Еркін ҚОЯНҒАЛИЕВ
Х.Досмұхамедов
атындағы Атырау мемлекеттік университетінің
«Бейнелеу
өнері және дизайн» кафедрасының меңгерушісі
Эстетикалық тәрбие
берудің өзекті мәселелері
Соңғы
жылдары эстетикалық тәрбие беру мәселесі ғалымдар
тарапынан айрықша қызығушылық оятып, жан-жақты
қарастырылып, зерттелу үстінде. Адамзат баласының
болмысқа деген рухани-өндірістік қарым-қатынасын
қалыптастырып, рухани, ақыл-ой тәрбиесін дамытып, ішкі жан дүниесі
бай, жан-жақты үйлесімді қалыптасқан
тұлғаны дамытуда эстетикалық тәрбиенің
атқаратын қызметі орасан зор. Көптеген
ғалымдардың, педагог-психологтардың пайымдауынша
(А.С.Макаренко, Б.М.Неменский, В.А.Сухомлинский, К.Д.Ушинский),
тұлғаның бойында эстетикалық мәдениет негіздерін
қалыптастыруға ең қолайлы кезең – мектеп жасындағы
жас кезеңі. Табиғаттың сұлулығы, адамдардың
мейірімділігі, айнала қоршаған заттар мен
құбылыстардың әсемдігі – балалардың бойында
айрықша эмоционалды-психикалық күй туғызып,
өмірге деген құлшынысын арттыра түседі.
Балалардың бойында қызығушылық пайда болып, ойлау, есте
сақтау, ерік, жігер секілді бірқатар психикалық
үрдістер жедел қарқынмен дами түседі.
Эстетикалық
тәрбие беру жүйесі – айнала қоршаған ортадан
әсемдікті танып-білуге, оны санасының түйсіктерімен
терең ұғына білуге тәрбиелейді. Б.Н.Неменскийдің
пікірінше, аталған жүйенің балалардың санасына
әсер етіп, нәтижелі болуы үшін мынадай ерекшеліктерді
ескерілуі тиіс: «Эстетикалық тәрбие беру жүйесі – ең
алдымен, біртұтас болуы керек. Оның құрамына
барлық пәндер циклі, сыныптан тыс жаттығулар мен мектеп
оқушысының барлық қоғамдық өмірі
толық қамтылы тиіс. Себебі әрбір пәннің,
жаттығулар жүйесінің кез-келген түрі
оқушының тұлғасы мен эстетикалық мәдениетін
қалыптастыруда өзіндік орынға ие болады» [1, 14].
Десек те, кез-келген жүйенің бойын құрап, негізін қалыптастыратын өзегі болады. Эстетикалық тәрбие беру жүейсінде мұндай негіздеме ретінде өнерді: музыка, сәулет, мүсін, көркемсурет өнері, би, кино, театр және т.б. көркем шығармашылықтың өзге де түрлерін толыққанды қарастыруға болады. Бұл жөнінде өз еңбектерінде Платон мен Гегель айтып кеткен. Солардың көзқарастары негізінде, өнер – эстетиканың негізгі мазмұны, ал сұлулық – негізгі эстетикалық құбылыс деген түсінік ел санасында аксиома ретінде қалыптасып кеткен. Өнер адамның тұлға ретінде қалыптастыру әлеуеті жоғары.Жоғарыда айтылған сөзімізді саралай келе, мынадай қорытындыға келуге болады: оқушылардың бойында болмысқа деген эстетикалық көзқарасты қалыптастыру жалпы білім беретін орта мектептерде, бейнелеу өнері сабағында аса жоғары нәтижелі болмақ. Қазіргі таңда бұқаралық мәдениеттің қоғамға жүргізетін ықпалы жоғары. Тиісінше, адамдардың санасында бұқаралық өнер мен шынайы өнер арасындағы шекаралар жойылып, аса қиын жағдай орын алуда. Заманауи бұқаралық-тұтунышылық мәдениеттің ұсынып отырған, бірін-бірі жиі алмастырып отырған мәдени құбылыстардың ішінен негізгісін анықтау – қиынның қиыны. