Шалгимбаева А.Г.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ магистранты, Карағанды к.

Ғылыми жетекшiсi: ф.ғ.д, профессор Мажитаева Ш.М.

 

Макал-мэтелдердін казак жэне ағылшын тiлiнде зерттелуi

В статье рассмтаривается история изученности пословиц и поговорок казахского и английского языков. Автор подчеркивает их значимость в быту этноса, а также в воспитании подрастающего поколония.

 

Мақал-мәтелдер – ауыз әдебиетінің ең байырғы көне түрі. Ол ғасырлар бойы халықтың ұқыптап сақтап келген еңбек тәжірибесінің жиыны, ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршілігінің айнасы, көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан тозбайтын, тот баспайтын өмірлік өшпес мұрасы [1,3].  Мақал-мәтелдер – құрылысы жағынан терең ой, кең мазмұнды қамтитын, асқан шеберлікпен жасаған сөз өрнегі. Мақал-мәтелдер – сөздік құрамның халық өміріндегі әрқилы кезеңдерді, қарым-қатынас пен қоғамдық құбылыстарды бейнелей сипаттайтын, көңілдегі ойды шебер де ұғымды жеткізетін, қысқа да нұсқа тұжырым жасайтын, мән-мазмұнға бай бөлігі. Демек, халық өмір шындығын, көңілге түйгенін мақал-мәтел ретінде өз ұрпағына үлгі-өнеге етіп қалдырып отырған. Аталмыш тілдік бірліктер арқылы жас ұрпақты елін-жерін сүюге, ерінбей еңбек етуге, білім алуға, адал, кішіпейіл болуға үндеп, жалқаулық, өсек-өтірік, мақтаншақтық тәрізді қасиеттерден бойын аулақ салуға тәрбиелей білген [2,25].

Мақал-мәтелдердің қазақ және ағылшын тілінде зерттелуіне тоқталмас бұрын отандық және әлемдік тіл мамандары арасында пікірталас туғызған, олардың қай салаға қатыстылығы жөнінде айтылған тұжырымдарды атап кеткен жөн. Мысалы, В.В. Виноградов, Н.М. Шанский, В.Н. Телия, М. Чернышева,  И.В. Арнольд, І. Кеңесбаев, Ә.Т. Қайдар, Б. Манасбаев т.б. сынды ғалымдар мақал-мәтелдерді фразеология саласының еншісіне тиесілі деп негіздеген.

Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерге қатысты материалдарға шолу жасау барысында оларды жинақтау, сұрыптау, жүйелеу, жариялау ісінің екі кезеңнен тұратыны анықталды, оның алғашқысы -  XIX ғасырдың екінші жартысында іске асырылды. Кеңес дәуірінің 1948 жылдарына дейін мақал-мәтелдерді тек халық аузынан жинап, жеке басылым ретінде шығару жұмыстары жүргізілген болса, екінші кезең - оларды тілдік тұрғыдан зерттеудің қалыптасуымен сипатталады.  Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым –  Ш.Уәлиханов. Ш. Уәлиханов пен Н.Н. Березин архивтерінде XIX ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден аса мақал-мәтелдер сақталған. Сондай-ақ қазақ ауыз әдебиетінің басқа үлгілерімен бірге қазақ мақалдары мен мәтелдерін де жинақтап, жеке жинақтар шығарып, қазақ тілі мен әдебиетінің, тіл ғылымының, мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан                  Ы. Алтынсарин, Ә. Диваев, В. Радлов, Ш. Ибрагимов, М. Терентьев т.б. сынды ағартушы, ғалымдардың еңбегі ерекше.

Қазақ мақал-мәтелдерінің ғылыми тұрғыдан зерттелуіне арналған монографиялық зерттеулер де, мақалалар да көп. Солардың ішінен ғалым

Б. Шалабаев алғашқылардың бірі болып, аталмыш тұрақты тіркестер тобын арнайы қарастырып, олардың негізгі мағыналық топтарын, жанрлық ерекшеліктерін анықтады. М. Ғабдуллин өзінің "Қазақ халкының ауыз әдебиеті" [3,34] деген еңбегінде қазақ халкының шаруашылығын, кәсібін, тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын мақал-мәтелдердің өмір танытқыштық мәні мен қызметін айқындаса, С. Нұрышев оларды даму тарихы тұрғысынан қарастырды [4,112].

