12 жылдық білім эксперименті: тәжірибе, ізденіс, болжам.

 

Хамзин Женис Какибаевич

Орал қалалық №46 ЖОББМ мектеп директорының

 оқу ісі жөніндегі орынбасары  

Жоғары  санатты, I деңгей бойынша сертификатталған тарих пәнінің мұғалім

                                  

                                           «XXI ғасырда білімді дамыта алмаған мемлекет

                                            тоқырауға ұшырайтыны сөзсіз.... Барлық нәрсе              

                                                мектептен басталады. Сондықтан, біз 12 жылдық          

                                          жалпы орта білім беруге көшіп, мұғалімдердің   

                           кәсіби деңгейін, оқулықтар мен оқыту                                                                                                                        

                                             бағдарламаларының сапасын көтеруіміз қажет.»   

                                                                                            Н.Ә.Назарбаев. 

Қазiргі әлeмде бoлып жaтқан қарқынды өзгерістер әлeмдік бiлім бeру жүйeсін қaйта қaрау қaжет eкендігін пaш eтті. [1,б.5] Елдің экономикалық өсуінің тұрақтылығы негізінен білім беру саласында қамтамасыз етіледі. Аталған мақсатқа білім жүйесіне жаңа ұйымдастырушылық экономикалық механизмді енгізу, білім саласының өсуін қамтамасыз ету, білім құрылымын, оқытудың мазмұны мен технологиясын жаңарту, білім беру саласына білікті мамандарды жұмылдыру, орта мектептің жаңашыл әлеуетін көтеру арқылы жетуге болады. [2,б.32]                                                          

Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерінде жалпы білім берудің 12 жылдық мектепке  арналған халықаралық стандарты қалыптасып,табысты жүргізілуде. Әлем елдері тәжірибесінде  әр мемлекеттің өзіне тән орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әр қайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы бар. Дүниежүзінің аса дамыған елдерінде - АҚШ-та, Англияда, Швейцарияда, Канада мен Германияда жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл, Голландияда 14 жыл,  ал Кореяда, Жапонияда, Швецияда, Францияда, Италияда – 12 жыл. Тек экономикасы жаңа дамып келе жатқан елдерде ғана орта мектеп -10-11 жылдық.

    12 жылдық білім беру жағдайында «Оқушы тек білім алушы ғана ма?» деген сұрақ туындайды. Оқушы ізденуші, зерттеуші,басқарушы, ұйымдастырушы, кеңесші, көшбасшы, дербес әрі жеке тұлға.Мұғалім-білім беру үрдісінде негізгі субьект,оның кәсіби шеберлігі мен пәнін терең білуі оқушы бойындағы құзыреттіліктің даму көзі. Осы көзқарас тұрғысынан келсе,12 жылдық мектепте оқушы бойында негізгі құзыреттіліктерді дамытуға баса назар аударылады. Құзыреттілік  оқытуда алғашқы кезекке оқушыны дайын біліммен қаруландыруды емес, проблеманы шеше білуге үйретуді шығарады. [3,б.17]