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар үшін бұл таңдау аса қиын болары сөзсіз. Мектеп оқытушылары қоршаған әлеми туралы, заманауи қоғамның мәдени образы туралы оқушылардың бойында дұрыс ұғым-түсініктер қалыптастырып, мәңгілік құндылықтар мен дәстүрлерді оқушыларға жеткізе білуі тиіс. Адамзат баласы күнделікті өмірінде эстетикалық құбылыстармен жиі кезігіп отырады. Рухани өмірде болсын, күнделікті еңбекте, табиғат пен өнермен қарым-қатынасқа түсу барысында, тұрмыста немесе адамдар арасындағы қарым-қатынаста, барлық жерде сұлулық пен сүйкімсіздік, трагедиялық не комедиялық эстетикалық категориялар үлкен қызмет атқаратыны сөзсіз. Әсемдік пен сұлулық – адамның жанына ләззат сыйлап, еңбек белсенділігін ынталандырады, адамдар арасындағы кездесулерді қызықты әрі жағымды қылса, ұсқынсыздық адамды өзінен қаштырады. Трагедиялық сезімдер адамды түсініп, қолдай білуге үйретсе, комедиялық – адамның бойындағы кемшіліктермен күресе білуге көмектеседі.Эстетикалық тәрбие берудің негіздемесі ежелгі дәуірлерден бастама алады. Эстетикалық тәрбиенің өзегі, оның мақсаты мен міндеттері жайлы ұғым-түсініктер Платон мен Аристотель заманынан бастап, біздің күндерімізге дейін әрдайым өзгеріп отырған. Аталмыш өзгерістер эстетиканың ғылым ретінде қалыптасып, оның пәндік мақсатын түсінумен байланысты орын алып отырған. «Эстетика» термині гректің «aisteticos» (сезіммен қабылданатын) сөзінен шыққан. Материалист-философтардың пайымдауынша (Д.Дидро мен Н.Г.Чернышевский), эстетиканың ғылым ретіндегі зерттеу объектісі – сұлулық пен әсемдік. Аталған категориялар эстетикалық тәрбие беру жүйесінің негізін құрады.Қазіргі таңда эстетикалық тәрбие беру мәселесі, тұлғаны дамыту, оның эстетикалық мәдениетін қалыптастыра білу – мектеп алдына қойылған негізгі міндеттемелердің бірі.Аталған мәселе көптеген педагог және психолог мамандар тарапынан зерттеліп, қарастырылған. Олардың қатарында Д.Н.Джола, Д.Б.Кабалевский, Б.Т.Лихачев, А.С.Макаренко, Б.М.Неменский, В.А.Сухомлинский, М.Д.Таборидзе, В.Н. Шацкая, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Ж.Ш.Баримбеков, М.Мұқанов т.б. атап өтуге болады. Жоғарыда көрсетілген авторлардың еңбектерінде эстетикалық тәрбие ұғым-түсініктері, оларды жүзеге асыру жолдары мен құралдары сан қырлы жағынан зерттеліп, қарастырылған. Солардың бірқатарын қарастырып көрелік.Эстетикалық тәрбие беру саласының майталманы В.Н.Шацкаяның редакциялығымен басылып шыққан «Мектеп қабырғасында эстетикалық тәрбие берудің жалпы мәселелері» атты кітапта мынадай анықтама келтіріледі: «...педагогика ғылымында эстетикалық тәрбие ұғымы - қоршаған ортадағы әсемдікті, яғни күнделікті өмірдегі, табиғаттағы, еңбек өтіліндегі нәзіктік пен сұлулықты жүйелі түрде қабылдап, сезініп, дұрыс бағалай білу ретінде анықталады» [2, 22].Эстетика бойынша қысқаша сөздікте эстетикалық тәрбиеге «адамзат баласының бойында қабылдау, дұрыс түсіну, бағалау және өмір мен өнерде талғамы биік туындыларды дүниеге әкелу қабілетін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар жүйесі» деген анықтама берілген[3, 448].