М.Н. ШАЯХМЕТОВА
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ
Ж.ӘБДІҒАППАР
Е.А.Бөкетов
атындағы ҚарМУ
БАСТАУЫШ МЕКТЕПТІҢ
ОҚУ-ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІНДЕ ҚАЗАҚ ЭТНОПЕДАГОГИКАСЫ
МАТЕРИАЛДАРЫН ПАЙДАЛАНУ.
Қазақ халқының ұлттық
мәдени өркендеу жағдайында өскелең
ұрпақты ұлттың рухани өркендеуінің негізін
қалыптастырушы халық дәстүрінде тәрбиелеу
қажеттігі туындауы обьективті заңдылық. Сондай-ақ, ел
Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына
кезекті Жолдауында: «...біз қазақ халқының
санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін
сақтап, түлете береміз» [1] -деп, ұлттық
құндылықтарға айрықша көңіл
бөлген.
Келешек ұрпақты ұлттық,
халықтық және этникалық тұрғыда
тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы бұл
салада атқарылатын істердің жан-жақты бағыттарын
айқындап берді. Оның ішінде жас ұрпақтың
адамгершілік игіліктерін пайдаланып шығармашылық қабілеттерін
ояту, жалпы және этностық мәдениетін, өзіндік білім мен
тәрбие алу мәселелерін қамтыған [2].
Бастауыш мектептің оқу-тәрбие
процесінде қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалану балаларды
жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеуді
жүзеге асырып, олардың дүниетанымын және өмірге
көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Педагогика ғылымы саласының бірқатар
ғалымдары, мәселен, Н.Волков, Я.И.Ханбиков, С.Қ.Қалиев ,
С.Б.Жарықбаев, С.А.Ұзақбаева, Ж.Ж.Наурызбай, т.б өз
еңбектерінде халық педагогикасы идеяларын оқу-тәрбие
процесінде пайдалану мәселелерін терең, жан-жақты
қарастырған.
Халық педагогикасын зерттеудің
түп-тамыры ғалым-педагог Г.Н.Волковтың еңбектерінде
көрсетілген. Оның берген анықтамасын негізге алуға
болады: «Халық педагогикасы-халықтың ауыз әдебиетінде ,
салт-дәстүрлерінде, ырымдарында, балалар ойындары мен
ойыншықтарында мәңгі қалған педагогикалық
мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжірибесінің
жиынтығы...», ары қарай түсіндіре келе «халық
педагогикасы халықтың мыңдаған жылдар бойы
тәжірибе негізінде қалыптасқан педагогикалық
мәдениетін зерттеуді қарастырады»,-деп анықтайды [3].
Профессор С.А.Ұзақбаева халық
педагогикасын өз зерттеулерінде келесі анықтаманы ұстанады:
«Халық педагогикасы – бұл оқыту және тәрбиелеу
ауданында білім, білік және дағды бірлігі [4].
Осылайша зерттеушілердің пікірлерін қорыта
келе қарастырылып отырған түсінік мәнін былайша
анықтауға болады. Халық педагогикасы – бұл
көпшілік халықтың тарихи және әлеуметтік жемісі
ретінде ұрпақтан ұрпаққа ауызекі формада
берілетін тәжірибеде жинақталған және тексерілген
эмперикалық білім, білік, дағдының бірлігі.
Халық педагогикасы – ұлттық
қазына. Қазақстанда халық педагогикасы ХХІ ғ ІІ
жартысында кең өріс алды. Бұл саланы дамытқан
қазақ халқының ғұламалары А.Құнанбаев,
Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев,
М.Жұмабаев т.б. Бұл демократ-ағартушылардың
еңбектеріндегі қазақ халқының салт-дәстүрі,
әдет-ғұрыптары, фольклорлық жырлары және
көркем шығармалары, мақал-мәтелдері, мәдениеті
ұлттық тәрбиенің құралына айналды.
Бүгінгі
таңда этнопедагогика арқылы оқушыларға адамгершілік
тәрбие беру проблемаларын айқындауда Б.Ж
Мұқанованың, Р.К Төлеубекованың, Ж.Б
Сәдірмекованың еңбектері ерекше ғылыми
құндылыққа ие болып отыр. Халық педагогикасы
дәстүрі негізінде бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеуде
болашақ мұғалімдерді дайындау мәселелері А.Әлімбаевтың, С.Қ
Абильдинаның зерттеулерінде әр қырынан сөз болады.
Халық
педагогикасы – халықтың өзі жасаған тәрбиелік,
дүниетанымдық асыл мұрасы. Өшпес өнеге,
тәрбие өрнектері: мақал-мәтелдік сөздер,
ұлттық салттар мен дәстүрлер, рәсімдер,
әдеп-ғұрыптар, жырлар, ертегілер, аңыздар,
жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар, ұлттық
ойындар, үлгі-өнегелер- халықтың құнды
мұрасы, тәлім-тәрбиенің баға жетпес қайнар
көзі. Осындай халық құндылықтарын бастауыш мектеп
сабақтарында қолдану оқушы бойында танымдық
көзқарастарды қалыптастырып, ақыл-ойы мен
логикалық ойлау стильін дамыта түседі.
Ғасырлар бойы қалыптасқан
ұлттық тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын
жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдер де
болған. Мәселен, мақал-мәтелде – адамгершілік, имандылық,
тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақ
пен айтыстарда – ақыл-ой тәрбиесі, өлең, жыр,
дастандарда әсемдік тәрбиенің негізгі принциптері, ал
халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін
қозғайтын тәлімдік материал ретінде ертегілер
пайдаланылған. Демек, халықтық педагогика – тәлімдік,
тәрбиелік ой-пікірдің бастауы, халықтың мұрасы.
Қазақ халқының тәсілдік мәні зор
ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен
аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде көптен
кездеседі. Қазақ
этнопедагогикасы материалдарының білімділік, тәрбиелік және
тағылымдық мүмкіндіктері жоғары, өйткені олар
ұрпақ тәрбиесіне кешенді түрде әсер етіп, жеке
тұлғаны қалыптастыруға бағытталады. Қазақ
этнопедагогикасы материалдарын бастауыш мектептегі сабақтарда пайдалану оқушылардың
ақыл-ойын өсіреді, адамгершілік қасиеттерін арттырады,
психологиялық-эмоционалдық қасиеттерін қалыптастырады,
еңбекке баулиды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.
Назарбаев Н.Ә. «Қазақстанның әлемдегі
бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру
стратегиясы». Қазақстан халқына жолдауы. 1 наурыз. 2006ж.
2.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы.
2007жыл 27 шілде.
3.
Волков Г.Н. «Этнопедагогика». Чебоксары 1997ж.
4.
Ұзақбаева С.А., Қожахметова К., Жоғары мектеп
студенттеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы.
А.,Өнер, 1998.