ХХ ғасырдың 80 жылдарынан бастап алдыңғы қатарлы дамыған елдердің білім саласында кең көлемде реформалар жүргізіліп жатыр. Ондай  реформалар  ТМД аумағындағы мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да жүргізілуде. Әлемнің дамыған елдерінде білімді реформалау эволюциялық, революциялық  жолмен жүріп, стратегиялық және тактикалық міндеттерді жүктеп, интеграциялау, демократияландыру жолдарымен дамуда.                                                                                                                                            Канадада 12 жылдық білім беру әр аймақта өзіндік ерекшелігімен сипатталады. Балалар мектепке 6 жастан барады. Басқа елдердегідей Канадада білім беру бастауыш, орта және жоғарғы сыныптардан тұрады. Оқу жылы қыркүйекте басталып, келер жылдың маусым айында аяқталады. Оқу мерзімі әр түрлі, көп аймақтарда ( Квебек провинциясында ғана оқу 11 жылдық) 12 жылдық білім беру орын алған, тек  Онтарио провинциясында 13 жылдық білім алу бекітілген әрі арнайы емтихан тапсырумен аяқталады. Мектептегі білім берудің құрылымы мынадай: бастауыш 1-6 сыныптар, жалпы орта білім 7-9 сыныптар, толық орта білім 10-12 сыныптар. Міндетті білім беру 16 жасқа дейін деп бекітілген. Толық орта білімді жас ерекшеліктеріне сәйкес оқушылардың 90% бітіреді. Бастапқы кәсіби білім беру орта мектептің жоғары сатысындағы 11-12 сыныптарында жүзеге асырылады. Мектептегі білім беру ағылшын және француз тілдерінде жүргізіледі. Мектептегі білім алу ақысыз және он жылдық оқу міндетті, кейін оқушылар өз білімдерін 11-12 (13) сыныптарда жалғастыруы мүмкін, болмаса колледжге барып оқуға құқығы бар.                                                                                                                                                

        Қорыта келгенде, әр елдің білім беру және тәрбие саласында өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы, тіпті кемшілігі де болады, осы себепті де біз Қазақстан  республикасындағы оқушыға білім беру мен тәрбиені жан-жақты дамыту мақсатында шетелдік 12  жылдық білім берудің тек оң  және тиімді жақтарын алуымыз қажет. Мысалы, АҚШ пен Францияның балаларды  мектепке дейінгі дайындау тәжірибесіне, Германиядағы бейіндік оқытуда пәндерді блоктарға (модульдер құру десе де болар) біріктіру тәжірбиесіне, Қытайдың мектеп оқушыларын адамгершілікке, әлеуметтендірілуіне көп көңіл және ғылыми жұмыс әдістеріне баулуына, Скандинавия елдерінің оқу үдерісін демократияландыруына ( мұны ең озық үрдіс деп санаған дұрыс) баса назар аударған абзал болар еді. Сондай-ақ, Жапониядағы сияқты орта білімнің жоғарғы сатысында бейіндік оқыту бағыттарын кеңейту мүмкіндігін қарастырған да жөн болар.  Сонымен қатар, білім саласына өзгерістер енгізу үшін оны елдің тарихи дәстүріне, мақсатына, өндірісі мен мәдениет сұранысына бейімдеу керек.

    Қазақстан 2003 жылдан бастап 12 жылдық білім кеңістігіне енуге эксперимент жүргізіп  жатыр. Кез келген мемлекетте білім беру жүйесі толық реформаланып болған жоқ және болмайды да. Өйткені, заман талабына сай ол өз талаптарын да өзгерте бермек. Сондықтан біздің еліміз де бұл  үрдіске бар белсенділігімен  қатысуға  атсалысуда. Ал ол үшін  шетелден  үлгі алмай болмайды деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу 12 жылдық жалпы білім беретін мектептер жағдайында мүмкін болады, ол білім туралы құжаттардың айырбасталуын, бейіндік оқытуды, көп тілдікті қамтамасыз етеді.                                                            Қазіргі  кезде  Қазақстан Республикасының  107 мектебінде 12 жылдық білім беру үдерісі эксперимент түрінде жүргізілуде.

      Бұл жүйенің басты мақсаты - жүйені ашық, заман талабына  сай  негізде дамыту. Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі - әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар: шығармашылық, белсенділік, әлеуметтік жауаптылық, жоғары интеллектілік, терең білімділік, кәсіби шеберлік. Осыған сәйкес дамыған елдердің білім беру жүйесінде  білім беру философиясы мен әдіснамасының жаңаруы, білім беру мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі, білім беру жүйесінде жетілдірілген үлгілердің жасалуы,  білім беруді басқарудың тиімді тәсілдері ұсынылып отыр. Сонымен қатар 12 жылдық білім беруге көшу төмендегі мәселелерге   ерекше көңіл бөледі:

