Педагогические науки/

5.Современные методы перподавания

Есенов Б.И., Искакова А.Б.

Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі, Батыс Қазақстан облысы

 

Білім беру үрдісінде жаңа ақпараттық технологиялар мен бағдарламалардың  маңыздылығы

Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде. Елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы атты жолдауында « Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі » деп атап көрсетті.[1]

Ақпараттық қоғамның негізгі талабы - оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық - құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын қалыптастырып, ақпараттық қоғамға бейімдеу. Олай болса, ақпараттық бірліктердің білімге айналуы әлемнің жүйелік - ақпараттық бейнесін оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен құндылық бағдарларын дамыту арқылы қалыптастыруды көздейтін, адамның дүниетанымының құрамдас бөлігі болып табылатын интеллектуалды дамуды  қалыптастырудың бір жолы.

 Ақпараттық бірлікті қалыптастыру:

-                          білім беру ордаларының материалдық -техникалық базасына;

-                          ақпараттық қоғам саясатының мақсаты мен міндеттеріне;

-                          оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру жүйесіне;

-                          оқушылардың жас ерекшеліктері мен меңгеру қабілеттеріне, педагог мамандардың  білім деңгейлерінің сапасы мен шеберліктеріне, оқу - тәрбие бағытының ақпараттық қоғам бағытымен өзара байланысына тәуелді.

Міне, сондықтан информатика және инженерлік графика саласында берілетін білімнің маңызы зор. Қазіргі таңда осы аталған салалардағы зерттеу­лердің ауқымы өте кең. Ең алдымен, бұл – интеграциялану және ғылыми ақ­параттық ресурстардың үлкен көлемін өңдеу мүмкіндігі, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін алу , сондай-ақ әр түрлі нысандарды талдаудағы ақпараттық модельдеу және алынған нәтижелерді компьютерлік визуализациялау. Заманауи информатика мен инженерлік графиканы үйретудегі көкей­­тесті мәселелерінің ішінде мыналарды бөліп айтуға болады:

-                          электронды кітап­ханалар;

-                          жасанды интеллект жүйелерін дамыту;

-                          ақпараттық техно­ло­гия­ларды жасау мен жобалау үшін әлеуметтік маңызы бар ақпараттық үр­дістерді оңтайлы ұйымдастыру;

-                          оқыту үшін ақпараттық технологиялар жасау және оларды тиімді пайдалану.

       XXI ғасыр – ақпарат ғасыры болғандықтан адамзатқа компьютерлік сауаттылық қажет. Бүгінгі таңда білім беру ордаларындағы  пәндердің компьютер, интерактивті құралдардың көмегімен оқыту нәтижелерін зерттеудегі ғылыми проблемаларды шешу ең басты орын алады. Бұған себеп оқыту процесінде туындайтын компьютерлендірудің педагогикалық- психологиялық жаңа проблемалары әлі толық шешілмегені.[2]
      
Білім беру жүйесін ақпараттандыру білім беру үшін үлкен перспективалар ашады.  Соңғы жылдары компьютерлік, телекоммуникациялық техника мен технологиялардың қоғам өміріндегі ролі мен орнында түбегейлі өзгерістер болды. Ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды игеру қазіргі заманда әрбір жеке тұлға оқу және жазу қабілеті сияқты сапалармен бірге қатарға және әрбір адам үшін қажетті шартқа айналды.

Жедел дамып отырған ғылыми – техникалық прогресс қоғам өмірінің барлық салаларын ақпараттандырудың ғаламдық үрдістің негізіне айналады. Ғылым мен техниканың даму қарқыны оқу – ағарту саласының оқыту үрдісіне жаңа технологиялық әдістер оның ішінде интерактивті құралдарды кең көлемде қолдануды қажет етеді. Білім деңгейін көтеру және онда интерактивті құралдарды пайдалану арқылы оқу – тәрбие процесін тиісті деңгейге көтеру, ұстаздарыдың, басшыларыдың, педагогикалық ұжымның жүйелі басшылыққа алған бағыты деп есептейміз. Интерактивті құралдарды қолдану негізінде кәсіптік білім беру бағытының пәндерінің оқыту сапасын арттырып, білім беруді ақпараттандыру жүйелі түрде іске асады деуге болады. Білім беру ордаларын ақпараттандыруға осылай мемлекет тарапынан үлкен экономикалық қолдау көрсетіліп, оны оқыту, үйрету мәселесі бүкіл халықтық деңгейге көтерілсе ғана біздің еліміз өндірістің жоғары психологиясын меңгерген дүиежүзілік бәсекеге төтеп беретін, өндіріс өнімдерін өндіре алатын алдыңғы қатарлы мемлекетке айналады. Ол дәрежеге жетуге қажетті білім алуына біздің жас ұрпақтың қабілетінің жететініне сенім мол. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет » деп, Елбасы атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор.[3]

 Компьютер және интерактивті құралдар арқылы жасалып жатқан оқыту үрдісі оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды жүйелік байланыстармен заңдылықтарды табуға итеріп, нәтижесінде - өздерінің кәсіби потенциалдарының қалыптасуына жол ашу керек. Бүгінгі таңдағы ақпараттық қоғам аймағында, оқушылардың ойлау қабілетін қалыптастыратын және компьютерлік оқыту ісін дамытатын жалпы заңдылықтардан тарайтын педагогикалық технологияларды ғана тиімді деп санауға болады.
Әдебиеттер:

1.     Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2013 жыл.

2.     Жүнісбек Ә.Жаңа технология негізі - сапалы білім.-//Қазақстан мектебі,№4,2008 ж.

3.     «Жаңа идеядан жаңа тәжірбиеге» атты әдістемелік жинақ.Кембридж бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курс атериалдарынан.2013.