Таңжарықова А.В.
Филология ғылымдарының
кандидаты,
ҚРБҒМ
ҰАО
Мониторинг-маркетинг
бөлімінің
бастығы
Қазіргі қазақ романындағы
сал-сері образы
Этно-фольклорлық
үрдістерді өмірде тұтынып, ұлттық
тәрбиенің құндағында өскен аға буын
қаламгерлердің шығармашылығына қазақ
халқының көне сал-сері тұлғасын оқырман
жадында қайта жаңғыртуды көздеген тың
ізденістерін атап айтуға болады. Белгілі ғұлама ғалым
Әлкей Марғұлан «Жұлдыз» журналының 1983
жылғы №9 санындағы «Күйді ерттеп, әнді мінген
кемеңгерлер» атты мақаласында осы сал-серілікті
ұстанған өнерпаздар туралы жазған. Бұл
еңбек сал-сері деген кімдер екендігіне анықтама беруден бсаталады.
Әуелі, «сал мен серінің ерекше қасиеттері – әрі
ақындығы, әрі әншілігі, әрі күйшілігі,
әрі сауыққойшылығы, елге қуаныш беретін
олардың жүрегіне жарық сәуле түсіретін
зиялылығы деген ой қорытындысын ортаға салған
ғалым, «сал-сері тарих көзімен қарасақ, серілік ту
баста түрік қағанаты кезінен басталған дей келіп,
Орхон-Енисей жазбаларында есімі аталатын Иоғлық тегінді серілікті
әдет қылған ойшыл кісінің бірі, өзі ғажайып
аңшы, мерген, атты күтіп ұстайтын бапкер, сонымен қатар
ақын-жырау болған деп атайды. Марғұланның
айтуынша [1]: сал мен сері бір типті емес, екеуі алуан түрлі
дәстүр өрнектерін білдіреді. Олардың бірінің
бірінен өзгешелігі тұрмыс көрнісінде, типінде. Ең
алдымен «сал», «сері» деген сөздер қалай туған, соған
келейік. «Сал» – Европа тілімен айтқанда, эксцентрик немес өз
бағымен жүретін бір алуан адам. Оның бар арманы –
сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен
қатар жүретін адамның бәрінен де қылығымен
де, қылығымен де артықболып асып-түсу. Ертоқымның
өзі де басқаныкіндей болмайды, алтынмен, күміспен
өрнектеліп, ерекше салтанатпен жасалады. «Сал» сөзі киімді
салпаңдатып кең тігуден шыққан. «Сал», «салпаң»
ұғымы осыны білдіреді. Әрбір салдың балағы сондай
кең, оған бір кісі толығынан сиып кетеді. Ал, «сері» деген
сөз салдықтан бүтіндей басқа. Екеунің
қосылар жері екеуі де ақын, күйші, екеуне де ортақ
болатыны музыка аспаптары. «Сері» сөзі серпілуді, бой жазу, шалқу,
асқақтау деген ұғымды білдереді. Сері оқымысты
кісілер арасында көп болған. Олар жақсы көрген қыздарға
салдар сияқты іздеп бармайды, хатпен жұмбақ жазысады. Ерте
кезде жасаған серілер көбінесе хан ордасында болып,
ойын-сауықтар құратын. Мәселен, Жошы ханның,
басқа да хандардың серілік құрған тұрмысы
жайлы Әлкей Марғұлан деректер келтірген.
А.В.Затаевичтің зерттеуінше, «Сери были детьми «белой кости», богатыми,
но эксцентризм их не принимал таких крайних форм», – деп жазды. Серілер
ең алдымен атақты мерген, екіншіден, сұңқармен,
лашынмен, тұйғынмен құс ілгізген саятшы, тұлпар
аттың ең жүйрігін қадірлеп баптаушы тұлға.
Жазушы Т.Тілеухановтің
«Соңғы сері» романы осы сері тұлғасының
соңғы тұяғының образын сомдауға
арналған.
Бір қызығы,
балалардың елік-желігіне үлкендер қоса желпелеңдейді.
Әлде қызығушылық өз көңілдерінде де
бар ма екен? Қызығады, таңсық көреді, желікпелік
те жоқ емес. Әйтеуір, осы дабырды естігенде әйел-еркектің
үйде қалатындары аз. Көздерін сүзіп, мойындарын созып,
еңселі жерге қарай ұмтылады. Бәрінің
жапатармағай жапырлайтыны – үйдің тобесі. Онсыз да
солқылдақ төбені онан сайын солқылдатып,
тапыр-тұпыр таптап, алысқа қарап ындындары
құриды.
«– Күмістеген ер-тұрмандары
жарқ-жұрқ етіп шағылысуы-ай, шіркіннің!