         -жаңа білім технологияларының енгізілуі;

         -оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшуі;

        -терең және белсенді кәсіби бағдар берудің ерте жастан басталуы;

        -оқушы жастарға азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, көпмәдениеттілік, денсаулық сақтау және экологиялық тәрбие беру рөлінің күшейтілуі;

       -өмірлік бағдар ретінде адам бойындағы құндылықтарға қажет жағдайда түзету енгізу және жаңадан жасау;

      -білім ұйымдарының оқушыны әлеуметтендірудегі рөлінің артуы.

     Демек, 12 жылдық білім берудің мақсаты қоғамның мүддесіне өзін -өзі белсенді етуге дайын, жаңа өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Жалпы орта білімнің құрылымы балалардың психологиялық – физиологиялық тұлғалық ерекшеліктеріне сәйкес болады. ТМД және шетелдік ғалымдардың пікірінше физиологтар, психологтар, педагогтар 12 жылдық білім берудің құрылымы оқыту және жас ерекшелігінің дамуына сәйкес болуын  ескеру қажет деп санайды. Сонымен, дүние жүзінде орта, жалпы білім беру келесідей бағыттарда жүзеге асырылатындығы анықталды, олар:

1.Барлық балаларға, жастарға бірдей білім беру; білімнің ашықтығы, біліммен ақпарат алудың барлық азаматтарға мүмкін болуы.

2.Оқу бағдарламаларының оқушының жеке басының қызығушылығы мен талғамдарын ескеруге, дамытуға, олардың бойында жалпы оқу іскерліктерін қалыптастыруға, сондай-ақ әр оқушының және қоғамның мүддесі мен қажеттіліктерін ескеруге, жеке тұлғаны жоғары сапамен оқытуға, тәрбиелеуге, дамытуға және жеке тұлғалық оқу үдерісін ұйымдастыруға бағдарлануы.

3.Оқушының отбасылық экономикалық-әлеуметтік жағдайына, жынысына, қоғамдық мәртебесіне, ұлтына, дініне қарамастан оның қабілетін барынша дамыту көзделген.

4.Жастардың күнделікті қоғам өмірінде болып отыратын өзгерістерге тез бейімделуіне жол сілтеу болып табылады.

5.Әрбір оқушыға сол социумға сәйкес тарихи қалыптасқан, ең тұрақты рухани, дүниетаным және мәдени құндылықтарының таратылуы және бекуі.  

    Облысымызда 12 жылдық білім беру эксперименті - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2003 жылғы 8 тамыздағы №538, 2004 жылғы 24 маусымдағы №586  «12 жылдық білім беру экспериментінің басталуы жөнінде»  және облыстық білім басқармасының 2003 жылғы 28 тамыздағы  №491 «12 жылдық білім беруге көшудегі эксперимент жұмысының басталуы жөніндегі» бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылуда.

Эксперименттің мақсаты - нәтижеге бағытталған білім беру жүйесі моделін ұйымдастыруды сынақтан өткізу болып табылады.

        Облыста 4 эксперимент алаңы жұмыс жасайды: Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы орта жалпы білім беретін мектебі, Зеленов ауданы Дариян жалпы орта білім беретін мектебі, Орал қаласының №9, №44 жалпы орта білім беретін мектептері.                                                                                        

Облыста білім басқармасының  2001 жылғы 26 тамыздағы №404 бұйрығы негізінде 12 жылдық білім беруді үйлестіру кеңесі жұмыс жасап келеді. Бұл үйлестіру кеңесінде 12 жылдық білім берудің экперимент сыныптарындағы облыстағы республикалық тәжірибе-эксперименттік қызметінің  жүргізуін бақылап, әдістемелік көмектер беру қызметін іске асырады.

