Нургалиева Б.Т.

КМҚК «Өнер мектебі» Балхаш қ., Қарағанды облысы

 

ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ

 

«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық,

 өйткені мұғалім – мектептің жүрегі»

 Ы. Алтынсарин

 

Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адамға бағыт – бағдар беруші. Бір сәтке де есімнен ұлы ғұламамыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі шыққан емес.

Біріншіден, алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздердің, ұстаздардың бұлжытпас борышы.

Екінші, ең бастысы, мұғалім шын мәнінде баланы жан тәнімен беріле сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, оның ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мұғалім өз мәртебесін көтере алады.

Үшінші, балаға үнемі қолдау көрсету – үлкен мәнді ізгі ұстаным. Оның астарында не бір қағидалар бар: баланы жақсы көру, оның өмір сүру ортасын шама жеткенше ұйымдастыру, баланың бойынан өзінің балалық шағын зерделі көзбен көру.

Төртінші, мұғалім әр оқушының мінез – құлқын, көз қарасын, талғамы мен әдет дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын қамтамасыз ету. Қосымша білім беру педагогтарының оқыту мен тәрбие берудің инновациялық технологияларын, білім беру мазмұнын жаңартуда маңызы зор. Қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеру үрдісінде балаларға патриоттық және азаматтық тәрбие беру.

«Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, оны үйрете алмас ешбір мұғалім » Ж.Баласағұн. Балаларды дәстүрлі халық мәдениетіне, көркем кәсіпшілікке баулу қажет. Қосымша білім берудің қазіргі кездегі маңызы мен мәні зор, баланың бос уақытын тиімді пайдалануға және белгілі бір мамандыққа бейімдеуіге бағыт, бағдар береді. Қосымша білімнің жас ұрпақты, жеке тұлғаны жан-жақты жетілген, толыққанды азамат ретінде тәрбиелеуге ықпалы мен әсері мол. Еліміздің білім және ғылым саласында соңғы кездері жаңашылдыққа қарай жүруде. Бұл әрине, еліміздің алдағы уақытта әлемдегі бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарына ену мақсатынан туындап отырғаны айқын.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бұл жөнінде жолдауында айтқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек». Сондықтан, қазіргі даму кезеңінде білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Педагогтік қызметтің инновациялық бағыттылығы, оқытудың әдістері мен технологиясы, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибелері зерттеліп, мектеп өміріне қарқын енуде. Білім беру саласының ажырамас бөлігі – тәрбие мәселесі екені айқын. Тәрбиесіз берілген білімнің пайдасыз екенін біз жақсы білеміз.

Қосымша білім берудің қазіргі жүйесі мен болашақта дамуының жайы білім саласының маңызды мәселелерінің біріне айналды. Қосымша білім беру жүйесі дәстүрлі педагогикалық шарттармен жүзеге асырылуда. Ол мектептердегі үйірме сабақтарынан басталып, білім бөлімдеріне қарасты арнайы мектептерде жүйелі жалғасуда. Яғни, мектептердегі үйірмелер мектептерде жемісті жұмыс істеп, бұл үйірмелерден тыс арнайы мектептерде қосымша білім алатын жеткіншектеріміз де бар. Мәселен, «Саз-өнер» мектептері, спорт, бейнелеу өнері мектептері, Оқушылар сарайы үйірмелері қосымша білім беру қызметімен айналысып, баланың бейімділігіне қарай олардың қабілетін ұштап, өмірден өз орнын табуға бағыттайды. Бірақ, қосымша білімге «қосымша» деп қарайтын ескі көзқарас та жоқ емес. Қосымша білімнің – мектептегі негізгі білім берудің сыртында, тасасында қалып қоя беретіні бар. Алайда, қосымша білім беру жүйесі әлеуметтік тұрғыдан алғанда қажет-ақ және ол жеке тұлғаны оқыту, тәрбиелеу және дамыту тұтастығын қамтамасыз ететін білім ретінде қоғам мен мемлекет тарапынан тұрақты назар аударуды, қолдау көрсетуді талап етеді.

