жүйесін жетілдіру мәселесін жан-жақты зерттеу үшін бірінші кезекте аталған мәселеге байланысты бұрын-соңды баспадан шыққан әдістемелік еңбектерге, нұсқаулықтарға және кезінде мектептерде оқытылған «Әліппе» оқулықтарына шолу жасау қажет. Осы орайда атап өтетін басты нәрсе – ХІХ ғасырдың екінші жартысынан күні бүгінге дейін жарық көрген әдістемелік еңбектерде, зерттеулерде әдіскер-ғалымдардың сауат ашу жүйесінде деңгейлеп дамыта оқыту жөнінде тікелей сөз етпегендігі. Бұл ғалым-әдіскерлердің  қазақ тілін оқыту әдістемесін, оның ішінде сауат ашу жүйесін жетілдірмеді деген сөз емес. Олар сол кездегі заман талабына сай сауат ашудың түрлі әдіс-тәсілдерін қарастырды, соған лайық әдістемелік жүйелер жасады, көптеген әдістемелік еңбектер мен нұсқаулықтар жазды.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі сауат ашу жүйесінің тарихы қалыптасуына  Қ.Саурабаева [2], Д.Ысқақұлы [3], Ғ.Мүсірепов [4], А.Байділдин [5], Ө.Тұрманжанов [6], Ш.Х.Сарыбаев [7], Т.Имашұлы [8],  Ә.Ермеков [9],  Қ.Бақұлы [10], Б.Майлин [11], А.Әлібаев [12] еңбектері септіктерін тигізді. Бұл еңбектердің қазақ тілін оқыту әдістемесінде алатын орны да ерекше.

Қазақша сауат ашуға арналған оқулықтарды жазу мен жасау қазақтың тұңғыш ұлы педагогі Ы.Алтынсариннен басталды. Ол: «Мектеп-қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осында, тек осы мектептерде ғана», - деп қазақ халқының өркендеуі мен дамуы сауат ашу арқылы білімге қол жеткізумен тікелей байланысты екенін атап айтты. Ол қазақ балаларына «Қырғыз хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» және «Мактубатты» жазды және бұл еңбектерінде балалардың  сауатын ашуда сол кездегі дидактиканың  соңғы жетістіктерін орынды қолданды . Ы.Алтынсарин еңбектерінде дамыта оқыту мәселесі тікелей айтылмаған. Дегенмен, дамыта оқытудың алғашқы қадамы сол кезден басталған. Себебі, ұлы ұстаз «жеңілден ауырға, оңайдан қиынға» ұстанымын қолданған.

Сауат ашу жүйесінде деңгейлеп дамыта оқытудың элементтері Ә.Садуақасовтың, Ғ.Бегалиевтің, М.Жұбанованың   еңбектерінде кездеседі. Атап айтқанда, Ә.Садуақасовтың «Сауат ашу методикасы» атты еңбегі. Ғалым бұл еңбегінде бастауыш мектепте сауат ашу жұмыстарын жүргізудің амалдарын бөлек-бөлек қарастырды, дыбыстарды оңай-қиындығына қарай бөліп оқытуды ұсынды. Сауат ашу сабақтарының құрылымын толыққанды етіп көрсетіп берді. Еңбек төрт бөлімнен тұрады; бірінші тарауда: сауат ашу әдістемесінің негізгі талаптары мен ұстанымдары; екінші тарауда: сауат ашу әдістемесінің тарихынан мағлұмат; үшінші тарауда: талдау – жинақтау әдісіне негізделген сауат ашу жолдары, төртінші тарауда: талдау-жинақтау әдісіне негізделген сауат ашу жұмысының сатылары мен сабақтары берілген.

Ол сауат ашу жұмыстарына қойылатын талаптарды топтастырып, мынадай ұстанымдар ұсынды:

-  Оқуды әдетте сөйлеуден бір мағыналы өздерді талдаудан басталу керек. Сөзді оқуды жазудан бастасақ, оқушылар алма деген сөзді «аылмыа» деп оқиды. Бұлай болмас үшін алдымен сөзді ауызша айтып жаттатқызу керек, онан соң, ол алма деген сөзді буынға, буынды дыбысқа айыру керек, мұнан кейін сол сөзді жаздырту немесе кеспе әріптер арқылы құрату керек. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.     Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан жолы– 2050: бір мақсат,бір мүдде,бір болашақ//Егемен Қазақстан. 17. 01.2014.

2.      Саурабаева Қ. Елдес Омарұлының лингвистикалық тұжырымдары. Алматы. 2005.-52б.

3.     Ысқақұлы Д. Балдырған. Ташкент, 1929ж.

4.     Мүсірепов Ғ., Байділдин А. Қызыл әскер әліппесі, Қызылорда. 1930ж.

5.     Байділдин А. Жаңа әліппе. Ташкент, 1929ж.

6.     Тұрманжанов Ө., Сарыбаев Ш.Х. Пионер. Бірінші басқыш мектептеріне арналған әліппе кітабы, Ташкент. 1931 ж.

7.      Сарыбаев Ш.Х. Шала сауаттыларды дұрыс жазуға үйрету методы//Төте оқу, №42, 44. 1938ж.

8.     Кеңесбаев С. Әліппе. Бастауыш мектептің 1-класына арналған.

9.     Ермеков Ә. 1 класс оқушыларын оқу-жазуға үйрету. //Қазақ тілі мен әдебиеті, 1958, №4.

10. Бақұлы Қ. Сауат. Самарқан – Ташкент, 1930ж.

11. Майлин Б. Жаңаша оқы, жаз әліппе. Қазақстан баспасы, 1934 ж.

12.  Әлібаев А. Жұмысшы әліппесі, Қызылорда. 1934ж.