2003 жылдан бастап мектебім 12 жылдық білім беруге көшу барысында эксперимент алаң ретінде жұмыс жасауда.Эксперименталдық 12 жылдық мектептің оқу бағдарламаларын апробациядан өткізуде,білім стандартының жобасын іске асыруда атқарылған істер аз емес. Мектепте  эксперименттік оқу бағдарламалары мен оқулықтарын талдау, сараптау жұмыстарын жүргізу үшін шығармашылық топтың жұмысы ұйымдастырылған. Тәжірибе алаңдарындағы сараптама мониторинг жұмыстары мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдірді, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сараптама өткізе отырып, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін, жаңашылдығын талдап үйренді.  12 жылдық білім беруде оқытылатын оқу пәні мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне орай ғылымилылық, сабақтастық, жүйелілік, түсініктілік дидактикалық ұстанымдары негізінде сұрыпталған.  Әр оқу жылы сайын қаңтар және мамыр айында оқу-әдістемелік кешендер мен оқулықтарға жасалған сараптамалар, оларды түзету мен өңдеу, жетілдіру үшін ұсыныстар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясына жіберіліп отырады.     Білім беру жүйесін жаңалау үдерісінде, әлемдік білім беру тенденциясын дамытуда бағалау жүйесін заманға сай реформалау қажеттілігі анықталды.             Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясының 16.08.2013 жылғы №46-н/қ бұйрығы негізінде 2013 жылдың 27 тамызынан бастап, 2013-2014 оқу жылында эксперименталды 11-сыныпқа облыстың екі мектебінде (Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы ЖОББМ және Орал қаласы №9 ЖОББМ) критериалды бағалау енгізілді. Аталған мектептің мұғалімдері Астана қаласында 2013 жылдың 11-12 қарашасында және Қарағанды қаласында 2014 жылдың сәуір айының 29-30 аралығында «Критериалды бағалау: теория мен машық» тақырыбында өткен оқыту семинарына қатысып жаңа бағалау жүйесін мектепке енгізуді бастады. Аталған проблема бойынша үнемі жүргізілетін мектепте семинарлар циклі ұйымдастырылған, сонымен қатар технологиялық картаға, күнтізбелік және сабақ жоспарларына жаңа бағалау критерийлері енгізілген [3,б.25]. «Сабақта және сабақтан тыс әрекеттерде 4 критерий бойынша бағалау кеңінен қолданылады: білім, білік, дағдылары, проблеманы шешу құзыреттілігі, ақпараттық құзыреттілік, коммуникативтік құзыреттілік. Әр берілген критерий 4 деңгейге бөлінген.1-деңгей:минималды (1-3 ұпай), 2-деңгей қанағаттанарлық (4-6 ұпай), 3-деңгей жеткілікті (7-9 ұпай), 4-деңгей жоғары (10-12 ұпай)». Критериалды бағалау көрсеткіші төмендегі кестеде берілген.

Критерий бойынша бағалау талаптары

критериалды бағалау

Қазақстандағы  дәстүрлі бағалау

Барлық тапсырманы дұрыс  немесе  90 % орындалса.

4-деңгей жоғары (10-12 ұпай).

Өте жақсы

Берілген тапсырманың 80%- ы орындалса.

3-деңгей жеткілікті (7-9 ұпай)

Жақсы

Берілген тапсырманы 60 – 80% аралығында орындалса.

 2-деңгей қанағаттанарлық (4-6 ұпай)

Қанағаттанарлық

Берілген тапсырманың орындалу деңгейі 60%- дан аз болса.

1-деңгей: минималды (1-3 ұпай)

Қанағаттанарлықсыз немесе біздің «1»-ге сәйкес

Мектеп мұғалімдері ашық және жабық түрдегі тесттер, практикалық және эксперименталды жұмыстар, зерттеу және шығармашылық тапсырмалар жасауда.Бұл жасалымдар білім алушылардың оқу жетістіктерінің деңгейін анықтайтын өлшеуіштері болып табылады. Тың бастаманы жүзеге асыруда біршама кедергілерге тап келген, әріптестерім облыстық білім басқармасына критериалды бағалау жүйесін табысты енгізу және бақылауға алу үшін

Назарбаев зияткерлік мектептерімен  бірлескен түрде  ортақ дескриптор үлгілерін бірлесіп жасақтап, оны қолданысқа енгізуді ұсынды.

