М.М. Дуйсенова

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің PhD докторанты

 

Кинесиканың туындауы: негізгі бірліктері

 

В статье рассматриваются функционирования невербальных средств коммуникации, определению лексико-семантических групп невербальных элементов, раскрытию их значений на материале текстов.

 

The article deals with the functioning of non-verbal communication, the definition of the lexical-semantic groups of non-verbal elements, the disclosure of their values ​​on the material of the texts.

 

Бейвербалды семиотика жалпы тіл-тілде жақсы зерттелінуде. Біздің ойымызша, сондықтан бейвербалды амалдарды қай тұрғыдан болмасын алып қарастыру өзекті болып табылады.

Бейвербалды коммуникация таңбалық ақпараттың және таңбалардың қалыптасуы бойынша маңызды орын алады, сондай-ақ қоғам мен адам өмірінде өзіндік орын алады.

Бейвербалды коммуникация негізгі пәні болып есептелетін ғылым, кеңейтіп айтсақ, бейвербалды мінез-құлық пен адамдардың өзара әрекеттестігі туралы ғылым – бейвербалды семиотиканы зерттеу бүгінгі таңда өзекті болып отыр.

Бейвербалды семиотиканың негізгі бірліктерінің айқындалуы зерттеу барысында алғаш рет анықталуы жұмыстың өзектілігін білдіреді. Бейвербалды амалдар тіл-тілде қарым-қатынас кезінде жиілікпен қолданылып, коммуниканттардың мінез-құлқын, олардың психологиясын, портретін жасауда маңызды қызмет атқарады.

Қазіргі таңда лингвистикада жаңа бағыттар мен ағымдар пайда болуда. Соған орай, яғни жаңа мектептердің пайда болып, қанатын жайып өрістеуіне орай лингвистикада тілді әртүрлі аспектіден қарастырып, зерттеулер жүргізу қолға алынуда.

Нақтырақ айтсақ, сондай жаңа зерттеу бағыттарының біріне бейвербалды семиотика жатқызылады, яғни лингвистикада қарым-қатынас кезінде вербалды тілдік бірліктермен қатарласа, жарыса қолданылатын бейвербалды амалдар немесе сөйленіс кезіндегі (коммуникацияда) көмекші құралдарды ғылыми тілдік тұрғыдан зерттеу қолға алынуда.

Осы зерттеулердің қолға алынуы нәтижесінде ХХ ғасырдың аяқ шеніне қарай бейвербалды амалдарды зерттейтін лингвистикадағы жаңа сала – бейвербалды семиотика – ғылымның бір саласы болып қалыптасты.

Лингвистикада вербалды амалдарды зерттеу басым түсіп жатуы қаншалықты түсінікті болса, бейвербалды құралдарды тілдік тұрғыдан зерттеудің қажеттілігі жөнінде де пікірлер бар екенін айта кетуіміз керек. Кейінгі зерттеулерде лингвистикада бейвербалды элементтердің теориялық пайымдары біршама жасалып келеді, парабірліктер айқындалды, сондай-ақ олар топтастырылып, олардың тілдік құрал – вербалды амалдармен арақатынастары анықталуда деп айта аламыз. Ал соның нәтижесінде бейвербалды семиотиканың негізгі бірліктеріне анықтамалар берілуде, қызметі ретке келтірілуде, бір сөзбен айтқанда, бейвербалды семиотика тілдік тұрғыдан жүйелену үстінде.

Коммуникация ауызша және жазбаша түрде жүзеге асатыны белгілі. Осы тілдің қарым-қатынас қызметін атқару кезінде паратілдік құралдар дыбыстық тілмен қатарласа жүзеге асырылады, тіпті кейде өзі дербес тұрып та коммуникативтік қызмет атқара алады. Вербалды элементтер секілді олардың білдіретін белгілі бір мән-мағыналары, ойды жеткізу функциясы болады. Сондықтан мағыналы, мәнді болып келуіне байланысты олар сөйлеушінің өз ойын жеткізудегі, эмоциясын білдірудегі, прагматикалық тұрғыдан ұғынықты болуын қамтамасыз етудегі ұтымды көмекші құралдардың қатарына жатқызылып жүр.

Сөйлесу кезіндегі немесе ақпарат алмасу кезіндегі бейвербалды элементтерге не жатады дегенде, адамның бет әлпеті арқылы жасалатын түрлі ым түрлерін, қол-аяқ қимылын я болмаса дене қимылын, просодикалық амалдарды, жанасу арқылы ақпарат алуға не ақпарат жеткізуге болатын такесикалық амалдарды, дауыс тоны арқылы іске асатын амалдарды атауға болады.

Адамдардың қарым-қатынасы кезіндегі дыбыстық тілмен қатар қолданылатын паратілдік амалдар арқылы да коммуниканттардың бір-бірін еркін түсінісе беретіндігі бүгінгі таңда дәлелдеуді қажет етпейді. Өйткені вербалды тілмен астарласып жатқан бейвербалды амалдардың тарихы әріден басталады. Ал оларды зерттеудің қажеттілігінің туындауы адам арқылы тілді тану идеясының лингвистикада белсенділігі артуының нәтижесі болып табылады.

Қазіргі заманғы бейвербалды семиотика, төмендегідей тізімнен құралады:

1. Паралингвистика – бейвербалды коммуникацияда дыбыс коды туралы ғылым.

2. Кинесика – ым, ишарат туралы ғылым.

3. Окулесика – адамдардың қарым-қатынасы кезіндегі көз тілі туралы ғылым.

4. Аускультация – коммуникация кезіндегі адамдардың дыбыстарды қабылдауын зерттейтін ғылым.