– Мен өзім көрдім:
жүген, өмілдірік, құйысқан, төс айыл –
бәрі күмістелген. Үзеңгі, таралғыға шейін
күміс. – Осыны айтқан кісінің мерейі осіп, дәрежесі
көтеріліп, маңайындағыларға қопайыстана көз
тастайды.
– Атын баптайды. Иттерін
күтеді. Өзін сылап-сипайды. Бұдан артық не жұмыс
керек. – Тағы бірі өзінше білгішсінді [2, 13].
Серінің ерекшелігін ашып
көрсетуге құрылған диалог репликаларын авторлық
ремаркалар көмкереді. Құрылым қысқаша ғана
қайырылса, полилог болар еді. Семантикалық,
ситаксистік-стилистикалық тұрғыдан ыңғайлас
толғамдар бір байламның әр алуан нұсқасы ретінде
үдеме түрде өрнектелген. Әдеттегі үлгі
көзге ұрмағанмен, диалогтық қатынас
сақталған.
Жазушы портретке өз
кейіпкерлерінің ішкі әлемі секілді қайталанбас,
өзгермелі күрделі табиғатпен ашарлықтай өте
психологиялық тұрғыдан қарайды. Жазушы романға
кейіпкерді кірістірмес бұрын ол ең біріншіден пішін-парқынын,
оның сыртқы келбетіне тән жекелеген детальдарды ғана
береді. Ал кейіпкердің тек өзіне тән портреттік пішіні бірден
беріле салмайды, ол көбіне жүре келе ұзақ процесс
арқылы ашылады. Автор кейіпкерлерінің сыртқы пішініне
үнемі қайта айналып соғып отырады, сөйтіп оны сыналап
суреттеу арқылы әр кезеңде жаңа бір деталь, соны сурет,
тың түрлік қасиет қосып отырады. Осы әдісімен
суреткер характерді тереңдетіп, өткірлеп, жан-жақты
және кең масштабта көрсетеді.
Сері портреті
өзгермелі бейнелеуге, ішкі әлемнің ағымына,
диалектикаға орай енеді. Уақыт өткен сайын өзгерер
портрет, характерді де қатар өсіреді, жазушы өз кейіпкерін
өмірінің әр кезеңінде оның ішкі және
сыртқы барлық өзгерісімен ашып отырады. Соның
өзінде ол көбіне сыртқы пішінмен ішкі әлемге жиі саяхат
жасап, характеріндегі өзгерістің түп тамыры мен себебін
түсіндіруге тырысады.
Салтанатты салт аттыны
тамашалаған көп жанар қайтадан салтанат иесіне ауысады.
Басында – түлкі тымақ. Қып-қызыл. Қан қызыл
емес, алқызыл. Күміс аралас алқызыл.
Қылшықтарының түп жағы бояуы қанық
алқызыл, ал осы алқызыл бояу ұшына қарай сәл
бәсендеп ақшуланады да, ақ пен қызылдың
қоспасынан ерекше бір түр болып, рең береді. Алтын мен
күмістің қоспасы. Күн сәулесімен шағылысып
жалт-жұлт құлпырады. Салқын желге үрленіп елбіреп
діріл қағады.
Үстінде – тізеге ғана
түсетін ақ тон. Жағасы – қоңыр елтірі.
Шымқай қоңыр емес, сарғыш қоңыр.
Сабалақ бұйра емес, нағыз бұйра. Таңдайланып
келген өрме бұйра. Сары алтыннан шебер ширатып, өрмелеп
бастырған іспетті. Түлкі тымақ пен елтірі жағаның
үйлесімі мен жымдасуына көзің рахаттанып,
көңілің суғарылады.
Ақ тонның екі
өңірінің жиегі мен екі жеңі дәл
жағадағы елтірімен көмкерілген.
Белде – күміс белдік.
Әртүрлі өрнек бір жүйеге келіп, қиюы шебер
қабысқан. Өрнектер аяқталмайды, айналып жарыса береді.
Бірін-бірі үздіксіз қуалайды. Біріне-бірі жетпейді, бірақ
тынбайды, таусылмайды.
Мойнына асқан
дүрбінің қабы осы белдікке жете салбырайды. Оны да күмістеп тастаса болар еді деген ой
келеді. Жоқ, өйтпепті. Әуелгі жасалған қалпында
ғана сақталған.
Бір жақ мықынында –
қайқы қылыштың қабы. Күміс қап.
Қылыш пен дүрбі – зауыттан
шыққан аспаптар. Сол себепті, олардың
әуелгі қалпы сол бойында сақталған [2, 156]. Жазушы серілік табиғатына тән бек
заттық талғампаздықты беру үшін бұйым,
затқа мән берген серінің сыртқы киімінен
шақшасына дейін әспеттеле суреттеулерден ұлттық сәндік
өнер тарихы танылады.
Қазақтық
салт-санада сәндік қолданбалы өнерге – шыгармашылық
үрдіске, пайдаланылатын заттарға, ою-өрнектерге,
өндіріске байланысты белгілі бір желі анық байқалады.