Мақал-мәтелдер – халық шығармашылығының көне жанры. Олардың көбі жазу шықпай тұрып пайда болды. Сондықтан олардың алғашқы қайнар-көздері туралы мәселе ашық болып саналады. Ағылшын мақал-мәтелдер пайда болуының осындай негізгі қайнар-көздері: халықтық, әдебиеттік, библияның пайда болуы, басқа тілден алынуы және мақал-мәтелдер ретінде Шекспир цитаталарының пайдаланылуы болып саналады.

Ағылшын тіліндегі жалпыхалықтық мұраны жинақтап, жариялау жұмыстары көне ғасырда қалыптасып, қазіргі кезге дейін дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, өте көне мақал-мәтелдер тізбегін қамтитын алғашқы «Book of Proverbs in the Old Testament»атты топтама V ғасырда жарық көрген. Кейінгі жинақтар оқымысты ғалым Дезидериус Эрасмус есімімен тығыз байланысты. Оның 1500 жылы «Collectanea» (818 MM), 1508 жылы Венецияда «Chiliades» (3260 MM) деген атпен жарияланған жинақтары 1515-1536 жылдары аралығында толықтырылып қайта басылып шықты. Артына өшпес тарихи із қалдырған ғалымдардың бірі Джон Хеуд (John Heywood) өзінің алғашқы «A Dialogue Containing the Number in Effect of all the Proverbs in the English Tongue» атты еңбегін 1546 жылы, кейінгілерін 1550, 1555, 1560 жылдары жарыққа шығарды. 1610-1680 жылдар аралығында бірқатар мақал-мәтелдер жинақтары, атап айтқанда, 1612 жылы ағылшын шіркеу қызметшісі Thomas Draxe «Bibliotheca Scholastica Instructissima or, a Treasure of Ancient Adagies, and Sententious Proverbes», 1639 жылы пастор             Дж. Клардың (John Clarke) «Paroemiologia Anglo-Latina» еңбегі шықса, 1640 жылы Дж. Хербергтің «Outlandish Proverbs», 1659 жылы Дж. Хауэльдің «Proverbs», ал 1670, 1678 жылдары Дж. Рэйдің "English Proverbs" атты еңбектері жарық көрді. Келесі ғасырларда бұрынғы ескі жинақтар толықтырылып, қайта бастырылып отырды. Зерттеу барысында мамандардың көбінесе ағылшын тілі мақал-мәтелдерін жинаққа енгізу үрдісімен шектелгенін көреміз.

Ағылшын тілі мақал-мәтелдерін ғылыми тұрғыдан арнайы, жан-жақты қарастырған зерттеу жұмыстарының бар екендігі де мәлім.   Л. И. Швыдкояның ғылыми зерттеуінде мақалдар мен афоризмдер «клише» деген атаумен бір топқа біріктіріліп, олардың синонимдік қатары берілген. С.И.Вяльцеваның ағылшын мақал-мәтелдерін стильдік, ал Э.Ахундованың зерттеуі синтаксистік ерекшеліктері тұрғысынан талдауға арналған. Ағылшын тілінің тұрақты тіркестерін зерттеу жұмыстары ғалым А.В. Кунин есімімен тығыз байланысты. Ол өзінің «Курс английского языка», «Курс фразеологии современного английского языка» тәрізді көлемді ғылыми еңбектері мен «Англо-русский фразеологический словарь» сөздігі т.б. арқылы ағылшын тілі табиғатының кейбір өзгеге беймәлім тұстарын айқындап, жалпы тіл ғылымына елеулі үлес қосты және салғастырмалы негіздегі ізденістерге бағыт-бағдар берді.

Ақын-жазушы, саясаткерлердің ұғымды, үйлесімді айтылған қысқа, әрі нұсқа, айшықты сөздерінің де ағылшын тілінің сөздік қорын байытуға үлкен үлес қосқаны анық. Мысалы: Тһе customer is always right (с.с.а.: Әрқашан тұтынушынікі дұрыс) тіркесінің Еуропадағы ең үлкен сауда орталықтарының бірі «Сэлфриджезді» (Selfridge’s) ашқан Г.Селфриджге тиесілілігі жөнінде деректер бар. Себебі оның барлық дүкендерінде «Тһе сustоmег іs аlways гіgһt», яғни «әрқашан тұтынушынікі дұрыс» деген қатаң қағида қалыптасқан. Көпшілік көңілінен шыкқан осы сөз кейіннен халық арасында жиі айтылып, дәстүрлі қолданыска енген. Ағылшын тілінде бұл тәрізді қолдануға даяр, астарлы «авторлы» тіркестердің мол қоры бар.