Қосымша білім беру елімізде қос бағытта жүзеге асып жатыр. Біріншісі, айталық, баланың өнер саласына кәсіптік бағытта бір мамандыққа әуестігі болса, оны осы салаға бейімдейміз. Бұл – баланың ән айтуға не биге,аспапта ойнауы не болмаса, безендіру, бейнелеу өнеріне деген құмарлығы. Екінші жағынан, кәсіби тұрғыдан балаларды экономикалық ахуалға сәйкес, болашақ мамандығын дұрыс таңдауына жол ашамыз. Әдетте оқушы баланың бойындағы 12-14 жас шамасында туған әуестік не қабілет, егер оған дем беріп жіберетін болсақ, оның болашағына жол ашады. Бұл – бала психологиясындағы заңдылық. Ұстаз оқушысының дәл осы жастағы қабілетіне аса мән бергені дұрыс.

Қосымша білім баланың мектепте алған білімін кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ оның болашақ мамандығын таңдауына да негіз болады. Сонымен қатар, қосымша білім – тәрбие бастауы, тәрбиенің қайнар көзі. Отбасы тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы кемеңгер Абай: «Адамның адамдық қасиеттерге ие болмағы, әуелі ақыл, ғылыммен болса, ол қызығу, денсаулыққа байланысты, қалғаны «жақсы ата-ана үлгісі өнегесі» - деген болатын. Яғни, баланың жақсы адам болып қалыптасуы бірінші кезекте отбасында алған тәлім-тәрбиесіне байланыстылығын ескерткен.

Бүгінгі қоғамда ата-аналар тарапынан «бала тәрбиесіне уақыт жетпейді» деген сылтаулар жиі айтылады. Ата-аналардың дені баланың материалдық жағдайын жасауды бірінші кезекке қойып, оның тәрбиесін екінші кезекке қалдыру байқалады. «Бала тәрбиесіне балабақша, мектеп жауап береді» -деп, жауапкершіліктен қашқан ата-ана қателеседі. Әлбетте, баланың «тамағы тоқ, көйлегі көк» болуын қамтамасыз ету парыз, бірақ бір сәт ата-ана таңнан қара кешке дейін тіршілік қамымен, жан бағыспен жүргенде үйдегі бала немен айналысады деп ойлану керек. Өз баласының немен тыныстап, кіммен достасып жүргенін зерделемейтін құбылыс отбасындағы тәрбиенің төмендеуіне алып келуде. Бала тәрбиесіне зер салып: Бала не нәрсеге икемді? Ол қандай өнерге қабілетті? Қолынан қандай кәсіп келеді деген сауалдар төңірегінде ойлануымыз керек. Баланың бос уақытын тиімді әрі педагогика заңдылығының шарттарына орай ұйымдастыру басты мәселе. Осы мәселеде ата-ана мектеп ұстаздарымен бірігіп, оның күнделікті еңбегін дұрыс ұйымдастырып, кездескен қиыншылықты жеңуге қол ұшын беріп отыру арқылы еңбек дағдысының беки түсуіне ықпал етеді. Баланың бос жүруі, уақытын тиімді пайдаланбауы – түрлі жат әрекеттерге ұрындырады. Осы зиянды құбылыстардан сақтандырудың бірден бір жолы – ата-ана мен ұстаздың бірлігі, үйлесімі арқылы бала бойына егілетін дұрыс тәрбиеде. Бүгінде отбасының жауапкершілігінің төмендеп кетуінің бір себебі – мектеп пен отбасының арасында өзара байланыс, бірігіп жұмыс істеу жеткілікті дәрежеде емес. Баланың болашағы жарқын болуы үшін отбасы тәрбиесінің маңызы зор.

Қорыта айтқанда жас ұрпаққа тәрбие – отбасында, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындары мен қосымша білім беру мектептерінде беріледі. Сондықтан осы бала тәрбиелейтін орындар үйлесімді, бірігіп, жан-жақты жұмыс істесе, сонда ғана келер ұрпақ тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жетеді. Бұл орындардың арасында байланыс болмай тәрбиеде табысқа жету мүмкін емес.