Тулегенова Шынар Исланбекқызы

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

«ЖАСАУЫЛ ҚЫРҒЫНЫ» ДАСТАНЫНЫҢ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ

(Нұрхан Ахметбековтің дастаны негізінде)

 

Нұрхан Ахметбеков есімі көбіне ақындық талантымен танымал. Екі дәуірдің куәсі, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің қос арғымағын қосақтап мінген Нұрханның  қазақ әдебиетіне қосқан үлесі айтарлықтай. Олай болса Нұрхан Ахметбеков те өз  өнірінің тарихын айтып өткен эпикалық жырларына арқау еткен, сүбелі дастандар жазып  жырлаған ақын. Ақын шығармаларынан XIX ғасырдың екінші, XX ғасырдың бірінші жартысын  қамтыған ел тарихын оқып, тануға болатындай күрделі дастандар оқуға болады. XIX ғасырдың басты оқиғасы болған Кенесары-Наурызбай бастаған халық көтерілісі «Жасауыл қырғыны» дастаны ашық анық айтылған.

Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің «Жасауыл қырғыны» дастаны 1932 жылы жазылып, 1936 жылы қолжазбасынын сол кездегі ССРО ғылым Академиясы қазақстандық филлиалының әдеби секторына өткізілген. 1939 жылы дастанның алғашқы нұсқасына бірсыпыра өзгерістер енгізілген. 1951 жылы поэманы қайта қарап шығып жариялауға ұсынды.

 

Сазды Әйет Сарыарқада Түйемойнақ,

Сары жайлау, сабатына бие байлап,

Отырып уық тастам  көшпелі елдер

Ететін ала шаңдық үнемі ойнақ.

Тірілген шыбын –шіркей шілде шалып,

Көк майса құлпырған кез жер жасарып.

Өткен күз ел көшкеннен бермен қарай

Қонбаған жалғыз ауыл ірге салып [ 1,137].

«Жасауыл қырғыны» дастаны осылай басталады. Кедір-бұдырсыз, мінсіз құйылған өлең.  Себебі - бунақ , буын саны өзгермейді. Бұл өлеңнің ырғағын да бірқалыпқа түсіріп, әуенге салып айтуға жеңілдетеді. «Н. Ахметбеков жырларында буын, бунақ саны үнемі біркелкі сақталып отырады.»-дейді Серікбай Оспанұлы.

         «Ақын тілі сөздің дұрыстылығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне, көрнекті, әуезді болу жағын да талғайды» / А.Байтұрсынұлы/   Н.Ахметбеков жер, ел атауларына орай соған үндес, әрі күш беретін, әрі айқындай түсетін, дәлірек айтқанда, эпитетті- «заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөздерді» / З.Қабдолов/ пайдаланған [ 1, 137].

Нұрхан оқиғаны суреттеуге асқан шебер. Ақын поэмалары мен өлеңдерінде бейнелі, бедерлі сөздер жиі ұштасады.Нұрханның дастан композициясын, сюжетін құру әдісінде де өзіне тән ерекшелігі бар. Дастан оқиғасы көбіне кенеттен, жұмбақ күйінде басталады да, жыр соның шешіміне қарай оқырманың еліктіре  жетектеп отырады. Дастандары оқушысына сан қилы ой тастайды [ 1,141].

Поэманың көркемдік құндылығымен қаттар, қазақ халқының тарихына белгілі XIX ғасырдың 30-40 жылдардағы үлкен оқиғалардың бірі - көшпелі жаппас азаматтардың қолынан Наурызбайдың тоқсан жасауыл қырғын табуын дұрыс түсіндіре білуінде еді. Кезінде бүкіл қазақ  дәріптеген, ел  бостандығы жолында күрескен Кенесары-Наурызбай туралы жазылған бағалы дастан көрінеді.  Ақын осы оқиғаны шыншылдықпен жырлай отырып, хандық құрылысты сақтап қалу үшін жанталаса шайқасып, қазақ даласын қалтыратқан қанды жорықтарымен аты шыққан Кенесары, Наурызбайдың шын сырын ашып берді. Бұл шығарма республикалық Жамбыл сыйлығына ие болған. Елуінші жылдардың басында «Ресейге өз еркімен қосылған» қазақ халқы да  патшаның отарлау саясатының қас дұшпаны Кенесары  Қасымұлы бастаған халық көтерілісін жамандай бастайды.

Кезінде Кенесары, Наурызбайды  дәріптеп дастан жазған Нұрханды айыптап, түрмеге де қамайды. Ақынның інісіндей болған ғалым  жерлесі Қайнекей  Жармағанбетов Нұрханды  Алматыға  шақырып алып, дастанды қайта  жаздырады. Кене ханды әшкерлеу тұсында «Жасауыл қырғыны» осылайша өңделеді. Ғафу Қайырбеков  қайта өңделіп жазылуы туралы былай деген: «...Нұрханның ақындықтығы өмірдегі бір қорлығы, қайғысы болса осы болар. Поэма құрам-құрам болып, шабытсыз жазылады. Сөйтіп, ел  бұрынғы « Жасауыл қырғын» поэмасынан адасып қалды» [2,50].

