ПІРІМБЕТОВ  Т.Т.,

Караганда, Казахстан

                                           

     

ҚАЗАҚ ГРАММАТИКАСЫНДАҒЫ КЕЙБІР ТЕРМИНДІК  ҚОЛДАНЫСТАР

 

 

      Морфология және  синтаксис саласынан тұратын қазақ   грамматикасына үшінші сала сөзжасам келіп қосылды. Мақаладағы көтеріліп отырған бұл мәселе сөзжасам мен морфологияда қайсыбір терминдердің таңдаусыз ортақ қолданулары тілге  тиек болып отыр.

Қайбір іргелі ғылым салалары болмасын уақыт өте келе ішкі қажетіне қарай түрлі бағыттарға, салаларға бөлініп, олардың өздері екінші бір ғылым салаларының іргетасына айналуы мүмкін. Осы мәселе морфология мен сөзжасамға да қатысы барын көріп отырмыз. Тіл білімінде морфология саласы кеңестік дәуірден зерттелу үстінде. Кейіңгі уақыттарда қазақ тіл білімінде сөзжасам мәселесі қозғалып, қазіргі таңда бірнеше авторы бар, өз алдына грамматиканың бір саласы ретінде оқытылып, зерделеніп келеді. Жекелеген авторлардан соң 1989 жылы «Ғылым» баспасынан мүмкіндігі болғанынша кең көлемде бірнеше авторлар еңбегі нәтижесінде «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» деген атпен алғашқы монография дүниеге келді. Сонан бері қазіргі таңға дейін сөзжасам жүйесі бойынша бірнеше еңбектер жарық көріп, жан-жақты зерделену үстінде. Бұл әрине қазақ тіл білімі тағы да жаңа саламен толығып, қазіргі талапқа сай зерттелуде деп түсінген жөн.

Ескеретін бір мәселе – қай ғылым болмасын өзіндік зерттеу нысаны, әдістемесі, дереккөздері, бағыты т.б. болуы бірінші шарттылық дегендей, ең басты мәселесінің бірі өзіндік терминдік қолданыстары болуы қажет екендігі бәрімізге белгілі. Бұл мәселелер екінші ілім салаларынан ерекшелеп тұратыны және белгілі. Соңғы кездерде морфология және сөзжасам турасында жазылған еңбектерде көптеген терминдердің ортақтығы (әсіресе дыбысталу, айтылым жағынан) бұл екі саланы бөліп қарастыруда едәуір қиындықтар туғызып отыр. Олар: түбір, туынды түбір, туынды сөз, түбір морфема, қосымша морфема, жұрнақ, жалғау және бұған қоса күрделі сөздер түрлерінің атаулары т.б. Қайсыбір еңбектерде бұл секілді терминдер бірінің орнына бірі талғаусыз қолданылатыны кездеседі. Бұл жағдай морфологиялық пен сөзжасамдық талдаулардың өзіндік табиғи қасиеттерін ерекшелеп көрсетуде қайшылықтар, қиындықтар туғызып жүр. Мысалы, түбір, туынды түбір деп көрсету сөз құрамын морфологиялық жақтан талдау мәселесі болса, сөзжасамдық еңбектерде морфологиялық талдау еместігін көрсету мақсатында түбірді “негізгі сөз”, туынды түбірді “туынды сөз” деп тұрақтандырған дұрыс секілді. Морфология саласындағы “негізгі түбір” терминің сөзжасамда басқа сөздердің жасалуына түпкі қазық болғандықтан “негіз” деп қолданған ыңғайлы сияқты. Сонда “түбір” – “негізгі сөз” – “туынды түбір” – “туынды сөз”, “негізгі түбір” – “негіз” деп қолдану әңгіме қай сала тұрғысынан болып жатқанын саралап берері сөзсіз (сөзжасам тұрғысынан ба, әлде морфологиялық талдау ма деген сияқты). Зерттеулерге қарағанда “негізгі түбір” мен “негіз” деген терминнің табиғаты, атқаратын лексика-грамматикалық мағыналары ұқсас болғанымен, өзара айырым белгілері бар. “Негізгі түбір” деп отырғанымыз “негізгі морфема” яғни “түбір морфема”, бұл сөз бөлшегі деген ұғымды білдіреді [1:23-25]. Сонда “түбір морфема” сөздің лексикалық мағынасын білдіретін сөз бөлшегі болмақ. Бұл тұрғыдан морфемаларға жіктеу морфологиялық талдау болып табылады (сөз құрамына байланысты). Ал “негіз” термині – сөзжасам мәселесі. Себебі сол “негізден” сан түрлі сөздер жасалады, яғни сөзжасамның түрлі бірліктерінің жасалуына негіз болады. Екіншіден, “негіз” деген сөздің лексикалық мағынасынан-ақ бір нәрсе жасауға тірек, фундамент деген ұғымды бере алады. “Туынды сөз” деген жасалынған, жаңадан пайда болған дегенді білдіретіндіктен сөзжасам саласына, яғни сөздердің жасалуы деген ұғымда, түсінікті нақтылай түсетіндіктен әрі сөзжасам тұрғысынан талдану үстінде екендігін білдіре алады. А.Ысқақовтың “Қазіргі қазақ тілі” (1991) еңбегінде туынды түбір – туынды сөз, түбір – негіз деп қолдануы ол кездерде сөзжасам жеке сала ретінде әлі де болса  өзіндік табиғатымен танылып зерттеле қоймағандықтан екені белгілі. Бұл жерде ғалым сөз құрамын мүмкіндігінше түсіндіруге, ұғымды етіп көрсетуді көздеп отыр [1:31]. Жоғарыда аталған терминдердің қайссысын алсақ та осы секілді пікірлер айтуға болады. Мәселені түйіндей келгенде термин ортақтық қай салаға қатысты болмасын нақты түрде ғылыми талдауларға келгенде қиыншылықтар туғызатыны анық. Мұны түзейтін әрине – сын. Сондықтан қазақ тіл білімі сының қалыптастырып, жарық көріп жатқан еңбектердің жетістіктері, ерекшеліктері баспа беттерінен орын алғандары жөн болар деген ойдамыз.

