География и Геология/1. Регионоведение и региональная организация

                                                                                                                                  общества

                    П.ғ.к, доцент Кадирбаева Д.А, магистр Тулешова К.А

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университеті

Ұлытау аймағын  экотуризм орталығына айналдырудың маңызы

 

Экотуризм –  қазіргі кезде кең мағыналы түсінікке ие заманауи туризм бағыты болып табылады. Жалпы экологиялық туризмдi дамыту қажеттiлiгi тек экономикалық фактормен - жаңа жұмыс орындарын ашу, шалғай өңiрлердегi жергiлiктi қоғамдастықтарды дамытумен ғана емес, сонымен бiрге әлеуметтiк тапсырыспен - халықтың денсаулық және бос уақытын пайдалану проблемасына тұтастай әрi жүйелi түрде мән берумен де түсiндiрiледi. Дүниежүзiлiк туристiк ұйым сарапшыларының деректерi бойынша соңғы он жылда экологиялық туризм неғұрлым танымал және кез келген мемлекеттiң тұрақты даму құралы болып табылады. Расында, экономиканың қарыштап дамуында туризмнің алар орны айрықша. Экологиялық туризмнің танымалдылығына дәлел болатын фактілер, яғни экотуризмді одан әрі дамытуға қызығушылық танытып жүрген атақты халықаралық ұйымдар: Бүкіләлемдік Туристік Ұйым, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры, Халықаралық табиғат күзеті одағы және табиғат ресурстары. Туристiк әлеуеттi зерттеу қорытындылары көрсеткендей, Қазақстанның экологиялық туризмдi дамыту үшiн үлкен мүмкiндiктерi бар. Оның негiзiн Еуразия орталығындағы бiрегей табиғи жағдайлар мен ландшафттар, көптеген табиғи, тарихи ескерткiштер құрайды. Экотуризм қазіргі таңда ең қажетті бағыт болғандықтан еліміздің барлық аймақтарында дамыту жоспарланған. Соның негізгісі - Ұлытау. Ұлытау ауданы - туристік аймақтарға толы өңір яғни, Ұлытау аймағында экотуризмді дамытуға барлық мүмкіндіктер жетерлік.

Ұлытауда экотуризмді дамыту бастамасын жүзеге асыруда, екі маңызды мақсатқа назар аудару керек. Олар - ауылдық жерлердегі халықты экономикалық белсендіру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу.

Халықаралық ұйымдардың анықтамаларына көрсетілгендей, экотуризмнің ең негізгі сипаттамаларының бірі - туристік өнімді әзірлеуде жергілікті тұрғындардың қызметін барынша тарту болып табылады.

Ұлы Жердің ұлылығын бүкіл әлем таныса, мәртебеміз одан сайын өсері сөзсіз. Ұлытау өңірінің экотуристік әлеуеті өте жоғары. Бұл өңірдің табиғи- туристік ресурстары тарихи-танымдық, ғылыми-археологиялық, этникалық, экзотикалық, экстерималды туризм түрлерін қалыптастырып дамытуға қолайлы жағдайлар жасайды, яғни туристік ресурстарды бағдарына сай дұрыс әрі оңтайлы түрде тиімді пайдалану жоғары экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Табиғи туристік ресурстар оларға деген сұраныс пен оларды туристік шаруашылық тарапынан игеру жағдайлары қалыптасқан кезде ғана экономикалық тиімділігі бар ресурс ретінде қарастырыла алады. Сұраныстың ұлғаюы және рекреациялық құндылықтарға қатысты талаптардың айқындалуы, халықтың мәдени дәрежесінің өсуі туристік ресурс ретінде қолданылатын объектілердің санын көбейтуге септігін тигізеді, олардың көбісі қайта қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстарынан соң экскурсиондық көрме ісінде қолданыс табады.

Үш жүздің басы біріккен, талай тарихи тартыстардың куәсі болып, қазақ қауымының киелі бесігі болған ұлы даланы көрмеген қазақтар қаншама. Республикамыздың аймақтары мен жекелеген өңірлерін дамытудың, соның ішінде ауылды көтерудің бір жолы ретінде аймақтағы экотуризмді дамыту жобасына арқа сүйеген абзал. Ұлытау өңірінің табиғи туристік-рекреациялық ресурстары мен тарихи туристік ресурстары экотуризмнің аймақтық ұйымдастырылуына, экотуристік орталықтар мен аудандардың қалыптасуына және де олардың экономикалық тиімділігіне қол жеткізуге қомақты ықпалын тигізеді.