Халық шеберлері қоршаған орта символикасы саласында білгірлік
танытып, өз ортасының эстетикалық, философиялық
танымдарын білдіруші болуы тиісті. Демек, қолданбалы өнер
шығармалары синкретикалық сипатта болып, олар практикалық
(тәжірибелік), эстетикалық, сиқырлық салт пен саналық
қызметтермен қатар этноаймақтық белгілерді білдірсе, ал
киім-кешектер мен зергерлік безендірулер бұған қоса
жыныстық, жастық, мүліктік айырмашылықтарды да
бейнелейді.
Қазақтардың
аса мол әшекейлік ою-өрнек желілерінің (космогониялық
заттық, геометриялық, зооморфтық, өсімдік,
заттық-түрмыстық жөне антропоморфтық) семантикалық
мазмұны ежелгі мифологиямен, замана ағымымен фольклорленген
тотемистикалық, анимистикалық және фетишистік
ұғымдармен тығыз байланысты болып келеді. Көптеген
әшекейлік желілер қорғаушы немесе оңды
құбылыстар үшін ұйтқы күйге ие деген
ұғым болды [3; 20]. Бұл ою-өрнектер уақыт
озған сайын өзінің о бастағы мәнін
жоғалтып, жаңа ассоциациялар (баламалар) негізінде топшыланып,
жаңа атауларға ие болды. Ою-өрнектердің мәндік
маңызы әлсіреп, деректік-символикалық ұғымдар
тұрмыстық реңге ауыстырылды.
Сері
тұлғасы заттық әлеммен тұтас алынып, сол
арқылы өткен мен бүгіннің диалектикалық бірлігі
сабақтасады. Кейіпкер ұлттық қасиетті сақтаушы
ғана емес, оның қадір-қасиетін
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші ретінде де сомдалады.
Заттық
әлем, киім, тұрмыстық заттар, детальдар әдебиетке
интерьер кеңістігін ұйымдастырады. Шағармада
қолданылып, көркемдік кеңістікті құрайтын
заттың жиынтығы арқылы тарихи кезеңнің болмысы,
характеристикасы, дәуір сипаты танылады. Кез келген шығармаларда,
әсіресе, тарихи туындыларда өмір шындығының дәлдігі,
нақтылығы, кейіпкерлердің тұрмысы, киім киісі,
ұстанған заттары т.б. арқылы танылатындықтан сол
кезеңге сәйкес болуы ерекше қадағаланады [4,270].
Жазушының
кейіпкерінің сөзі арқылы заман мен қоғамның
ұлттық құндылықұтарға
көзқарасын танытатын эпизодтарда мінез ерекшелігі,
ұлттық болмысты сақтауға деген қайсарлық
қасиет дәріптеледі.
Қаламгер
қаламынының қуаттылығы да осы мінез ерекшелігін
сомдауға қатысты. Шығармадағы серінің насыбай
шақшасы көркемдік деталь ретінде алынып, кейіпкер мен айнала
қоршаған дүние қарым-қатынасы жайлы
ұғым-түсініктерді тереңнен қамтыған.
Адам мен
суреткерді әдетте белгілі бір қоғамдық орта,
уақыт пен кеңістік, оқиға мен табиғат т.б. толып
жатқан заттар әлемі қоршап тұратыны белгілі.
Сондықтан да адамзат өзін қоршаған ортадан,
қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Адам өзінің
жеке басының эстетикалық талғамына, дүниетану
дәрежесіне, мінез-құлқына қарай адам таниды,
қоршаған ортаға, табиғатқа, заттарға деген
өзіндік көзқарасы мен сүйіспеншілігі оянады. Міне
осының бәрі жазушының суреткерлік талғам-таразысынан
өтіп, көркемдік жүйесінде талданады.
Жазушы
шығармасының аты айтып тұрғандай ата
дәсүрдегі «серілік» ұғымының өмір
сахынасынан ығысу кезеңіндегі сарқыншақ белгілерін
сипаттауды мақсат еткен. Шығармадағы өзі ақын,
жыршы, саятшы, құсбегі ерекше мәрттік пен сырбаздық
иесінің тағдыр жолы оқырман алдынан тізбектеліп өтеді.
Осы арқылы өткенге, ұлттық мінезімізбен
өнеріміздегі өшпес қасиеттер қайта
жаңғырады.
Пайдалған
әдебиеттер.
1.
Марғұлан Ә. Шығармалары. 3 том. А. 2007.
2.
Тілеуханов Т. Соңғы сері. А. 2007.
3.
Тоқтабаева Ш. Обряды и обычай казахов связонное с произведениями
прикладного искусства // Обычай и обряды казахов в прошлом и настоящием. Сб.
статьей. А. 2001.
4.
Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір
мәселелері. А. 2003.