Омарова Шырын Захаровна

93 жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы

Дарынды шәкірттер – ұлт мерейі

         Құрдастарына қарағанда, оқуға деген жоғары зеректігі анық байқалатын шығармашылық ерекшелігі бар бала дарынды болып саналады.    “Дарындылық” ұғымы “қабілет”, “дарын” сөзінен шыққан, дамудың ерекше қолайлы ішкі алғышарты дегенді білдіреді. Педагогикалық энциклопедияда мынадай анықтама берілген: “Дарындылық іс-әрекеттің белгілі бір саласында ерекше жетістікке жетуге жағдай жасайтын, адам қабілетінің дамуының жоғары дәрежесі”.

         Дарындылық белгілері – бұл дарынды баланың нақты іс-әрекетінде байқалатын ерекшеліктер, оның іс сипатына бақылау жолымен бағалануы мүмкін. Ғалымдар балалар дарындылығын анықтауға мүмкіндік беретін, бір–бірімен тығыз байланыстағы үш параметрге көңіл бөледі: танымның озық дамуы, психикалық дамуы, дене күші көрсеткіштері.

         Дарынды балаларға озық ақыл-ой дамуы тән. Ол білімге талпынумен, қоршаған дүниені белсенді зерттеумен, айналада болып жатқан бірнеше оқиғаны бір мезгілде бақылау қабілеті мен ақыл–ой операцияларын орындаудағы  жылдамдығы және дәлдігімен, жаңа нәрсеге қатысты сұрақтар қоюдағы дербестілігімен көрінеді. Дарынды балада сөз қорының байлығы, ауызша сөйлеу жылдамдығы, ойлау қабілетінің абстрактілігі, жадына сақтау қабілеті, зейіннің көтеріңкі шоғырлануы, байқампаздығы байқалады. Ақыл–ой еңбегіне бейімділік, білімді, жаңа хабарды қабылдауға ұмтылыс, яғни танымдық қажеттілік дарынды бала ерекшелігіне жатады. Олар қиын тапсырмаларды құштарлықпен орындайды. Дарынды балаларға табандылықпен және үлкен еңбек сүйгіштікпен бірге жүретін сурет салу, математика, музыка, техника және т.б. арнаулы сабақтармен ерте әуестену тән.

         Дарынды балаларды іздеу пәндік олимпиадалар, білгірлер турнирын, музыкалық және көркемөнер байқаулары мен фестивальдарын, оқу- шығармашылық конференцияларын дайындау және өткізу кезінде жүзеге асырылады.

Дарынды бала – бұл болашақта жаңа технология шығарушы, әділ саясаткер, рухы биік адам, бұл – ұлттық құндылық.

Дарынды баланы анықтау, оқыту, тәрбиелеу, дамыту – қазіргі уақытта білім беру жүйесіндегі қолға алынып отырған өзекті мәселе. Болашақ білікті маман дарынды оқушылармен жұмыс істегенде өзінің мынадай қасиеттерімен ерекшеленеді.

1. Дарындылықты анықтау, дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөледі және сол бағытта талмай жұмыс жасай алады.

2. Олар дарынды оқушыға қосымша тереңдетілген   бағдарламалар жасай алады және олардың өздігімен жұмыс жасауына, шығармашылық ізденістеріне қажетті кеңес береді.

3. Оқушыға дұрыс бағыт–бағдар беру арқылы оның ғылыми зерттеу жұмысымен айналысуына көмек көрсету керек.

4. Педагогикалық үрдісті диагностикалау жұмысын жүргізе алады және оларды бір–бірімен байланыстыра алады.

5. Дарындылықты анықтауда әртүрлі психодиагностикалық әдістемелерді және оқытудың әртүрлі жаңа технологияларын тиімді пайдалана біледі.

Оқыту мен дамыту өз алдына жеке тұлғаның дамуына  әсер етеді.

            Жалпы барлық таным үрдістері бірігіп интеллектуалды жүйе құрайды. Оқушының интеллектуалды жүйесін дамытуда зерттеушілік белсенділігі  арқылы оқушы өзін-өзі дамытып, танып білуге жол ашады. Оқушының жеке бас дамуын зерттеу үрдісі екі бағытта жүргізіледі.

