Мажитаева Ш., Бодукова Г.

Академик Е.А.Бөкетов  атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

 

МЕТАФОРАНЫҢ  ТІЛІ БІЛІМІНДЕ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫНДА

 

Тілдің күнделікті қатысымдық қызметінде кеңінен қолданылатын метафора шынайы өмірдегі нысандарды атауда тиімді тәсіл болып табылады. Адам күнделікті тілдік қолданыста өзінің бай тәжірибиесі арқылы жинақтаған білім қорын кеңінен пайдаланады. Заттар мен құбылыстар ұқсастығы арқылы метафора жинақталған білім қорын белгілі бір мақсатта аталым қажеттілігіне сай қолдануға көмектеседі. Метафораның аталымдық сипатын ашу – қазіргі қазақ тіл білімінде енді зерделене бастаған мәселелерінің бірі.

Тіл білімінде метафора мәселесі көне ойшылдар Аристотель, Цицерон, орыс тілі зерттеушілері  А.А. Потебня, В.Г. Гак, В:Н. Телия, Н.Д. Арутюнова, В,К, Харченко т.б.; қазақ тіл білімінде А. Байтұрсынұлы, М.Балақаев, Б.Хасанов, Ә. Болғанбайұлы, Ғ. Қалиұлы, Б.Қалиев, Б.Қасым т.б. зерттеу еңбектерінен орын алады.

Аристотель алғаш рет метафораны ұқсастық негізінде сөз мағынасын өзгеруі деп көрсетеді. Цицерон оның тілге қажет ұғымдарды атау қабілетін басты назарға алады. Метафора табиғаты әлем лингвистикасында адамның білім қорының құрылымдық сипатымен байланыстыра қарастырылады. Тілдің ойды қалыптастырушылық маңызын басты бағыт етіп алған А.А.Потебня метафоралық ауысуды тілдік семантиканы дамытудың бір құралы ретінде таниды. В.Г.Гак, В.Н. Телия метафораның аталымдық, когнитивтік қызметіне баса назар аударады.

Н.Д. Арутюнова бұл құбылыстың тілдік аспектілері: бейнелілігін, қолданымдық сипатын ашады.. Метафораның мағына дамытудағы маңызы туралы А.Байтұрсынұлы, Ә. Болғанбайұлы, Ғ. Қалиұлы, М.Балақаев құнды пікірлер қалдырған. Оның қызметіне, қолданыстық ерекшеліктеріне Б.Хасанов зерттеу еңбегін арнаған. Әлем тіл білімі метафораның адамның ойлау үрдісін қалыптастырушылық қасиетін ескеріп, оны басқа қырынан қарастыруды алға тартады. Соңғы уақыттарда бұл тақырып когнитивистика мен айналысушы ғалымдардың терең қызығушылығын тудырады. Тілдік бірліктердің жасалуындағы адам танымы, дүниені қабылдауы, оны тілде бейнелеуінде метафора маңызды қызмет атқарады. Метафора ұғымдарды қалыптастырады және дайын таңбалары арқылы оларды атайды. Когнитивтік феномен ретінде танылған метафораның аталымжасалуындағы  маңызы туралы Б.Қасым: «Метафора аталым тұрғысынан бейнелілік қасиетінен өтіп тек ұғымға атау беру қызметіне көшеді» - деп тұжырымдайды. Сондықтан да бұл тілдік құбылыстың аталымжасаудағы маңызы ерекше. Сөзқосым бірліктерін адамның ойлау үрдісімен байланыстыра зерделеуде когнитивтік бағыт таңдаланылады.

Әлем тіл білімі метафораның адамның ойлау үрдісін қалыптастырушылық қасиетін ескеріп, оны басқа қырынан қарастыруды алға тартады. Метафора табиғатын тануға деген  құштарлық соңғы кездері филологияның (шешендік  өнер, стилистика, әдеби сын) аясынан шығып, таным мен ойлауға бағытталған зерттеу  түрлеріне және жасанды интеллект болмысын зерттеуге қатысты да бой көрсете бастады.

Метафора дәстүрлі зерттелуде көбінесе тілді көркемдеуші құрал ретінде танылады. Ол көркем әдебиетпен шешендік өнердің адресатқа әсер ету қызметі тұрғысынан зерттеліп келді. Оның тілдік сипатына соңғы уақыттарда ғана көңіл бөліне бастады. Бұл ретте, ең алдымен метафораның адамның ойлау үрдістерімен байланыстылығы және тілдегі әлем туралы білімнің бейнелену заңдылықтарына қатысы ескеріле бастады. Оның тек қана көркемдеуші құрал емес, сонымен қатар тілдің лексикалық, сөзжасамдық сұранысын өтеуші құрал екенідігі анықталды.