      Білім нәтижесін анықтауда әр оқушыға білім маршруты жасалады.Жеке білім траекториясын іске асыру дәрежесі, оқудағы ілгерілеудің айқындалуы, зерттеу-жобалау әрекетінің барысы, әрекет тәсілдерінің қалыптасуы, құзыреттілік негіздері, тұлғаның дамуы, рефлексия жасау қабілеті білім алушылар портфолиосында қалыптасады [3,б.12-13]. Портфолио оқу нәтижелерін жүйелі де үзіліссіз бағалау және өзін-өзі бағалау мақсатына бағытталған форма ретінде қаралады.Портфолионың бірнеше түрі іске асырылады (жеке нәтиже портфолиосы, жобалау әрекеттерінің портфолиосы, пәндер бойынша портфолио). Менің ойымша бүгінгі күні ақпараттық-коммуникативтік технологиясын қолдану барысында оқушы бойына негізгі құзіреттіліктерді қалыптастыруда портфолионың маңызы зор. Өйткені, портфолио оқытудың белгілі кезеңінде оқушының жеке жетістіктерін бағалау, жинақтау, және есепке алуда тиімді тәсіл. Портфолио бағалау процесіне ғана емес, сондай-ақ оқушының өзін-өзі бағалау үдерісіне бағдарланған «аутентикалық» яғни, шынайы бағалауға жақындатылған, дараланған бағалар қатарына жатады. Жұмыстың бұл формасы оқушы әрекетінің нәтижесін объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді. Портфолио дәстүрлі бақылау-бағалау құралын мейлінше толықтырып тұрады.Оның дәстүрлі жүйеден айырмашылығы-оқушының оқу, шығармашылық, әлеуметтік, коммуникативті қызмет түрлеріндегі нәтижелерін ескеруге мүмкіндік береді, оқушының жеке құзыреттілігін айқындайды. Жүргізіліп жатқан эксперимент білім беру саласын басқаруда және бақылау процесіне жаңашылдық енгізуге мүмкіндік береді.Бұл мектептің әрекетін барлық деңгейде уақытылы және дәлелденген басқару шешімдерін қабылдауға жетелейді. Экспериментатор мұғалімдер- республикалық, облыстық және аудандық деңгейде семинар, ғылыми-практикалық конференциялардың белсенді ұйымдастырушылары және қатысушылары.

       Мектепте білім сапасын арттыруда бейіндік және бейіналды тұлғаға арналған модель жасалды.Бұл модель белгілі бір оқушы мен ата-аналардың әлеуметтік білім тапсырысына бағытталған (мектеп базасында «Машинатану-Автодело» курсы енгізілді). Оқушылардың білімге деген қажеттілігін және жеке ерекшеліктері мен мүмкіншіліктерін ескеретін жеке оқу жоспары бар. Оқу жоспарының вариативтік бөлімінен арнайы курс, факультативтер және элективті курстар енгізілген: «Риторика», «Логикалық математиканың негізі», «Биофизика», «Стандарттан тыс химиялық тапсырмаларды шешу» және т.б. Мектеп ұстаздары оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз етілген 10-ға жуық авторлық бағдарламалар жасалып, тәжірибеде қолданылуда. Бейіндік оқыту жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытудың синонимі емес, ол ең алдымен жоғары сынып оқушыларының сапалы түрде болашақта өмірлік траекториясын таңдауы болып табылады.

           12 жылдық эксперимент алаңында барлығы  8 сынып комплектісінде 107 оқушы білім алады. 4-қазақ тілінде оқытатын сынып комплектісі, 4-орыс тілінде оқытатын сынып комплектісі бар.