Сонымен ағылшын тіліндегі мақал-мәтелдердің басым бөлігі қасиетті кітап інжілден, ал келесі бір бөлігі дарынды Шекспир сыңды көркемсөз шеберлерінің, халыққа танымал ақын-жазушылардың туындыларынан бастау алғандықтары мәлім.

Қазақ және ағылшын паремиологиялардың түпдеректеріне қатысты негізгі айырмашылық  мынада: қазақ ММ-дерінің ауқымды тобы жеке тұлғаға (би, шешен, ақылғөй, дана қариялар т.б.) байланысты қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып отырған. Ал ағылшын ММ-дерінің негізгі бұлағы діни ағым, қасиетті кітаптан тараған ұлағатты сөздер болып табылады және Шекспир сынды ұлы тұлғалардың айшықты, мәнді сөз үлгілері ерекше орын алады. Мәселен, біздің жыл санауымыз бойынша 320 жылдардағы Теопрастус (Тһеорatrus) жазбаларында мынадай мақал кездеседі.

«Тһеге іs а timе оf еvегуthing»(с.с.а.: Әр нәрсенің өз уақыты бар).

Қазақша баламасы: Сабақты ине сәтімен.

Бұл мақал қасиетті кітап Інжілдің «То еvегуthing tһеге іs а sеаsоn, аnd a tіmе tо еvегу рurроsе under tһе һеаvеn». (с.с.а.: Аспан астында әр нәрсенің, әр мақсаттың өз мерзімі бар) деген өсиет, өнегелерінен ықтималдылық, тұрақтылық қалыпқа енген.

Ағылшын тілінің фразеологиясына қатысты кешенді зерттеулерімен,  пайымдауларымен танымал А.В. Кунин де жоғарыда аталған ғалымдардың көзқарасын ұстанады, тұрақты тұлғалардың құрылымдық-мағыналық ерекшеліктерін негізге алып, оларды "коммуникативтік фразеологиялық бірліктер" деп жеке қарауды ұсынады. Сондай-ақ автор құрамындағы сыңарлары тура мағыналы болып келетін мақалдар тобын яғни, «All is well that ends well» (сөзбе-сөз ауд.: сәтті аяқталған істің бәрі жақсы), «Арреаrances аге dесеitful» (сөзбе-сөз ауд.: келбет — алдамшы), «Better late than nеvег» (сөзбе-сөз ауд.: ештен кеш жақсы) тәрізді, оралымдарды фразеологиядан тыс, «фразеологиялық емес тұрақты құрылымдар» аясында қарастырды [5,300]. 

Бұл тұжырымға қарсы пікірді ұстанушы белгілі ғалымдар - Н.Н. Амосова, А.М. Бабкин, М.А. Филипповская, В.П. Жухов, М. Нагиев, А.Н. Кожин т.б.  Осы бағыттағы көлемді зерттеулерімен танымал ғалым Н.Н. Амосова «мақал-мәтелдерді фразеология қорына жатқызуға болмайды, олар мазмұны жағынан да, сөйлемде атқаратын қызметі тұрғысынан да фразеологиялық бірліктердің белгілеріне жауап бермейді» деген пікір ұсынады.

Қорыта келгенде, қазақ және ағылшын мақал-мәтелдерінің кеңінен зерттелгендігі баяндалып, олардың тілдік ерекшеліктері анықталды. Мақал-мәтелдердің халық үшін маңызы өте зор. Олар тек халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттап қана қоймай, адамға дұрыс бағдар беруге, оны тәрбиелеуге үлкен әсерін тигізеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Тұрманжанов Ө. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы: Білім, 2007. 3 б

2.Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы: Ана тілі, 1998.  Б. 25-26.

3.Ғабдуллин М. Қазақ халкының ауыз әдебиеті. Алматы, 1958.  34 б.

4.Нұрышев С. Қазақтың халық мақалдарының даму тарихы. Алматы,1959. 112 б

5.Кунин А.В. Курс фразеологии современного английского языка. М.: Высшая школа, 1986.  С 300-325.