Сонда сөзжасам турасында (қай мәселесі болмасын) жарық көрген еңбектердегі “түбір”, “туынды түбір”, “негіз”, “негіз сөз”, “туынды сөз”, “сөзжасам қосымшалары”, “жұрнақ”, “жалғау” деген терминдерді бірінің орнына бірін қолданбай әрқайсысын өз саласына лайықты қолданса, “туынды сөз” турасында мына секілді мәселені айтуға болады еді.

Туынды сөздер өмір шындығымен байланысты. Өмірде пайда болған заттарды атау талабы да осындай экстролингвистикалық не лингвистикалық факторлар нәтижесінен туынды сөздер жасалады: балмұздақ, аялдама, жанкүйер, оқырман көрермен т.б. Бұлардың туынды сөз ретінде танылуы - әрқайсысының сөзжасамдық жасалу тәсілі әрі негіз сөзбен сөзжасам қосымшаларының мағына жиынтығынан тұру үлгісі барында.

Туынды сөздердің және бір белгісі зат атауы не белгісі болғандықтан олар лексикалық нұсқаға (единицаға) жатады да, сол дайын күйінде өзгертілместен кез келген сөйлем құрамында қолданылады. Мысалы, әнші, биші, талапкер, т.б. сөздері осы қалпында (негіз сөз бен сөзжасам қосымшаларын сақтай отырып) сөйлем құрамына енеді, тек сөйлемдегі айтылар ойға байланысты түрлі жалғаулар жалғануы ықтимал. Мысалы, оқушыларға беру керек, оқушылармен сөйлесу қажет т.б. туынды сөз қай сөз табының туынды сөзі болса, сол сөз табынша түрленеді (оқушы - зат есім, сондықтан зат есімдерше түрленіп отыр).

