Мақал-мәтелдердің бала тәрбисіндегі алатын орны

 

Қарақұсова Күлзипа Маулхановна,

Қарағанды қаласы, №77 ЖББМБК, бастауыш сынып мұғалімі

 

Мақал-мәтелдер халықтық педагогиканың ең бір інжу-маржаны. Бұлардың адамгершілік тәрбиесіне ықпалы зор, өйткені мақал-мәтелдер жан-жақты мазмұны арқылы ең шынайы адамгершілік қасиеттерді білдіреді, баланың жаңа ұғымдарды біліп, ойының дамуына, санасының қалыптасуына ықпал жасайды. Отанына, халқына, табиғатына сүйіспеншілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде мақал-мәтелдердің алатын орны зор. Баланың өмір тәжірбиесі аз, сондықтан оған айтатын ақыл-насихат әрі әсерлі, әрі ойда қалатындай мәнді болу керек.

Әрине, кез-келген қазақ бала тәрбиесінде, күнделікті тұрмыс-тіршілікте сөз арасында жиі қолданатын мақал-мәтелдердің өмірдегі алатын орны ерекше. Әсіресе, бала-бақшада, мектепте бала санасының қалыптасуында, олардың оқу, білімге деген құштарлықтарын оятуда, үлгенге құрмет көрсетіп, өз қатарластарына ізетпен қарауларына үйретеді.

Мақал-мәтелдер – әр халықтың өз даму тарихында басынан кешкен алуан түрлі оқиғалары, өзі аңғарған табиғат құбылыстары, қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынасы, мінез-құлқы, психологиясы жөніндегі жасаған қорытынды, тұжырымдарының түйіні, өмір тәжірибесінен жинақталған философиялық ойлардың ұтқыр да ұтымды, жатық та көркем көрінісі, фразеологиялық оралымдардың өңделіп, сырланып, әбден қалыпқа түскен тұрақты түрлері. Ол бір ғана емес ертеден бері қалыптасқан ой дәлдігімен, мазмұнының тереңдігімен ерекшеленетін ауыз әдебиетінің бір түрі. Халықтың өзінше шағын ауызша энциклопедиясы ғана емес, ұстаздық, тәлімгерлік рөл де атқарады, адам бойындағы барлық жақсылықты асқақтатып, жамандықты жерлеп, бала тәрбиесінде ерекше орын алатын халық даналығы. Мұндағы ақыл-кеңестер қысқа да нұсқа, әрі тұжырымды болады.

Қазақ мақалдары мен мәтелдерінің тақырыптары әр алуан: туған жер, ел-отан, еңбек, төрт түлік мал, егіншілік кәсібі, ынтымақ, ерлік, батырлық, жақсылық пен жамандық т.б. Мақал мен мәтел құстың қос қанаты сияқты бір-бірімен байланысты, бірақ олардың араларында өзара өзгешеліктері мен айырмашылықтары болады. Мәселен, мақал сөзде адамның нәзік сезімдері мен терең ойлары ашық айтылып, нақты, дәлме-дәл көрсетіліп, бейнеленсе, ал мәтел сөздің сыры: белгілі бір құбылысты астарлап, жұмбақтап, бейнелеп айтады. Мысалы «адам мен адамның арасы, жер мен көктей» дейді халық мақалы. Біз адамдарды алаламаймыз. Бірақ, адамның барлығы бірдей, бір өлшеммен жаратылған, бірін-бірі қайталайды деп айта алмаймыз. Адамдар бір-біріне ұқсас болғанымен, жан дүниесі, олардың нарқы мен бағасы әр түрлі. Біреулер, тек өмірдің қара көлеңкесін ғана көріп, жамандық жасауға жаны құмар, ешкімді ұнатпайтын, кез-келген адамға кектеніп қарайтын, еш нәрсеге көңілі толмайтын болып келсе, оларға қарама-қарсы кісілікті адамдардың сөйлеген сөзі мен істеген ісінде ұйқастық бар, айналасына нұр шашып, жарқырап жүреді. Әділдікті қолдайды, ешқашанда өтірік айтпайды, адалдықты ұнатады, іс-қимыл әрекетінде батылдық бар. Бұлар кімдер? Бұлар – дүниені жарастырып жүретін жақсы адамдар. Міне бір ғана мақалдың астарындағы негізгі ой осындай.