5. Гаптика – тактильді қарым-қатынас (дене мен дененің тиюі).

6. Гастика – таңбалар мен тағам, сусындардың коммуникациядағы қызметі, тамақ ішу кезіндегі бейвербалды амалдарды  зерттейтін ғылым.

7. Ольфакция – иістің коммуникациядағы қызметі туралы ғылым.

8. Проксемика – коммуникацияның кеңістігі, оның құрылымы мен қызметі туралы ғылым.

9. Хронемика – коммуникация уақыты, оның құрылымы мен қызметі туралы ғылым.

10. Системология – нысандар жүйесі туралы ғылым. Нысандардың коммуникация процесіндегі білдіретін мәні мен қызметі туралы ғылым.

Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты ғылым салалары болып есептеледі. Ғалымдар арасында олардың бейвербалды семиотиканың белгілі бір саласына кәсіби бейімділігіне қарай бейвербалды семиотиканың негізгі зерттеу аспектісін анықтауда әрқилы ғылыми көзқарастар бар. Дегенмен бейвербалды семиотиканың ғалымдардың көпшілігі мойындап отырған негізгі екі тарауы ретінде паралингвистика және кинесика таңдалып алынып отыр.

Бейвербалды семиотиканың жоғарыда көрсетілген он ғылым саласының бәрі бірдей толыққанды зерттелді деп айту қиын. Соның ішінде негізгі теориялық және әдістемелік құрылымы біршама өңделгені – паралингвистика және кинесика. Ал ең аз қарастырылған салаларына аускультация, гастика, ольфакция, хронемика және системологияны жатқызуға болады.

Паралингвистиканың негізгі бірліктерін әр ғалым әртүрлі атап көрсетеді. Соның негізгілері: паратілдік элементтер (бірліктер), паралингвистикалық бірліктер, паралингвизм.

Паралингвистикалық жүйеге енетіндер, мысалы, адамның ауыз және мұрын қуысынан шығатын лебіздік емес дыбыстар; коммуникативтік акті кезінде конвенционалды семиотикалану мүмкіндігін тудыратын физиологиялық әсердің әр типіне белсенді қатысатын дыбыстар комплексі (жөтел, түкіру, ықылық, жылау, ысқырық, т.б.); дауыс және дауыс ерекшелігі; коммуникация кезінде ақпарат жеткізуге қатысатын паратілдік просодиялық элементтер. Мысалы, көңілі толмауды білдірерде (Ол қайда жоғалып кетті. Түсінсем бұйырмасын.) сөйлеушінің иықтары көтеріңкі, қолдары екі жаққа жайылған, басы да бір жағына қисайған қимыл жасалады. Кинесика – дене тілі, оның бөліктері туралы деген кең мағынада қолданылатын, паралингвистикамен қатар бейвербалды семиотиканың негізгі саласы. Кейде кинесиканы дене техникасы деп атаушылық бар (термин «technigues du corps»– М. Моссқа тән) [1]. Дегенмен зерттеушілердің басым бөлігі кинесиканы ым-ишарат туралы ғылым (әсіресе қол ишараты) деген тар мағынада қабылдайды [2]. Бұдан бөлек, мимикалық ым-ишараттар, бас пен аяқ ишараты, дене қалыбы, таңбалық дене қозғалысы да кинесиканың нысаны бола алады.

Бұдан басқа, кинесиканың зерттеу нысаны бола алмайтын келесі жағдай – ол шағын әлеуметтік топтың ым тілі. Мысалы, Австралиядағы аборигендер қолданатын ымның салт жоралары тілі, сициялық мафия немесе Солтүстік Америкадағы Қара Қолдардың, әртүрлі секталардың, құпия қоғам мүшелерінің тілі, т.б.

Сондай-ақ кәсіби ым тілі мен диалектілер де кинесиканың нысаны бола алмайды. Британиялық Колумбиядағы мукомолдар тілі, жүк көлігін жүргізушілер тілі [3], биржа сауданың бейвербалды таңбалар жүйесі, спорт төрешілерінің (мысалы, хоккей төрешісінің басынан жоғары қолын айқастыру ишараты «хоккей таяқшасы жоғары көтеріліп кетті» дегенді білдіреді, яғни ойында тыйым салынған қимыл-әрекет орындалды дегені), әскерилердің ишараттары (жапондық самурайлардың өзін-өзі өлтіру кезіндегі ішін қылышпен тілуі), ұшу кезіндегі стюардессалардың қолмен икон тәрізді қимыл көрсетуі.

Қорыта келгенде, бейвербалды семиотиканың негізгі бірліктерін анықтау, коммуникацияның бейвербалды элементтерін  жинастыру, топтап көрсету, түрлі деңгейдегі тілдік сараптама жасау мен параамалдардың түрлерін анықтау тіл білімі туралы теориялық және практикалық мәліметтерді, түсінігімізді кеңейтуге мүмкіндік береді деп есептейміз.

Сондықтан бейвербалды семиотиканың негізгі бірліктерін зерттеу тілді экстралигвистикалық құбылыстар арқылы түсінуге апаратын зерттеулердің қатарына жатады деп санаймыз.

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1 Мосс М. Техники тела // Мосс М. Общества. Обмен. Личность: Труды по сойиальной антропологии. М.: Восточная литература, 1996, 242-263 сс.

2 Крейдлин Г.В. Невербальная семиотика. М.: Новое литературное обозрение, 2004, 581 с.

3 Лумис С.Г. Folklore in the new, Sign language of truck drivers // Western folklore, 1956, - 205-206 с.