Сөзжасамда туынды сөз негіз сөзсіз жасалынбайды. Осы тұрғыда келгенде негіз сөздер сөзжасамдық мақсатта екі топқа бөлінеді: а) негіз, ә) туынды сөз. Мысалы; кел, ән, түбір, бер, кел т.б. сөздерімен тәлімгер, басытқы (закусик), жылытқы (грелка), сәулетші (архитектор), базарлық (сувенир) т.б. тұлғаларды салыстырғанда, алғашқы топтағы сөздер негіздер, соңғылары туынды сөздер. Бұлардың ұқсастығы - екеуі де сөзжасамдық бөлшектер. Айырымдары негіз бір ғана бөлшектенбейтін морфемадан тұруы және жеке тұрып дербес мағына бере алады. Туынды сөздер болса, екі морфемалы болғандықтан, оларды бөлшектеуге болады (негіз сөз, сөзжасамдық қосымша). Осы екі морфемалардың мағыналық қосындысынан туынды сөз жасалады; куә-лік, сәулет-ші, қылти-ма т.б. Сонымен қатар негіздің мағынасы қалай пайда болғаны белгісіз де олардың мағынасы табиғи нәрсе секілді көрінеді. Мысалы, «нан» тағам аты, «күй» -музыка, «шөп» өсімдік ретіндегі мағыналары қалай пайда болғаны белгісіз болса, туынды сөз ретінде табылатын саудагер, дәрігер, қаламгер, тәлімгер т.б. негізгі сауда, дәрі, қалам, тәлім секілді морфемалар мен оларда адам яғни мамандық ұғымын қосатын сөзжасамдық қосымшаларға жіктеуге әрі бұл мағыналардың қалай, қайдан пайда болғандығын түсіндіруге де болады. Бұл мәселе - туынды сөздердің сөзжасамдық жүйедегі негізгі заңдылығы болып табылады.

Сөзжасамдық заңдылықта туынды сөз мағынасы негіз сөздің  мағынасына байлаулы болады. Мысалы, мүсінші, жазушы, балықшы сөздері туынды сөз болуы - бұл сөздермен жарыса қолданылып жүрген мүсін, жаз, балық секілді негізгі түбірлердің өмір сүруі. Басқаша айтқанда, туынды сөз мағынасы қалай болған күнде негіз сөзбен мағыналық әйтеуір бір байланыста болады (тікелей не жанамалай).

Негіз сөзжасамның ешқандай қатынасынсыз жасалған сөздер де, туынды сөздер - сөзжасамның заңдылықтары, тәсілдері арқылы жасалуы шартты нәрсе. Ал, тарихи тұрғыдан кейбір негіз деп жүрген сөздеріміздің түбір, қосымшаға бөлінуі жаппай ортақ заңдылық болмауы - қазіргі кезде өлі негіз, өлі қосымшалардың мағыналары сақталмай біртұтас тұлға ретінде кіріге бірігіп бір-ақ ұғымда, мағынада жұмсалуынан. Мысалы; момақан, момын, сөздеріне «мом» деген ортақ негіз бар деу - тарихи тұрғыдан болмаса, қазіргі танда «мом» деген негіз түрінде дербес мағынада колданылмайды.

Негіз сөздер байырғы сөздер болғандықтан, олар түркі тілдес халықтарға ортақ тұлға ретінде қолданыла береді. Ал туынды сөздерде мұндай ортақтық міндетті емес. Мысалы, қазақ тіліндегі жанжалшыл деген туынды сөз өзбек тілінде жанжалқыш қазақша тарақты, татар тілінде тарахсыман түрінде айтылады. Сонда туыстас тілдерде туынды сөздердің жасалуында әр түрлі ерекшеліктері болады. Бірақ бұдан өзара ұқсастық жоқ деген асығыс пікір шығаруға болмайды. Ұқсастықтар бар әрі сөзжасамдық ортақ заңдылықтар да жеткілікті.

Негіздің туынды сөзге қарағанда қай жағынан алсақ та мүмкіндігі мол. Себебі, олар ежелден қолданылып келе жатқандықтан бүкіл халыққа танымал, тілімізде жиі қолданылады әрі стиль талғамайды да және сөздік қорға жатады. Бұдан туынды сөздердің тіліміздегі қызметі кем деген қате пікірге келуге болмайды, бірақ қайсыбір туынды сөздер жасалғанмен сөздік қорға енбей қалуы мүмкін т.б. деген секілді.

Негіздің сөзжасамдық қабілетіндей ешқандай сөзде жоқ. Сөзжасамда негіздердің бәрі қатысады да олар арқылы көптеген туынды сөздер жсалады. Ғалымдар зерттеуінше қазақ тілінде бір негізден 20-30 сөз жасалуы - үйреншікті құбылыс. Ал, бір «бас» сөзінің 140, «жел» сөзінен 90-нан астам туынды сөздер жасалатыны дәлелденіп отыр. Керісінше, туынды сөздердің сөзжасамдық қабілеті нашар, өнімсіз.

Негіздердің омонимдік қасиеті күшті болады: ас, ат, өт, көш, қой т.б. сөздер бірде заттық, бірде етістік ұғымында жұмсала беруі де үйреншікті нәрсе.

