ФИЗИЧЕСКАЯ КУЛЬТУРА И СПОРТ/
1.Физическая культура и спорт: проблемы,
исследования, предложения
Ажгалиева Г.О. – дене тәрбиесі пәні оқытушысы
Назарбаев зияткерлік мектебі, Батыс Қазақстан облысы, Орал
Дене мәдениетінің денсаулықты нығайтуға
тигізетін ықпалы
Дене мәдениеті және
спорт – қоғамның және әр жеке
адамның мәдениетінің ажырамас бөлігі. Сондықтан
да біздің елімізде дене шынықтыру қозғалыстарына,
салауатты өмір салтына үлкен мән беріледі. Мектепте оқу
мерзімі –адам өмірінің ең маңызды
кезеңдерінің бірі, өйткені бұл уақытта
тұлғаның дамуы жүреді. Мектептегі сабақтар,
үй тапсырмасын орындау, өзін-өзі дамыту іс-әрекеттері
адамнан төзімділікті, қажырлы күшті қажет етеді. Бұл
мәселені дене шынықтыру сабақтарының көмегімен
шешуге болады. Дене шынықтыру мектеп оқушысының оқу
іс-әрекетінде маңызды рөл атқарады, өйткені
оқу еңбегі зейінді мейлінше тұрақтандыруды,
көздің жұмысын, қарқынды зияткерлік
іс-әрекетті қажет етеді,
сонымен қатар дене қозғалысы шектеледі. Дене
шынықтырумен айналысу жүйке жүйесінің және жалпы
ағзаның шаршағанын басып, жұмысқа
қабілеттілікті арттырады, денсаулықты нығайтуға
мүмкіндік береді. Әдетте дене шынықтырумен оқушылар
сабақ уақытында және сабақтан тыс уақытта да
айналысады.
Дене шынықтырудың
қазіргі қоғамдағы маңыздылығын қарастыра
отырып, ерекше атап өтетін нәрсе –оның
сауықтырушылық сипаты. Жүйелі дене жаттығулары
адамның аурушаңдығын төмендетіп, психикаға,
ой-санаға, жадыға оң ықпал етіп, табандылық, тіл
табысқыштық сияқты құнды
тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына
мүмкіндік береді. Дене шынықтырудың денсаулықты
нығайтуға тигізетін ықпалына тоқтала отырып, айта
кететін жайт, дене тәрбиесінің негізгі құралы болып
табылатын дене жаттығуларының қозғалыстық
іс-әрекетте қолданылуына және орындалуына үлкен
мән берілуі тиіс. Дене жаттығулары ағзадағы физиологиялық
үрдістерді жүйке механиздері арқылы іске асырады. Бұлшық
ет іс-әрекеті орталық жүйке жүйесінің тонусын
көтеріп, ішкі органдардың, әсіресе қан айналу
және тыныс алу жүйесінің функциясын белсендіре түседі.
1. Үнемдеу
тиімділігі. Тыныш күйінде денесі жаттыққан адамның
барлық жүйелері мен органдары үнемді жұмыс жасайды. Шыныққан
адам шынықпаған адамға қарағанда 1,5-2 есе аз
тыныс алады. Жүректің жиырылу жиілігі тұрақты болып
табылады.
2. Орын толтыру
тиімділігі. Халықтың аурушаңдығының негізгі
себептерінің бірі қозғалыстың аздығы, гипокинезия
болып саналады. Гипокинезия салдарынан ағзаның барлық
жүйелерінің іс-әрекеті, функцияларының реттелуі,
ұлпалардың қоректенуі баяулап, уақытынан бұрын
қартаю байқалады. Дене жаттығулары қозғалыс
белсенділігін арттыруға және гипокинезияның зиянды
әсерінің орнын толтыруға септігін тигізеді.
3. Белсенді демалыс
тиімділігі. Кез-келген іс-әрекет
үрдісінде адамның шаршап-шалдығатын уақыты болады. Дене
жаттығуларының қысқа мерзімді кешенін орындау кезінде
жүйке орталықтары іске қосылып, дене және оң
еңбегіне деген қабілеттілік жақсара түседі. Жүйке-эмоцияның
кернелуі төмендейді.
