Педагогические науки/

5.Современные методы преподавания

 

Амангалиева А.Х., Абдрахманова Д.Ж.

Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің арнайы пән оқытушысы, Батыс Қазақстан облысы

Деңгеймен саралап оқыту технологиясын қолдану

Еліміздің басынан өтіп жатқан жаңартаудай «сілкіністер» бүгінгі білім беру жүйесіне де түрлі өзгерістер енгізуде. Заман талабы «білу аз, сол білгеніңді іске қолдана білу керек» дейді. «Әркім қолда барын ұсынады» деп немқұрайлылыққа салынсақ, алдымызда отырған бейкүнә шәкіріттердің тағдырына қиянат жасаған болар едік. Не ексең, соны орасың. Мақсатымыз – алдымызда тұрған өзекті мәселелер айналасында сөз қорғау. Соның ішінде ең бастысы – әлемдік білім кеңестігіне ену жолындағы алғашқы қадамдар. Қай заманда, қандай реформа болсын білім беру саласының басты тұлғасы – ұстаз. Мемлекеттік білім саясаты да осы ұстаз арқылы жүзеге аспақ. Ал бүгінгі таңда оқу орнының, оқытушының қасиетті міндеті – рухани бай, жан жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру. Рухани байлық, ең алдымен, әр халықтың ұлттық әдет – салты, көзқарасы шыққан түп – тамырында жататыны белгілі. Сол ұлттық байлықты бүкіл адамзат өз ұрпағын тәрбиелеуге қолданып келеді. Армансыз адам алысқа бармас. Арман бар жерде оған жетер жол даңғыл десек, қателесеміз. Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шығарда жоғалып кететініне, өз қиялыңдағы әдемі дүниенің шәкірт алдында быт –шыты шыққанына талай ұстаз куә. Білім жетерлік, бірақ оны шәкіртке жеткізу үлкен шеберлікті қажет етеді.

Алдымен бала қызығушылығын ояту керек, олай болса зерттейтін объект – білім алушы студент. Оның бойындағы қасиеттерді ескере отырып, сезімін, ынтасын оятар іс – әрекетті жоспарлап студенттің таным білсенділігін арттыруды мақсат етуіміз керек. Танымдық белсенділікті қалыптастыру көрсеткіштеріне интеллектуалдық, эмоционалдық, жігерлілік іс – әрекетке оқушылардың белсене қатысуы жатады. Осындай нәтижеге жету үшін сабақ мазмұнының түрлерін, оқытудың амал – тәсілдерін түгелдей өзгерту қажет, қазір жалпылама баяндау, сұрақ – жауап, лекция тәрізді сабақ әдістерін өз нәтижесін бере алмайды. Сондықтан сабақ процесінде оқытудың жаңа әдіс –тәсілі, деңгейлеп – саралап оқыту педагогикалық технологиясын таңдап алдым.

Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы 1998 оқу жылынан бастап білім беру саласының барлық сатысана, барлық пәндерге еніп, оқу үрдісін жандандыруға үлкен үлес қосып келеді. Профессор Ж.Караевтың деңгейлеп- саралап оқыту технологиясы жаңаша өзгерген мақсатпен студенттердің өздігінен танып, ізденіс – әрекеттерін меңгертуді талап етеді. Бұл технологияда бірінші орында білім алушы тұрады және өз бетімен білім алудағы белсенділігіне аса назар аударылады.

Деңгейлеп – саралап оқыту технологиясы – бұл студент бойындағы ортақ қасиетке байланысты топтарға бөліп оқыту (тереңдетілген топ, жай топ). Деңгейлеп тапсырмалар арқылы оқытудың тиімділігі: Қазақ тілі сабағының мазмұны мен сапасы артады; Білім алушының физика – психологиялық ерекшеліктеріне сай ойлау, сөйлеу қабілеттері дамиды; Білім алушы өз бетімен жұмыс жасауға дағдыланып, шеберлігі шыңдалады; Жауапкершілігі артады, шығармашылығы қалыптасады; Жүйелі оқыту принциптері арқылы оқушы өзін – өзі дамытып, өзін – өзі бағалап, білім деңгейін өсіреді; білім алушы өз жұмысына талдау жасайды, қорытынды шығарда, жаңалыққа ұмтылады.

Деңгейлеп – саралап оқыту технологиясында жұмыс міндетті үш деңгейлік, қосымша шығармашылық деңгей талаптарынан тұрады. Оның басты мақсаты – білім алушыларды «қабілетті», «қабілетсіз» деген жіктерге бөлуді болдырмау. Сабақта қандай студент болмасын, жақсы оқитынына қарамастан жұмыста І деңгейден орындайды. І деңгей тапсырмаларын орындау мемлекеттік білім стандарты талаптарының орындалуына кепілдік береді. І деңгейді орындаған студент «3» деген бағамен бағаланады. Әрбір студент І деңгейді орындауға міндетті және одан жоғарғы деңгейдегі тапсырмаларды орындауға құқылы. Осы тұрғыдан алғанда «оқу үлгерімі төмен, баяу» студент жақсы оқитын студентке ілесе алмай жатса не істеуге болады? – деген сұрақ туады. І деңгейден аса алмай жатқан жағдайда қалған тапсырмаларды үйде орындауға беру керек.

Деңгейлеп – саралап оқыту технологиясы: студенттің өз қабілетіне, болашағына сенуіне; студентті ынталандыруға; студент пен оқытушының ынтымақтастық қарым –қатынас достығына; студенттің өз білімін өзі бағалай білуіне; баға әділдігіне; білім көрсетудің әділ сайысына мүмкіндік береді.

Оқытушының міндеті – білім алушыны төменгі ойлау деңгейінен жоғары ойлау деңгейіне жеткізу. Оқытушы үнемі үздіксіз еңбек үстінде  көрінуі тиіс. Орыс педагогы Ушинскийдің: «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатса оның мұғалімділігі де жойылады» деген сөзін ұстағанымыз жөн.

«Еңбексіз талант - тұл» дегендей уақыт көшінен қалмай, өркениетті елдермен тереземіз тең болуы үшін ұрпақ алдындағы борышымызды естен шығармайық.

 

Әдебиеттер

1.     Ешанова Г. Сұлтанбек Қожахметовтың жеке тұлғаның дамуына бағытталған ой пікірлері// Қазақстан жоғары мектебі. – 2006. - № 1. 96- 99 б.

2.     Қабдықайырұлы Қ., Манахов В.Н., Оразбекова Л.О., Әбдібаева Т.Ә. Алматы: РБК 1999 ж. 149 –б.

3.     Қараев Ж.А., Кобдикова Ж.У «Педагогикалық жүйені технологиялық тұрғыдан жаңартудың өзекті мәселелері Оқыту – тәрбиелеу технологиясы» 2007 ж. 4-6 бет

4.     Бұзаубекова Ұ «Деңгейлеп – саралап оқытуды технологиясы», «Қазақстан жоғары мектебі» 2005 ж. 14- 15 бет

5.     Батталханов Е «Инновациялық іс – әрекетке мұғалім даярлау жолдары», «Қазақстан мектебі» -2002 ж.