Негіздердің буын (дыбыстық жағынан да туынды сөздерден ерекшелігі бар. Айталық, олардың басым көпшілігі бір буынды болып келулерімен қатар әрі түркі тілдерін ортақ ретінде де қасиеттері бар. Мысалы, күн, ай, жан, үй, ақ, көз, бет, кел, кет, нан, қол. т.б. Кейде мұндай сөздер тек екі немесе үш дыбыстан емес: қарт, төрт, қант, қайт секілді төрт дыбысты  болып келе береді. Ал туынды сөздерден тек екі буыннан басталып, буын сандары ұлғайя береді: білім, келісім, аспазшы, көлшік т.б.

Туынды сөз белгілі бір тәсілмен жасалады (синтетикалық, аналитикалық, лексика-семантикалық). Осыған орай құрам жағынан туынды сөздер: а) жалаң негізді сөз, ә) күрделі негіз сөздер болып және екі топқа бөлінеді.

1. Туынды сөз турасында жоғарыда айтылған мәселелерді жинақтай келе, мына секілді сөзжасамдық белгілерін жинақтап көрсетуге болады:

а) туынды сөз екі морфемалы (негіз сөз, сөзжасамдық жұрнақ) тұлға; ә) туынды сөз негіз сөз бен сөзжасамдық қосымша морфемалардың мағыналық қосындысынан тұрады; б) туынды сөз мағынасы негіз сөздің мағынасына байланысты болады: суретші туынды сөз «сурет» деген негіз сөздің мағынасынан шығып отыр дегендей; в) туынды сөз тілдің даму сатысына орай танылады: үш-қыш, үш-ақ, оқыр-ман, аялда-ма т.б.; г) туынды сөз құрамындағы морфемалар заманына байланысты жіктері сақталады: дәрі-гер, дау-кес, жаз-шы т.б.; ғ) туынды сөздердің мағыналарында өзгеріс болады (себебі сөз жасалады) әрі қай сөз табына жатуына орай сол сөз табынша грамматикалық түрленеді. Мысалы, «түйін» сөзі зат есім ретінде түрленуі (септелуі, көптелуі, тәуелдене алады); д) туынды түбірлер қай сөз табының жұрнағы арқылы жасалса, сол сөз табының грамматикалық қасиеттеріне ие болады: бала-лық, жақслық, та-лы; өзен-ше тау-шы т.б.; е) туынды сөздер сөйлем барысында емес, олар сөйлем құрамында дайын қалпында жұмсалады. Егер біз үлкендік, кішілік туралы әңгімелесек, тілдегі осы дайын халпында қолданамыз: үлкендік көрсетті, кішілік танытты т.б.

Туынды  сөзді тарихи негіздер. Грамматикада қолданылып жүрген негіз деген тілдік құрылымның бірлігінің бірі ретінде өрлеу дәуірлері болады, негізінен ғалымдар пікірінше (түркітану) түркі тілдерінде сөз құрамын екі морфемадан: а) түбір морфема, ә) қосымша морфемадан түрады. Негіз морфемасы түбірлес немесе оның таралымдары (парадигмалық) қатарларын салыстыру арқылы анықталғанымен синхрондық (қазіргі кезеңдік) тұрғыда бөлшектенбейтін сөз бөлшегі. Екінші морфемаға (қосымша) жалғанатын сөз бөлшегі жатады да, олар деривациялық (айырым) қатар құрып, негіз морфеманың мағынасын нақтылай түседі немесе ауыстырады (транспозициялайды): бесінші - нақтыласа, тәлімгер - ауыстырып отыр. Тілдегі деривациялық құбылыс - тіл тарихында лексикалық ұғым мен грамматикалық мағынаны байытуда үлкен қызмет атқаратын тіл заңдылығы. Сонда ол – түбірлердің (синхронды түрде), әсіресе, туынды сөздердің мағыналарын ажырататын тілдік заңдылық. Сондықтан қазіргі тіліміздегі негіздердің құрылымын анықтау – түркітанудағы үлкен проблемалардың бірі. Мұның басты себебі - түркі тілдері жалғамалы (агглютинативті) типке, сөз тұлғасы жағынан бір буынды (моносиллабинолы) тілге жатуынан түбір мәселесі тіл ғылымында өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан синхрондық тұрғыда қазір негіз сөз деп танылып жүрген көптеген сөз бөлшектері диахрондық зерттеу барысында бір буынды өлі негіздер мен өнімсіз қосымшалардың бір-біріне әбден кірігіп, бір бүтін тұлға ретінде көріне беретіндерін анықтауға болады. Мұның қиындығы да, екі морфеманың жігі білінбестей жымдасып кетулері әрі ұзақ сақталуында болып отыр. Мысалы; мақ-та, ай-т, са-н, қыз-ыл т.б. Бұл негіздер. Синхрондық тұрғыда негіз ретінде қолданылмағанымен - қазіргі тілімізде жеке мағынаға ие болып, көптеген сөздерді өрбітіп, негіздер сөз қызметін атқарып отырған осы тарихи туынды сөздер.