Мәтелге де бірер мысал келтірер болсақ, «Сауысқан тоты боламын деп, жүрісінен жаңылыпты» дейді, мұндағы сөз сауысқан туралы емес: сауысқан тектес, әсіреқызыл, еліктегіш, әсершіл адамдарды сынаған. Әсіресе қазіргі кезде мұндай адамдарды көптеп кездестіруге болады, мәселен біреулер бар: өзінің дербес қасиеттерін жоғалтып, ықпалды адамдардың әуеніне төңкеріліп, соның көлеңкесінде тасаланады, өмірдің ағысынан өзін-өзі таба алмай әуре болады. Тағы бір мысал: «болған адам болдым демес, болдым десе – болғаны емес». Сондай тамаша айтылған ой?! Бұл мақал. Әдетте, адамның қандай екендігі сөзінен байқалады, білімді адамдар өзінің кейбір артықша қасиеттерін іштей сезсе де, оны жұмбақтап, жасырып ұстайды. Ішкі нұрын сыртқа төкпейді, бұлдамайды. Әлдеқалай қуана қалса, асып-тасып төгілмейді, мейлінше биязы, сыпайы. Болдым, толдым деп, баққұмарлық пен атақұмарлықты жаратпайды. Міне, осындай сана-сезімі, рухани өлшемі қалыптасқан адамдарды сипаттайды.

Баланың санасына мақал-мәтелді тек жаттатып қана қоймай, олардың ара-жігін ажыратып, астарын анық ашып беріп отырса ғана түсініп, қызығушылығы артып, әр сөздің астарына үңіліп, сол арқылы бойын түзеуге тырысады.

Жалпы алғанда адам өмірінің барлық кезеңінде де ақ пен қараны ажыратуда алар орны ерекше. Ата-ана, бала-бақша, мектеп тәрбиесіндегі ойып орын алатын өшпес мұра.

Мақал-мәтелдер адамзатты оқуға, білімге, шақыру, өнерлі, өнегелі болуға, жақсылыққа құмартып, жамандықтан жиренуге, өтірік пен өсектен аулақ болуға, ақырын жүріп, анық басуға үнемі жақсылыққа жол сілтеп, адам бойында болатын қандай да бір жаман қасиеттерден аулақ болуына жол сілтеп отырары хақ. Осы орайда, біздің алға қойған мақсатымыз тікелей бала тәрбиесіне қатысты болғандықтан, жоғарыда біраз мақал мен мәтелдің мағынасын терең ашып беруге тырыссақ, ендігі кезекте үнемі жадыларында сақтап жүретіндей бірнеше мақал-мәтелді «Білгенге маржан» айдарымен ұсынбақпыз.

ED00172_ Білгенге – маржан!

Балаға байқап сөйлесең,

Ақылыңа көнер,

Байқамай шайқап сөйлесең,

Көрсетер бір «өнер».

***

Қарағайға қарап тал өсер,

Құрбысына қарап бала өсер.

***

Балапан ұяда не көрсе,

Ұшқанда соны іледі.

***

Әлемнің тұтқасы деген – бізбіз

***

Әке отырып, ұл сөйлегеннен без,

Ана отырып,қыз сөйлегеннен без.

**

Ар қайда болса, ұят сонда.

***

Адамгершілікке арналған үш сауап бар:

Шөлге құдық қазған бір сауап,

Өзенге көпір салған бір сауап,

Жолға ағаш еккен бір сауап.

***

Адамның әдемілігі шыншылдығында.

***

Шыңдық бар жерде өтірік байқап жүреді,

Шындық жоқ жерде шіреніп, шайқап жүреді.

***

Шындық жоқ жерде сұмдық көп.

***

Адам болар ұлыңның арқа-басы кең келер.

Ана болар кызыңның ақыл-есі тең келер.

***

Адам болатын бала алыска қарайды.

***

Бала жетесіз болса ата-анасын жерге қаратады.

Бала жетелі болса ата-анасын елге қаратады.

***

Бала көңілдің гүлі, көздің нұры.

***

Айдың ізін ай басар,

Аттың ізін тай басар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Садырбаев С. Қазақ халық әдебиеті. –Алматы: Рауан, 1990. -240 б.

2. Дереккөзі: https://www.zharar.com/kz/makal/1485-people.html#read? Like © www.ZHARAR.com