   1. Оқушымен кезеңдік жұмыс мұғалімдер, сынып жетекшісінің қатысуымен, мектеп психологінің көмегімен кем дегенде 1-2 рет өткізіледі.

   2. Оқушының іс-әрекетін, мінез–құлқын барлық мұғалімдер және оқушының өзі белгілі бір мақсатқа үнемі бағыттап бақылап отыруы керек.

         Оқу-тәрбие үрдісінде оқушы 2 жақтылы сипатқа ие болуы қажет. Тәрбиенің әрі объектісі, әрі субъектісі болуы тиіс.

         Шартты тарихи саналықта тұлғаны қалыптастыру үшін психологиялық таным үрдісіндегі 4 бөлікті үнемі бірдей іске асыруы қажет. Олар: сана-сезім, сенім, мінез–құлық, дағды. Олардың негізін құрастыратын – сана. Ата- аналар жоғарыда айтылған дарынды балалар туралы ақпаратты және кеңестер мен оларға жүктелген міндеттерді орындаулары шарт.

         Тарихта халыққа басшылық етіп, әр салада жаңалықтар ашып, таңдаулы шығармалар мен қызметтер ұсынған дарынды қабілеттер аса жоғары бағаланған. Оларға дұрыс тәрбие берудің алғы шарты – дарын иелерін жастайынан таңдай білу. Талабы таудай, қабілеті мол іздемпаз жастар көбейіп адамзат игілігіне үлес қосып жатса, олар ұлтымыз үшін мақтаныш, еліміз үшін абырой. Талантты жасқа – айрықша назар аудару қажет. Осы тұрғыда істелініп жатқан жұмыстардың жоспары мынадай:

1.   Сабақтарды дәстүрлі және дәстүрлі емес тәсілдермен өткізе отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыру, сонымен қатар сабақ барысында мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру, еркін сөйлеу, өз білімін көрсетіп, қысылмай ойын білдіруді үйрету, дарынды оқушыға әр сабақ сайын дайындап отыру. Түрлі поэзия сабағы, жарыс сабақ, ертегі сабақ өткізу барысында дарынды оқушылардың қабілетін ашып, білімдерін тереңдетіп отыру, әрі өре бәйгеге дайындап отыру.

2. Дарынды оқушыларды тәрбиелеудің бірі түрі – сыныптан тыс жұмыстар. Бұл сыныптан тыс шараларда әр түрлі кездесу ертеңгіліктерін, жергілікті ақын – жазушылардың өмірі мен шығармаларын жеке таныстыру мақсатында  өткізген ашық тәрбие сағаттарын да жүзеге асырып отыру.

3. Кітапханамен байланыс жасай отырып, балаларға арналған  басылымдардың көмегімен («Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен») ақын – жазушылардың өмірін, шығармаларын өз беттерінше оқып, ойларын ортаға салуға баулу. Бұл дарында балалар үшін өте тиімді әдіс деп есептеймін. Себебі, баланың ой-өрісін, қиялын, іздемпаздығын, тіл байлығын дамытады.

4. Балаларды орманға саяхат жасата отырып, балаларға эстетикалық және экологиялық тәрбие беру барысында және де түрлі тақырыпта өздерінің табиғат туралы білетін тақпақ, әңгімелерін құрастыра отырып, балалардың дарындылығын, терең ойлау қабілетін дамыту және шешендік сөз өнеріне баулып отыру.

5. Дарынды балалардың білімдерін тереңдету барысында істелетін жұмыстардың бірі – үйірме.

        Дарындылықты айқындау, олардың дамуына қолайлы жағдай жасау, мектеп, отбасы, мұғалімнің рөлін анықтау үшін бағдарлама қажет. Бағдарламаның мақсаты – баланың жеке бас ерекшеліктерінің  дамуына жол ашу, қабілетіне қарай шығармашылық тұлға қалыптастыру, оның дамуына ерекше жағдай туғызу.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. pvlabai10.edu.kz/blog/view/1/25

2. "Дарынды балаларға арналған мектептердi мемлекеттiк қолдау және дамыту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 24 мамырдағы N 3002 өкiмi