Синтетикалық (морфологиялық) тәсілдің пайда болуы, яғни негізге қосымшалар жалғану нәтижесінен, ол қосымшалар жаңа грамматикалық мағыналар үстеудің арқасында енді қосымша, үстеме лексикалық мағыналардың пайда болуына және мұндай жалғамалы негіздердің жаңа лексикалық мағыналары деривациялық құбылыстардың дамуына, оның үстіне синкретті негіздерге күрделі қосымшалардың уақыт өткен сайын дыбыстық, лексикалық, грамматикалық мағыналары дами келе, ендігі жерде негіз деп танылатын тұлғалар анағұрлым күрделі мағыналар бере бастады. Дей тұрғанмен, ол баста пайда болған бір буынды тұлғалар негіз құрамында (синкретті тұрғыда) өлі түбір ретінде қала берді. Мысалы: шалқасынан, шалқалақтау, шалқа әрбірден соң деривациялық құбылыстан шалқу, шалқыма т.б. сөздеріне ортақ «шалқ» деген сөз болғанымен, оны негіз деп қаралмау себебі - қазіргі кезде бүл негіз жеке қолданылмауында. Оны тек тарихи туынды сөз деп тану - көңілге қонымды әрі сенімді нәрсе.

Қазіргі таңдағы негіздердің бірнеше дыбыста, буында болып келулері ол бастағы бір буынды синкретті негіздердің бірте-бірте дыбыстық өзгерістерге ұшырап дамуынан болып отырғаны белгілі. Дыбыстардың тарихи тұрғыда өзгеруі, басқаша айтқанда, дыбыстрдың сай келуі, орнын айырбастауы, жаңа дыбыстардың пайда болу т.б. алуан түрлі себептерден өлі негіз дыбыстық құрамының ғасырдан ғасырға өзгерулеріне, нәтижесінде түрлі грамматикалық көрсеткіштердің қалыптасуынан сөз варианттарының әр түрлі мағыналардың, түсінік пен ұғымдардың пайда болуына әсер етті. Әсіресе аферезис (бунақтарда қатар келген екі дауыстының соңғысының түсірілуі): де, же, бү, мұндай құбылыстар қазір де кездеседі: мыс па екен (мыспекен), жазып та алды (жазыпталды), т.б.; метатезалық (дыбыс сәйкестілігі, орын ауыстырылуы): жаз-жай, көр-көз, мегде, меңзе, мезге, қақпа, қақпан т.б. Қалай болған күнде дыбыстық өзгерістер өлі негіздерді деформацияға ұшыратып, негіз құрамында дыбыстық варианттардың пайда болуына, нәтижесінде қазақ тілінің өзімен тектес тілдерден дербестене бастауына әкелді. Н.Оралбаеваның «Қазақ грамматикасында» [2:231-6] атап көрсеткен: «...қазіргі тілімізде көптеген сөздерді шартты түрде түбір сөз деп қараймыз. Шын мәнінде, олар - өлі түбір мен қосымшадан тұратын тарихи туынды түбірлер. Ол диахрондық зерттеудің нәтижесінен анықталады. Түркі   сөздерінің байырғы түбір морфемасы бір буынды болғанмен, жалғамалықтың нәтижесінде анық, көбінесе, екі буындыға айналуы тұрақты құбылысқа айналған», - деген пікіріне толық келісуге болады. Әрине, бұл бірден болатын тілдік құбылыс емес - оған талай уақыт қажет, ұзақ тарихи процесс. «Қазақ диалектологиясында» (232-6) өлі түбірлерді «ілкі түбірлер», синхрондық тұрғыда «негіз түбір» деп бөлуді ұсынады. Мысалы: «ұза» (қашықта мағынасында) қазіргі таңда мағына дербестігін сақтаған «негізгі түбір» болса, «ұза» «ұз» деген түбірден пайда болғандықтан, «ұз» ілкі (өлі) түбірге жатқызылған. Бұл ұсыныстың ұтымды жері «өлі түбір» термині