Қос анықтамадан байқағанымыздай, эстетикалық тәрбие адам баласының бойында өмір мен өнердегі әсемдік пен сұлулықты сезініп, дұрыс түсініп, бағалай білуге қажетті қабілеттерді жетілдіруге бағытталады. Эстетикалық тәрбие адамды қиялға бөлеумен ғана шектелмей, өмір мен өнерде талғамы биік дүниелерді әкелуге жетелей білу қажеттілігі айрықша атап өтіледі.Б.Т.Лихачев өзінің «Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру теориясы» атты еңбегінде К.Маркстің анықтамасына сүйенеді: «Эстетикалық тәрбие беру – әсемдік пен сұлулықты, трагедиялық және комедиялық күйлерді, өмір мен өнердегі ұсқынсыздықты терең түсіне білетін, «сұлулық заңдылықтары» бойынша өмір сүре алатын, шығармашылығы мен белсенділігі жоғары тұлғаны қалыптастыруға бағытталған үрдіс»[4, 51].Автор оқушылардың эстетикалық тұрғыда қалыптасуында мақсатты бағытталған педагогикалық әсер етуді айрықша атап өтеді. Мәселен, оқушылардың болмыс пен өнерге деген эстетикалық көзқарасы, оның ақыл-ой жүйесі апатты, кенеттен құбылмалы үрдіске ауысып кетпеуі тиіс. Өмір мен өнердің эстетикалық құбылыстарымен қарым-қатынасқа түсе отырып, оқушылар, белгілі дәрежеде, эстетикалық тұрғыда дамып отырады. Алайда, оқушылар заттар мен құбылыстардың эстетикалық мән-мағынасын толыққанды түсіне бермейді, ал бойындағы ұмтылыс - ойын-сауыққа деген қызығушылығымен түсіндіріледі. Мұнымен қоса, сырттан әсер ету болмаған жағдайда оқушылардың бойында өмір, оның құндылықтары мен идеалдары туралы бұрыс пікір қалыптасуы әбден мүмкін.Қазақ халқының эстетикалық ой-өрісінің даму бастамасын тарих, ауыз әдебиеті үлгілерінен топшалаймыз. Ауыздан-ауызға таралып отырған ата-бабаларымыздың ақыл-өсиеттері - сан ғасырлық көшпенділер тарихынан хабар беріп отырған. Ал олардың көркемдік идеалдары мен рухани құндылықтары - болашақ ұрпақ үшін бағыт-бағдар болып отырған.«Эстетикалық тәрбие» ұғымының көптеген анықтамалары бар. Алайда, солардың бірқатарын қарастырып-ақ, оның мазмұны жайлы түсінік беретін бірқатар қағидаларды атап өтуге болады:- біріншіден - бұл білім алушыларға мақсатты бағытталған әсер ету үрдісі болып табылады;
- екіншіден - оқушылардың бойында өмір мен өнердегі әсемдікті сезініп, дұрыс бағалай білу қабілеттерін қалыптастыру;
- үшіншіден, эстетикалық тәрбие – тұлғаның бойында эстетикалық талғампаздық пен идеалдарды қалыптастыру;
- төртіншіден, өз бетінше шығармашылықпен айналысып, әсемдікті дүниеге әкелу қабілеттерін дамыту болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Неменский Б.М. Распахни окно. - М.: Молодая гвардия, 1974.
2. Шацкая В.Н. Общие вопросы эстетического воспитания в школе. – М.: Советская педагогика, 1976.
3. Беляев, А.А., Новиков, Л.И., Толстых, В.И. Эстетика. Словарь. – М.: Политиздат, 1989. – 448 с.
4. Лихачев Б.Т. Теория эстетического воспитания школьников. – М.: Просвещение, 1985.