    Эксперимент сыныптарында 34 педагог жұмыс істейді, барлығы жоғары білімді. 13 мұғалім -жоғары санатты. 13 мұғалім-І санатты, 4 мұғалім-ІІ санатты, 4-санаты жоқ мұғалім. Экспериментатор-мұғалімдердің сапалық құрамы бойынша-100%, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер-76,4%, екінші санатты-11,8%, санаты жоқ мұғалімдер -11,8% құрайды. Білім жетілдіру курсынан өткен -32мұғалім -94,1%, білім жетілдіру курсынан өтпеген - 2мұғалім -5,9%.

    Эксперимент сыныбы оқушыларының ақыл-ой даму деңгейінің диагностикасы АОДМТ (ШТУР),Савенков әдістемелері бойынша анықталды. Талдау бойынша оқушылардың ойлау әрекеттері деңгейінің  жоғарылығы байқалады.    Экспериментатор   мұғалімдер үнемі оқытудың әдістемелік құрылым негізі бойынша және жаңа форматтағы деңгейлік курстар арқылы білімін жетілдіруде. Бүгінгі таңда эксперимент алаңында жұмыс істейтін 3 мұғалім I деңгей, 2 мұғалім II деңгей,7 мұғалім III деңгей курстарын тәмамдап, нәтижелі еңбек етуде. Республикалық, облыстық «12 жылдыққа көшу барысы: проблемалар,ізденістер» тақырыбында интернет-форум, «Онлайн» сабақтар, педагогикалық оқулар, т.б. іс-шараларға мұғалімдер белсенді қатысуда. Эксперимент сыныптары бойынша жыл сайын «12 жылдық білім беру» кабинетімен тығыз байланыста білім сапасы диагностикасы, оқулықтарға беттік талдау бойынша есептер тапсырылады.Экспериментатор-мұғалім күнделігі,оқушы портфолиосы жүргізіледі.[4,б.24] Сонымен қатар эксперимент алаңының жұмысына қатысушылар білім беру үдерісін жаңғыртуда әдістемелік білімдерін арттыра отырып, шығармашылық сайыстар мен көрме жұмыстарына қатысады.

   Қорыта келгенде, мектептегі 12 жылдық білім беруге көшу барысындағы эксперименталдық алаң жұмысы іс-шаралар жоспары жалғасуда.Әрбір оқушы мен мұғалімнің одан әрі қарай дамуы үшін жеке тұлғаға бағытталған тәсілдерді қазіргі замандағы мектеп талаптарына сай үнемі өзгере отырып дамитын педагогикалық үрдіс, жаңару үстінде өткізілген жұмыстар деп айтуға болады. 12 жылдық жалпы орта білім беру үздіксіз білім беру принципін сақтауға қолайлы жағдай жасайды, орта және жоғарғы кәсіптік білім берудің сабақтастығын қамтамасыз етеді деп күтілуде.

 

                    Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                  Мұғалімге арналған нұсқаулық «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ

Педагогикалық шеберлік орталығы. Бірінші деңгей 2012ж.                                                             2. 21-ші ғасыр педагогикасы мектеп табалдырығында. Ақпараттық-әдістемелік дайджест.                          

         

    3. Жексенбаева У.Б.Положения о системе оценивания учебных достижений обучающихся.А.,2007

4. 12 жылдық білім.№1,8,11,2009ж.Л.Р. Баимбетова «Жаңа оқытудың жаңа әдістері»

5. Бұзайбақова К.Ж. Инновациялық педагогика негіздері. Оқу құралы. Алматы: «Білім», 2009.

     6. ҚР Заңы 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III «Білім туралы»

     7. Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы.

   8. "Ғылым туралы" 2001 ж. 9 шілдедегі № 225-II ҚР Заңы

     9.Интернет сайттары: http://collegy.ucoz.ru/load/37-1-0-5691