морфология саласында қолданылғандықтан, сөзжасам жүйесінде мүндай түбірлерді кайталамас үшін «ілкі» терминін қолдану әрі әр саланың айырым-белгісі ретінде де қажеттіктен туып отырғанын ескеру қажет. Қалай болған күнде де ілкі түбірлер - сөзжасамның негізгі мәселесі (категориясы). Қазіргі уақытта тіліміздегі сөздер тұлғасы осы «ілкі түбірлерден» шығып отырғаны белгілі. Ілкі түбірлерді ғылыми тұрғады талдау, сөз жоқ жалпы қазақ тіліндегі сөзжасаудың типтерін, үлгілерін анықтауға үлкен қызмет атқарады. Бұл жөнінде түркітанушы ғалымдар: Ж.Дени, В.В.Радлов, Н.А.Балқанов, Г.О.Винокур, Қ.Жұбанов, А.Хайдаров, Б.М.Юнусалиев т.б. еңбектерінде көптеген дәлелдер табуға болады. Мәселен, «Қазақ грамматикасында»: айт, арт, борт, жорт, қайт, керт тұлғаларында «т» қосымша морфема ретінде талданып, «-т» моделі бойынша көнерген сөздер жасалғандығы дәлелденіп отыр. Ал бұл сөздердегі алғашқы буындар «ілкі түбірге» жатқызылған. Міне, осы секілді қазіргі тілімізде қолданылып жүрген көптеген сөздерді морфемаларға жіктеу арқылы ілкі түбірлерді табуға болады. Мысалы: қас, қаш, қаз, қап т.б. Ескеретін бір мәселе - осы іспетті сөзжасамдық модельдер (үлгілер) арқылы ілкі түбірлердің түптеп келгенде түбірлес сөздердің, одан оның деривациялык құбылыс нәтижесінен не көп мағыналылыққа, не омонимдесуін құбылыстардың парадигмалық таралымдарына әсері секілді теориялық алуан түрлі пікірлер айтуға болады. Көзге түсетін және бір заңдылық - тарихи туынды сөздер етістіктер мен есімдердің сөз тудырушы үлгілері кездесетіндігі. Мәселен, А.Н.Кононов - са және оның варианттарын ілкі түбірлердегі тарихи туынды етістік жасаушы модель ретінде қарастырған: аңса, көксе, жуса, көсе, күйсе, ұқса т.б. Осы секілді есім сөздердің де тарихи туынды тұлғалар екені анықталып отыр: -аң, -ең: тоз-аң, кер-ең, тер-ең, күр-ең, ел-ең т.б.

Осы жоғарыда айтылған мәселелерді жинақтай келгенде, қазақ тілінің сөзжасамдық жүйесі бірте-бірте ғасырлар өткен сайын жетіліп, дамып, орнығып отырғанын байқауға болады. Сондықтан түбір ұғымын диахрондық, синхрондық тұрғыдан қарағанда этимологиялық және тарихи туынды түбірлер деп қарастырған ұтымды болады деген көзқарастар бар («Қазақ грамматикасы», 2002, 240-бет). Этимологиялық түбір деп отырғаны – бұл түбірдің («өлі» түбір, байлаулы түбір, этимон түбір т.б.) бойында әр түрлі өзгерістерге ұшырап, түрленген, құрылымдық, семантикалык, деривациялық валенттілікті көрсететін «тек» сақталу тұрғысынан түсіндіреді (сонда, 240-6.). Сонда бұл түбір синхронды тұрғыдағы ары қарай бөлшектеуге келмейтін негіздер де, ал диахрондық тұрғыда талданған ілкі түбірлер тарихи туынды негіз болып шығады. Этимологиялық түбірлерді негіздес сөздерді өзара салыстыра зерттеу арқылы да анықтауға болады.

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі. 1991. – 384 б.

2. Қазақ грамматикасы. – Астана: Елорда. 2002. – 784 б.

3. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі.– Алматы: Ғылым.1989. – 368 б.