Ақын оқырманын төренің шашбауын көтеріп, сойылын соққан жасауылдармен таныстыра отырып, сол арқылы ханның шын сырын, ниет-құлқын паш етеді [ 3,78 ].

Ақын осы дастанында Наурызбайдың кескін-келбетін суреттеу арқылы оның ішкі дүниесін, мінез-құлқын да аша түседі. Оның аласұрған асау тағыдай ұрыншақ, ұр да жық мінезі, басымнан сөз асырмаймын, деп өршеленіп,өзеуреумен күн өткізетін көбікауыздығы аз сөзбен айқын өрнектелген:

Наурызбай қатқан жігіт қарасұрдан,

Секілді асау тағы аласұрған.

Шықшыты томпақ біткен көбікауыз,

Дегендей басымнан бір сөз асырман.

Отырды барып төмен хан жағынан,

Олардың жан жүрмейді жан-жағынан.

Оң қолы отырғанда Наурызбайдың

Сапының кетпейді екен  балдағынан[4.80].

Осы жолдың өзі ақын тапқырлығы мен суреткерлігінің айғағындай.

Дастанда әр қырынан  дараланып көрінген жағымды тұлғалар жоқ. Ақын хандық құрылыстың халыққа жат табиғатын әшкерлеуді негізгі нысана етіп алған. Жазықсыз елді тонап, ерді қорлаған тоқсан жасауыл жер жастанды халықты қанқақсатқандар сазайын тартқан осы күн ел аузында «жасауыл қырғыны» атанып кетеді. Ақын поэманың соңында:

    Құлаққа жат, жексұрын хандық есім,

Қазақ көрген қашаннан хан тізесін.

      Мен жаздым Кенесары,Наурызбайдың

         Бір ғана Арқадағы қанды көшін, [4, 81].

-деп түйіндейді. Ақын осы бір ғана «қанды көш» оқиғасы арқылы төрелер сырын ашып, олардың халыққа жат қылығын әшкереледі. 

Дастанда қазақ қауымында өткен ғасырдың 40-шы жылдарында-ақ тарихи сахнаға шыққан әлеуметтік үш топтың күресі шеберлікпен суреттелген. Бұл біріншіден, дәурені өтіп, қолынан билік шығып кеткеніне күйінген, әлі жеткенді  ойраңдатып, шексіз озбырлық жасаған төре тұқымдары  Кенесары, Наурызбай тобы. Екіншіден, хан тағының шайқалуына байланысты ел ішіндегі билігі, өктемдігі күшейіп, өсіп келе жатқан байлар мен билер, шонжарлар тобы. Үшіншіден, Ханнан да, шонжарлардан да тепкі көрген қара халық.

         Бұған дейін қазақтың бұрын-соңғы ауызша және жазба әдебиетінде қарапайым халықтың Кенесары, Наурызбайға қарсы ашу-ызасын ту етіп көтеріп, айқасқа шыққанын баяндайтын шығарма болған жоқ. Осы поэманың құндылығының өзі осында.

Иә, кешегі тарих тағылымына жетелейтін тарихи жырлар, тарихи дастандар Кенесары, Наурызбайдай ұлт тәуелсіздігі үшін жанын берген тарихи тұлғаларға деген Алаш баласының құрмет сезімін еселейді. Сондықтан да ұлт тарихындағы азаттық жолындағы жеңіс пен жеңілісті, даңқ пен дақпыртты ақиқат таразысына салып безбендеуге мүмкіндік беретін халық мұрасының әдеби және тарихи маңызы зор болып табылады. Әдеби мұрадағы тарихи шындық пен көркемдік шындық байланысын терең зерттеу мәселесі де өзінің өзектілігімен барынша жаңа ғылыми мағына алуда. Соның ішінде ұлт азаттығы үшін арыстанша арпалысып өткен Алаш айбыны Абылай ханның текті ұрпақтары Кенесары, Наурызбай сынды тарихи тұлғалар бейнесі сомдалған әдеби мұраның құндылығы әдебиетшілер, тарихшылар тарапынан зерттелуде. Тарихи оқиғаларға куә болған әрі арпалысқа толы алмағайып күндерді басынан өткерген Нұрхан ағамыздың «Жасауыл қырғыны» дастанына арқау болған тарихи оқиға негіздері тарихи шындық пен көркемдік шындық арақатынысының күрделі мәселелерін байыпты қарастыруда құнды әдеби мұра тұрғысынан бағалы.

 

Әдебиеттер

 

1.     Ахметбеков Н. «Жасауыл қырғыны» -Алматы, 1964 ж.

2.     Абдулина А. «Н. Ахметбеков әдеби мұрасы» -Арқалық. 2003 ж.

3.     «Біздің Торғай» - 2003 1/15 қазан.

4.     Қайырбеков Ғ. «Топжарған», «Халық кеңесі» газеті 13 қараша 1993 жыл.