4. Трофикалық
қоректендіру тиімділігі. Адамның ішкі органдары орталық жүйке
жүйесі арқылы бұлшықеттермен рефлекстер түрінде
байланысады деген физиологиялық тұжырым бары белгілі.
Сондықтан бұлшықеттерін жұмсай отырып, адам
барлық ішкі органдарға әсер етеді, ұлпалардың
қоректенуі жақсарады. Адамның қан айналымы
жақсарып, қуаты мен қайраты толығып,
өміршеңдігі, зат алмасуы белсене түседі. Ыдырау
өнімдері ағзадан тез шығады.
Осы айтылғандардан басқа дене
жаттығулары адамның келесі қасиеттерінің дамуына да
оң ықпалын тигізеді:
1.
Төзімділік –бұл
адамның ұзақ уақыт бойы белгілі бір
қарқындылықпен белгілі бір жұмысты орындау
қабілеттілігі. Адам төзімді болуы үшін алдымен шынығуы
тиіс. Жүзумен, шаңғы тебумен, ұзақ
қашықтықтарға жүгірумен айналыса отырып, туристік
жорықтар жасау, бірнеше мәрте акробатикалық жаттығулар
орындау шыдамдылықты қайрай түседі.
2. Ептілік –бұл
адамның бір іс-әрекет түрінен екінші түріне тез
көше білуге қабілеттілігі. Ептілік әр адамға оның
жасы мен айналысатын кәсібіне қарамастан өте қажет.
Епті және шапшаң болу үшін акробатикалық жаттығулар орындаған жөн, қозғалысты
қажет ететін аула ойындары мен спорт ойындарын көбірек ойнап,
көлемі мен өлшемі әртүрлі заттармен түрлі
жаттығулар жасаған, жіппен секірген өте пайдалы.
3. Икемділік –бұл
қозғалыстарды асқан амплитудалық иілгіштікпен орындау
қабілеттілігі. Айта кететін жайт, икемділікті дамытудың жас бойынша
шегі жоқ. Бұл қасиетті 60-тан асып кеткен егде адамдар да
дамыта алады. Икемділікті дамыту үшін түрлі қимылды
жаттығулар қолданылады, сонымен қатар амплитуда үнемі
ұлғайтылады. Бұл түрлі қалыптағы
(тұрып, отырып, жатып жасалатын) оңға, солға,
артқа, алға еңкею қимылдары. Аяқты созу
және серіппеліп секіру, аяқты ілулі тұрған затқа
тигізу, тағы да басқа көптеген жаттығулар.
4. Күштілік, мықтылық –бұл адамның бұлшықетті
кернеу арқылы қарсы күштерді еңсеруге қабілеттілігі.
Адам күштілік қасиеттерінсіз ешнәрсе жасай алмайды. Адам
күшті болу үшін дене еңбегінен қашпауы тиіс. Түрлі ауыр заттармен (гантель, кіртас, штанга)
жасалатын жаттығулар, шаңғы тебу, жүзу
күштілікті, мықтылықты дамытатын қозғалыс
түрлері болып табылады.
Жоғарыда аталған
ұсынбалардың барлығы мектепке дейінгі бала
бақшалардағы, мектептердегі, орта және жоғары білім
беру мекемелерінде өтетін дене шынықтыру сабақтарына
арналған. Дене шынықтыру бойынша жасалған мемлекеттік
бағдарламада адам денсаулығын нығайтуға қажетті
негізгі бөлімдер ретінде мыналар қарастырылған –яғни
жеңіл атлетика, шаңғы тебу, жүзу, гимнастика, спорттық
ойындар (баскетбол, волейбол, пионербол).
Пайдаланылған
әдебиет:
1. Дене шынықтыру теориясы мен практикасы,
2008 ж.
2. Тұлға және қоғам
мәдениеті,
№2 2008ж.