Сөзқосым аталымдарының уәждемесі, ішкі мағыналық метафораның тілдік құбылыс ретіндегі сипатын ашуды талап етеді. Метафораның аталым жасаудағы маңызын адамның білім қорына жасалатын операциялары тұрғысында қарастыру когнитивтік мәселелерді қозғауға түрткі  болды.

Көркем мәтіндегі зерттеу жұмысына негіз болған тілдік деректер сөзқосым тәсілі бойынша зат атаулары. Метафораның аталымжасудағы маңызын айқындау Қазақ тілінің  түсіндірме сөздігінен  (ҚТТС, 1974-1986), Қазақ тілінің сөзідігінен (ҚТС, 1999), Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінен, салалық терминологиялық сөздіктерден теріп алу әдісімен тілдік деректер жинақталды және  де М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов,  І.Есенберлин, Ш.Мұртаза, М.Мағауин  шығармаларының, баспасөз («Жас Алаш», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» т.б.), бұқаралық ақпарат құралдары материалдарынан тілдік деректер қолданылды.

Жазып жүрген зерттеу жұмысымызда сөзқосым бірліктерінің жасалуы алғаш рет когнитивтік тұрғыда қарастырған Г.Зайсанбаеваның еңбегіне сүйендік. Зерттеуші   олардың адамның бай тәжірибесінен жинақталған білім қорына ұқсастық заңдылығына сәйкес жүргізілген ауысулардың себептерін ашып, метафораның тілдегі жаңа ұғымдарды қалыптастырудағы қызметін айқындаған, метафораның аталымжасаудағы қызметінің маңызы сөзқосым бірліктері арқылы когнитивтік аспектіде зерттеген, сөзқосым бірліктерінің уәждемесіндегі метафора жасаған бейнеліліктің танымдық негіздері қарастырған.  Сонымен бірге жұмыста танымдық тұрғыда метафоралы сөзқосым бірліктерінің ішкі мағыналық құрылымы оны құраушы сыңарларының беретін санадағы бейнесіне, нысандардың адамның тәжірибесі арқылы жинақталатын білім қорына негізделетіні анықталады, бірліктердің жасалуы адам ойлау жүйесінің  құрылымдық сипатына байланысты фреймдер арқылы түсіндіріледі, метафора арқылы жасалған сөзқосым бірліктері екі немесе үш фрейм арасында ақпарат алмасумен туындайтыны анықталады, сөзқосым бірліктерінде сыртқы пішінге байланысты ауысулардың басымдығы байқалады. Сонымен қатар  қызмет, қасиет ұқсастығынан да тілдік бірліктердің туындайтыны  анықталған.

Зерттеуші Г.Зайсанбаева тіл біліміндегі сөз жасамның атауын, уәждеме теориялық сұрақтарына жауап іздеп, метафораның бейнелілік, ұқсастық қасиеттерінің тілдік, тілден тыс табиғатын зерделеген. Тілдік метафоралардың қызметіне қарай түрлерінің ерекшеліктерін саралап, тілдік метафораның мағына түзудегі маңызын көрсеткен. Метафораның бағалауыштық мәселелері қарастырылған.

Тілдік материал ретінде көркем туындылардан мысалдар жинастырып, талдамақпыз. Жазушылар  метафораны өзіндік көркемдік қызметі мен ойды бейнелі әрі образды жеткізуде аса маңызды амал-тәсілдердің бірі ретінде санағандықтан шығармаларында жиі қолданады. Жазушылардың дүниетанымындағы ұлттық ерекшелік, көркем ойлаулары метафораны қалай жұмсағандығынан көрінеді.

Сонымен алдағы уақытта  зерттеу жұмысымызда қазақ және ағылшын тілдерінде  бейнелеу тәсілдерінің ішінде маңызды  орын алатын метафораның  қолданылу ерекшеліктерін қарастырмақпыз.

  Көркем шығармаларда қолданылған метафоралардың тілдік табиғатын анықтап, метафоралардың  қазақ және ағылшын тілдеріндегі стильдік  қызметін көрсетуді  мақсат-міндеттерімізге алмақпыз.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Тіл білімі сөздігі (ред. Сүлейменова Э. Д.).  Алматы: Ғылым, 1988.  544 б.

2  Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. Алматы: Сөздік – Словарь, 1998.  320 б.

3 Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. Алматы: Мектеп, 1978.  178 б.

4 Нұржекеева Л.  Қазақ метонимияларының лингвистикалық табиғаты.                Алматы, 1991.

5 Барлыбаев Р. Қазақ тілінде  сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы. Канд. дисс. қолжазбасы.  Алматы, 1963.  206 б.

6 Хасанов Б. Қазақ тілінде сөздердің метафоралы  қолданылуы. Алматы: Мектеп, 1966.   208 б.

7.Қасым Б. Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негіздері. Фил. ғыл.док. дисс. автореф. Алматы,  2002.  50 б.

8 Байтұрсынов А. Шығармалар.  Алматы: Жазушы, 1989.  302 б.