Монотонды өмірінің барысында материалдық құндылықтарды молынан жиып үлгерген қалталы туристер жаңа әсерлерге іңкәр, бұрын – соңды көрмеген қызыққа құштар, экзотикаға зәру. Олар төрткүл дүниенің түкпір – түкпірін аралап, сан – алуан саяхаттардың ләззатына мейлінше кенелген. Енді олар айрықша да дара, ерекше де жаңа оқиғалардың ортасында болғанды қалайды, көрмеген кеңістікке көз жүгірткісі келеді. Жапондықтар да өзге дамыған мемлекеттердің туристері тәрізді туристік өнімдерді тиімді түрде тұтынғысы келеді, бірақ жапондықтардың бір ерекшелігі – экзотикаға емес рекреацияға мұқтаж болуында. «Рекреация» жұмыс істеу үрдісі мен қызмет барысында жоғалған күш – қуат пен денсаулықты қалпына келтіру болғандықтан, ғалымдар тарапынан дүние жүзінің ең «шаршаған халқы» ретінде танылған жапондықтардың бұл талабы да ақылға қонымды.

Еңселі еліміздің бірегей табиғи байлықтары бұған кең көлемді мүмкіндіктер береді. Бал бұлақты Баянауыл, кербез Көкше, Бурабай, жер жаннаты Жетісу, ұлы дала Ұлытау сынды жеріміздің інжу – маржандары таптырмас туристік ресурстар. Туризм Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаеватың көреген саясаты мен озық ойының арқасында қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміздің маңызды да тиімді экономикалық тірегі ретінде танылуда.

      Дүниежүзілік тәжірибеге көз жүгіртсек, әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінің экономикасына нұқсан келтіріп, жылдар бойы жетілген қарқынды даму тетіктерін шайқалтып кеткен дүниежүзілік дағдарыс кезеңінде туристік инфрақұрылымы ежелден қалыптасқан әлем елдері экономиканы тұрақтандырудың, әрі оның дамуын бірқалыпты өрістетудің бір жолы ретінде туризмге арқа сүйеген болатын. Мемлекетіміздің туризнің дамуына айрықша мән беріп отырғандығының бір себебі де осыған байланысты болатындығы сондықтан.

    Экотуризм дамуы – мүлтіксіз және туристік қызмет нәтижесінде болған экожүйеге теріс әсер етуін төмендетудегі жалғыз жол болып табылады. Барлық дерлік елдерде экологиялық туризмнің дамуына үлкен көңіл аударады. Соның нәтижесінде біздің тіршілік әрекетімізді қолдап тұратын қоғамның табиғи ортаға және экожүйеге көңіл аударуы жоғарылай бастады. Осы арқылы Қазақстандағы экологиялық туризм дамуы, біздің көзқарасымыз бойынша республикадағы барлық табиғи шаруашылық кешенінің дамуына, сондай-ақ басты әлеуметтік-экономикалық елдің мақсаты – қоғамның тұрақты дамуы мен салауатты өмір салты болуы үшін қоршаған ортаны жағымды жағдайлармен қамтамсыз етуді ұйымдастыруға қол жеткізу.

    Бүгінгі таңда экотуризм мәселесі әлемдік деңгейде айрықша маңызға ие болып отыр. Республика аумақтарындағы табиғаты әсем елді мекендерді туристерге көрсету үшін барлық жағдай жасалуы керек. Бұл бағытта сала мамандары жұмыс жасауда. Бірақ, атқарылар істер одан да қомақты.    

     Қазір облыста экотурзимді дамыту ісі қолға алынып, ол бойынша іс-шаралар жос­парланды. Алдағы уақытта бұл жарқын бастама Ұлытау аумағында де өз шешімін табатын болады. Мамандардың айтуынша туристердің емдік қасиеті бар жерлерге көптеп келетінін атап өтті. Олай болса, Ұлытауда экотуристік тынығушылар қатары болашақта артады деген сенім бар.

 

Пайдаланылаған әдебиеттер тізімі:

1          Нұрбек Дәуренбеков. // Сыр бойы – Қызылорда, 2014 ж.

2          Гүлмира Әлиакпарова. Экотуризм - қазақстандық туризмнің дамуын қарқынды жолға қоятын бірден-бір бағыт-Р.Темірбеков //ҚазАқпарат – Астана.

3          Кенебаева А. Бір Ұлытаудың өзі – қыруар табыс көзі //ҚазАқпарат – Астана, 2011.

4          М.І. Жылқыбаева, А.Ш. Шакен, Г.Р. Айжолова. Қазақстан туризм географиясы: оқу құралы // – Алматы: Қазақ университеті, 2013.-113 б.